Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары, Маржангүл Қайырбаева: Алдымен үш аусымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешсек...

Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары, Маржангүл Қайырбаева: Алдымен үш аусымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешсек...

Елімізде ең көп реформаға ұшыраса да әлі күнге дейін дара даңғылын таба алмай келе жатқан білім саласы туралы сұрақтар өте көп. Әсіресе 2016-2021 жылдары жүргізілген өзгерістер нәтижесінде енгізілген жаңартылған бағдарламасының да олқы тұстары кездеседі. Бағдарламаға сәйкес бүгінде мектеп директорларына, ұстаздарға және оқушыларға қойылар талап та өзгерді. Атап айтар болсақ, критериалды бағалау жүйесін бұрынғы білім беру жүйесімен салыстыра отырып, мойындамайтын ұстаздар да бар. Осы орайда Астана қаласының білім саласы жаңартылған бағдарламаны қалай қабылдады? Мектептер талапқа сай жаңартылған бағдарламаға толық көшіп болды ма? Алда тағы қандай жоспар бар? Көп шу тудырған 25 мамыр – соңғы қоңырау мәселесі туралы білу мақсатында Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Жамбылқызы Қайырбаевамен сұқбаттасқан едік.

– Астана қаласының барлық мектептері білім министрілігінің талаптарына сәйкес толықтай жаңартылған оқу бағдарламаларына көшті. Бағдарлама және критериалды бағалау бойынша мектеп мұғалімдеріне түрлі семинарлар өткізіліп, әдістемелік құралдар дайындалды. Жыл сайын әр мектепке орталық тарапынан әдістемелік күндер ұйымдастырылып, осы саладағы түрлі мамандар тартылады. Атап айтсақ, өткен жылдың өзінде оқыту семинарлар, шебер-сыныптар, конференция, дөңгелек үстел секілді көптеген іс-шаралар өтті.

Дегенмен Астана қаласында халықаралық стандарттарға сай оқу бағдарламаларымен жұмыс жасап жатқан мектептер де бар, мысалы, IB бағдарламасы бойынша. Ол мектептер де мемлекеттік білім стандартын негізге алып оқу процесін жүргізеді. Себебі мемлекеттік стандарттың өзі отандық тәжірибені ескере отырып, халықаралық талаптарға сай жасалғандықтан бағдарламалар арасында үндестік бар. Яғни білім мазмұнына қойылатын талаптар, оқушылардың математикалық сауаттылығы, оқу сауаттылығын дамыту, сыни ойлау, шығармашылық ойлау, құндылық негізінде оқыту барлығы да ескерілген.

– Жаңартылған бағдарлама білім сапасына қалай әсер етіп жатыр?    Бағдарламаның артықшылықтары қандай?  Кемшін тұстары бар ма?

– 2016 жылғы дәстүрлі бағдарлама мен жаңартылған бағдарламаны жалпы салыстырар болсақ, дәстүрлі бағдарлама негізінен көп ақпаратты есте сақтауға, теориялық білімді меңгертуге көбірек бағытталған еді. Есесіне, көп теориялық білімді жаттап шыққан оқушы мектепті аяқтаған кезде оны қалай өмірде пайдалануға болатынын білмейтін. Оған дәлел әр үш жыл сайын өткізетін PISA нәтижелері болатын. 

Ал жаңартылған бағдарламада осы олқылықтардың орнын толтыру үшін теориялық біліммен қатар, практикалық тапсырмаларға, шынайы өмірмен байланысқа, пәндер арасындағы интеграцияға көп көңіл бөлінген. Сондай-ақ, бағдарлама құзыреттілікке бағытталған оқытуды негізге алады.

Ал құзыреттілік дегеніміз, ол білім, таным, дағды, қабілет, құндылық, өмір бойы білім алу сияқты құзыреттердің қалыптасуына басымдық береді. Немесе мұны кейде 21 ғасырдың дағдылары деп те атайды. Яғни жаңартылған бағдарламаның артықшылығы осында және осыған сәйкес, оқушы білімін бағалау оны оқыту парадигмалары да өзгерді. Бағдарламаның нақты кемшін тұстары мынау деп нақты көрсету өте қиын, себебі ол толық зерттеуді және мектептерге мониторинг өткізуді қажет етеді. Яғни мониторинг барысында мұғалім пікірі, оқушы пікірі, мектеп басшылары пікірі, білім сапасының көрсеткіштері мен халықаралық PISA, TIMSS секілді көрсеткіштеріне талдау жасау арқылы шешім шығаруға болады.

– Қалада адам саны жыл сайын артып келеді. Мектеп тапшылығын, үш аусымды мектептер проблемасын шешу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қалай болып жатыр?

