«Соғыста жеңімпаз болмайды» дейді. Бұл тым биіктен қарағанда ғана айтуға болатын сөз шығар. Қандай жағдайда да зардап шегетін – халық. Қасірет арқалайтын, жоқтау айтатын, қорланатын, қорғанатын да қайран ел. Халықтың таңдауы, елдің қалауы болмай қалатын кез аз дейсіз бе, соғыс та жалпақ жұртты өзінің екпініне ілестіріп, ұйығына түсіріп, иіріп ала жөнелетін алып бір қозғалыс. Не өлім, не бостандық! Соғысты жек көретін, басқыншылыққа жаны қас халықтың өзі тудырған батыр ұлдар атой салып атқа қонатын, ажал құсып тұрған зеңбірек оқпанына, мылтықтың үңгісіне өз еркімен өршелене ұмтылатын, тіршілік атаулыны таптау үшін ғана жаралған шынжыр табан танктің жолына қылша мойным талша деп, тәнін тосқауыл қылатын өрен ерлер алғы шепте қан төгеді. Олар соғысады. Соғысты болдырмау үшін соғысады. Жаңа заман, келер ұрпақ соғысты көрмесін деп соғысады. Тұтқиыл шапқан жау болмасын, қыршын келген өлім болмасын деп, өздері қыршын кетеді. Бабалар шәйіт кеткен, ат тұяғының дүбірімен бірге көмескі тартқан соғыстан бөлек, қазақ көрген ұлы қасап, ең ұлы қырғын – Екінші дүниежүзілік соғыс екен. Фашистік Германия мен КСРО арасындағы қанды қасап. Қазір бұл соғысқа да әртүрлі баға беріліп жатыр. Бәрі заңды, бәрі өз уақытымен болатын, болып жатқан тарихи құбылыс. Біз соғыстан қаншалық алыстаған сайын, соншалық шындыққа жақындай түсеміз. Бұрын бар деп білмеген, ойламаған шындықтар мен болжамдар, көзқарастар ашыла береді, ашыла береді. Бірақ өзгермейтін бір нәрсе бар, ол сол соғыстағы боздақтардың ерлігіне берілер баға. Солардың қыршын кеткен жанына, көкке ерте ұшып кеткен рухына жасалар дұға мен аруағына жасалар тағзым. Қазір біз соғысты қалай бағаласақ та, олар Отан үшін от кешті. Өздері сенген, өздері бас иген Отанының алдындағы борышын адал атқару үшін жауға аттанды. Дәл 1941 жылы оларда басқа Отан болған жоқ. Таңдау да болған жоқ. «Жазған құлда шаршау жоқ», маған соғысқа қатысқан Одақ құрамындағы елдің ұландары өз ұлтын, өз елін ұятқа қалдырмау үшін де аянып қалмаған сияқты көрінеді.
19 жасар Ратайдай тәжірибелі командирлер аз болды
Соғысты бастан-аяқ көрген сарбаз көп дейсіз бе! Әсіресе 1941 жылдың қысылтаяңында «қасымдағы серігім қашан құлайды» деп, мылтыққа кезек күтіп, алғы шепке уралап жүгіріп бара жатып-ақ талай боздақ жер құшыпты. Күн сайын өлім, күн сайын өлгендердің жаңа статистикасы... Осының ішінен су ішерлігі барлары елге оралды, қалғанына қара қағаз келді немесе «хабар-ошарсыз кетті». Солардың көбі тәжірибесіз, әскери өмірден хабары жоқ, қысқа уақыт ішінде ғана асығыс дайындықтан өткен түбіт иек бозбалалар еді. Соғыстың алғашқы кезеңіндегі орасан шығынның бір себебі – Сталиннің соғыс генералдары мен білікті әскери мамандарды репрессияға ұшыратып, жойдасыз қырып жібергенінің салдары болды деп жүрміз ғой, жаны бар сөз. Фашистік Германияның шабуылы басталған тұста білікті әскери адамдардың, алымды жас жігіттердің орны ерекше болды. «Қаһарманды ситуация тудырады» дейді, қысқа уақыт ішінде жарты әлемді жамбасына басқан алып империя талай батырды тудырды. Ғасырлар бойы қанға сіңген, қалыптасқан ерлік үлгісі әртүрлі ұлт ұландарының бойынан жарқырай көрінді. Соның арқасында аштық пен үскірікке, жоқшылыққа қарамай, соғыстың алғашқы ауыр кезеңінде КСРО теңселсе де, құламай, аман қалды.
