Айғай, аттанмен шаруа біте ме?

 Айғай,  аттанмен  шаруа біте ме?

 Қазіргі заманда   қызметінде  салғырттық, кемшілік жіберіп  отыра беретін  билік иесінің емін-еркін «көзін шұқып, бетін жыртып, шашын жұлуға»  болатын  уақытта  өмір сүріп жатырмыз.    Әлде қалай  жақпай қалса,  толып жатқан «тырнақ астындағы кірлерін»  қара жіпке  тізіп,  ақпарат саласына, оның ішінде ең оңтайлысы  ғаламтор  ғана  емес, желден де жылдам таратылатын  басқа да   әлеуметтік желілерге   жариялап жіберуге болады.   Осындай оңай тәсілмен мал тауып, нан жеп жүрген  блогерлер де тарақанша қаптап кеткені соншалық,  айдалаға тас лақтырсаң, солардың біреуіне  тиеді. 

 Күн  ұзақ байбалам салудан шаршамайтын  пәтшағарлар өздерін  құрықтауға  болмайтын «жүйріктей» санап,  ойларына не келсе соны жазып, күннен-күнге «билеп-төстеп» барады. Көтерген  мәселесінің  неғұрлым  ақиқаты  аз,  өтірігі көп болса, соғұрлым  оқырмандары көбейіп, «лайктері»  артып, қалталары қампия береді. Жұмыртқадан жүн қырқады. Не істесе де мейлі, әйтеуір   мал  тапса болды.  Тірі адамды өлді деп,  өлгенді тірі деп те  соға береді.  Тіпті  билік басында болған адамдарға  жағылған күйе мен  тағылған айыптарды оқып, ақ-қарасын анықтай алмай, не сенеріңді не сенбесіңді білмей   жағаңды ұстайсың.  Бірақ,   биліктің тізгінін ұстағандардың барлығын бір сапқа «тұрғызып»,  жазғыратындай   олардың қандай құқығы бар екенін түсіне алмай қойдым.   Ютубтің  бетін ашып қалсаң, «анау ананың  нақсүйері, мынау мынаның  көңілдесі» деген «сюжетсымақтардан» сүрініп жығыласың.  Тура қолымен қойып, көзімен көргендей  аты-жөні белгілі адамдарға қара бояуды жаға береді, жаға береді.  Тапсырыспен  жазудың «шебері» болып алған, әр сөзінің     астарында  өшпенділіктің  түтіні будақтап тұрған бұл өтірікші  «өсекшілердің»   біреуінің   жүзі қызарып,  ауыз-бастары қисайып қалғанын көрмедік.  Әйтеуір  оқырманын көбейтіп, лайк алып,  жалғандықтан  «жарылып»  жатқан  ешкім жоқ.  Әлеуметтік желіміз  тура күл-қоқыс  шелегіне айналды. 

Әсіресе еліміздегі болған  соңғы оқиғалар  блогерлерге  таптырмас тақырып болды. Келсін, келмесін анау жазықсыз, мынау жазықты деп   тергеу жүргізіп, қорытындысы шықпай жатып негізсіз байбалам салып, жеке адамдардың құқын «қорғаушы» болып шыға келді.  Ең бір сорақысы солардың айтқандарына сенетіндер де жетерлік. 

 Сонда бәрі сүттен ақ, судан таза болса,  ана ғимараттарды кім  талқандап,  кім өртеді?  Кәсіпкерлердің  дүние-мүлкін кім талан-таражға салды? Кім бүлдірді? Қылдай да кінәсі жоқ адамдарды кім ажал құштырды? Алаңға барып жай ғана қарап тұрыпты деген  өсек сөз желдей еседі. Әрқайсысына  50-100 мың теңге аралығында   ақша төлесе де өрт шығып, оқ атылып жатқан,  «мордовой»  болып жерге  бастарын бәйгеге тігіп барудың өзі лаңкестікке   қатысқан терроршы  болып есептеледі.  Жаман пиғылмен сырттан келгендер дер кезінде  елдің сан тарапты жолымен  қашып, құрықтан құтылып  үлгерді.  «Айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар»  болып  қаншама адамдар  жөңкілген топтардың  арасында болып,    адасып  қалды.  

