Кеше Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде Бішкек қаласында өткен Сурдлимпиадалық еркін күрестен жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында әлем чемпионатында топ жарған жерлестерімізді күтіп алу салтанаты өтті.
Еске сала кетсек, Қырғыз Республикасының астанасында жалауын желбіреткен байрақты бәсекеге 16 мемлекеттен 120-дан аса спортшы қатысты. Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасы сапында 29 спортшы ел намысын қорғады. Ұлттық құрама қатарында облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының 5 спортшысы өнер көрсетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Атап өтсек, жасөспірімдер арасында облысымыздың мақтанышы Нышанбек Мырзахмет 60 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар жастар арасында Дәурен Жақсымбек пен ересектер арасында Шыңғысхан Әлдибаев күміс жүлдеге қол жеткізсе, Ғасыр Тұрғынбай чемпионаттың қола жүлдесімен күптелді.
Спорт кешенінің алдына жиналған қала тұрғындарының, спортшылардың қарасы көп болды. Спортсүйер қауым жүлдегерлерді үлкен қошеметпен күтіп алып, сый-құрметін көрсетті. Салтанатты рәсімді ашқан облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков саңлақтарды жеңісімен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
– Құрметті спортшылар, қадірменді қонақтар! Жамбыл облысының спортшылары соңғы жылдары әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізіп жүр. Соңғы айлардың өзінде жерлестеріміз әлемнің түкпір-түкпірінде өткен додаларда өте табысты өнер көрсетіп, еліміздің, облысымыздың мерейін үстем етті. Мәселен, бірнеше күн бұрын ғана Бішкек қаласында Сурдлимпиадалық грек-рим күресінен өткен әлем чемпионатында топ жарған жерлестерімізді күтіп алған болатынбыз. Лайым осындай жеңісті күндеріміз көп болсын! Баршаңызды жарқын жеңісімізбен құттықтаймын, – деген Нұржан Қырықбайұлы спортшылардың жеке бапкері Ерназар Дүйсенұлына алғысын білдірді.
Ал Ерназар Қонысбаев өз кезегінде жетістіктеріне ортақтасқан көпшілікке ризашылығын жеткізді.