Әлем картасының атасы: Әл-Идриси тарихты қалай өзгертті?

Әлем картасының атасы:  Әл-Идриси тарихты  қалай өзгертті?

Орта ғасырлардағы география ғылымы десе, ең алдымен ауызға алынатын есім – Мұхаммед әл-Идриси. Ол тек саяхатшы ғана емес, өз заманының «Google Maps» бағдарламасын жасаған бірегей картограф. Оның еңбектері Еуропа мен Шығыстың арасындағы ғылыми алтын көпірге айналды және Еуропадан әлдеқайда озық болған араб картографиялық дәстүрінің шыңы болып саналады.

 

Кордовадан Сицилияға дейінгі жол

Мұхаммед әл-Идриси 1100 жылы Мароккода әмірлер отбасында дүниеге келген. Пайғамбар әулетінен шыққан оның толық аты-жөні – Әбу Абдаллаһ  Мұхаммед әл-Идриси. Ол сол заманның ең ірі білім ордасы – Кордовада тәлім алады. Жастық шағында Португалия, Франция, Англия және Солтүстік Африка жағалауларын аралап, мол географиялық тәжірибе жинақтайды. 1116 жылдары Кіші Азия жеріндегі Анадолыға ат басын бұрған. 1138 жылы қазіргі Италия аумағында  қоныс тепкен Палеромаға келіп, Сицилия королі II Рожердің, кейін I Вильгельмнің сарайында тұрып, дүние жүзін шарлап құрлық пен теңіз арқылы сауда жасайтын саудагерлер мен әлемді кезген саяхатшыларға жолығып, олардың Жер шарының бедері, оның тарихи-географиялық орналасуы жайлы ұзақ жыл ақпарат жинаған. 

Алайда, оның жұлдызы Сицилия королі II Рожердің сарайында жанды. Христиан королі мен мұсылман ғалымының бұл одағы орта ғасырлық ғылым үшін сирек кездесетін феномен еді.

 

«Рожердің кітабы» – орта ғасырдың энциклопедиясы

  Әл-Идриси 15 жыл бойы жинаған деректерін «Нузхат әл-муштак фи-хтирак әл-афак» («Алыс өлкелерге саяхат жасауға құштар жандардың ермегі») атты еңбегіне сыйдырды. 

Сонымен қатар Әл-Идрисидің ең танымал туындысы 1154 жылы «Сурат әл-ард» («Жер бейнесі») атты атласын жасап шығарды. Бұл жай ғана кітап емес, жер шарының климаттық белдеулерін, халықтардың тұрмысын, қалалар мен тау-өзендерді егжей-тегжейлі сипаттаған алғашқы атлас еді. Ол тек атлас қана емес, әлемнің кешенді сипаттамасы болды. Зерттеушілердің пайымдауынша, картаға тарихи-географиялық 2500 атау енгізіліп, 7000 атауға қосымша түсінік берілген.

Күміс дискідегі карта: Қолжазбадан бөлек, әл-Идриси салмағы 150 келіге жуық күміс тақтаға әлем картасын қашап жазған. Онда жеті климаттық белдеу, өзендер, көлдер, қалалар мен сауда жолдары, өзендердің ағысы мен тау жоталары таңқаларлық дәлдікпен көрсетілген. Жалпы алғанда карта 70 бөліктен тұрады. 

 

Дәлдік

Сол заман үшін бұл карта өте егжей-тегжейлі болды әрі араб картографиясы бірнеше дәстүрді біріктіруімен бірегей болды. Жалпы осындай әлемдік карталарды жасау сол заманда өте өзекті болды және оны ел басшылары қолдады.

Бұл картада Еуразия мен Африканың солтүстік бөлігі танылатындай дәрежеде бейнеленген. Сонымен қатар Еуропа елдері, Жерорта теңізі, Африка, Араб түбегі, Таяу Шығыс және Үндістан жерінің картографиялық бедері анық түсірілген.

Антикалық мұра: Арабтар Еуропада ұмытыла бастаған Птолемейдің еңбектерін сақтап қалып, одан әрі дамытты. Яғни, жер аумағын птолемейлік дәстүрмен ендік аймақ бойынша жеті климатқа бөліп қарастырады. Әр климат өз кезегінде он көлденең бөлікке бөлінген.

Жеке бақылаулар: Халифаттың кең аумағының арқасында араб көпестері, қажылар мен саяхатшылар Испаниядан Қытайға дейінгі мәліметтерді жинады. Әл-Идриси деректердің дәлдігін тексеру үшін саяхатшылардан жеке өзі сұрастырып отырған.

 

Араб карталарының ерекшеліктері

Әл-Идриси мен сол заманғы басқа да араб картографтарының карталарында мынадай қызықты тұстар бар:

Оңтүстік жоғарыда орналасқан: Бұл Орта ғасырлардағы ислам картографиясы үшін стандартты бағдар болды.

Жердің шар тәрізділігі: «Исламның алтын ғасыры» ғалымдары Жердің шар тәрізді екенін білген, бұл оларға қашықтықты дәлірек есептеуге мүмкіндік берді. Әл-Идриси өзінің еңбегінде Жердің шар тәрізді екенін сол кездің өзінде нақты айтқан.

 

Қазақ даласы – әл-Идриси картасында

Біз үшін маңыздысы – әл-Идриси еңбектеріндегі ежелгі Қазақстан аумағы туралы деректер. Картада XI-XII ғасырларда жеке-жеке ұлыс құрған бабаларымыз: қимақтар мен оғыздардың, қарлұқ, тоғыз оғыз, т.б. тайпалардың қалалары, Ертіс пен Сырдария өзендері, Каспий және Арал теңіздері (Хорезм көлі деген атпен) туралы  аса құнды мәліметтер бар. Ғалым Орталық Азиядағы түркі халықтарының орналасуын, олардың сауда жолдары мен шаруашылығын сипаттап кеткен. 

 

Колумбқа дейінгі Колумб

Көптеген тарихшылар Христофор Колумбтың Атлант мұхитына шығар алдында әл-Идрисидің карталарын пайдаланған деген болжам бар, өйткені олар мұхиттың тұтастығы мен континенттердің орналасуы туралы түсінік берді. Ғалымның карталары 300 жылдан астам уақыт бойы Еуропадағы ең сенімді географиялық құрал болды. Бұл картаны  Қайта өрлеу дәуірінің теңізшілері мен ғалымдары пайдаланған. Араб картографтары тек ескі білімді көшіріп қана қоймай, қазіргі географияның негізі болған координаттар жүйесі мен географиялық сипаттама әдістерін жасап шығарды

Мұхаммед әл-Идриси– адамзаттың әлем туралы түсінігін кеңейткен тұлға. Оның еңбектері бүгінгі география мен картографияның іргетасы іспеттес. Бүгінгі цифрлық карталар заманында да оның күміс тақтаға салған қолтаңбасы ғылым тарихындағы өшпес мұра болып қала бермек.  

Дайындаған  – 

Салтанат БАКЕЕВА

 

23.04.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24694
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24359
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41801
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37678
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42094