 Мұның  нәтижесін  ойласақ,  өте қорқынышты. Сонда отыз жыл бойы  еркіндіктің  шылбырын   ұстаған жастарымыздың  сана-сезімінде  саңылаудың болмауы  қалай? Неге көрінгеннің қолшоқпарына айналып,  бұзақы топтың соңынан соқырдай еріп  кеткен  адамдардың саны тым көп? Егерде  еліміздің   бәленбай  қаласында болған  Қаңтар  оқиғасына қатысушылардың  санын түгендесек,   талай мыңдарды  құрап,   көңілге үрей әкеледі.  Дер кезінде тоқтатпаса,  жолындағысының  барлығын таптап, жаншып, талқандап   өтетін еді.  Әйтеуір  бір  ғаламат күш   халықты сақтап қалды. 

Қайта-қайта  айта бергіміз келмейді. Алайда  бізде тәлім-тәрбиенің  нашарлығы, тіпті  жоқтың қасы екенін осы оқиға  көрсетті емес пе?   Оған қатысқандардың  көпшілігі кейін   өкініштен бармақ шайнап   қайғы-қасіретке душар болды. Расында    арам пиғылмен ұйымдастырылған  жиынға барған  азаматтардың  құқыларын пайдаланудың соңы өрттеу, қирату, ұрып-соғуға   айналғаны   өкінішті-ақ.    Алайда    шұғыл шара қолданып, елдің  тыныштығын, амандығын сақтап қалған, кәсіпкерлердің бүлінген, өртенген, қираған дүниелерінің  құнын төлеткен, жазықсыз қамалған адамдарды ақтап босатуға ықпал еткен, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабуға ұмтылған,   билік маңындағы  майлы шелпекке ие болып, қой терісін жамылған  талай  «қасқырлардың» бетпердесін ашқан, шетелдің қоржынына ұрлап жөнелтілген    елдің қаржыларының біршамасын  қайтартып жатқан   тұлға иесіне деген  қара бұлттың  көрпесі әлі сөгілер емес.  Ауыз өзімдікі деп  не болса соны   айтып, кеудесін   соғып жүргендер  баршылық. 

Отыз жыл бойы  шырмауықтай шырмалып,  тамырланып  қаулап өсіп  кеткен  сыбайлас жемқорлықты құрдымға кетіру үшін, жою үшін   қаншама  уақыт қажет екеніне ешкімнің  көзі жетпейді.   Ежелден    бізде    кінәліні іздесе,  анау деген алтыншы саусақ  шыға келеді  деген сөз бар.   Бұл   «ауру» диагозынан   арыла алмай-ақ  келеміз. 

 Қазақ жерін мекендеген көп этностармен бірге  өмір сүріп жатырмыз.  Ел-жұртымыздың тыныштығын, амандығын, бірлігін, тірлігін  көздің қарашығындай сақтау  керектігі жиі-жиі айтылып жүр.  Алайда  соңғы жылдары  ана ұлт андай, мына ұлт мындай,  үшіншісі сондай, біреу жерімізге ала көзімен, дара көзімен  қарап жүр деген жымысқы  пікірлерді өргізгісі келетін  алыпқашпа  жалған  сөздерге үйірсек  теріс пікірлі мысықтілеу  адамдардың  қарасы  пайда болды.  Олардың мақсаты  ұлттар арасына іріткі салып,   кең-байтақ жерімізді қақтығыс ошағына айналдыру, сөйтіп  жиған-тергендерін   сақтап,  қара бастарына қауіпсіздік орнату  екенін екінің бірі  біле  бермейді. 

 

НҰРИЛА БЕКТЕМІРОВА
10.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 70
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 592
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 708
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 621
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 631

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8767
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8166
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11395
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9149
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10380