Көру үшін бір рет,
Өзіңді іздеп, Құдірет,
Талай жерді таптадым,
Бірақ Сені таппадым.
Тыншиды ма бұл кеуде,
Ендім зәулім шіркеуге.
Бойы көкпен тірескен
Таба алмадым өзіңді
Күмбездегі кірестен.
Осы ма деп тұрағың,
Сүзіп шықтым көзіммен
Иудаистер храмын.
Ол да сенің, Құдайым,
Емес екен тұрағың.
Енейін деп күйіне,
Кірдім будда үйіне.
Ғибадатхана монағы
Тас мүсінді көрсетіп
Осы деді құдайың.
О, Жаратқан, Құдірет!
Іздесем де күнімен
Жүзің тұрмақ, ізіңді
Көре алмадым бірінен.
Таусылған соң шыдамым,
Жағып үміт шырағын,
Бардым іздеп Қағбаға.
Молда шықты алдымнан
Келіңіз деп тәубаға.
Мен олардан түңілдім,
Жүрегіме үңілдім.
О, Құдірет – Жасаған!
Сонда ғана түсіндім,
Сенің ұлы мекенің
Ж Ү Р Е Г І М Д Е Е К Е Н І Н.
Джалаладдин Румидің шығармасы.