Аэростаттардың әлегі

Аэростаттардың әлегі

2018 жылы басталған АҚШ-Қытай арасындағы «Сауда соғысы» Ақ үйге жаңа басшы келгелі сәл саябырлағандай болған еді. Бірақ жақында ғана АҚШ аспанында «тыңшылық жасап жүрген» Қытайдың аэростатының атып түсірілуі екі елдің арасынан өте шыққан әзәзілдің өзіндей болды. Ақ үйдің баспасөз қызметі бұл жағдайға байланысты наразылықтарын білдіріп, Қытайды айыптап жатыр. Атлант мұхитының үстінде ұшып бара жатқан Қытай аэростаты туралы ең алдымен Пентагон «тыңшылық жасап жүрген Қытайдың объектісі» деп мәлімдеген. Осы жағдайға байланысты АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Бейжіңге сапары тоқтатылды. Осыған байланысты мемлекеттік хатшы Блинкен: «Қытайдың Америка Құрама Штаттарының үстінен барлау аэростатын ұшыру шешімі ақылға сыймайды, бұл – жауапсыздық. Бұл біздің егемендігіміз бен халықаралық құқықты бұзу болып табылады. Жоспарланған сапар алдындағы мұндай қадам біз талқылаймыз деп отырған тақырыптарға, келіссөзге зиянын тигізеді», – деп мәлімдеме жасады.

Ресми Бейжің бұл ұшу құрылғысының бағытынан жаңылып кеткендігін әрі ешқандай да әскери мақсатта қолданылмағандығын, азаматтық мақсатта пайдаланылатын әуе шарының соншалық қауіпті нәрсе емес екендігін айтып ақталды. 

Пекин объяснил появление китайского аэростата над США: 03 февраля 2023,  23:55 - новости на Tengrinews.kz

Екінші шар

Осылайша екі мемлекет бірін-бірі жазғырып жатқан тұста 6 ақпан күні баспасөз беттерінде тағы да бір қытайлық аэростаттың Оңтүстік Америка аспанынан байқалғандығы туралы ақпарат кең таралып кетті. Журналистің сұрағына жауап берген ҚХР-дың СІМ баспасөз хатшысы Мао Нинь бұл шардың Қытайдыкі екендігін, оның азаматтық мақсатта әрі ұшу сынақтары үшін пайдаланылатын әуе шары екендігін айтты.

«Ауа-райының әсерінен және өзін-өзі басқару мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, дирижабль жоспарланған маршруттан айтарлықтай ауытқып, Латын Америкасы мен Кариб теңізінің үстінен аспанға адасып кетті», – деді ол. 

Екінші аэростат жайында пікір білдірген Қытай билігі «АҚШ халықаралық құқық нормаларын сыйламай, өрескел қателік жасады. Қатаң позиция қолданып, күш көрсетті», – деп мәлімдеме жасады.

Екінші аэростат туралы 4 ақпан күні Пентагон хабарлаған. Сол кезде бұл әуе шары туралы егжей-тегжейлі ақпарат таралмаған еді. АҚШ сайттары 7 ақпан күні теңіз әскерлерінің арнайы тобы алғаш рет атып түсірілген аэростаттың қалдықтарын судан сүзіп алғанын хабарлады. Әуе шарының көлемі айтарлықтай үлкен болған. Биіктігі 60 метр болатын шардың астыңғы бөлігінде шағын реактивті ұшақтың өлшеміне жуық сенсорлардың ұзын жиынтығы бар дейді әскерилер. Ендігі жерде табылған қалдықтарға зерттеу жасап, қолданылған сенсорлардың түрлері мен аэростаттың маневрлік қабілетіне зерттеу жасау ісі басталатын болады. Осылайша екі мемлекеттің арасында тағы да бір жаңа даудың төбесі көріне бастады.

ВМС США показали выловленный из океана китайский аэростат - ТРК Звезда  Новости, 08.02.2023

 

Халықаралық құқық бұзылды ма?

6 ақпан күні BBC агенттігінің сайтында «АҚШ-тың үстінен ұшып бара жатқан Қытай аэростаты халықаралық құқықты бұзды ма?»  деген мақала жарық көрді. Мақала авторы халықаралық құқық саласы мамандарының пікірлерінен дәлелдер келтіріпті. Біз солардың бірнешеуін оқырман назарына ұсына кетуді жөн көрдік.

Австралия Ұлттық университетінің халықаралық құқық профессоры Дональд Розвелл (Donald Rothwell) «The Dialogue» веб-сайтында Қытайдың әуе шарының АҚШ-тың үстінен ұшуы «халықаралық құқықтың шекарасын сынға салды. Халықаралық құқықта басқа елдердің әуе кеңістігінде аэростаттарды ұшыру туралы нақты регламент бар», – деп жазыпты. 