Мен Ратай Сұлтанбеков туралы ойлағанда осындай тоқтамға келем. Жиырма жасында жасындай жарқыраған батыр ұлдың шығуын кездейсоқтық деп көріңізші! Бар болғаны 19 жасында соғысқа кірген, буыны бекіп, бұғанасы қатып үлгермеген бозбала. Соғысқа кірген бойда взвод басқарады. Жап-жас жігітке мұндай сенім артылуының басты себебі – оның ерекше жігерлі, білімді болғаны болса, тағы бірі – оның әскери білімінің болуы. 1939 жылы әскери борышын өтеуге шақырылған, лейтенант шенін алған. Осы кезде соғыс басталған да кеткен. Ол кезде мұндай дайын әскер өте қат еді, өте керек еді. Сталиннің қуғынына жұтылып кеткен білікті әскербасылардың орнын басқан осындай қыршындай балалар болыпты. Әрине, бәрі бірдей дәл Ратайдай алымды, Ратайдай қайратты, Ратайдай білікті болмаған шығар, бірақ КСРО-да одан басқа таңдау болған жоқ. «Жау шапты» деген хабар шыға салысымен алдыңғы шепке, ең ауыр айқастарға қатысқан Ратай Сұлтанбеков өзіне артылған сенімді артығымен орындады.
Алматыда жаңа басталған оқуды тастатып, әскерге шұғыл шақырғанына қарағанда, Мәскеу жақ соғыстың болатынын алдын ала болжаған да сияқты. Ал ол кезде әскери білімі бар адам аз, сол аз ғана сапалы әскеридің бірі ретінде Сұлтанбековке ерекше сенім артылғаны анық. Және Ратай ол сенімді жеріне жеткізе орындапты. Соғысты өз елінде, қорғаныстан бастаған батырдың соғыстың соңғы айында Германияда қаза табуы көп нәрсені аңғартады. Ол жүріп өткен жол, ол көрген азап, ол көрген мыңдаған шайқас қазір айтқанға ғана оңай. Әйтпесе, қаншама ұйқысыз түндер, қаншама қанды қырғындар төрт жыл бойы адамды түңілдірмеді дейсіз бе! Соғыста от пен оқты бәрінен артық кешкен, жеңісті жақындатуға ерекше үлес қосқан, бірақ ең соңғы сәтті – жеңіс ұранын ести алмай кеткен нағыз батырдың ерекше тағдырын ойласаң, кеңсірігіңді бір өкініш удай ашытады. Осындай ғажап ұлдан, осындай алып азаматтан ерлігінен өзге естелік қалмағанын ойлайсың. Оның өзін тым кеш аңғарыппыз.
Бізді өкіндіретін не нәрсе? Әбу Сәрсенбаевтың «Офицер күнделігі» дейтін деректі шығармасында «Дунай үстіндегі шұғыла» дейтін әңгімесі бар. Өзі ақын, өзі жазушы, соғысты өз көзімен көрген қаламгердің соғыс тақырыбында жазғаны аз емес, бірақ біз үшін ең бір құнды жазбасы – осы Дунай майданы. Бірінші Украина майданы – фашист шегінген, КСРО әскерінің Берлинді бетке алған шағы. Әрине, шығарманың көркемдігі, пафосқа толы өр рухты демі туралы әңгіме бөлек айтылар, біз үшін ең қымбаты – оның дерегі. Жазушының өзі көзі тірісінде бұл әңгімесіндегі бас кейіпкер Райбек Бексолтановтың осы Ратай Сұлтанбеков екенін айтып кеткен. Ратайдың бауыры, көп жылдар бойы шаң басқан архивте қалған ерлікті аршып алған, Ратайдың ерлігі мен есімін елмен қауыштыру жолында өлшеусіз еңбек еткен Пірімбек Сұлтанбековке жазған хатында айтады. Ратайдың батальонында бір апта болыпты. Иә, көркемдік шешім басқа, Ратай үйленіп, артында ұрпақ қалады демесең, қалғаны қаз-қалпында. Бұл да жазушының Ратайдан әйтеуір бір белгі қалса ғой деген ұлы аңсары екен. Өзі бірнеше мәрте көрген, жорықта бірге болған, арнайы іздеп барып, төбеде оқ борап тұрғанда окопта, траншеяда жатып қалтқысыз әңгімелескен, қапысыз сырласқан, жорық жолындағы сапарларда ерлігі мен еректігін қатесіз таныған азаматтың соғыс бітуге 16 күн қалғанда ажал құшқанына деген өкініші, оны өлдіге қимаған көңілі екен. Бәріміздің осынау ащы өкінішімізді елден бұрын атақты жазушы бастан кешіріпті. Елден бұрын аһ ұрыпты.
