Жақында Мақат ауданында әлеуметтік осал топқа жататын 18 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде Мақат кентінен – 6, Доссор кентінен – 12 отбасы екі пәтерлі жаңа тұрғын үйлерге қоныстанды. Жаңа баспаналар көпбалалы және толық емес отбасыларға, сондай-ақ мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлап отыр.
Аудан әкімі Азамат Мәмбетов қоныс иелерін жаңа баспаналарымен құттықтады. – Бұл қуаныш – мемлекетіміздің халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған саясатының нақты нәтижесі. Өздеріңізге табысталып отырған жаңа баспаналар құтты болсын! Әр шаңырақта береке мен бақыт орнап, осы үйлерден шат күлкі мен жақсы жаңалық үзілмесін. Алдағы уақытта да тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз, – деді.














