ӘКЕ АМАНАТТАҒАН ӘДІЛДІК

ӘКЕ  АМАНАТТАҒАН  ӘДІЛДІК

 

Президент Тоқаевтың "Әке туралы сөз" кітабын оқысаңыз, Әке мен Ұл арасындағы ұлттық ділмен даритын құндылық қағидаттарын байқайсыз. Таяуда осы кітапты тағы бір оқып шығып, тағы да байқаған дүниелерімді жазбақ ойдамын. Мына жазба былтыр "Егеменде" жарияланған. Осы тақырыппен. Президент Әке аманаттаған Әділдікті орындауды қолға алды!

"Әдебиет – халықтың рухани өмірінің ең күрделі әрі маңызды бөлігі. Әйгілі жазушы, аса көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев: «Мен әдебиетші болмасам, саясатқа келмес едім. Суреткер болмасам, күрескер де болмас едім. Бұрын суреткер ретінде толғандырып жүрген мәселелер – мені азамат ретінде толғандырып жүрген мәселелер еді», - деген. 

Қоғамдағы халық қалайтын игілікті өзгерістер, көпке ұлағатты сөзі өтер зиялы жұрттың арасындағы өткір пікірталас арнасында қалыптасады. Біз сөзге жақын елміз. Сөз бен уәжге тоқтаған қазақпыз. Жазушы – сөз зергері. Ұлтының келешегін күйттеген қаламгердің бірден-бір қаруы қаламы. Ел мен қоғам тағдырына қатысты толғақты да көкейтесті талқыда – парасатты пайымы қалыптасқан өз пікірін жазғанда оқырманының жүрегін селт еткізу.  Өмірлік өзекті құбылыстарды қағазға түсіріп, қазақтың мақсат – мұратын қазақ қабылдап ұғынатындай  ұлттың жанын сөзбен иландырып өрнектеу. Елінің ертеңгі ережесін қиялға салып суреттегенде ежелгі жырларда айтылатын әділдікті ту еткен, жаны таза, ары таза салт – дәстүрімізге, өнеге, тәрбиеге тұнып тұрған даналық пен ұлағатты келешек ұрпаққа ғибрат ету. Мұндай өсиет-өнегені оқырманына айтар жазушының қалыптасқан өз көзқарасы болары анық.

Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында әдебиетімізге мықты жазушылар келді. Біршамасының шығармаларын бүгінгі буын қызығып оқиды. Көпшілігі елеусіз, ескерусіз қалуда. Содан беріде ғасыр ауысты. Мыңжылдық тоғысында тәуелсіздік алдық. Қоғам өзгерді, заманға сай оқырман да өзгерді. Егеменді еліміздің мерейлі отыз жылын жақын күндері  мерекемен атап өтеміз. Елу жылда – ел жаңа. Жас мемлекетіміздің жаңа ұғымдағы жастарына атадан қалған асыл сөзді жеткізер әдебиетімізді сараптайтын уақыт та жеткен тәрізді. Кешегі классик аталып, қазірде кітаптары кітапхана сөрелерінде ашылмай тұрған жазушыларымыздың творчествосына тереңірек  үңіліп, жауапкершілікпен сараптасақ, әлі де ғибрат алар асыл ой – толғауларды табарымыз сөзсіз.

Әуелден келісіп алар бір ақиқат бар. Тәрбиелік мәні зор, басымызды біріктіруге септігі тиер сол жазушылардың шығармаларын айтқанда, пікірімізге құлақ аспай – ол жағымпаздық деп дүрдараздыққа кетіспейік. Тоғыз тарам жолдан келешекке керегін таңдайық. Жасыратын құпия емес, соның бәрі  жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жарияланған кітаптарды бүгінгі күн талабы тұрғысынан талқыламағанмыз, тіптен сол кітаптарды қолымызға алып қайталап оқымағанымыз!

Мақаламда жазушы Кемел Тоқаевтың творчествосын сөз етпекпін. Иә, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі. 

ҚР кезектен тыс Президент сайлауы 2019 жылдың 9 маусымына өткені баршамызға аян.

 Сол кезде Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев  сайлауда жеңіске жетіп, Мемлекет басшысы болған жағдайда «Сабақтасқтық, Әділдік, Өрлеу» атты үш бағыттан тұратын Бағдарлама ұсынғанын білеміз. 

Бүгінгі әңгімеміз айтулы үш бағыттың бірі - Әділдік хақында. Әке жазушы - әр шығармасында оқырмандарына ту еткен Әділдік формуласының, сол оқырмандары таңдап сайлаған Ел Президенті ұлының - халқына ұсынған басты бағдарламасына айналуының сарабдал саясатына арналмақ.

