«Қазақстан – ZAMAN» газетінің шығу тарихын газет оқушы қауым жақсы біледі. 1995-1996 жылдары газет қазіргі Абылайхан даңғылында бір мекемені жалдап отырды. Сол уақытта газеттің бас редакторының орынбасары Энес Жансевер болатын. Менің балам Азат Ханалиев осы басылымда фототілші болып қызмет етті. Әрі студент еді ол кезде. Газеттің көркі – сурет, мақаланың мазмұнын ашып тұрады. Сабақта жүріп, кейде үлгере алмай қалатын. Сол кезде әкесі Рахымбай Ханалы барып, көмектесіп тұратын. Байқаймын әкесі түрік азаматтарының біраз шаруаларын бітіріп беретін сияқты. Содан Рахымбайды газеттің фототілшісі ретінде қабылдады. Ол кезде «виза» жағы түріктер үшін ең үлкен мәселе болатын. Газет жартылай қазақ, жартылай түрік тілінде шығатын. Газет көтеретін мәселе өте көп. Редакция тынымсыз еңбек етті. Газетке жас та болса, ой-өрісі ұшқыр Ахмет Аляз келді. Түрікше білетін қыз-келіншектер көбейді. Газетке сол кезде «KATEV» қоры демеушілік жасайтын. Қордың төрағасы Әли Токул деген білімді, салиқалы азамат еді.
Газетте тұрақты мекенжай болмады, әр жерге көшіп жүрді. Достық даңғылының бойындағы «Алатау» қонақ үйінде біраз отырды, содан қазіргі «Арман» кино театрының жанындағы мекемеде отырды, қазір ол жер мейрамхана. Рахымбайдың газетке көп пайдасы тиді, оны газеттің редакторының орынбасары қылып тағайындады. Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылды. Көптеген білім ордаларының студент, оқытушы қауымымен бірігіп жұмыс жасады. Газет тарих, білім, ғылым, мәдениет, күнделікті қоғамдағы жаңалықтарға көп көңіл бөлінді. Оқырман көбейді. Газеттің жанданған, оқушы қауымның ойынан шыққан кезі Жұмабай Шаштайұлының редактор болып келген кезі. Қасым Аманжол, Баян Болатхан, Таласбек Әсемқұлов сияқты журналист, жазушылар, газеттен өмірге қанаттарын сермеп шықты десек те болады. «ДА» журналын осы газеттің журналистері шығарды. Ең бірінші редакторы Уфук Сертт болды. Түркістан қаласының 1500 жылдығының сахналануын, өткізу хаттамасын Баян Болатхан жазды. Арнайы кітабын, газетін шығарды. Түрлі-түсті фото альбом жасалынды. Түркістан қаласында ақын-жазушылармен кездесулер өткізіліп, бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Түркияда болған зілзаладан кейін газет жабылып қалып, біразға дейін жұмыс жасамады. Ахмет Аляз бен Рахымбай екеуі Астанаға бірнеше рет барып, газетті қайта ашты. Газетке Қазақстанда жұмыс жасап жатқан біраз компаниялар демеушілік жасайтын болды. Солардың бірі «Туркуаз» құрылыс компаниясы. Біздің газетпен қатар, «ZAMAN – Өзбекстан», «ZAMAN – Қырғызстан» газеттері шықты. Стамбұлдан ұшақтан түскен кезде үлкен әріппен «ZAMAN» деген жазу жанып тұратын, барлық елдегі газет соған қараушы еді. Қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматов, кино жұлдыздары бізде жиі қонақта болатын. Өзбек әншілерінің жиі-жиі концерттері өткізілетін. Сенбі, жексенбілер мен наурыз мейрамдары қызықты өткізілуші еді. Марат Тоқашбаевтың кезінде балаларға арналған «Мөлдір бұлақ» журналы жарыққа шықты. Ол кезде «KATEV» қорына Эрсин Демиржи деген түрік жігіті басшылық жасады. Сонымен қатар бұл қор «қазақ, түрік» мектептері мен лицейлеріне көп көңіл бөлетін. Тоқашбаев Мараттың ұйымдастыруымен сәуір айында республикалық газет, журналдарының журналистерінің арасында футболдан, шахматтан жарыстар өткізіп, қомақты сыйлықтар беретін едік. Кеше ғана қайтыс болған Аманкелді Сейтхан төрешілік жасайтын. Абай атындағы АМУ-нің спорт кешенін жалға алатынбыз. Газеттегі қиыншылық бір орыннан, бір орынға көшу. Әлі де солай. Қашан өкімет баспасөзге көңіл бөлетіні белгісіз. Газетке тұрақты орын аламыз деп, Наурызбай батыр көшесінде тұрған үш үйді «KATEV» қоры сатып алып, орнына биік үй тұрғызды. Оны басқарған Унал Би болатын. Газеттің қаражаты жоқ болғандықтан, Самал-2 ықшам ауданындағы төрт бөлмелі үйімізді банкіге кепілдікке қойып, ақша алдық. Үй салынып біткен соң, оның бірнеше қабатын «SEMA» деп аталатын емхана мен ауруханаға бөлді. Жоғарғы қабатын «KATEV» қоры өздері алды. Асхана мен басқа да комерциялық бөлмелер болды. Бізге бөлінген қабатта журнал мен газет бірге отырдық. Бұл кезде газеттің «ZAMAN» деп аталатын беті бөлініп шығып, А-3 форматымен шықты. Негізінен бізге бөлінген орында отыруымыз керек еді. Бізді ол жерден де шығарып жіберді. Газеттің «Қамшыбасар», «Жанайқай» деген тақырыптарда шығып жүрген мақалалары, талай адамның мәселелерін шешіп берді. Шаяхмет Құсайынов, Жанбақыт Борантаев, Ермек Сахариев, Нағашыбай Қабылбектің жазған мақалаларын ел сүйсініп оқитын.
Газеттің қазіргі редакторы Ертай Айғалиұлы 2005 жылы күзде тағайындалды. Журналист Шәрипа Битаеваның ұйымдастыруымен облыстарды көлікпен араладық. Сөйтіп газеттің, журналдың тиражын көбейттік. Халықпен кездесіп, тарихи жерлерді аралап, үлкен мағлұматтар әкелдік. Солтүстіктегі астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында да біздің бір орнымыз болуы керек деген соң, журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаевқа кіріп, бір бөлмені алғанбыз. Ол жерде қазір астана тілшілері отырады. Газетке ЖШС бас директоры Сәуле Мешітбайқызы көп еңбек сіңірді. Осы кісілердің арқасында газет әлі шығып келеді.