Желтоқсанның 13-і күні Астанадағы ОКҚ-алаңында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен брифинг болып өтті. Өңір басшысы 2024 жылы Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық жағдайын баяндай келіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
– 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының экономикалық өсімі 106% деңгейінде қалыптасты. Орташа жалақы 364 мың теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 16%-ға өсті, – деп бастады әкім баяндамасын. Ары қарай Ақтөбенің инвестициялардың үлкен ағынын қабылдауға қауқарлы екендігін айқындайтын біраз деректерді жария етті. Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері жыл облыс экономикасына 764 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Биыл 1 мыңнан астам жұмыс орнын құра отырып, 3 жоба іске қосылды, жыл соңына дейін тағы 3 жоба өз жұмысын басталмақшы екен.
– Инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалуда. Қазіргі кезде Ақтөбе әуежайында мультимодальді хаб аясында 858 га құрайтын арнайы экономикалық аймақ бойынша жұмыстар атқарылуда. Аталған аймақта кемінде 40-тан астам жобаны 1,2 трлн теңгеге жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Хромтау моноқаласында 400 млрд теңгеге 20 жобаны жүзеге асыруға арналған Индустриалдық аймақ құру бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деді Асхат Шахаров. Ақтөбе обылсы туралы айтатын жаңалықтар көп. Мемлекет басшысының пәрменімен жолға қойылған «Ауыл аманаты» Бағдарламасы осы Ақтөбе облысында пилоттық жоба ретінде жақсы нәтижелерге жеткені белгілі. Аталмыш жоба қазірде қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Асхат Шахаровтың айтуынша, биыл ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 15,5 млрд теңге қаражат қарастырылды, 11 айда 333 млрд теңгеге өнім өндірілді. Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2900-ден астам жоба мақұлданып, 15 млрд теңгеге 2 706 жоба бойынша несие берілді. Мал шаруашылығы саласында төрт түліктің өсімі орташа есеппен 110% құрады. Өсімдік шаруашылығына қатысты, биылғы жылы 403 мың гектар дәнді дақылды алқаптан 559 мың тонна өнім алынды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 130 мың тоннаға немесе 30%-ға өсіпті.
Ауылшаруашылығы саласын бұдан әрі дамыту мақсатында алдағы жылдарда инвестиция көлемі 51 млрд теңгені құрайтын 95 жобаны іске асыру жоспарланып отыр екен.
Ақтөбе биылғы көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен аймақ. Дегенмен мемлекеттің тікелей қолдауы мен қалың көпшіліктің күндіз-түні аянбай еткен еңбегінің арқасында халық бұл қиындықты да еңсеріп шықты.
– Ақтөбе облысы бойынша су тасқыны салдарынан 4 мыңға жуық үй зардап шекті. Техникалық тексеру қорытындылары бойынша 1 013 үй апатты деп танылды. Аталған мәселені шешу мақсатында ірі бизнес өкілдерінің қаражаты есебінен жалпы сомасы 25 млрд теңгеге 500 үй салынып, 513 дайын үй сатып алынды. Сондай-ақ 3 мың тұрғын үйді жөндеуге және қалпына келтіруге 9,8 млрд теңгеге өтемақы берілді, – деді облыс әкімі.
Қазақстандағы ең үлкен облыс саналатын Ақтөбенің негізгі проблемаларының бірі жол саласы еді. Бұл туралы талай сындар айтылғаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті әкімшілік қыруар жобаларды қолға алып, ілкімді істерге мұрындық болып отырғаны бар. Соның біраз мысалын аймақ басшысы бүгінгі брифингте өз аузымен айтып берді. Әкімнің сөзіне қарағанда, жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын арттыруға биыл 64,5 млрд теңгеге 193 жобаны іске асыруға ниеттеніп отыр екен.
– Халықаралық Самара – Шымкент автожолының Ақтөбе – Хромтау бағыты бойынша министрлікпен бірге үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Қазіргі таңда 2 учаскеге бөлдік. Бүгінде, 2-учаскеде құрылыс-монтаждау жұмысын бастадық. Жақын арада тендерлік конкурс өткеннен кейін бірінші учаске басталады. Жалпы 4 жолақты болады. Ақтөбе – Қандыағаш жолы аяқталды, республикалық маңызы бар жолдар ауыспалы, бұл жұмыстар келесі жылы жалғасады, – деді Асхат Шахаров.
Біз баяндама соңындағы сұрақ-жауап кезеңінде көкейде жүрген бірер сауалымызды жолдадық.
– Жаңа театр құрылысы туралы айтып берсеңіз. Қайда салынады, жобасын отандық сәулетшілер жасады ма?
– Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақтөбе өңіріне жұмыс сапарымен келді. Сол кезде Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрын барып, жаңа театр салу тапсырмасын берген болатын. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласындағы «Алтын орда» шағын ауданында 700 орынға арналған облыстық драма театрының құрылысы жобасын әзірлеу бойынша жобалаушы мекемемен келісімшарт жасалып, жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні эскизді жобасы дайындалып, орналасатын жері анықталған. Жобаны әзірлеуді аяқтау 2025 жылдың 1 жартыжылдығына жоспарланды. Жалпы құрылыс-монтаж жүмыстарының аяқталуы 2026 жыл деп күтіп отырмыз.
– Биыл Ақтөбеге қанша турист келгендігін айта аласыз ба? Ішкі туризмді дамыту бойынша қандай жобаларыңыз бар?
– Туризм көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, 2024 жылдың 6 айының қорытындысы жаман болған жоқ. Ресми деректермен айтсақ, облыс көлемінде орналастыру орындарының саны 106 бірлікті құрады, қызмет көрсетілген келушілер саны 103 мың адамды құрады, оның ішінде резиденттер (қазақстандықтар) – 93,2 мың адам, резидент еместер (шетелдіктер) – 10,2 мың адам. Олар, яғни облысымызға басқа қала және мемлекеттерден келген азаматтар. Ал туризм инфрақұрылымын дамыту бойынша біраз жұмыстар қолға алынған. Облыстың туристік объектілерінің аумағында 10 абаттандырылған кемпинг-аймақтарды орнатылды. Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2024 жылы жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба ашылды және 9,3 млрд теңгеге 7 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарлануда. «Қасқыр сарқырамасы», «Ақтолағай» біздің негізгі туристік нысандарымыз. Бүгінгі таңда облыста 102 орналастыру орны, жол бойындағы сервистің 113 объектісі, 3 санаторий-профилактория, 4 туроператор, 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар: 1 Республикалық маңызы бар (Ыргыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты) және 7 жергілікті маңызы бар («Эбит», «Оркаш», «Көкжиде-Құмжарған», «Мәртөк», «Қобда», «Озерный», «Ойыл»), сондай-ақ 859 тарих және мәдениет ескерткіштері бар (9 республикалық және 850 жергілікті маңызы), – деп жауап берді.