Кейінгі он жылда майдангер жазушы Кемел Тоқаевтың шығармаларын екі рет оқып шыққан екі адам болса, соның бірі мен шығармын. 2007-08 жж. Сенат Төрағасы Қ-Ж. Тоқаевтың баспасөз-хатшысы болғандықтан ол менің қызметтік міндетім еді. Он жылдан соң қайталап оқуым Кемел Тоқаев туралы түсірген «Кемел келешек» телефильмінің сценарист – режиссерлік жұмысындағы жауапкершілігім саналады.

 Сонда нақты байқағаным Кемел Тоқаевтың шығармалары, детектив жанрындағы жылдам өзгерістерге толы шым-шытырық оқиғаларға мол көріністерде бас кейіпкерлер әділдік іздеп сарсаңға түседі. Көрініс деуімнің себебі алпысыншы – жетпісінші жылдары оқырмандары танысқан «Тасқын», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Көмескі із», «Таңбалы алтын», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Соңғы соққы», «Ұясынан безген құс» кітаптарындағы сюжеттерді  қазіргі жағдайға бейімдеп көркем фильм, телевизиялық сериалдар түсірсе беруге болатындай. Әр сюжет кино көріп отырғандай, кез алдында тізбектеліп өтіп жатады. Сценарийге айналдыру жеңіл. Заман дағдысы кітапты фильм нұсқасында тамашалайтын уақыт талабында - туған ел, туған жерге қатысты ұлттық идеяның кәусар бұлағын, кемел келешекке ұмтылған бүгінгі ұрпақ  табары мені иландырды. Енді соған тоқталайын.

Жазушылық өнердегі азапты машақат - кейіпкердің ұлттық мақсат жолындағы жан толқыныстарын бейнелеу. Ұлттық характерді, ұлттық образды дәл тауып, сәтімен суреттеу әдебиеттегі ең қиын да күрделі  процесс делінеді. 

Кемел ағамыз әрбір шығармасында оқиғалар, ойлар мен сезімдер толғанысын қазақтың әділдік  дейтін адамгершілік идеясына бағындырады. Бұл Қаламгердің өмірлік позициясы екенін барлық туындыларын оқығанда толық сезіндім. 

Әрбір шығармасындағы оқиғалар, ойлар мен сезімдер толғанысын өрбіте отырып – қазақ діліне тән идеяны көпұлтты қазақстандық идеологияға сабақтастырған қаламгердің өмірлік танымы мен талғамы, сараптауы мен саралауының темірқазығы – оның ғұмырлық құбылыстарға өз көзқарасы. 

Кемел Тоқаевтың  «Ұясынан безген құс» романында Ұлы Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» тағылымын дамытады. «Қазақы ұямыз - таза, пәк ұя. Содан безсең - азғындайсың» деген идеяны мұрат еткен құқық қызметкерлері - қазақ ұлтының ар - ұятты, мал - жаннан биік қоятын мораліне сүйеніп өз міндеттерін абыроймен орындайды. Жазушы сол кездегі әдебиетте айтылмайтын ұлт тақырыбына тоқталып, ағайынның ала болмауын кейіпкерлерінің әрекетімен баяндайды. Қазақтың бір - біріне әділетті қарым - қатынасы ел бірлігін, ынтымағын, ұлт ұясын қадірлеп - қастерлеуге бастайды деген көкейтесті ойын романдағы сюжеттермен жеріне жеткізе пісіреді. Жағымды кейіпкерлерінің барлығы дерлік қазақ ұлтынан болуы да соның дәлелі. 

Социалистік реализм негізіне құрылған советтік әдебиет теориясы – ол кезде ұлт мәселесін тек ұлы орыс халқымен достық, интернационализм төңірегінде сипаттаумен ұйытылатын. Бұл проблеманы сол кезеңде жазушылар қауымы айтты да, жазды да. Негізінен Қазақстан Жазушылар Одағы басшылығы мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі идеологтар арасындағы белгілі дүрдараздық осы түйткілдерден бастау алатын.  Коммунизм мүддесіне орайластырған «барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» девизі, Москва бекіткен социалистік реализм шеңбері белгілі еді. КСРО цензурасының  таптық принцип талабы ұлттың бүгінгісін айту былай тұрсын, өткен тарихын да жазуға рұқсат бермейтін. Ілияс Есенберлин мен Мұхтар Мағауиннің тарихи романдары цензорлардың тізгініне түсіп, сан мәрте қайта жазылып жатқан уақыт. Міне осы шытырман кезде Кемел Тоқаев шытырман оқиғалы детектив шығармаларында қылмысты қасақана жасайтын баукеспелер мен социалистік мүлікті ар-ожданнан аттап ұрлайтын жемқорлардың атын атап, түрін түстейді. Көбінесе оларды  мәнсап жолында қазақ топырағын пайдаланып, асын ішіп, ыдысын итеріп, әдет - ғұрпын, дәстүрін аяқпен теуіп, кейін байласаң тұрмайтын, жақсылықты білмейтін алғысы жоқ өзге ұлыстың  пасық пенделер сыпатында айшықтап береді.  

