( Ресей империясы бір мақаламен күллі қазақ халқын қалайша ақымақ қылғаны туралы хикая)
«Ештен де кеш жақсы» демекші, Жаңа Қазақстан күндері басталды. Кеше ғана заңнама конституциямызды өзгертіп, шын мәніндегі демократиялы елдің өмірін бастағалы жатырмыз. Енді осы уақытқа дейін бүркемелеп келген тарихымыздың жалған, яғни осал тұстарын көрсетуге жағдай туды... Қазақ тарихының аса көлеңкелі және аса қопал тұстарының бірі – Абылай туралы жазылған фантазиялар. Халқымыздың тарихын бұрмалау процесі Ресей тарапынан әлі жалғасып жатыр. Біздің ғалымдарымыздың аз бөлігі сол орыс ағайындардың халқымыз туралы жалған тарих жасаған шырмауынан әлі шыға алмай жүр. Жақсының айтқаны келмей, жаманның сандырағы келетін заман болып тұр. Қазақстан үкіметі төл тарихымыздың қате болғанын және бүгінгі ұрпағымыз ақиқат тарихымызды білмегенін қолдайтын сияқты. Елбасы тарихымызды жөндеу үшін миллиардтаған қаражат бөлді және көптеген бағдарламалар жасады. Солардың ең соңғысы Рухани жаңғыру екенін айтсақ, біраз жаңалықтар кіргені рас. Ал тарихымыздың аса құнды кезеңі болған Орыс – қазақ қатынасы әлі күнге дейін таз қалпында қалып жатыр. Мысалы, Республика баспасөзінде Абылай туралы шындық жазылған, яғни оның қазақ елі алдындағы қылмыстары айтылған мақаланы жарыққа шығармайды. Абылай туралы кез келген фантазияны баспасөз бетіне жариялау оңай. Ал нағыз шындық тасада қалды. Сонда нағыз шындық бағасы қандай? Абылай туралы халықтың миына арнайы сіңдіріп жатқан фантазиялар мазмұны мынандай: Абылай қазақтың халық сайлаған ханы, батыры, қолбасшысы және қазақ елін біріктірген тарихи тұлға делініп келді. Бұлар шындыққа он қайнаса сорпасы қосылмайтын фантазиялар. Неге? Қалай? Ендеше, ой сорабына тереңдеп, біздің сіздерге ұсынар уәждерімізге назар аударыңыздар.
Қазақ тарихының бұрмалануы. Әбілхайыр хан туралы ақиқат
1. Қазақ тарихында ханды халық еш уақытта сайлаған жоқ. Ханды сайлаған – билер, яғни рубасылар. Қазақта 41 ру болды...
2. Абылай еш уақытта қолбасы болған жоқ. Оның себебі қолбасы болу үшін әскері болу керек. Оның әскері болған жоқ. Ол түгілі басқа хандарда да әскер болған жоқ... Әскерді рубасылар береді... Ал Абылай қазақтың бір биімен, яғни рубасымен достық қатынаста болу түгілі бір дастарқанда отырып табақтас болып көрмеген адам. Демек өз заманында жексұрын, яғни нәпақасын Ресей басшыларынан тапқан адам.
3. 1771 жылы Абылайды Орта жүзге хан деп жариялаған Ресей өкіметі еді. Сондықтан оған Орта жүздің бірде-бір арғыны мен қыпшағы бағынған жоқ. Хан бола салып Ресейден әскери көмек сұрағаны – осы оқиғаға бұлтартпас дәлел. Оның Орынбор губернаторы И.А.Рейнсдорпқа жазған хаты және басқа айғақтар жеткілікті. Аталған хат Р.Б.Сулейменов пен В.А.Мойсеевтің 1988 жылы шыққан «Из истории Казахстана ХҮІІІ века» атты кітабының 127-128 беттерінде толық нұсқасы берілген.... Абылай өзінің қамқоршысы Ресейден әскер сұрағанда қазақ елін шетелдік жаулардан қорғау үшін емес, керісінше өзін хан деп мойындамай отырған қазақты қорқытып бағындырып ұстау үшін сұраған...
