Ән өнеріндегі егемендігіміздің жаршысы

Ән өнеріндегі егемендігіміздің  жаршысы

Қазақтың мәдениетін дамытып, өнеріміздің асыл мұрасын сақтап, жалғастыратын – ұлтымыздың ізгі азаматтары. Ән өнері саласында қазақ халқына еңбегі сіңген тұлға деп Мақсұт Оразұлы Жүністегін атар едім. Бүгінде жасы 75-ке келсе де ұрпағымызға үлгі болып жүрген абзал ақсақалдың ұстаздық еңбек жолын баяндайық.

1987 жылы Т. Жүргенов атындағы «Театр және көркем сурет» институтында «Интерьер дизайны» кафедра меңгерушісі қызметінде жүргенімде Мәкеңмен таныстым. Ол кезде Мақсұт оперетталарға әнші-әртістерді дайындайтын «Музыкалық комедия» кафедрасының аға оқытушысы еді. Кейін 1987-91 жж. Мақсұт осы кафедраның меңгерушісі болғанда, институтымыз Білім және ғылым министрлігінің қарамағында болатын. Сол кезде министр Шәйсұлтан Шаяхметов, КСРО-ның «Правда» бас газетінің тілшісі Есілбаев, институттың кафедра меңгерушілері бар, ректор А.Б.Құлбаевтың кабинетінде жиналыс өткізілді. Күн тәртібі: оқу аудиторияларының тарлығы және тапшылығы. Осыған орай мен министрге: «Біздің кафедрамыздың құрамы 9 адам, 9 шаршы метрде жұмысын атқарып отыр. Ал сіздің министрлік қызметкеріңіз осы корпустың 2 қабатында 1-2 адам 9 кв.м. отыр. Бұл қалай? Қисынға да, заңға да келмейтін жағдай», –  дедім. Осы айтқанымды сол сәтте қолдаған кафедра меңгерушісі Мақсұт Оразұлы болды. Екінші мені қолдаушы марқұм Маман Байсеркенов еді, басқалары үндемеді. Ш. Шаяхметов жағдайды түсініп, «дұрыс, шешеміз» деп қалды. Бірақ Есілбаевтың «Правда» газетінде «Вместо помощи комиссии» атты мақаласы шыққан соң министр 2-ші қабаттағы бөлмелерді өз қызметкерлерінен босатып, институттың оқу аудиториясына айналдырды. Сол кезде «Интерьер дизайны» кафедрасы 2-қабатқа көшіп, кеңейген аудиторияға ие болды. Жас музыка маманы Зулфар есімді жігіт біздің мерекелерімізге жиі келетін. Сол арқылы ғой деймін, мен әнші-ұстаздармен араластым. Олар – Аманкелді Сембин, Жұлдыз Баймулдина, Мақсұт Жүнісовтер. Әсіресе Мақсұттың ән пәніне ұстаздығын халық әндеріне, халық композиторлардың әндеріне көбірек көңіл бөлетінін сонда байқадым. Сол кезден бастап Мәкең менің әуесқой әншілігіме дәріс бере бастады.

Жалпы бүкіл қазақ халқының рухани сілкінісі Республикамыз КСРО құрамынан шығып, тәуелсіз мемлекетімізді жариялаған 1991 жылдан кейін рухымыз көтерілді. Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысының негізгі мақсаты ұлттық қазақ мемлекетін орнату еді. «Азаттың» қатарында жарты миллионнан астам патриоттары бірікті. Мен «Азат» қозғалысының кезекті бір жиналысында халқымыздың ән өнерінде ұмытыла бастаған байырғы ақындарымыздың әндерін жаңғыртуымыз керек деп айтқан едім. Кейін бір жиында Сегіз серінің «Қарғаш», «Гауһартас» әндерін орындадым. Сол сәтте бір жас кәсіпкер (кеңсесі, жеңіл көлігі бар, әнсүйер азамат, аты – Талғат) маған әншілер тобын ұйымдастырып, Алматы облысына концерттік бағдарламамен шығу жөнінде ұсыныс жасады. Мен бұл ұсынысты Мақсұт Оразұлымен бөлістім. Мәкең қуана қабылдады. Өткен ғасырлардан халық әндерін, халық композиторларының әндерін жаңғыртып, қазіргі ұрпаққа жеткізу үшін ән шығармашылық топ құрдық. Әншілердің құрамында: Мақсұт Оразұлы, Ғайша Меңдіғалиқызы, мен. Концертмейстер Долорес Үмбетәлиева, кафедра меңгерушісі Шораның қызы, тағы домбырамен ән айтатын Талғаттың 2 жас жігіті. Концерттердің кіріспесін жүргізетін әдебиет зерттеушісі, фольклоршы, Әдебиет, Абай, Ұлттық энциклопедияларда аты бар менің әкем Сейітқали Қараменді болды.  Ол кісі лекция түрінде біздің айтатын әндеріміздің тарихына тоқталып, авторлары жайында мәлімет беретін. Шығармашылық тобымыздың көркемдік жетекшілігін Мақсұт Жүністегі атқарды.  