– Бүгінгі күні қалада 8 үш ауысымды және 18 мектепте бала саны шамадан тыс артып отыр. Оқушылардың орын тапшылығы 26 454 баланы құрайды. Үш ауысымды және бала саны шамадан тыс мектептердің санын азайту мақсатында биыл оқу жылында 11 мектеп салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 90 мыңдай оқушыға арналған (2 ауысымда) 24 ірі мектепті жобалау басталды. Жаңа форматтағы мектептердің құрылысы биыл басталады деп жоспарлануда.

– Мұғалімдердің білімі мен біліктілігін анықтау мақсатында өткізілетін аттестаттауға енгізілген өзгерістер туралы айтып берсеңіз...

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығының (2022 жылғы 30 желтоқсандағы №533 өзгерістерімен) 15-тармағына сәйкес педагог аттестаттаудың 3 кезеңінен өтеді: біліктілік бағалау, қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау, білімін бағалау және эссе жазу. Бұйрыққа сәйкес аттестаттаудан өту үшін педагогтер өз өтініштерін «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы немесе egov.kz. «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы береді. Ақпараттық жүйе бүгінгі күні өз жұмысын жүргізіп отырған жоқ. ҚР Оқу-ағарту министрлігі ақпараттық жүйені Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы қосуды жоспарлап отыр. 

ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан Ұлттық білім беру деректер қорына атаулы өзгерістер енгізуде. Осы деректер қорына арнайы педагогтің профилі жасалуда. Онда әр педагог бойынша қажетті деректер интеграция арқылы енгізіледі, толық мәліметтер бір жерден көрінетін болады. Енгізілген жағдайда педагог аттестаттаудан өту үшін тек өз арызын береді. Бұл шаралар аттестаттау рәсімінен ауыртпалықсыз өтуге көмектесетін болады.

– Жақсы. Ал мектепке дейінгі балаларды балабақшалармен қамтамасыз ету мақсатында қандай жоспарларыңыз бар?

– 2023 жылға 10 317 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жоспарланса, оның ішінде ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз айларында 177 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда 7 770 орын орналастырылды, мектепке дейінгі ұйым желісі 91 ұйымға ұлғайды. 2023 жылдың 3 сәуірінен бастап 2 057 орынға мемлекеттік тапсырысты орналастыруға құжаттарды қабылдау басталды, бұл да ұйымдар желісін одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі ұйымдардың жанынан тұрғын үй кешендерінің 1-қабатында бала толық күн болатын 750 орынға шағын орталықтар мен қосымша топтар ашу және «Astana Invest» ақпараты бойынша биылғы жылы 2 жобамен 420 орынды пайдалануға беру жоспарлануда.

– Балабақшаларда тәрбиеші тарапынан сәбилерге көрсетілетін әлімжеттік, ұрып-соғу секілді мәселелердің алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүргізіледі?

– Бұл мәселедегі ең маңызды шешім – топтарда, қабылдау және жатын бөлмелерінде бейнебақылау камераларын орнату. Сондай-ақ, педагогтарды бақылау және олармен профилактикалық әңгімелерді жүргіз маңызды деп ойлаймын.

– Қала мектептері мен балабақшаларында маман тапшылығы, яғни кадр мәселесі бар ма?

– Елордалық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында барлығы 4 493 педагог жұмыс істейді. Статистикалық есептерге сәйкес 72,5% немесе 3 259 педагог жоғары білімі, 24,7% немесе 1 108 – арнайы орта білімі бар. Бүгінгі таңда мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мамандықтарының сәйкес келмеуіне байланысты 1 053 тәрбиеші (оның ішінде 770 мемлекеттік, 312 жекеменшік білім беру ұйымдарынан) қайта даярлау курстарынан өтті. Сондай-ақ 400 тәрбиешіге және жұмыс істеп жүрген бейінді білім беру педагогтарын алуға қажеттілік бар.

Мектепке дейінгі білім берудің 360 педагогін қайта даярлауды Халықаралық Астана университетінің базасында өткізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда қайта даярлау курстарының бағдарламалары тізілімге енгізілді, бағдарламалар дайындалуда.

– Мектеп – білім мен тәрбиенің қазыналы ордасы. Кейде мектеп білім бергенімен, тәрбие мәселесінде ақсап жататын кездер жиі кездеседі. Негізгі өзекті мәселе жас ұрпақ тәрбиесі десек, ұлт болашағын қалыптастырудың қайнар бұлағы – ұлттық тәрбие екені белгілі. Осы орайда мектептерде ұлттық тәрбие беру жұмыстары қалай жүргізілетінін айта кетсеңіз...

