Қазақ музыка өнерінде Шәмшінің 300-ге жуық әні бар. Әсіресе, оның «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Қайықта», «Ана туралы жыр», «Теріскей», «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Менің Қазақстаным», «Әнім сен едің», «Бақыт құшағында», «Ақ ерке – Ақ жайық», «Сыған серенадасы», «Дүнген қыз», «Кешікпей келем деп ең» сынды әндерін ел сүйсініп тыңдайды. Ұлы композитордың жүрегін жарып шыққан қайталанбас әндерінің қай-қайсысында болмасын Шәмшінің үкілі үміті, халқына деген сүйіспеншілігі мен махаббаты анық байқалады. Бұл күнде артында өшпес мол мұра қалдырған вальс королінің шығармашылығына зерттеу жүргізіп, оны ел арасында насихаттау кезек күттірмес дүние екені сөзсіз. Айта кетейік, 2020 жылы композитордың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Шәмші Қалдаяқов ауылында сазгердің өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында музей үйі ашылды. Осы орайда белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалдыбек Құрманәлінің Шәмші мұраларын зерттеп, жинақтаудағы еңбегін айтпай кетуге болмас. 2009-2010 жылдар аралығында жарық көрген Шәмші журналының әр санында Шәмші Қалдаяқовтың көзін көрген, замандас аға-іні, туыстарының вальс королі жайындағы естеліктері жазылған. Сонымен қатар, сазгердің көзі тірісінде тұтынған бұйымдары оқырман назарына ұсынылған. Қазіргі таңда еліміздің Алматы, Астана, Шымкент, Тараз сынды ірі қалаларында сазгердің шығармашылығына арналған халықаралық, республикалық деңгейдегі ән байқаулары мен фестивальдер дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Шәмшітанушы Қалдыбек Құрманәлінің айтуы бойынша, жақында «Шәмші туралы шындық пен дақпырт» атты жаңа туындысы дүниеге келмек. Кітап демекші, вальс королі жайлы замандастарының арасында Еркінбек Әкімқұлов «Шәмші Қалдаяқов – ән патшасы», Оразбек Бодықов «Шәмші Қалдаяқов: Хикаяттар», сонымен қатар, белгілі жазушы, ғалым профессор, Отырар ауданының құрметті азаматтары Жарылқасын Нұсқабаев пен Сейтісхан Кішібаев «Мәңгілік өлмейтұғын ән қалдырған Шәмші Қалдаяқов туралы естеліктер» мен белгілі сатирик Көпен Әмірбек «Шәмшінің әзілдері мен әндері» атты кітаптар жазды. Ал, белгілі кинорежиссер Тілеген Ахметтің «Қайран Шәмші» атты кино туындысы –Шәмшінің бейнесі қалған жалғыз кинодерек. – Республикалық Отырар археологиялық музейінің негізін қалаушы Асантай Әлімовтың ізін жалғастырушы шәкірті, Руханият Әбу Нәсір әл Фараби музейінің негізін қалаған өлкетанушы ғалым, музей ісінің ардагері Абдулла Жұмашевтың «Қалдаяқ ұста – Шәмшінің әкесі» атты кітабы да Шәмші мұрасын іздеушілерге жол көрсетер жетекші құрал болары анық. Бұл еңбекте Шәмші Қалдаяқовтың шыққан тегі, әкесі Қалдаяқ ұста мен шешесі Сақыпжамал жайында, Қалдаяқ ұстаның ұсталығы жайында кең ауқымда қамтылған. Асантай Әлімов бастап, Абдулла Жұмашев жалғастырған аталмыш еңбектің нәтижесінде Қалдаяқ ұста мен Шәмші Қалдаяқовқа қатысты 100-ден астам жәдігер анықталды. Олар бүгінде Руханият Әбу Нәсір әл Фараби музейі мен Шәмші Қалдаяқов музей үйінде сақтаулы тұр, – дейді Шəмші Қалдаяқов музей үйінің меңгерушісі Серік Олжатаев.