«Әр ел өзінің аумағынан 12 теңіз миліне (шамамен 22 шақырым) созылатын су айдынына толық иелік етеді әрі бақылау жүргізе алады. Сол сияқты, әрбір мемлекет халықаралық конвенцияларға сәйкес «өз шекарасының үстіндегі әуе кеңістігіне де иелік ететін құқығы бар. Бұл әрбір мемлекет өзінің әуе кеңістігіне, соның ішінде коммерциялық және үкіметтік ұшақтардың қозғалысын бақылауға қақысы бар екендігін айқындайды. 

Алайда әуе кеңістігіне иелік етудің ең жоғарғы шегі халықаралық құқықта белгіленбеген. Іс жүзінде ол әдетте 45 000 фут (шамамен 13 700 метр) болатын коммерциялық және әскери ұшақтардың жұмыс істейтін ең жоғары биіктігіне дейін созылады. Дегенмен, дыбыстан жылдам Конкорд 60 000 футқа (18 000 метрден астам) ұшады. Қытай әуе шарлары да 60 000 фут биіктікте ұшқан. 

Әуе кеңiстiгi туралы халықаралық құқық жер серiктерi жұмыс iстейтiн әуе кеңiстiгiн қамтымайды, әдетте бұл ғарыштық құқықтың шеңберiне жатады», – дейді Розвелл. 

Профессор Розвелл сондай-ақ өзге елдердің әуе кеңістігіне кіруге рұқсат сұрауға мүмкіндік беретін кейбір халықаралық құқықтық талаптардың бар екенін айта келіп, 1944 жылы Чикагода қабылданған «Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияны» алға тартқан. «Халықаралық азаматтық авиация ұйымының басқа елдердің әуе кеңістігіне әуе кемелерін, соның ішінде әуе шарларын енгізудің қосымша ережелері бар, бірақ ол әскери қызметті реттемейді. Бұған қоса, Америка Құрама Штаттарында қырғи-қабақ соғыстан қалған өзінің «Әуе қорғанысын айқындау аймағы» бар. Ол АҚШ әуе кеңістігіне кіретін барлық ұшақтарды анықтауды талап етеді. Канадада осыған ұқсас. Қырғи-қабақ соғыс шиеленістерінің шыңында, АҚШ әдетте Кеңес Одағының АҚШ әуе кеңістігіне, әсіресе Арктикаға рұқсатсыз енуіне жауап ретінде әуеге соғыс ұшақтарын жіберетін еді. Көптеген мемлекеттер мен аймақтарда осыған ұқсас «Әуе қорғанысын айқындау аймақтары» белгіленген. Мұндай елдердің қатарында Қытай, Жапония және Тайваньды атауға болады. Мысалы Тайвань рұқсат етілмеген ұшақтар оның әуе кеңістігіне енген кезде, жойғыш ұшақтарын да әуеге шығарды».

Профессор Розвелл осындай халықаралық ережелерді ескере отырып, «АҚШ-тың қытайлық аэростаттарға қарсы әрекетінің берік құқықтық негізі бар. АҚШ-тың әуе кеңістігінің үстінен ұшу АҚШ-тың рұқсатымен ғана жасалуы керек. Қытай бұған ұмтылмаған сияқты», – депті. 

Сонымен қоса Розвелл мырза әуе шарларының заманауи әскери маңызы қазір жете бағаланбай отырғандығын да айта кеткен. «Әуе шарлары бұдан былай жауынгерлік қабілеттері үшін бағаланбауы мүмкін, бірақ олар бақылаудың бірегей қабілетін сақтайды, өйткені олар ұшақтарға қарағанда жоғары биіктікте ұшуда қолдануға болады, олар сезімтал жерлерде статикалық күйде қалуы мүмкін. Аэростаттарды радар арқылы анықтау қиынырақ және азаматтық мақсатта, мысалы, ауа райын бақылау үшін пайдалануды алға тарта отырып жасырын мақсаттарды жүзеге асыруы да ғажап емес», – депті.

Бұдан басқа да пікір білдірген халықаралық құқық саласының мамандары аэростаттың да техникалық тұрғыдан алғанда ұшақ санатына жататындығын, сондықтан оның әрекет ету жағдайы да ұшақтар сияқты талаптарға сай болуы керектігін айтыпты. Ағылшын ақпарат құралдары «Financial Times» 6 ақпан күнгі хабарында Синглтонға сілтеме жасап: «Қытайдың «барлау шарлары» АҚШ үкіметінің рұқсатынсыз АҚШ әуе кеңістігіне кірді, бұл халықаралық құқықты бұзғаны анық. Өйткені Қытай БҰҰ жанындағы Халықаралық азаматтық авиация ұйымы дайындаған Чикаго конвенциясына қол қойған мемлекет. Сондықтан халықаралық талаптарды орындауға міндетті», – деп санайтындықтарын жазыпты.

 

Аэростат АҚШ-ты неге тіксіндірді?

