АҚШ президенті Байден Тайваньға шабуыл жасалса, Америка Құрама Штаттары Тайваньды қорғау үшін әскери күшпен араласады деп мәлімдеді.
Байден дүйсенбіде (23 мамыр, 2022 жыл) Токиода Жапония премьер-министрі Фумио Кишидамен кездесуден кейін журналистермен сұхбаттасты. Журналист Байденге: «Сіз Украинадағы қақтығысқа әскери жақтан араласуға құлықсыз болдыңыз. Қажет болса, Тайваньды қорғау үшін әскери араласуға дайынсыз ба?» – деп сұраған Байден: «Иә» деп жауап берді.
Аудиторияның реакциясына қарап, Байден әрі қарай былай деп түсіндірді: «Біз бір Қытай саясатына келістік, саясатқа және басқа да қосымша келісімдерге қол қойдық. Дегенмен (Тайваньды) қарулы күшпен алу дұрыс емес. Бұл дәл Украинада болған оқиға сияқты, бүкіл аймақтың тыныштығын бүлдіреді», – деді.
Жоғарыдағы сұрақтарға жауап бермес бұрын Байден Қытай әскери ұшақтарының Тайвань маңындағы әрекеттері қазірдің өзінде қауіпті әрекеттер екенін және Қытайдың Тайваньды күшпен басып алу құзыреті жоқ екенін айтты, сондықтан: «Біз бұл мәселеде Жапониямен және басқа елдермен бір ұстанымдамыз, бұған жол бермеңіздер», – деді.
Баспасөз маслихатынан кейін Ақ үй шенеуніктері Байденнің Америка Құрама Штаттарының Тайваньды қорғау үшін әскери күшпен араласатыны туралы мәлімдемесін жоққа шығарып, АҚШ саясатында ешқандай өзгеріс болмағанын айтты.
Өткен жылдың қазан айында Байден көпшілік алдында сөйлеген сөзінде, Америка Құрама Штаттары Тайваньды қорғауға көмектесуге міндеттеме алғанын айтқан болатын. Бір күннен кейін Ақ үйдің өкілі президенттің АҚШ-тың Тайвань саясатындағы өзгерісті жарияламағанын айтты. Кейбіреулер Байденнің сол кездегі мәлімдемесін «сөзден жаңылды» деп жорамалдаған еді.
АҚШ-тың ресми билігі Тайваньның қауіпсіздігін қорғау үшін әскери күш қолдана ма, жоқ па деген сұраққа әрқашан стратегиялық екіұштылық саясатын ұстанды. Бірақ Қытай Тайваньға әскери қысым көрсетіп жатқандықтан, Вашингтондағы кейбір саяси топтар АҚШ бұл саясатты қайта қарап, Қытайға нақты тосқауыл қоюы керек деп санайды.
Бейжің Тайванның Қытайдың бір провинциясы екенін және қажет болған жағдайда әскер күш қолданудан тайынбайтындығын ашық айтып отыр.
Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ван Вэнбин дүйсенбі күнгі кезекті брифингте АҚШ президентінің Тайвань туралы айтқан сөздеріне «қатты наразылық пен үзілді-кесілді қарсылық» білдіріп, Қытайдың егемендігі мен аумақтық тұтастық мәселесінде басқалай ымыраға келуге жол бермейтіндіктерін айтты.