Жазушының очеркі, әңгімесі, естелігі – Ратай Сұлтанбеков туралы зерттеулердің түпнұсқасы, Ратайды іздеген адамның ең алдымен жүгінер дерегі іспеттес.
Әбу Сәрсенбаев Ратайды алғаш 1943 жылы көрген. Бірақ «Июль, 1945 жыл. Изюм ауданында қанқұйлы соғыс жүріп жатқан шақ», – деп жазады «1995 жылы «Табиғат аясы» газетіне шыққан «Жиырма жасар батальон командирі» мақаласында. Бұл жерде баспадан қате кеткен болуы мүмкін. Біріншіден, 1945 жылы маусымда соғыс бітіп қойған, екіншіден, бұл кезде Ратай Сұлтанбеков бұл дүниеде жоқ. Иә, жазушы 20 жасар батальон командирі деп жалпылама айтып отырған болса керек. Оның үстіне, Сұлтанбеков 20 жасында гвардия батальонының командирі болғанын ескерсек, оның бұл атағы ол қаза болғанға дейін өзімен бірге жүрсе керек. Және бір ескерер жайт – оның «жиырма жасар комбат» атағы сол уақытта кең жайылғанын да байқауға болады. Атақты жазушының өзі іздеп барғанына қарағанда да, «жиырма жасар комбат» есімі соғыстың қызып тұрған шағында біраз адамның құлағына жеткені анық.
Жазушы мен батырдың кездесуі – 1943 жылдың маусымы. 1994 жылғы «Ақ жол» газетіндегі «Жиырма жасар комбат Ратай Сұлтанбеков» атты очеркінде «Мен Ратай батальонында бірінші рет 1943 жылы маусым айында болдым», – дейді. Дұрысы осы болу керек. Үшінші Украина майданы. Жазушы Ратайдың болмысын сүйсініп жазады. Жетім өскенін, қаршадайынан-ақ алғыр болғанын, мектепті алтын белгіге бітіргенін, Алматыдағы медицина институтына оқуға түсуі, екінші курсын аяқтамай жатып әскерге алынуы, көп ұзамай соғысқа кіруі тақылдаған ғұмырбаяндық тілмен емес, оның соғыс болмағанда алысқа аты кеткен қазақтың асыл ұлдарының бірі болар еді-ау деген өкінішпен жазады. Сіз жазмыш қой дейсіз де, бір күрсініп, ары қарай оқуға кірісесіз. Жазушының осы жазбалары сізді батыр болмысымен жақындастырып жібереді. Не де болса соғыс басталды, кеудесінде намысы бар адам бұғып қала алмайтын сын сағат туды. Бұдан ары Ратайға үлкен даңқ сыйлаған, ерекше суырылып шыққан жас дарынның ерлікке толы төрт жылы. Ерлікке толы төрт жылдың шежіресі. Бастан-аяқ соғыстың шежіресі. Иә, Ратайдың өмірі – соғыстың шежіресі.
Көкіректегі отты сұрапыл соғыс та өшіре алмады
Әбу Сәрсенбаев өз өмірі туралы сұрағанда: «Менде қандай өмірбаян бар? Талас бойындағы Сардалада туыппын. Тоғызға толмай жетім қалып, интернатта оқыдым. Он сегізімде Алматыдағы дәрігерлік институтқа түстім. Келесі жылы аяқ астынан әскерге шақырылып, Львовта пулеметшілер курсын бітірдім. Пулеметшілер взводының командирлігіне тағайындалғанымда соғыс басталды да, фашист басқыншылардың алғашқы шабуылына кеуде тостық. Бірақ күш тең емес еді, шегінуге мәжбүр болдық. Қоршауда қалып, қайсарлықпен ғана бұзып шықтық», – деп жауап береді.
Соғыстың алғашқы күндерінде майданға взвод командирі болып кірген 20-ға енді толатын жігіт. Қоршауда қалған, осы шайқаста жараланған. Қазір әлі оң-солын толық танып білген жоқ деп өбектеп отыратын 20 жастағы балаларды көзіңізге елестетіңізші... Ал, Ратай бұл кезде жалаң қолмен күші басым жаудың қоршауын бұзып шығады. «Қайсарлықпен» деуі де бекер емес, сол сәттегі жағдайда шын түйсінген адамның сөзі. Және әскерге «аяқ астынан шақыртылуы» оның өз жоспарының мүлде басқа болғанын аңғартады. Ары қарай тағы да «соғыс болмағанда ғой...» дейтін өкініш көмейіңді бітеп тастайды.