 

«Азат» пен «Русский союздың» концерті

Ең көп халық жиналған концертіміз Боралдай елдімекенінде өтті. Лекция- концертімізде көрермен-тыңдаушылардан көп сұрақтар, пікірлер болды, аяғында орындалған «Япурай», «Екі жирен», «Назқоңыр», «Қарғаш», «Гауһартас» т.б. әндерге  халық ризашылығын білдірді. Бірақ  сол  кезде егемендігіміз қазақ халқының рухын көтерсе, ғасырлар бойы қазақты отарлаған орыс келімсектерден  (диаспора) құрылған ұйымдар қаптап кетті. «Лад», «Русская община», т.б. Ал «Азат» қозғалысы осыларға тойтарыс берген сол кездегі жалғыз ғана қоғамдық күш еді.

1995-97 жж. «Азат» қозғалысының төрағасы кезімде біздің халықаралық заңды, саяси мақсатымыз – егемендігімізді нығайту үшін бізді қолдаған «Русский союз» орыс ұйымдарымен байланыс жасап, өзара достық, ынтымақтастық жөнінде келісімшартқа қол қойдық. «Азат» пен «Русский союз» қоғамдық ұйымдардың өзара достық, ынтымақтастық келісімшартына арналған концерті Алматы мақта-мата комбинатының мәдениет сарайында 300-ге таяу көрерменнің алдында 1995 жылдың күзінде өтті. «Азат» қозғалысының концерт бағдарламасының әндерін, орындаушылардың құрамын Мақсұт Оразұлы ұйымдастырды. Мәкең екеуміз дуэтпен Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындадық. Сол концертте «Русский союз» өздерінің концерттік бағдарламасымен жеке шықты.

Ән өнерінің саласында егемендігімізді нығайту жолында  ұстаз Мақсұт Оразұлы 1994-96 жж. қайтадан «Жеке ән кафедрасын» басқарып, меңгеруші болып сайланды. Одан кейін Т. Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтының шығармашылық және тәрбие жұмыстарының проректоры қызметіне тағайындалды.

ХІХ ғ. бірінші жартысында (1818-1854 жж.) қазақ халқының ауыз әдебиетінде әншілігі, ақындығымен ел аузында қалған Сегіз серінің есімін, асыл мұра шығармаларын қазақ ұлтына жеткізгендердің бірі Мақсұт Оразұлы болды. Мәселе мынада еді, Орыс патшаның отаршылары, Орыс совет империясы қазақ халқының рухын жою үшін Сегіз серіні жоққа шығарды, тарихта аты аталмады, жазбаша құжаттар, деректер жазылмады. Сондықтан Сегіз серінің аты, оның шығармалары ауыз әдебиеті арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келе жатты... Осыдан да Сегіз серінің шығармаларын алаяқ жазушы, әнші, ақындар бұрмалап, өздерінің атынан шығарам дегендер де болды. Мысалы, осы күнге дейін Жүсіп Қожа Шайхысламұлы Сегіз серінің «Қыз Жібек» дастанын бұрмалап, Төлегенді өлтірген қарақшы қожа Кескентеректі жасырып, қол басқарған батыр Бекежанды көрсетіп, «Қыз Жібек» дастанын өз атынан 1905 ж.  Қазан қаласында шығарған.

