Төрт еңбек ардагеріне айрықша тоқталып өткенді мақұл көріп отырмын. Олар – Нұрмолда Алдабергенов, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Смағұл Шабдарбаев. Шынымды айтайын, бұл төрт кісіні халқымыздың төрт бәйтерегіндей қөремін, ол кісілердің елінің шетіне аяғымды іліктірсем, соқпай өтпейтінмін, сәлем бермей кетпейтінмін.
Қай-қайсымен әңгімелесу жан семіртіп, рухыңды биіктете түсетін. Бір-біріне ұқсамайтын тұлғалар, бірақ бір-бірін толықтырып тұратын, қазақ деген халықтың ақсақалдары қандай болады дегенде, осы төртеуін атар едім. Қарапайым, бірақ кісілігі жоғары, мінезге бай еді.
«Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» деген нақылды мойынұсынсақ, өмірден түйген тәжірибесі мол, аңғарымпаздығы, адалдығы мен әділдігі туа біткен осы кісілерге арқа сүйеуге болатын еді.
Даналықты сырттан емес, іштен іздей бермейтін, жаттың таңсығына тамсанып, өзіміздің асылымыздан айырылып қалатын әдеттен арыла алмай жүргеніміз жасырын емес. Сол асылдың сынығы да, еңбек деген ұлы мектептің төрт арысы да осылар.
Жазекең мыңғыртып мал өсірген шопан ғана емес, өз саласының ой-шұқырын көре білген, елінің, жұртының жоқ-жітігін бүтіндеп, бар-жоғын түгендей жүретін кісі еді. Ауылда туып- өскен, көп ішінде ысылған жағдайы бар.
1967 жылы зейнеткерлікке шықса да, ата кәсіптен шеттеп кетпей, Жазылбек мектебінің өмірімен біте қайнасып, қатардан қалмай жүрді. Талай тарлан еңбеккерді тәрбиеледі.
Мен ол кісімен жиі жүздесіп жүрдім. Қойшыбай мен Тойшыбайының шілдеханасына да, тұсаукесеріне де шақырды. Жазекең «Димашжан, енді сүндет тойына келіп, кейін оқуға түсуіне ақ батаңды берсең, қартайғанда көрген күлшашар егізім есейгенде аузынан тастамай айта жүрер, мен де бұл жалғаннан армансызбын деп кетермін» – дегені бар.
Сөйткен қайран Жазекем екі ұлын ертіп Алматыға арнайы келіпті. Тілегін орындадым. Тіпті олардың жайлы пәтер алуына жәрдемім тиді. Елі үшін жарты ғасырдан астам бел шешпей, маңдай терін төккен қарапайым, бірақ қадірлі қарттан бір нәрсе аяп қалуға кімнің дәті жеткендей. Жақсымызды қадір тұтпай жаманнан арыла алмаймыз.