Өткен жылдың желтоқсан айында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру жөніндегі заң жобалары қаралған еді. Сонда әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулері ескеріле отырып қалыптасатындығын айтқан.
Кепілдендірілген трансферт Ұлттық қорға мұнай секторынан түсетін түсімдердің көлемінен аспайтын болады. Ал бюджет шығыстарының өсуі инфляция межесін ескергенде, ұзақ мерзімді экономикалық өсудің орташа деңгейінен аспайды. Жалпы алғанда, бюджет жобасы теңгерімді Жалпы, бюджет әлеуметтік сипатқа ие. Әлеуметтік салаға 2023 жылы 8 трлн теңге көзделген. Экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамыту, бизнесті қолдау, көлік инфрақұрылымын дамыту және газдандыру басым бағыттар болып табылады. Біздің міндетіміз – бюджет қаражатын тиімді пайдалану», – деп мәлімдеген. Ұсынылған заң жобалары үшін дауыс беру процедурасынан кейін Үкімет басшысы Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне Премьер-Министр Кеңсесімен бірге заң жобалары мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамын Парламентке енгізуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Аталған мәселеге қатысты Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +16,75 пайызға дейін көтеру туралы шешім қабылдағанын хабарлап: «Бұл шешім болжамдар мен нақты деректердің талдауына негізделген, оған геосаяси жағдайдың белгісіздігі мен салдары, сондай-ақ әлемде азық-түліктің жоғары бағалары сақталып отырған сыртқы ортаның факторлары негіз болды. Рас, елдегі инфляция мөлшерінің әлі де жоғары деңгейде болып отыр. Мәселен, өткен жылғы қараша айындағы оның жылдық мәні 19,6 пайыз болып, барлық компонент бойынша өскен. Бұл ішкі сұраныс орнықты болған кездегі жоғары сыртқы инфляцияға және тұтынушылық тауарлар импортының логистикалық жолдарын жаңа сауда бағыттарына қайта бағдарлаудың жалғасуына байланысты қалыптасқан жағдай. Жалпы алғанда азық-түлік бағасының деңгейі жоғары болып қала береді. Оған Украинадағы әскери қақтығыс – тәуекел факторы ретінде ықпал етеді. Көрсетілген факторлар ескеріле отырып, инфляцияның болжамы қайта қаралды. Осылайша, базалық сценарийде биыл болжам бойынша жылдық инфляция 20-21 пайыз деңгейінде қалыптасса, алдағы қоян жылы 11-13; 2024 жылы 7-9 пайыз шегінде болады деген болжам жасалуда. Биыл ЖІӨ-нің өсуі 2-3 пайыз шегінде қалыптасып, кейіннен 2023 жылы 3-4 пайызға дейін жылдамдайды. Бұл бұрын болжанған сыртқы сұраныстың әлсіреуіне, мұнай өндірудің біршама қалыпты болуына және кейде Қазақстан экспортын әлемдік нарықтарға жеткізуде туындайтын проблемаларға байланысты орын алады. Инфляция бойынша болжам тәуекелдері геосаяси шиеленістің салдарына және оның одан әрі дамуына қатысты белгісіздікке, сауданы құрылымдық қайта құру кезеңінің ұзақтығына, инфляциялық күтудің жоғары және тұрақсыз болуына, жоғары азық-түлік инфляциясының сақталуына байланысты қалыптасады», – деп мәлімдеген.
Базалық мөлшерлеме деңгейіне қатысты депутаттық сауалға берген жауабында Бас уәзір: «Ұлттық банк инфляцияны тұрақтандыруға бағытталған ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастыруда. Базалық мөлшерлеменің өсуі көптеген қаржы өнімдерінің бағасына әсер етеді, ал теңгедегі активтер құнының өсуі халықтың жинақ белсенділігін ынталандырады, тұтынудан сақтауға қарай назар аударады. Бұл шаралар экономикадағы инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған. Алдын ала нәтижелер экономикадағы жинақ, инвестициялық және тұтыну белсенділігінің динамикасы бойынша бақыланады», – деген-ді. Соған қарағанда, базалық мөлшерлемеге қатысты мәселеге соңғы нүктені қою әлі ертерек сияқты. Ол қазіргі әлемдік саяси-әлеуметтік және экономикалық ахуалдардың қай бағытқа ауытқитындығына байланысты кез келген сәтте өзгеріп шыға келуі мүмкін сынды. Сондықтан, әліптің артын бағып, мәселенің шешуін алдағы уақыт еншісіне қалдырған абзал болатын сияқты.