Әкем Сейітқали Қараменді осы алаяқтықты дәлелдейтін «Бекежан да бір арыс» атты мақаласын 1991 жылы 19 шілдеде  «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған. Содан бері 30 жыл өтті, әкемнің мақаласын тек қана қолдаушылар болды. Бірақ Сегіз серінің есімі ресми түрде осы кезеңге дейін қазақ қоғамын баурап ала алған жоқ. Ал Сегіз серінің әндері 150 жыл бұрын қазақ еліне кең таралған. Бүгінде оның әндері халық әні деп аталып жүр. Өнер академиясы «Жеке ән кафедрасының» ұстаздары халық әндері деп Сегіз серінің әндерін орындап жүргенін естідім. 

Өз халқының өнері мен мәдениетін бағалай білген, елінің тәуелсіздігі мен бірлігін жеке бас мүддесінен биік қойып, сол асыл мұрат жолында өмірін құрбан етуге дайын болған Сегіз серінің жарқын бейнесін қайта тірілту – егемендігімізді нығайту. Қазақ даласында өнері мен атағы аңызға айналған, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүріп, қуғынға ұшыраған. Сегіз сері әнші, композитор, суырыпсалма ақын, күйші. Өз халқының қалқаны бола білген осындай арысымыз әлі күнге дейін көпшілікке  беймәлім. Бұл кезең 2010-2015 жылдары болған еді. Мен Мәкеңмен ақылдасып, Сегіз серінің кім екені және оның шығармаларын атап, сол кездегі «Жеке ән кафедрасының» меңгерушісі Дәлел Уәшпен концертті Оқу театрында өткізу туралы сөйлестім. Ол кісі қолдауын білдірді, бірақ «ректорға хабар беріңіз» деді. Сол кезде Д. Уәшқа 2014 жылы «Дәуір» баспасынан шыққан Сегіз серінің 2 томдық «Таңдамалы шығармаларын» сыйлыққа бердім.

 

«Гауһартас», «Назқоңыр», «Алқоңыр» және Сегіз сері

Бұрынғы институттың аты өзгеріп, енді «Өнер академиясының» ректоры Бибігүл Нүсіпжановаға 3.05.2016 жылы бардым. Сегіз серінің концертін Оқу театрында өткізу туралы және жаңадан шыққан Сегіз серінің 2 томдық таңдамалы шығармаларын сыйға тартып, концерт бағдарламасын қолына берген едім. Сонда ректор кафедра профессоры Мақсұт Жүніспен және меңгерушімен ақылдасқан соң жауап беремін деді. Бибігүл Нүсіпжановаға 11.05.2016 ж.  хат жолдап: «Сегіз серіге арналған лекция-концерттің маңызы өте зор. Осы күнге дейін классикаға айналған Сегіз серінің әндері «Гауһартас», «Назқоңыр», «Алқоңыр», «Қарғаш», «Ақбақай» т.б. көп әндерін халық әндері деп хабарлайды. Осы күнге дейін Сегіз серінің «Қыз Жібегі» мен «Айман-Шолпанының» авторы аталмай келе жатыр. Осы айтқаным сізге берген екі томдық Сегіз серінің таңдамалы шығармаларында бар» деп жазған едім. Ректор маған өз жауабының орнына қарамағындағы әнші-ұстаздардың жауабын ұсынды. 

Олар: Н. Нүсіпжан – ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор, Р. Стамғазиев – ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Дәстүрлі ән» кафедрасының меңгерушісі, Д. Уәш – ҚР  еңбек сіңірген қайраткері, доцент, Қ. Байқуатов – ҚР мәдениет қайраткері, профессор.

Жарты бет мардымсыз, нақты тақырыптан ауытқып кеткен, Сегіз сері туралы өсек-аяңға сілтеме жасалған жауапта «даулы әндердің авторы ғылыми тұрғыда дәлелденіп, авторлық құқығы құжатпен анықталуы қажет» деп жазылған екен. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауыз әдебиеті арқылы жеткен халықтың асыл мұрасы – әндерге қандай ғылыми дәлелдер және  қандай құжат керек?

Сондықтан ректордың хатшысына: «Тәртіп бойынша кімге хат жаздым, сол адамнан жауап болуы керек. Б.Нүсіпжановадан жауап күтемін», – дедім. Ректор Б. Нүсіпжановадан №01-766/а, 14.04.2016 ж. келген жауаптың түйіні мынау: «Халық әндері» атты рухани байлығымызды бір мезгілде бір авторға аудара салу ақылға қонбайтын, көзге дөрекі, ешқандай абырой бермейтін дүдамал іс деп білеміз. 