Бұл дау бастала салысымен Қытай тарапы АҚШ-тың әрекетін жазғыра отырып «азаматтық авиация мен әскери авиацияның аражігін ажыратпастан іске кірісіп, халықаралық құқықты өрескел бұзды» деп сынаған болатын. Алайда Ақ үй тарапы қытайлардың «АҚШ әуе кеңістігіне адасып кіріп кеткен, азаматтық мақсатқа пайдаланатын аэростатына» басқаша қарайтындықтарын жасырған жоқ. АҚШ әскерилері су бетіне түскен қалдықтарды жинастырып алып, мұқият зерттейтіндіктерін айтты. Алайда бұдан нақты бір нәтиже шығару үшін бірнеше ай уақыт керек сияқты.

Осы арада «Жай ғана қалықтап ұшып жүрген әуе шары АҚШ әскерилерін неге аяғынан тік тұрғызды?» деген сұрақтың туындайтыны даусыз. Әлеуметтік желіде пікір білдірген кейбір мысқылшылар осы аэростатты атып түсіру үшін екі F-22 жойғыш ұшағының өршелене ұмтылғандығын айтып, құны тиын-тебен тұратын шар үшін әскерилердің біраз әуреге түскендігіне таңданыпты. Алайда Америка сайттары аэростаттың шиырлаған жолының күдікті екендігін жазды. Пентагонның баспасөз хатшысы Патрик 2 ақпан күні таратқан мәліметінде әскерилердің Құрама Штаттардың құрлықтық бөлігінің биік кеңістігінде ұшып келе жатқан бақылау шарын байқағаннан кейін оны бірнеше күн бойы қадағалағандығын айтты. «Бұл әуе шары Қытайдан келеді. Біз мұндай «ұшпа денелерді» соңғы жылдары бірнеше рет көрдік», – деген. 

АҚШ ақпарат құралдарындағы айтылған деректерге қарағанда, бұл аэростат АҚШ-тың солтүстік-батысындағы Монтана штатының аспанында жүрген. Бұл штатта АҚШ Қорғаныс министрлігі Мальмстром әуе күштерінің 341-ші зымыран кешені орналасқан. Айтулы Баллистикалық зымыран базаларының бірі. Ол жерде құрлықаралық ұшатын баллистикалық зымырандар бар делінген. Жалпы АҚШ-ты алаңдатқаны қытайлық аэростаттың әскери базалар мен ядролық сынақ алаңдары бар аймақтардың аспанында «адасып жүргендігі» болса керек. Сондықтан да оның ізіне түскен әскерилер «үш автобустың көлеміндей келетін бұл шарды «тыңшылық мақсатта жіберілген құрылғы» ретінде бағалап, атып түсіргендіктерін, алдағы уақытта терең талдаулар жасайтындықтарын айтып жатыр.

 

PS: Осылайша екі алпауыттың арасында дау-шардың жаңа бір кезеңі басталғандай болды. Бұл өз кезегінде «Сауда соғысынан» кейін салқындап кеткен АҚШ – Қытай қатынастарын қалпына келтіру жолында жасалынып жатқан әрекеттерге белгілі деңгейде кедергі келтіретіндігі анық. Қазірге дейін қытайлықтардың АҚШ-тан көшірген немесе ұрлап алды делінетін патенттері туралы көп айтылып келген еді. Біраз жыл бұрын қытайлық хакерлердің Федералдық персоналды басқару кеңсесінің мықты қорғалған компьютерлерінен 22 миллион америкалықтың құпия файлдарын ұрлап кеткендігі туралы шу болғаны бар. Бұған қоса Anselm Health Insurance сақтандыру компаниясының электронды базасынан жоғалған медициналық құжаттар, Marriott қонақүйлерінен ұрланған саяхат жазбалары бойынша қытайлық хакерлер күдікті деп танылған еді. Сондай-ақ АҚШ тарапы қытайлықтар озық әскери техникаларды да ұрлауға әрекеттеніп отыр деп күдіктенетіндігін жасырмаған болатын. Ал ақпанның басында бірінен соң бірі көзге түскен аэростаттар бұл күдіктерді одан ары қоюлата түскендей...

АҚШ президенті Джо Байден шығыс уақыты бойынша 7 ақпан күні кеште Конгресте палата мен сенаттың бірлескен отырысында сөз сөйледі. Президент Байден өз сөзінде АҚШ-тың Ресей агрессиясына қарсы күресте Украинаны қолдайтынын айтты. Ақ үй басшысы бұдан бөлек АҚШ – Қытай қарым-қатынасы туралы да пікір білдірген. «Біз жанжалды емес, бәсекелестікті көздейміз. Егер Қытай біздің егемендігімізге қауіп төндірсе, біз өз елімізді қорғау үшін әрекет ететін боламыз», – деді АҚШ Президенті.

Осы жерде Қытаймен көрші отырған Қазақстан аспанында да осындай шарлар қалықтап жүрген жоқ па деген күдік еріксіз ойға оралады екен... 

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
10.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 59
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 584
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 699
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 613
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 622

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8758
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8158
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11387
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9141
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10372