Ресейдің саясаты бойынша, қазақтар келешекте өзінің батырлық пен ерлікке толы жерін, елін қорғаған тарихын білмеуге тиісті. Осы саясатты Ресей басшылары мықтап ұстады. Шетелдерге Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылды деп хабар саясат таратты. Өзінің қазаққа жасаған зұлымдықтарын жасырып, барлық жау әлдақашан сүйегі қурап кеткен жоңғар деп, қазақтың басын айналдырып қойды.
Тарихымызды Ресей неге осынша мұқатты, өзгерткені соншалық – осы күнгі қазақтар орыстан басқаның бәрі жау және Абылайдан басқа хан, батыр әлде ғұлама болған жоқ деп түсінеді... Қазаққа өз тарихының шындығын білдірмес үшін неше түрлі қитұрқы әрекеттер жасалды. Біз төменде тек Абылайға қатысты жалған тарих жасаған Ресей әрекеттеріне тоқталамыз. Абылайдың артында Ресей империясы тұрғаны бұрыннан белгілі жағдай. Сол Абылайды қазақ еліне жақсы жағынан танытып, келешекте қазақ елінің нағыз патриоттарын басқаша етіп көрсетуге Ресей көп күш салды. Ресей қазақ тарихын кешенді түрде бұрмалауды ХІХ ғасырдың бірінші жартысында бастаған еді. (Ал одан бір ғасыр бұрын 1731 жылғы Әбілхайырдың хатын орысшаға аударып, бодандық сұраған деп, жалған документ жасалған болатын).
Левшиннің сандырағы. Шоқанға құрылған тұзақ
Осынау үлкен тапсырманы, яғни тарихи миссияны 1825 жылдары А.И.Левшинге (1797-1879) жүктеген болатын. Оның зерттеуі мен жарыққа шығарған кітабының негізгі міндеті – 250 жылдан бері Ресейге қарсы тұрып келе жатқан Кіші жүз халқын өз еркімен Ресейге қосылды деп көрсету. Ресейге қарсы күресті 48 жыл бойы басқарған Әбілхайыр сынды хан, батыр, қолбасшыны өз халқына келешекте сатқын етіп көрсету... Сондай-ақ, Ресейге адал қызмет еткен Абылайды мақтап, дәріптеп келешекте қазақ елінің батырына айналдыру болғаны анық көрінеді... Оның әйгілі кітабы Петербургте 1832 жылы жарық көрді... Бұл Ресейдің қазақ тарихын бұрмалаудағы және Абылайды мадақтап, дәріптеумен қазақ тарихын өзгертуге арналған бірінші әрекеті, яғни бірінші кезеңі еді. Кейінірек Ш.Ш.Уәлиханов бұл кітаптың көп қатесін тауып, Левшинді «Қазақ тарихының Геродоты» деп қатты сынады. 1731 жылғы Әбілхайырдың Ресейге жазған хатының түпнұсқасын Левшин жақсы білді. Сол хаттың түпнұсқасын Ресей басшылары Шоқанға, әрине, көрсеткен жоқ. Алайда сол хаттың орысша жалған аудармасына талай зерттеушілер сенсе де, Шоқан сенбеген еді... Қазақ ғалымы әйгілі саяхатшы 1860- 61 жылдары Петербургте тұрғанда Левшин оған, яғни Шоқанға кездесуге келмеген, тек сырттан бақылаған... Жалпы, Левшин – өз заманының мықты тарихшысы, алайда ол негізгі өкімет тапсырмасын орындап, қазақ елінің тарихын бұрмалап жазып, кез келген мүмкіндікті пайдаланып, Абылайды мақтап жазғаны көзге оттай басылады. Дегенмен мықты зерттеуші болғандықтан, кейбір тарихи мәліметтің шындығын беруге мәжбүр болған. Мысалы, Абылай Балхаш өңірінде қашып бара жатқан қалмақтарды талқандауға келем деп келмей қалғаны т.б. тарихи мәліметтер бар. Сол шайқаста қалмақтарды қазақ әскері Ералының (Әбілхайырдың кіші баласы) басшылығымен ойсырата жеңгені туралы жазғаны тарихи шындық еді. Біз, әрине, сол үшін Левшинге алғыс айтамыз. Сол оқиғадан аз күн бұрын Батыс Қазақстан жерінде қалмақтарды Нұралы хан талқандап еді. Ол Әбілхайырдың үлкен баласы... Абылай керісінше қалмақтарға көмектесіп, жанашырлық жасаған. Оның соңғы төрт әйелі қалмақ қыздары еді, бірақ балалары болмаған...