Кезінде көзі тірі Б. Тәжібаевтің «Ақ бұлағын», Сәдқожаның «Сары бидайын» т.б. әндерді 80-жылдары Сегіз серіге теліп, әшкере болғаны ел есінде», – делінген.  Бұл сөзіне ешқандай сілтеме деректер көрсетілмеген. Кезінде Сегіз серінің атын өшірем деген жалақорлар ақпарат құралдарында материалдар жариялаған. Мен әр жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде «сегіз жоюшыларды» атын атап, әшкерелегенмін, тіпті, сот арқылы «Ана тілі» газетінен жалақорларды қорғағаны үшін 9.07.2001ж. 80000 теңге айыппұл алғанбыз.

Қысқасын айтқанда, «Өнер» академиясының ректоры  Сегіз серінің концертінен бас тартты. «Өнер» академиясы адамдарының Сегіз серіден «қашқаны» маған түсінікті болды. Олар ресми түрде Сегіз серінің кім екенін, асыл мұрасын жариялаған ақпарат құралдарды, кітаптар, мақалалар, конференциялардан бейхабар болып шықты. Олардың санасында тек Сегіз серіні «жоюшылардың» өсек-аяңдары ғана қалған екен. 

Мүмкін, «Өнер» академиясында Сегіз серінің лекция-концертін өткізуге М.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институты көмек беретін шығар деген оймен қасыма Мақсұт Оразұлын ертіп, осы институттың директоры Уәлихан Қалижанұлына барып, жағдайды айттық. Директор: «Өнер» академиясына ешқандай қатысымыз жоқ, өздеріңіз өткізе беріңіздер», – деді. Бірақ «Сегіз серінің шығармашылығы туралы біздегі комиссия жұмысын бітірді, дегенмен көшірмесі бізде қалмады» деген сылтаумен комиссияның шешімін бермеді. Бұл туралы жауапты №056/146 11.05.2016ж. орынбасары А. Әлібекұлы маған берді.

 

Мақсұт Оразұлының ерлігі 

Егер Мақсұт Оразұлы Жүсіптегінің ұстаздық қабілеті болмаса, әрқашанда шәкірттері (студенттері) жүлделерге ие болмаса, ән өнерінен, тарихынан хабары бар ғылыми ұстаз профессор дәрежесіне жете алар ма еді? Мәкең жалтақ, қауқарсыз, ұлттық намысы жоқ адам болса, маған: «Төке, Сегіз серінің асыл мұрасын қазіргі ұрпаққа жеткізуге болмайды екен», – деп нүкте қояр еді. Бірақ айтпады да, сыр бермеді де. Ол мені сол кезде 39 жыл адам, маман, қоғам қайраткері, институт проректоры болғанымды жақсы білгендіктен ештеңе айтпай, тек көзімен ғана «егемендігімізді ән өнерінде жалғастырайық» деген ойын білдірді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын, 2017 жылы жаздың аяғында марқұм Сейдолла Бәйтерековтің студия директоры Ләззат Мұзафарқызы Ахановаға жолықтым (Абылай хан даңғылы, 83). Ол кісі  Сегіз серінің лекция-концертін өткізу туралы ұсынысымызды қуана қабылдады, себебі Сегіз серінің шығармаларын білетін, өсек-аяңдардан аулақ, дерек, ақпараттардан хабардар екен.

Мәкең екеуміз концерттің бағдарламасын жасадық: ол әнші, өлең оқитын құрамын, «Жеке ән» кафедрасының ұстаздары мен студенттерін ұйымдастырды, ал мен жарнамасын жасап, қалада таратуын, көрермендерді шақыру, лекцияны жүргізуді атқардым. Мәкең концерт жүргізуге келісімін берді.

Зиялы қауымды, жоғары арнайы орта оқу орындарындағы ұстаз, студенттерге концерт билетін таратуға өзім бардым, себебі Сегіз сері, оның шығармаларын басым көпшілігі білмегендіктен, таныстыруға тура келді. Сондықтан концертке келем дегендер көп болды. Бірақ оқу орнының бастығы, П. Чайковский атындағы музыка колледжінің директоры Біржан Ескендірұлы Хасанғалиев мені қабылдамай, Сегіз серінің концертіне студенттерін жолатпады.