Ратай дәрігерлік институтты бітірсе... Одан ары одан да үлкен оқу, бәлкім, Мәскеу... Қалай дегенде де, алдағы алты-жеті жылда көптің қолы жете бермейтін оқуды түгесіп, сол кездегі қазақ әлі жеткілікті түрен сала алмай жатқан медицина саласына біржола берілсе... Өзі де жанып тұрған жігіт, алысқа, тым алысқа барады екен-ау. Мұның сыртында, Ратайдың ұлтшыл жігіт болғанын да аңғару қиын емес. Біз мұны тағы да Әбу Сәрсенбаевтың жазбасынан аламыз. Жазушы өзі істейтін «Совет жауынгері» газетінің бірер данасын қолына ұстатады. Сонда, газетке үңіліп тұрып айтты дейді: «Түу ғажап қой, қайран туған тіл... Ұмытып қаламыз ба деп те қорқамыз». Бұл сөзді комбаттың аузына жазушының өзі салды деуге де болар, бірақ соншама үлкен басымен естелікті бұрмаламауға тиіс. Бәлкім, жазушы мен батыр арасында оңаша әңгіме болды ма екен деп те болжауға болады. Бұдан бөлек, Сұлтанбеков сол кезде майданда қазақ ансамблінің жоқ екеніне налиды. Және оны жай айтпайды, ширығып айтады.
«Мен бір нәрсеге таңмын. Біздің майданда өзбек ансамблі бар. Ал қазақ ансамблі неге жоқ? Өнерпаздарды осы майдандағы қазақстандық төрт дивизиядан да табуға болады. Қыздардан да құралақан емеспіз. Бізде осы мәселе төңірегінде майдандық саяси бөлімнің қызметкері Нұриддинов жолдаспен кеңескен едім, «Осман әкәнің қазақтар туралы да бас қатыруға уақыты жоқ», – деп мазақ еткендей болды. Сіз қалай қарайсыз? Осы мәселені белсенді түрде көтеруіміз керек. Мүмкін газет арқылы?..»
«Кісі болар баланың кісіменен ісі бар» деген сөз еске түседі. Соғыс қайнап тұрған уақытта майданда қазақ ансамблінің жоқ екенін ойлауға сол шақта кімнің шамасы келді дейсіз! Өзі де өнерпаз, кітап оқитын, әдебиетті түсінетін, ақын жанды, әжептәуір әншілігі бар жігіт оңашада ұлты, тілі, елі туралы толғанбады, таусылмады деймісіз... Ол ер жеткен заман – көзі ашық, кеудесінде намысы, төбесінде тесігі бар адамды ойландырмай қоймайтын, қамықтырмай қоймайтын ауыр кезең еді ғой. Колхоздастыру, жоқшылық, аштық, репрессия, үрей, соғыс... Бала да болса өз ұлтының кемдікте отырғанын сезген шығар. Содан да ширығып өскен болар. Содан да бойдағы қайратын аямай, қай қиырда да алдыңғы сапта жүруді мақсат еткен болар. Сынақ иісалмасты жасытады, өжет жанды ширата түседі, 9 жасында тап болған жетімдік жасыта алмаған, өшіре алмаған отты қан майдан да жуасыта алмапты. Соғыста, жанын шүберекке түйіп жүріп те арттағы еліне қамыға қарап қаншама боздақ топырақ құшты екен. Соғыс хаттарын парақтағанда идеологиялық бөлімнің қызметкерлері шимайлап тастаған жолдар аз емес қой, сол оқылмай кеткен сөздердің көбі майдандағы ауыр жағдай ғана емес, артта қалған ағайынның жай-күйіне алаңдау шығар, кім біледі.
