Көптеген адамдар, өкінішке орай, алкоголь көңіл күйді көтеріп, көңілді уақыт өткізудің бір жолы деп есептейді. Дегенмен біз алкогольдің ағзаға тез үйренетін есірткі екенін жадымыздан шығарып аламыз. Алкогольді жаңа тұтынудан бірдей әсерге жету үшін барған сайын дозасы да арта бермек. Ол жүрек, асқазан, бауыр және қан тамырлары сияқты маңызды ағзаларымызға кері әсерін тигізбек. Зерттеулер бойынша алкогольді пайдалану қан қысымына әкелуі мүмкін, сондай-ақ күшті сусындарды тым көп ішу де «бұқа жүректі» тудыруы мүмкін. Ағзаға этил спирті кірген соң әуелі өңеш пен асқазанға, содан кейін ұйқы безіне әсер береді. Алкогольдің метаболизміне жауап беретін негізгі орган – бауыр. Міне, соның әсерінен ол зақымдалып, жасушаларының бұзылуына соқтырады.
Бұл – бұл ма, алкогольдің ең ауыр нәтижесі миға әсер етеді. Басында адам алкогольді ішкен кезде ләззат алып, рахаттануы мүмкін. Алайда біраз уақыттан соң алкоголь ми жасушаларына зиянын тигізеді. Көп уақыт және шамадан артық ішу мидың қалыпты жұмыс жасауының бұзылуына әкеледі. Бұның әсерінен тұлғаның деградациясына, адами қасиеттер мен қабілеттердің жоғалуына соқтырады. Алкоголизмнің салдары галлюцинациямен байқалатын ақ қызба (белая горячка) сияқты психикалық ауруға әкеледі. Алкогольге байланған адамдар өздерінің мінез-құлқын бақылай алмайды. Сондай-ақ өзін-өзі сынау мен ерік-жігеріне шамасы жетпейді. Маскүнем адамның мінез-құлқы өзгереді және ол ашулы, қырсық және қатыгез жанға айналады.
Айталық, бірінші дозадан бастап алкоголь адамның және жалпы қоғамның өміріне қауіп тудырады. Қаншама отбасыларды бұзады, қылмыс деңгейінің жоғарылауына әкеледі. Арақ, сыра ішкен жасөспірімдер мен жастарға ерекше қауіп төндіреді және алкоголь суррогаттары мен құрамында алкоголь бар азық-түлік емес өнімдерден улану қаупі болады.
Алкоголизммен күресу – адамзат денсаулығы мен болашақ ұрпақ үшін күрес деп есептейміз. Алкоголизмнің ең тиімді алдын алу жолы – жас кезінен бастап алкогольдік ішімдіктерден толық бас тарту. Бұл амал салауатты өмір салтын ұстанатын және алкогольді теріс пайдаланбайтын отбасында басталуы керек. Жастарға алкогольді ішудің салдарын түсіндіру және халықты салауатты өмір салтына ынталандыру керек. Алкогольдің зиянын түсіндіріп, одан бас тарту жолдары туралы білім беру салауатты өмір салтын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Салауатты өмір салтын ұстану және алкогольден бас тарту арқылы біз өз денсаулығымызға және қоғамымыздың болашағына қамқорлық жасаймыз. Алкогольге тәуелділікке тап болған жандарды қалпына келтіріп, оларды салауатты өмірге қайтаруға көмектесу үшін медициналық және психологиялық көмек ауадай қажет. Әсіресе жасөспірімдердің маскүнемдігі мәселесі ерекше басты мәселе. Себебі жастар – біздің келешегіміз. Оларға алкоголизмнің зиянын, денсаулыққа тигізетін зардабын түсіндіріп, одан жиіркендіретін әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Сонда ғана біз болашаққа сеніммен қарайтын дені сау ұрпақ тәрбиелей аламыз.
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