 

Қайта оралған Сегіз сері

Сегіз серінің лекция-концерті (туғанына 200 жыл толуына орай) 2017 жылғы 22 қарашада бұрынғы филармонияның (Абылай хан даңғылы, 83) үлкен залында өтті. 400-ге таяу көрермен жиналды.

Лекция жүргізген – Төлеубек Қарамендітегі, сәулетші-ғалым, профессор.

Мазмұны: Сегіз сері кім? Қай ғасырда өмір сүрген? Қандай шығармалары қазақ халқының асыл мұрасына жатады? Неге Сегіз серінің есімі Орыс патшалығы, оның мұрагері Кеңес империясында айтылмады? Неге егемен ел болғанымызда Сегіз серіні рушыл зиялы қауым оны ойдан шығарған деп жалған ақпарат таратқан? Осы сұрақтар төңірегінде тыңдармандарға мәлімет беруге тырыстық.

Сегіз серінің әндерін орындағандар:

«Ақбақай» – Тілеубек Қожанұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері;

«Япырай» – Талғат Күзембаев, ҚР Мемлекет сыйлығының иегері;

«Дайдидай-ау» – Венера Алпысбаева, Дүниежүзілік конкурсының иегері;

«Қарғаш» – Мақсұт Жүністегі, «Өнер» академиясының профессоры;

«Гауһартас» – Төлеубек Қарамендітегі, әуесқой әнші.

Сегіз серінің өлеңдерін оқыған – Мақсұт Оразұлының студенттері;

«Ер Исатай Махамбетке айтқаны» – Жасқайрат Уәлиұлы;

«Горчаковқа», «Перовскийге» (Орыс патшасы қазақты отарлаған қандықол генералдары) – Қуаныш Бейсеғалиев.

Республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетінің тілшісі Ақбота Қайратқызы «даулы» Сегіз серінің шығармаларын көріп, естіп, концерттен өзінің алған әсерін және тарихи тұлғаның асыл мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізудің өзектілігін «Сегіз сері мұрасы» мақаласында (№180, 28 қараша 2017 жылы) жариялады.

Сонымен, орыс отаршылары тарихтан жасырған, рушыл, сатқын лауазымды қазақтар оны  тарихта болмаған деп көрсетіп, оның шығармаларын басқаларға теліп, қазақ қоғамында әлі де жалғандық сейілмей тұрған кезеңде Мақсұт екеуміз егеменді мемлекетімізде алғашқы болып Сегіз серінің ақиқатын сахна төріне шығардық.

2020 жылдың көктемінде  Сегіз серінің әндерімен «Көкіл» атты қазақ мектеп-колледжінің мұғалімдері, 5-11 сынып арасындағы оқушыларды жинап, лекция-концерт бағдарламасын өткіздік. Бұл мектептің ерекшелігі – орта білім берумен қатар, балаларды бейнелеу, сахна және  домбыра өнеріне үйретеді.

Мектеп директоры Абдулхамит Райымбергентегі – ҚР Мәдениет қайраткері, Республикалық конкурстардың лауреаты, белгілі күйші, өнертанушы,  Сегіз серіден хабары бар азамат, оның концертін «Көкіл» мектебінде өткізуді қажетті деп тауып, Сегіз серінің асыл мұрасын танытқанымыз үшін Мәкең екеумізге ризашылығын білдірді.

Осыдан-ақ Мәкеңнің ән өнерінің жаршысы екенін көруге болады. Мәкеңе зор денсаулық тілеймін. Халқымыздың ән өнеріндегі ұмытылып қалған  асыл мұраларын шәкірттеріңіз бүкіл қазақ халқына жеткізсін деп тілеймін.

 

Төлеубек ҚАРАМЕНДІТЕГІ, сәулетші-ғалым, профессор, КСРО Сәулетшілер, ҚР Журналистер одақтарының мүшесі, Қоғам қайраткері, әуесқой әнші
30.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 98
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 617
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 735
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 647
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 656

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8791
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8192
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11419
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9173
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10404