Онысын жазушылық шеберлікпен жымдастырып жібереді. Цензордың темір тырнағына ілікпес үшін, қылмыстық деректерді мемлекеттік ресми органдардың архивінен алғанын, хроникамен сабақтастырады. Елді – мекен атауларын өзгертпей пайдаланады. Содан да шығар дайын кітаптары жүздеген мың тиражбен қазақ және орыс тілдерінде оқырмандарына жетіп жатты. Шет тілдеріне аударылды. Осылайша оқырманы ең көп жазушыға айналып, есімі елге танылған қаламгердің әріптес інісі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Баққожа Муқаи: «Қызметтес болғанда орыс тіліндегі бір кітабы "Қазақстан" баспасынан бес жүз мың данамен шықты. Жақсы ағаның қамқорлығын көп көрдік», - деп жазады.

  Өкінішке қарай, табиғат бойына қабілетті мол берген адамды күншілдік ешқашан  кешірмейді. Әділдігі адал бәсекелестікке айналмаған сан тарап қоғамдық құрылыстардағы заманалар сыры осындай.  Ендеше сегіз қырлы, бір сырлы ондай  талантпен қалай күресіп, қалай жеңеді. Оның пендешілік кәнігі жолы, бір-ақ тәсілі бар – орынды-орынсыз қудалау. Соңынан өсек тарату, астыртын әрекет жасау, айнала беріп, арқасынан қамшы сілтеу. 1978 жылы «Жалында» жарияланған Кемел Тоқаевтың жаңа романының үзіндісіндегі бір сөйлем сөз жазушыға қарсы науқанға желеу болды. Орталық Комитеттен түскен шұғыл нұсқаумен журналдың сол нөмірі өртелді. Барлық шығын қаламгердің қалтасынан төленді. Министрлік деңгейіндегі қызмет есептелетін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Жаршы - Ведомости» Бас редакциясының Бас редакторы лауазымынан босатылды. Бұл аз дегендей, ЦК бөлімдерінің дөкейлері ардагер жауынгерді партиядан шығаруды ұсынды. Ешкім сол фактінің Сакен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында жазылғанын елемеген. Дауылпаз ақын – жазушының сол шығармасы еш өзгерту енгізілмей дүкендерде сатылып, кітапхана сөрелерінде тұрғанын елемеген. Бұл деректердің мұрағатта ашық тізімде тұрғанын да ескергісі келмеген...

Жазушының әр кітабын зерделей оқып, сын тезіне салғанда оның сол кезеңде қалыптасқан таптық таптаурын сюжеттерден бойын аулақ салып, қазақ халқының ар-ұятты мал-жанынан биік қоятын адамгершілік моральіне сүйеніп сипаттайды. Жақсыдан үйрену, жаманнан жирену, әдептен озбау, біреудің ала жібін аттамау, ата салтын бойына сіңіру – Кемел Тоқаев туындыларындағы жөн-жосық қағидасының қазығы осы! Сол советтік заманда ұлттық руханиятты іздеп жүріп, бір-біріне айта жүріп табатын оқырмандар қаламгердің кітаптарын дүкенде көп тұрғызбайтын. 

Қазақстанның халық жазушысы  Әзілхан Нұршайықов майдандас замандасы творчествосына берген бағасында: «Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының көшбасшысы Кемел Тоқаев болды. Ол қазақ жазушыларының ішіндегі оқырманы ең көп қаламгерлердің бірі саналды. Оқырмандарының өтініші бойынша Кемелдің кітаптары үш-төрт реттен қайта басылып отырды»,-деп жазған.

 Қилы-қилы тосын уақиғалар, ізі көрінсе де шешімі тұспалдауға да қиын сан тарау қылмыстың жасалуы мен әшкереленуін, шиеленіскен жұмақ жағдайларды бір-бірлеп суыртпақтап тізбелеп баяндайды. Сюжет штрихтері қазақ жеріндегі әділетті қоғамдық ахуалға разы күштердің күн-түн тынбай ізденістерінің нәтижесінде наразы кертартпа күштерді түптің-түбінде жеңуімен аяқталып отырады.  Ал қылмыскерлер болса Қазақстанға күн көрістерін оңай жолмен жақсартып, тек нәпақа табуға келген келімсектер образында есте қалады. Негізінен осы детективті кітаптарын жазу үшін болған жәйттерді Ішкі Істер Министрлігінің ресми хроникасынан іріктеп алаған жазушының бұл шығармалары жыл аралатып осы күштік органның үздік детективті туындыларға арналған конкурстарында бас бәйгені иеленіп отырған. Бұл туралы  жазушының әріптесі, отставкадағы полковник Қалмұқан Исабаевтың 1998 жылдың 23 қазаны күні «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Тоқаевтың үш сыйлығы» деген естелік мақаласында жан-жақты жазылған.

