«Qazaqstan dauiri» газетінің жедел сұхбаты
Ежелгі Тетис мұхитының жұрнағы – кәрі Каспиймен жапсарлас Ақтау алқабы қазақ ұлысын құраған түпкі түркі-тайпалардың түпқазық алабы екенін тарихи айғақтар тәпсірлейді. Алпыс жылдық тарих бедерінен әріге көз жүгіртсек, көне деректер көмбесіне кезігеріміз кәміл, сондықтан Ақтау шаһарына «Түркі елдерінің мәдени астанасы» мәртебесі берілуі тегін емес-ті. Бұған дейін де қолға тиген қазба жәдігерлер ұлы ұлыстардың қым-қиғаш жөңкіген керуен-көштері Маңғыстау өлкесін кесіп өткенін дәйектейді. Сондықтан бұл ерек мәртебені Еуразия кеңістігінің едәуір бөлігін алып жатқан түркі елдерінің өзара кірігуіне бетбұрыс деп білеміз. Ауқымды мәдени іс-шараның маңызы және беделі жөнінде Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақовпен сұхбаттастық.
– Әбілқайыр Жаңайұлы, Ақтау қаласының мәдени Астана атануының маңызы қандай?
– Еліміз бойынша Ақтау қаласы бұл мәртебені алып отырған үшінші шаһар. Былтыр күзде Түрікменстанның Анау қаласынан эстафетаны қабылдап алдық. Жыл бойы өтетін мәдени-рухани іс-шаралар жоспарын жасақтадық. Шыны керек, дүрбелең, дүбірі мол дүнияда дәстүрімізді дәріптеу, түп-түбірімізге қайта оралу, тарихи үрдістерге зер салу орасан маңызға ие. Сондықтан бұл оқиға тарихи ой-өремізді өрістетіп, жадымызды жаңғыртуға, жұмыр жер жаралғалы тірлік тіні жалғасқан қазақ жұртының қадір-қасиеті мен жөн-жоралғысын жете түйсінуге зор мүмкіндік берді. Теңіз жағалауында жасақталған «Дархан дала» этноқалашығы тек киелі түбек емес, күллі қазақ тарихынан сыр суыртпақтайтын жауһар жәдігерлер мен құнды қолөнер бұйымдарын түркі елдерінің әр түкпірінен, ұлан-байтақ қазақ жерінің сан қиырынан ағылған қалың жұртшылықтың назарына ұсындық. Шетелдік туристер де ежелгі түркі өркениетінің төл бесігіне баланған қазақ руханиятының құдіретіне куә болғандай еді.
– Маңғыстау елі жуырда «Ұлттық киімдегі ең үлкен жиналыс» номинациясы бойынша әлемдік рекорд орнатқаны мәлім. Кешегі рухани дүмпу ұлы дала перзенттерінің жүрек дүрсілін жиілеткені анық...
– Бұл – өте орынды пікір. Жақсылық ізгілікке жетелейді. Бағзы бабалар мен баһадүрлер өнегесін өскелең өрендерге өсиеттеу, отандық тарихқа деген перзенттік махабатты ояту, дала төсін арда емген данагөйлер мұрасын дәріптеу біз діттеген деңгей еді. Халықтың дәстүрлі қолөнері – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениеттің нышаны емес пе?! Туристердің ұлттық қолөнерге қызығушылығы зор болды. Іс-шара аясында мен түркиялық БАҚ өкілдерімен жүздесіп, сұхбат бердім. Кездесу орнын Ә. Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі деп белгілеуім де кездейсоқ емес. Әңгіме ауаны әп дегеннен ел тарихы, түркі өркениетіне ортақ мұра тақырыбына ойысты. Түрік тілшілерінің түбек тарихы, жергілікті халықтың тұрмыс-тірлігі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі жайлы сауалдарына толымды жауап бердім. Музей эскпонаттары арқылы мәдени мұрамызды зерделеп, өткенімізді байыптаған БАҚ өкілдері ұлттық мінездегі ұқсастық пен мәдени тамырластыққа көз жеткізгендей болды.
– Думан көрігін қыздыратын өнерпаздар шеруі екені мәлім. Сән-салтанатқа қандай баға берер едіңіз?
– Өзіңіз куә болғандай, Дүния дидарындағы Димаш Жер мен ғаламды жалғаған ғажап дауысымен Маңғыстау даласын дүр сілкіндіргендей. Ұлт тәрбиесінің қайнар тұнығынан мейірі қана сусындаған, бағзы бабалар рухани бастауынан бойына ізгілік дарытқан дарабоз дарын иесі дарқан даладай пейіл танытқан Маңғыстау халқына алғысын жаудырды. «Домбыра мен Құдіреттің киесі, Маңғыстаудың маңғаз елі армысыз! «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді» деген аталы сөзді жадына тоқыған халқым! Жерлестерім! Кең пейіл қазағым» деп емен-жарқын дидарласуы, кие дарып, құт қонған түбектің киесі мен иесіне тағзым етуі ел жүрегін елжіреткендей еді. Салқар сахара төсінен түлеген тұғырлы талантқа өнердің қай түрі де жат емес екен. Мерейіміз өсіп, мейманамыз тасыды. Сахнада мыңнан астам өнерпаз өнер көрсетті. Шетелдік және еліміздің әр өңірінен шығармашылық ұжымдар арнайы келді. Бұл іс-шара Маңғыстаудың мәдениет саласының білікті мамандарының бірлескен күш-жігерімен өте жоғары деңгейде өтті. Әрбір ауыл, аудан, қала өнерпаздары ауқымды жобаға атсалысты. Жастардың кеудедегі намысын көсейтін, жігерін жанатын рухты, айбарлы туындылар паш етілді. Домбыра шанағынан төгілген дүлдүл күй делебесі қозған тыңдарманды дүр сілкіндірді. ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев ашылу салтанатының ауқымын ерек атап өтіп, бұл рәсімнің жаңа деңгейге биіктеуіне септескен ұйымдастыру алқасына алғысын жаудырды.
– Әлемжеліде халықтың тазалық сақтаудағы белсенділігіне риза болысқан жазбаларды жиі көзіміз шалды. Осы жөнінде пікір білдірсеңіз.
– Ауқымды мәдени іс-шара аясында қала тазалығын сақтауда халықтың үлесі зор. Жүз мыңнан аса адам жиналса да, қоғамдық тәртіпті сақтап, құқықбұзушылықтарға жол бермеді. Жас еріктілер теңіз жағалауын дүркін-дүркін күл-қоқыстан тазартып, тазалық мәдениетін сақтауға үндеді. Гала-концерттен кейін де көрермендер бос құтылар мен қораптарды қоқыс жәшігіне тастады. Тұрғындардың туған қаласына деген қамқорлығы іс жүзінде көрініс тапқаны қуантады. Бұл көпке үлгі боларлық іс-әрекет емес пе?! Ақтау шаһарының Түркі әлемінің мәдени астанасы атануы бұл бірлігіміз бен бірегейлінімізді, сондай-ақ ізгі адамгершілік қасиетіміз бен ішкі мәдениетіміздің деңгейін айғақтай түскен айтулы жобаға айналды. Байқасаңыз, этноқалашықта әр кіші архитектуралық формалар болды. Осы шағын инсталляциялар қала аумағына орнатылып, қала келбетінің көркін арттыруға септеседі.
Жалпы бұл іс-шара қазақтың ұлттық болмыс-бітімі, мінез-құлқы мен мәдениетінің қожырауы туралы қоғамда өрбіген керағар пікірлерді жоққа шығарды. Ұлттық мәдениетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлемдік өркениетке батыл бет алуда.