Абылайды мақтап, қазақ елін төл тарихынан адастыру үшін Ресей басшылары екінші кешенді әрекетті, яғни екінші кезеңін 1860 жылы бастады. Сондай-ақ, осы үлкен талпынысқа тағы да Левшинді пайдаланды. Мақаланы Левшинге жаздырып, «Абылай» деп тақырып қойып, оның артына «Ч.В.» деп автордың атын қойып, келешекте қазақтың өзі жазған мақала деп қабылдасын және кез келген адам емес, қазақтың әйгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов жазған мақаланы қазақтар жақсы қабылдайды деп, алыстан тұзақ құрған еді... Бұл мақаланы кез келген газет, әлде журнал емес, фундаментал басылым – алғашқы Ресей энциклопедиясына басып шығарған (1861). Сол энциклопедияда белгілі тарихи тұлғалардың өзіне берілген мәтіннің көлемі бір-екі абзацтан аспайды. Ал Абылайға берген мәтін 4 бетті құрайды... және ақылға сыймайтын неше түрлі фантазиялардан құралған. Кейінірек осы мақаладағы фантазиялар арқылы қазақтардың өзі неше түрлі аңыздар ойлап шығарды. Сибирский царевич, жекпе-жекте Жоңғар ханының баласы Чарышты өлтірген батыр, ешкімге бағынбаған шексіз билікті хан тек Абылай болды, 1774 жыл үйсін ақсақалдарының өтінішімен баласы Әділді хан етіп отырғызған. Оған Талас бойынан қала салып беріп, еңбекқор қарақалпақтарды қоныстандырған деген сияқты фантазияларды алғаш жазып, Шоқанның атымен жариялаған... Сондай-ақ, 1723 жылғы Ақтабан шұбырынды кезінде Орта жүз қазақтары Самарқандқа, Кіші жүз қазақтары Хиуа мен Бұхараға барып тығылды деп жазылған фантазиялар осы уақытқа дейін талай тарихшылар мен зерттеушілерді шатастырды...
Жоңғар шапқыншылығын ұйымдастырған – І Петр
Тарихтың шындығын айтатын болсақ, Кіші жүз халқы Ақтабан шұбырынды оқиғасына ұшыраған жоқ. Осы катастрофаның авторы жоңғар емес, І Петр Ресей патшасы еді. Батыстан қаптап келе жатқан орыс әскері мен қалмақ әскерлерін Әбілхайыр тоқтатып қана қойған жоқ. Еділден асырып қуды. Ресейдің оқатар зеңбіректерін апарып, жоңғарларды үйреткен И.Унковскийдің басшылығымен қақаған қыста шабуыл жасаған жоңғарлар І Петрдің жоспарын орындап, Түркістанға дейінгі жерді басып алды... Батыстағы жаулары орыстар мен қалмақтарды ойсырата жеңген Әбілхайыр көп ұзамай Қазақстанның оңтүстігін жоңғарлардан тазартқаны – тарихи шындық... Абылайдың батырлығы туралы Левшин өз кітабында және Шоқан атымен берген фантазия мақаласында оның Себан Рабтанның баласы Чарышты жекпе-жекте өлтіргені айтылады. Ал Жоңғар тарихының білгірі және Абылай тарихының үлкен «жанашыры» В.А.Мойсеев Себан Рабтанның ондай баласы болмағанын дәлелдеді. Сондықтан Абылайдың жекпе-жекке шығуы да фантазия. 2023 жылдың басында 300 жыл толатын Ақтабан шұбырынды оқиғасы кезінде Абылай 11-12 жастағы бала. Демек осы оқиғаларға оның қатысуы мүмкін емес. Ол оның үстіне орта бойлыдан кішірек адам болған. Шоқан жазған мына бір деректе «...