Қазақ халқы жиырмасыншы ғасырда талай тар жол, тайғақ кешуден өтті. Сол сынақтарда Рухы жеңілмеген халықтың тағдыры – әрбір көшелі қазақтың тағдыры. Қилы кезеңнің суығына шыдап, ыстығынан өткен кейіпкеріміздің ғұмыры да ел тағдырымен еншілес. Өмірде ешнәрсе із-түзсіз кетпейді. Өткен жолын жетік білетін халық қана алдағы алар асуларын да айқын елестете алмақ. Бағзы заманда бабаларымыз бал - бал тастарға ойып, қашап жазып кеткендей, өз Отаның, бұл дүниедегі қорғаның мен тірегің болмаса - тағдырың тамырсыз, тұрлаусыз қаңбақ сияқты.

Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» автобиографиялық романының эпиграммасында «Ұлы Отан соғысында 22 жасында ерлік өліммен қаза тапқан политрук Қасым Болтаевқа арнаймын» делінген. Соғыс деректері жинақталған кейінгі жылдарда жарияланған мәліметтерде: 186-шы атқыштар дивизиясының 290-шы атқыштар полкі көлік ротасының саяси жетекшісі Қасым Болтаев 1942 жылы 22 ақпан күнгі ұрыста ерлікпен қаза тапты. Қасым жазушының жалғыз ағасы еді...

 Өлім мен өмір айқасын көзбен көрген Кемел Тоқаевтың "Солдат соғысқа кетті" романының стилі соғыстың суық та сұрқай шындығын боямасыз қаз - қалпында сипаттайды. Ал, стиль деген – адам. Әдебиеттің киелі қасиетін қадірлейтін жазушының жаны.   

Ұлы Отан соғысы, бүгінде екінші дүниежүзілік соғыс аталатын сол сұрапыл майданға қатысқан жауынгерлердің естелігін мектепте жүргенде көз көргендерден естіп өстік. Талай кітаптарды оқыдық, киноларды тамашаладық. Бәрінде де фашисттерді тым-тырақай қуып, қырып тастайтын солдаттардың ғажап ерліктеріне кәміл сендік. Иландық. Соғыс тек адам өлтіру майданы деп қабылдадық. 

Ал Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романын оқығанда мән-жәйдәі жер мен көктей айырмашылығы барын байқадым. Жазушы әдеттегідей соғыс романтикасына кіріп кетпейді. Қан майданда да жұмыр басты жандардың пендешілігін, адамгершілікті ұмытып, адалдықтан аттап өте беретінін көрсетеді. Соғыс та қарабайыр қарапайым тіршіліктің бір беті. Жақсылық пен жамандық, әділдік пен  әділетсіздік араласып қатар жүреді. Романның алғашқы тарауларында ақ біреудің атып түсірген жау ұшағын, награда дәметкен абыройсыз иеленіп кеткісі келеді. Соғыс сәтіндегі күңгей мен көлеңкеде бас кейіпкер бірде өзі, бірде ағасы Қасым болып әділдікті орнатуға күш салып жүреді. Сонысымен де роман адамзаттық құндылықтарды паш еткен, «ура, алға» сипаттағы даңғазалықтан ада, адами биік сананы дәріптейтін психологиялық күрделі шығарма. Туындының өн бойы әділдіктің ақ туы қара қылды қақ жарғанда жеңіс күні жарқырап келеріне күмәнсіз сендіреді.

 

 

Махат Садық ФБ парақшасынан
06.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

Аудан әкімі ардагер спортшыларды марапаттады
Талас аудан әкімдігі - 06.07.2022 33
АУЫЛАРАЛЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Жамбыл ауданы - 06.07.2022 27
164 түлек ауылға жолдама алды
Сейсен ҚОЖЕКЕ. Меркі ауданы. - 06.07.2022 21
Ардагер аяқдопшылар алтыннан алқа тақты
Нарбол ҚАШАҒАН, журналист. Талас ауданы. - 06.07.2022 21
Әділ Қазақстан: Әлібидің азабы
Анықтама жасаған – Абзал Құспан, заңгер - 30.06.2022 182
Абылай хан туралы ащы щыңдық
Самат ӨТЕНИЯЗОВ, Мадрид және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.к. - 30.06.2022 189

Топ жаңалықтар

1
Басты мақсат – жас спортшылар қатарын көбейту
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 70
2
«Алтынордалықтардың» алтыншы қойылымы
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 102
3
Оң баға берілді
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 74
4
Еңбектенемін деген жасқа мүмкіндік мол
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 73
5
Дәстүрлі спартакиада
Show more
Ләззат ҚАЖЫМОВА БҚО Орал қаласы - 2022-07-06 74