Өзі отты, өзі сергек, өзі қайратты жігіт соғыста ең алдымен стратег болғанын айтуымыз керек. Оның ерлігі басты бәйгеге тігіп, уралап жүгіре беретін, Советтік жүйе бүкіл бір ұрпақтың санасына құйып тастаған көзсіз ерлік, жалаң шабуыл емес. Оның ерлігі – ар жағы білім мен білікке құрылған, алдын ала жоспарланған стратегиялық әрекет. Ол туралы азын-аулақ деректерде оның шабуылға шығар күні түнімен көз ілмейтіні, мың ойланып, жүз толғанатыны айтылады. Аласұрып, бүлік іздеу емес, оның тынышы кеткен түн – ертеңгі майданның жоспары болатын. Қарсы алдында жайылып жатқан, беті тек командирдің өзіне ғана түсінік, командирдің өзі ғана оқи алатын сансыз белгі мен бытысқан сызықтармен «шимайланған» майдан картасына қайта-қайта үңіліп, қайта-қайта өзгертіп, ертеңгі жоспарын тәптіштеп, ерсілі-қарсылы жүрген командир келеді көз алдыңа.
Соғыс кезіндегі шахмат ойыны және «Гәкку» әні
Оның бұлай мазасының кетуі – ең алдымен жауапкершілік. Отан алдындағы, елдің алдындағы борыш өз алдына, басшылық алдындағы міндеттен бөлек қол астындағы жауынгерлердің өмірі үшін уайым. Соғыс шығынсыз, қазасыз болмайды, кісі өлімінсіз жеңіс ешқашан болған емес, бірақ құрбандықты неғұрлым азайту, аз шығынмен көп жеңіске жету көп жағдайда осы командирлердің біліктілігіне тәуелді. Одан бөлек, ең ауыры – ертеңгі айқастан кейін бүгін қасыңда отырған, бір окопта жатқан майдандас, қандыкөйлек жолдасың оралмай қалуы мүмкін екенін ойлау. Және... Сұлтанбеков әр шайқас алдында «ертең қаншама үйге қара қағаз жазып отырар екем» деп қамығады екен. Қара қағаз жолдап жіберу қиын емес, бірақ ол қағаздың бүкіл бір әулеттің отын өшіретіні, өзі де езіліп жатқан бүтін бір ауылды аңыратып кететінін түйсіну. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» дейтін Абайдың тоқтамы – осылай, өзгенің қайғысын сүйегіңнен өткізу жаныңмен сезіне алатын адамдарға да арналса керек. Біз тани түскен, танып біте алмай жатқан Ратай осындай адам болыпты.
Соғыс – статистикалық тұрғыда сұп-сұр, сұп-суық болғанмен, ол да өзінше өмір. Бәріміздің түбі барып тірелер жеріміз өлім болғанмен, «ақыры өлеміз ғой» деп қарап отырмайтынымыз сияқты, соғыстың да өз романтикасы болады. Онда адамдардың мінезі ашыла түседі. Ондағы адамдардың да өзіндік қызығы, ермегі болады. Соғыстағы Ратайдың бір ермегі шахмат болыпты. Бұл туралы Әбу Сәрсенбаев «Дунай үстіндегі шұғыласында» жеріне жеткізіп жазады. Жазушы шахматты жай ғана ермек емес, Ратайдың стратег қасиетін аша түсетін деталь ретінде пайдаланады. Соғыс картасы мен шахмат екеуін қатар қойып, параллель өре отырып, Ратайдың екі тізгін, бір шылбырды қымтай ұстай алатын дарынын аша түседі. Одан бөлек, батырдың ақжарқын, кезі келгенде әзілдей де білетінін айтады. Әкесімен аттас Сұлтанбек деген жауынгерді «әке» деп атайтынының өзі көп нәрсені аңғартады.
Ратайдың өнерпаз жігіт болғанын жаңа айттық, Әбу ақсақал естелігінде бұл туралы нақты бір картина ұсынады.
«Ратай енді екінші мәрте газетке үңілді де, райлана күлді. «Күләш апаның «Гәккуын» қараңыз...
Гәкку, гәкку...
«Құс болып айдын көлді дабырлаттым
Ән салып әрбір елдің дәмін таттым,
Жетсін деп осы әнім
Гәккуіме Гәккуді қайтқан қаздай қаңқылдаттым.
Гәкку, гәкку...
Батальон командирін арқаға қақтым. «Қарағым-ау, даусың қандай жақсы еді, неғып актер болып кетпегенсің». Командир терең тыныстап, басын шұлғыды».
Екінші Бауыржан атанған батыр жігіт
Айналасы көзі тірісінде-ақ «Біздің Бауыржанымыз» деп мақтан тұтқан Ратай Сұлтанбеков өзінің атағын малданып, асып-таспаған, ешқашан қалғуды білмейтін, жауынгерлік, командирлік міндетіне адал берілген сарбаз және жеңсе тасымайтын, жеңілсе жасымайтын құрыштай берік жігіт. Мұны жазушыдан артық кім суреттей алсын, Ратай туралы сөз болғанда оның болмыс-бітімі де біз үшін қымбат, аяулы.