Между башкирцами известен во время Аблая Исет батыр; рассказывают, будто он имел однажды встречу с Аблаем, схватил его под мышку и понес с такого же легкостью, как бы свою шапку...» (ССВ в пяти томах, том 1, 1961, 224 – бет). Қысқасын айтқанда, Левшиннің Шоқан атымен жариялаған мақаласы қазақ елін шын мәнінде ақымақ қылып, талай ұрпағын жалған тарихпен алдап келе жатыр. Империяның саясаты керемет... Бір мақаламен бүкіл қазақтың тарихын 180 градусқа бұрып қойған... Орыстардың Абылайды мадақтаған үшінші әрекеті ХХ ғасырдың басында басталды. Ресейдің бұл әрекеті бәрінен де жемісті болды. 1904 жылы Орыс Географиялық қоғамы Петербургте жарыққа шығарған Ш.Ш.Уәлихановтың бір томдық Шығармалар жинағына жоғарыда айтылған «Абылай» атты мақаланы бірінші етіп кіргізді. Аталған мақала Қазақ интеллигенциясы арасына іріткі түсірді... Бүкіл Түркі халықтары қозғалысының көшбасшысы қырымдық Гаспиринский (ХІХ ғасыр ақыры) болғаны белгілі. Алайда Бүкіл түркі қозғалысының гегемондығы Қазақ интеллигенциясына өтті. Солардың жуан ортасында Бөкейханов, Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев т.б. болды. М.Шоқайды «вожд всех тюркских народов» деп атаған болса, Мағжанды «киргизский Пушкин» деп бағалаған – Ресей интеллигенциясы... Міне, осы аса беделді Қазақ интеллигенциясы алдында әлгі «Абылай» атты мақала Ш.Ш.Уәлихановтың беделін мықтап түсірді... Себебі алдыңғы қатарлы қазақ интеллигенциясы Абылай тарихын жақсы білетін еді. Ал кейбіреулері мына мақаланы Шоқанның өзі жазған деп ойлап қалды... Мысалы, С.Сейфуллин сол мақаланың негізінде өзінің «Көкшетау» поэмасында халық аңыздарын Абылай атымен берген еді...
Ресей, одан соң Совет өкіметі 1946 жылға дейін «сүйікті құлы» Абылайға көңіл бөле алмады. Бірінші дүниежүзілік соғыс, революция және Екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан Қазақ тарихы шет қалды. Керісінше Ұлы Отан соғысы кезінде кейбір қазақтың тарихи тұлғаларын баспасөз бетінде фашистерге қарсы соғысқан жауынгерлерге рух беру үшін пайдаланды. Ал соғыс біткен соң қазақ батырларын мадақтауға тыйым салынды. Алтын Орда басшыларының бірі, қазақ биі Едігені мәңгіге жауып тастады. Сол жабылған қазақ батырлары ішінде сүйген құлы Абылай да кетіп қалмасын деп, тез арада шұғыл шара қолданды... Осылай Абылайға жасалған қамқорлықтың төртінші әрекеті, яғни төртінші кезеңі басталды. 1946 жылдың басында Алматыда Х.Г.Айдарованың «Чокан Валиханов» деген 196 беттік кітабы жарық көрді. Міне, осы кісіге Москва басшылары Шоқанның бірнеше мақаласымен «Абылай» атты мақаласын тез арада кітап етіп шығару тапсырылды. 1947 жылы Алматыда Ш.Ш.Уәлихановтың «Статьи и переписки» деген атпен 160 бет көлемде кішкентай кітабы жарық көрді. Осы кітапқа бірінші болып Абылай және Шоқан зерттеулерінің шыңы, яғни аса құнды зерттеулері болған үш мақаласы (О судебной реформе, Очерки Джунгарии және Шаманизм туралы) және бірнеше хаттары кіргізілді... Қазақтарға Абылайды кең көлемде жарнама жасау үшін осы кітапты тез арада қазақ тіліне аудартып (Аударған – Қосанов Диханбай), 1949 жылы 10 мың тиражбен жарыққа шығарды... (Ғылыми кітапқа еш уақытта осынша көп тираж берілмейтін еді)... Қараңыз, айналайын алаштың азаматтары, не деген сұрқиялық?! Ресейге қазақ ғалымы Шоқанның керегі жоқ, Абылай керек. Себебі сол арқылы қазақты ақымақ етуге болады. Ең болмаса Шоқанның еңбектерін Революциядан бұрынғыдай 500 бет етіп шығарса болмас па еді... Осының өзі Ресейдің Абылайды қызғыштай қорғайтынын анық көрсетпей ме?.. Көп ұзамай қазақтың белгілі тарихшы ғалымы Е.