ӘКІМДЕРДІҢ ЕНЖАРЛЫҒЫ ПРЕМЬЕРДІ ШОШЫТТЫ

ӘКІМДЕРДІҢ ЕНЖАРЛЫҒЫ ПРЕМЬЕРДІ ШОШЫТТЫ

Соңғы кездегі Үкімет отырыстары баяғыдай жеткен жетістікпен, келешекте жететін жетістікті одаға айналдырудан арыла бастаған секілді. Сын көп. Сын көп айтылған жерде елдегі мін түзеледі. 28 қаңтар күні Премьер-министр Әлихан Смайылов Инвестициялық штабтың отырысын өткізді. Онда негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша өткен жылғы жұмыс қорытындылары, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған міндеттер қаралды. Сонымен қатар мемлекет бөлген қаржыны игере алмаған өңірлер аталды.

Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеровтың сөзінен ұққанымыз, 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 трлн теңгені (жылдық жоспардың 94,2%-ы) құраған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,9%-ға артық екен.

Орталық мемлекеттік органдар арасында жылдық жоспарды Ғылым және жоғары білім (121,8%), Денсаулық сақтау (103,5%), Оқу-ағарту (102,3%) министрліктері орындаған. Ең төмен көрсеткіштер Экология және табиғи ресурстар (79,4%), Мәдениет және спорт (72,5%) министрліктеріне тиесілі екен. Өңірлер арасында Ұлытау (75,6%), Атырау (84,2%) және Жамбыл (86,5%) облыстары аутсайдер болып отыр.

Қабылданып жатқан шаралар туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов баяндама жасады. Премьер-министр Ұлытау облысында құны 27,1 млрд теңге болатын бес ірі жоба іске аспай қалғанын атап өтті. Өңірдегі негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша жетпей қалған сома 50 млрд теңгеден асады. Әкімдік бұл олқылықты жаңа жобалар есебінен толтыруы тиіс еді. Облыстың әлеуетін пайдалана отырып, қосымша инвестициялар тартуды және туындайтын проблемаларды уақытылы шешуді қамтамасыз етуі қажет еді, – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Атырау облысында да өңірдің зор әлеуеті мен қорлары толық іске қосылмағанын атап өтті. «Инвестициялардың 60%-дан астамы Теңізшевройл және KPI ірі жобаларына тиесілі. Өңір басшылығы индикатордың орындалмауын жоғарыда аталған жобалар бойынша инвестициялар көлемінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Әкімдік осы жобалардың аяқталу мерзімін болжап, өсімнің қосымша көздерін алдын ала іздестіруі керек болатын», – деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар Премьер-министр Жамбыл облысында салынған инвестициялардың үштен бірі бюджет қаражаты есебінен болғанын атап өтті. Әкімдік бірқатар маңызды жобаны, соның ішінде кальцийленген сода өндірісі мен минералды тыңайтқыштар шығаратын зауытты іске асыруды кешіктіріп отыр. Өңір басшылығы жаңа инвестициялар көлемін ұлғайту жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет, – деді Үкімет басшысы. Жиын соңында Әлихан Смайылов инвестиция тартуда көш соңында қалған облыс әкімдіктеріне «Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2%-ға ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысты. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша өсім 8%-ды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге 25%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10%-дан жоғары болуы керек дегенді білдіреді», – деді ол. Ал үздік 10 инвестор елдердің қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия кіріпті. Премьер-Министр 2023 жылы экономикаға кемінде $24,4 млрд шетелдік инвестиция тарту міндеті тұрғанын, ол үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалғанын атап өтті. 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
02.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1102
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7149
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11000
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7212
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7357