ЮНЕСКО кафедрасының УНИТВИН бағдарламасының 30 жылдығына арналған «Әділетті және тұрақты болашақ үшін білімді трансформациялау» тақырыбындағы халықаралық конференциясы
Үстіміздегі жылдың қараша айының басында Францияның Париж қаласында ЮНЕСКО кафедрасының УНИТВИН бағдарламасының 30 жылдығына арналған «Әділетті және тұрақты болашақ үшін білімді трансформациялау» тақырыбындағы халықаралық конференция өтті. Оған Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінен ЮНЕСКО-ның Тұрақты даму кафедрасының меңгерушісі Т.А.Базарбаева екеуміз қатысып қайттық.
Конференция қарсаңында Париж қаласында ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдікте өкілдіктің кеңесшісі Рысбек Әлібековтің шақыруымен кездесіп, жоспардағы жұмыс мәселесін талқыладық.
Халықаралық конференцияның географиясы өте кең болды, конференцияға әлемнің 117 елінен ЮНЕСКО-ның 850 орталықтары мен кафедраларының өкілдері, ЮНЕСКО жанындағы тұрақты өкілдіктердің кеңесшілері қатысты. Екі күндік іс-шараның тақырыбы ғылыми, моральдық, интеллектуалдық және академиялық ынтымақтастық рухына негізделген «білімді әділ және тұрақты болашақ үшін трансформациялау» болды. УНИТВИН бағдарламасының ЮНЕСКО кафедраларының желісі ретіндегі жетістіктері талқыланды. Кафедралар оқытудың жаңа бастамаларын құруда, зерттеулер арқылы инновацияларды қалыптастыруда және мәдени әртүрлілікке ықпал ете отырып, университеттің қолданыстағы бағдарламаларын байытуға үлес қосуда маңызды екендіктерін дәлелдеді. ЮНЕСКО кафедралары және УНИТВИН желісінің қатысушылары-аймақтық немесе субөңірлік деңгейдегі озық тәжірибелер мен инновациялар орталықтары болып табылады.
Пленарлық отырыста ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одри Азуле, Францияның жоғары білім және зерттеулер министрі Сильви Ретайо, Fundación cultura de Paz Президенті (Мадрид) және ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры (1987-1999) Федерико Майор Сарагоса, Витватерсранд университетінің профессоры (Оңтүстік Африка) Акилле Мбембе сөз сөйледі.
Пленарлық отырыс, параллель сессиялар, семинарлар мен кездесулер тұрақты даму мақсаттарын іске асыру шеңберінде жаһандық экологиялық апатқа жол бермеу, нәсілдік алалаушылықты, кемсітушілікті, кедейлікті және басқа да апаттарды еңсеру мақсатында бүкіл адам санасын сапалы өзгерту үшін білім беру жүйелерін трансформациялау міндеттерін іске асыруда кафедралардың күш-жігерін біріктіру жөніндегі ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Конференцияға УНИТВИН / ЮНЕСКО кафедралары бағдарламасының қазіргі мүшелері, ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдіктер және ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялар, жоғары оқу орындары, серіктес ұйымдар және УНИТВИН-нің басқа да мүдделі тараптары, сондай-ақ ЮНЕСКО әріптестері мен желілері қатысты.
1992 жылы құрылған УНИТВИН/ЮНЕСКО кафедраларының бағдарламасы күрделі өзара тәуелді даму мәселелерін шешу үшін жоғары оқу орындарын жұмылдыру және тәжірибе алмасу үшін сектораралық желі болып табылады. Ол білім алмасу және бірлесіп жұмыс істеу арқылы институционалдық әлеуетті арттыру үшін халықаралық университетаралық ынтымақтастық пен желілерді құруға ықпал етеді. Конференцияның негізгі мақсаттары – пәнаралық ынтымақтастықты жандандыру, қоғамды және ғылым мен инновация саласындағы жауапты субъектілерді өндіріске тартып, негізгі мәселелерді шешу үшін көптеген зерттеулер жүргізіліп, халықаралық ынтымақтастық орнатылуына көңіл бөлу және жаңа зерттеу жобаларын ынталандыру.