Бекмаханов нақақтан айыпталып, оның аса іргелі және құнды зерттеуі – Кенесары туралы еңбектері жабылып қалды. Ал оның атасы Абылайға Ресей басшылары қамқорлығын аяған жоқ. Абылай – Ресейге қызмет еткен адам, ал оның немересі – Ресейге қарсы күрескен адам. Осылай бесінші кезең басталды. Бесінші кезең «Абылай» атты мақаланы Ш.Ш.Уәлихановтың бес томдық жинағының 1-томына (1961) кіргізді. Мына сұрқиялықты қараңыз: Қазақ ғалымының Едіге би туралы аса құнды екі зерттеуін 5 томдық жинаққа да, басқа ешқандай басылымға да кіргізбеді. Осы аталған үш мақала 1904 жылғы Веселовский шығарған Шоқанның бір томдық көлемді кітабына кірген еді. Ал айдың-күннің аманында ғылымға жаны ашитын елде осында бейбастақтық бола ма?.. Абылайды мадақтап, қазақтарды ақымақ қылатын алтыншы кезең Ілияс Есенберлинге кітап жаздырумен басталды. Абылайды қазақ тілінде мадақтап жазып, елге кең көлемде таныстырып, миларында мықтап қалыптастыру үшін алдымен Кенесары туралы кітап жаздырып жарыққа шығарды. Кенесарыны зерттегені үшін Бекмаханов сотталған жоқ па еді? Алайда оның зерттеуі нақты ғылыми болғандықтан, бүгін болмаса ертең қалқып шығатыны белгілі. Кенесары туралы кітап қазақтарды қатты қызықтырады, одан соң Абылай туралы кітап шықса, нұр үстіне нұр болады... Қазақ елі Кенесарыны да, Абылайды да жақсы қабылдайтыны белгілі. Сонымен Абылай да, Кенесары да, оның авторы І.Есенберлиннің көп тиражбен шыққан кітабы арқасында қазақ еліне танымал болды.
Абылай хан фантазиясының 7-кезеңі. Мойсеевтің көздегені не еді?
Жетінші кезеңді Совет өкіметінің басшылары 1980 жылдары бастаған екен. Біз оны 1985 жылға дейін білген жоқпыз... 1983 жылдан бастап біз, яғни Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының ұжымы ұлы ғалым Шоқанның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде тойлауға кызу кірістік. Осы үлкен дүрбелеңді Совет өкімет басшылары да өз саясатына пайдалану үшін қызу қимылдап қалыпты. 1985 жылы, яғни Шоқанның 150 жылдық мерейтойы қарсаңында «Абылай» атты кітапты дәл сол жылдың «Ғылым» баспасы темпланына кіргізген екен. Оның авторы В.А. Мойсеев Мәскеудің өзі дайындап, ғылым кандидаты етіп, біздің институтқа жіберген кадры еді. Біз таң қалғанымыз сонша – Мәскеу үшін қазақ ғалымы Шоқанға қарағанда, Абылай аса қадірлі екенін көрдік... Оның үстіне үш жыл бұрын (1982) Қазақстанның Ресейге қосылғанының 250 жылдық мерейтойы кезінде Әбілхайырға тиісті толық құрмет көрсетпегенін өз көзімізбен көрген едік. Қазақ елін Ресейге қосуды бастаған Әбілхайыр осы мерейтойда негізгі тарихи тұлға болу керек еді. Сондай-ақ, сол үлкен мерейтой қарсаңында әлде салтанатты жиылыстан соң Әбілхайырға арнап жинақ кітап ұйымдастырар деп күткен едік. Біз сонда