«Маған батальон командирі әскери сұсты командирден гөрі биязы жігіт болып көрінді. Сұлу, сұңғақ, өн бойында артық ет жоқ, біт пішіні де келісті. Жазық та биік маңдайды жарып түскен жинақ етек, тік мұрын. Аумақты дөңгелек көздерінің аса нұрлы мойыл қарашықтарында қаһарлы салқындықтан гөрі мейірім мол. Мүмкін маған солай көрінген шығар, әйтеуір күнге күйіп, желге әбден тотыққан қара торы жүзінде бір әдемі бояу бар. Шымқай қара шаш бет пішін сұлулығына қосымша жарастық пен қайраттылық беріп тұр. Жастық дегеніміздің өзі сұлулық қой, мен Ратайдың өн бойынан жастық сұлулығын көріп, сүйсіне де қызыға қарадым», – деп сипаттайды Әбу ақсақал.
Ол туралы сөз болғанда мен ерте жасында генерал болған атақты адамдар туралы ойлаймын. Қазіргі статистика ең жас генералдың жасын 25-тен бастайды. Әбу Сәрсенбаев жазан Ратай Сұлтанбеков соғыстан кейін не істеймін, оқуымды жалғастырам ба, әлде әскери қызметті қуа берем бе деп толғанатыны бар. Бәлкім, тірі болғанда, қазақтан шыққан ең жас генерал ретінде аталып жүрер ме еді деп те ойлайсың. Әскерилерге орден-медальдан бөлек, ерекше жеңіс кезінде шен тапсырылады. Берлинге дейін жеткенде, жеңіс туын тіккенде, өзі гвардия майоры болған жиырма үш жастағы балаң жігіт тағы бір саты өсер ме еді, одан ары генерал атағы да қол созымда тұр. Және бұл шен Сталиннің ұлына берілген атақ сияқты емес, оның бойына жарасып-ақ тұрар еді. Иә, бұл біздің жақсымызды әлі күнге өлдіге қия алмай жүрген біздің көңіліміздегі бір арман ғана.
1943 жылы «Қызыл жұлдыз», 1944 жылы «І дәрежелі Отан соғысы», «1945 жылы І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен марапатталғанмен, табыс етілмепті. Тек құжат, қағаз жүзінде. Иә, соғыс кезі, жағдай болмаған... Және одан кейін де қаншама жылдан кейін ғана 2002 жылы оның осы ордендермен марапатталғанын және 1945 жылы 16 сәуірде Германияның Бранденбург провинциясы, Ортыктың сол жақ шетінде бауырластар бейітінде жатқанын білу мүмкін болыпты. Соншама атақты, соншама танымал, өз айналасы үшін аңыздай болған адамның көп уақыт бойы архивте жатуы – Кеңес одағының өз батырларын онша бір жоқтай қоймағанын аңғартады. Әйтпесе, Сұлтанбеков сияқты әскери тұлғаның соншама уақыт хабарсыз кетуі мүмкін емес. Не де болса арты қайыр, іздеушісі, сұраушысы жоқ емес, артында елі бар, әлі де зерттеле түсері анық.
Ратай Сұлтанбековтің соғыстың беталысын кәнігі стратег ретінде болжай білгенін айтпай кете алмаймыз. Ол жеңіске жететініне тым сенімді болыпты. Әрине, 1945 жылғы соғыстың немен аяқталатыны алдын ала белгілі болған. Таң қаларлығы Ратай соғыстың қашан бітетінін де нақты болжапты. Мұны оның 1945 жылы елге келіп кеткендегі қалыңдығы Ғалияға айтқан сөзінен байқаймыз: «Қазір сәуір айы. Мамыр айында елге ораламын жеңіспен». Бұл әбден тісқаққан, әрбір қадамын есеппен басатын, әскери өмірге әбден үйренген, стратег маманның ғана қолынан келетін болжам. Өкініштісі, сол болжамды көре алмай кеткені...
Соғыс бітуге 23 күн қалғанда, 23-тен енді асқан жігіт жау жерінде қалыпты. Жиырма жасар комбат ең құрығанда отызға аман жеткенде кім болар еді? Ойлап кетсең, өкініштің ащы дәмі жан дүниеңді бір аунатып түсіреді...