қазақтың батыр қолбасшысы, Кіші жүз ханы (1709-1748 жж.) Әбілхайыр туралы мақала беріп, мәз боламыз деген жоспарымыз ескерусіз қалды... Алайда ондай ештеңе болмаған соң, Мәскеудің атам заманнан бері Әбілхайырды «атарға оғы жоқ екені» белгілі болды. Әбілхайырдың Ресеймен ешқашан дос болмағаны және ешқашан бодандық сұрамағаны сол кезде бізге айдан анық түсінікті болған еді... Ал мына жағдай – Абылай туралы кітаптың Қазақ ССР Ғылым Академиясы баспасының темпланында тұрғаны бізді таң қалдырды. Оның авторы – біз күнде көріп жүрген Мойсеев. Мен оған жолыққанда ол әлі бітіре алмай жатқанын айтты. Қаншама ғалымдар дайын тұрған кітабын «Ғылым» баспасының темпланына кіргізу үшін көптеген талқылаулар мен Ғылыми советтен өтіп, бірнеше жылдар жүреді... Ал мына Абылай туралы кітаптың Мәскеу нұсқауымен ешқандай талқылаусыз және жазылмай жатып темпланға кіруі Мәскеудің қаншалықты «жанашыр» екенін көрсетеді... Сол кезде Институтқа жаңадан директор болған Р.Б.Сүлейменов маған жеке өзіме Мойсеевке көмектесуімді өтінді. Мен қуана келістім. Мойсеевке керегі қазақ ақындарының Абылай туралы қалай жырлағандары және халық аңыздары екен. Ол тек Абылайды мақтаған жырларды алғысы келетінін байқадым. Редкий фондтан Мәшһүр Жүсіп мұраларын да көтердік...
Абылай туралы сол кітапқа соавтор етіп Р.Б.Сүлейменовті қойған себепті кітап 2-3 жыл кешігіп шықты. Себебі Институт директоры, өмір бойы компартия тарихымен айналысқан Рамазан Сүлейменов соавтор болуға, яғни оңай олжаға қуанышпен кірісті. Алайда бұрын Совет өкіметі қазақ хандарына сол көзбен қарайтын болғандықтан қорқып (әлдеқалай жағдай болып кете ме деп), кітаптың тақырыбын «Из истории Казахстана ХҮІІІ века» деп қойып, 1988 жылы жарыққа шығарды... Рецензент етіп біздің бөлімнің шоқантанушы жігіттерін алмай, Х.Арғынбаевты әдейі алған. Осының өзі ол кітаптың құндылығына үлкен күдік туғызады. Соның алдында «Өнер» баспасында «Шоқан және өнер» деген кітап шыққан еді (1985 жыл. Авторы – Сейсен Мұқтарұлы). Аталған кітаптың қолжазбасын көріп, Марғұлан шығаруға болмайтынын айтқан еді. Біраздан соң маған берген еді. Мен оны біраз өңдемей шығаруға болмайтынын айтқанмын. Міне, сол кітап шыққанда көрдік, рецензенті Х.Арғынбаев екен. Сол кітап көптеген жанжал туғызды. Халел Арғынбаев – ғылым докторы, өмір бойы Марғұланның этнография бөлімінде еңбек еткенмен, шоқантанушылар тобында болмаған адам. Демек ол – Шоқан мұраларынан хабарсыз этнограф ғалым... Сонымен, 1988 жарық көрген Мойсеевтің «Из истории Казахстана ХҮІІІ века» атты кітабын оқып көріп, бұрынғыдан бетер таң қалдық. Шоқанның атымен шыққан «Абылай» атты мақаланың ішіндегі шындыққа он қайнаса сорпасы қосылмайтын фантазияларды одан бетер етіп жазыпты. Оған қоса қазақ ақындарының тек Абылайды мақтаған жырларын орысшалап берген. Абылайға қарсы айтылған жырларды алмапты... Құдай салмасын, осынша қопалдық пен сұрқиялықты тек қазақ елі ғана мойнына көтереді екен. Себебі біздің халықты алдап-арбау Ресей үшін ХХ ғасырда тым оңай болды.
(Жалғасы бар)