– Қазіргі уақытта Астана қаласында «Құндылыққа негізделген білім беру» курсы №№4, 8, 9, 29, 37, 54, 55, 76, 86, 87, 88 мектептер  және гуманитарлық колледжден өтті. Жалпы 560 педагог қамтылып оқытылды. 2023 жылы мамыр-маусым айларында 12 мектеп (№№10, 22, 4, 31, 35, 42, 53, 59, 61, 63, 67, 89) оқыту жоспарлануда. 300 муғалім оқытылады. Жоба білім беру ұйымының эмоционалды ортасын өзгертуді, қоршаған ортаны қалыптастыратын моральдық дәстүрді қалыптастыруды, сондай-ақ академиялық үлгерімге ұмтылуды, моральдық және этикалық құндылықтарды арттыруды көздейді. Кәсіптік бағдарлауға, сыни ойлауды дамытуға, экологиялық, салауатты және қауіпсіз өмір мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

2022 жылдың басынан бастап жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, заманауи білімге ие бәсекеге қабілетті, дені сау ұрпақты тәрбиелеу мақсатында «EduLeadersNS» жобасы жас педагогтер арасында жүзеге асып жатыр. Бұл жоба білім беру ұйымының ата-аналармен тығыз және тұрақты қарым-қатынасы арқылы жүзеге асырылады. Айына екі рет жас мамандардың семинар-практикумдары өткізіледі.  Жоба аясында 125 педагогты қамтитын 18 оқыту семинары өткізілді.

«Көшбасшылық – кәсіпқойлар сабақтары» жобасы 2023 жылдың басында басталды. Жобаның мақсаты: білім алушылардың өздері таңдаған мамандықтары бойынша өзін-өзі тиімді анықтау, бәсекеге қабілетті, жоғары мәдениетті, жоғары интеллектуалды тұлғаны қалыптастыру. Жоба Астана қаласының 96 мектебінде жүзеге асырылады. Жобаға елорда мектептерінің 7-11 сынып оқушылары қатысады. Жобаның негізгі бағыттары: сабақ-қоғамдық ұйымдардың көшбасшыларымен, жас ғалымдармен, мәдениет және өнер, спорт қайраткерлерімен және өз ісінің басқа да мамандарымен әңгімелесу, кездесу, дөңгелек үстел, брифинг өткізу. 

Биыл елорда мектептерінде «Алтын домбыра»  жобасы іске асты. Мектептерде 64 домбыра үйірмелері жұмыс жасап жатыр. Жоба аясында 2000-ға жуық бала қамтылған. Мектептерде «Шахмат» 53-үйірмелері бар, онда 1 452 оқушы қамтылған. Жалпы білім беретін мектепте ұлттық спорт түрлері (тоғызқұмалақ, қазақ күресі, асық ату), ұлттық өнер (ұлттық аспаптар домбыра және дәстүрлі ән айту, қазақ биі, қазақ әні) бойынша «ALTYN URPAQ» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба елорданың 40 мектебінде (оның ішінде балаларды қамтумен ұлттық спорт – 3 872, балаларды қамтумен ұлттық өнер – 5 378) 10 000-нан астам баланың және 170 педагог маманның атсалысуымен іске асырылды. Бүгінгі таңда Мәдениет басқармасымен бірлесіп «Балалар және театр» жобасы жұмыс істеп жатыр. Балалар театрларға тегін барады. Жыл соңына дейін 50 000-нан астам баланы қамту жоспарлануда.

Жалпы білім беретін мектептерде «Оқушының мәдени нормативі» жобасы, «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру платформасы жұмыс істейді. Бұл жоба 86 500-ден астам баланы қамтитын 62  мектепте жүзеге асырылды. Білім беру ұйымдарында 38 269 білім алушыны қамтитын 92 пікірталас клубы құрылды. 557 мектеп турнирі өткізілді. Күн сайын мектептер арасында турнирлер саны артып келеді, басқа қалаларда – 42, оған Астана қаласының білім алушылары қатысты, сондай-ақ педагогтер мен «Пікірсайыс қозғалысы» басшылары арасында 50 мектепте өткізілді. Лига қазақ тілінде  – 26 049, орыс тілінде –10 365, ағылшын тілінде – 1 855.

Мектептегі қосымша білім берудің маңызды көрсеткіштерінің бірі балалардың бұқаралық спорт түрлерімен айналысуға тартылуы болып табылады. Мектептен тыс ұйымдарда және жалпы білім беретін мектептерде спорт секцияларымен қамтылған білім алушылардың үлесі 44,5% (88 555 бала) құрайды. Осы мақсатта білім беру ұйымдарында 910 спорт секциясы жұмыс істейді. 92 мектепте ашық ауада көпфункционалды спорт алаңдары (жүгіру жолдары, футбол, баскетбол және волейбол алаңдары) бар. 88 мектепте – футбол алаңы, баскетбол алаңдары 71 мектепте, волейбол алаңдары 67 мектепте, стационарлық хоккей корттары – 8, теннис корттары – 10 мектепте бар.

– Инклюзивті білім беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берсеңіз…

– Астана қаласында жыл сайын инклюзивті білім беру жүйесі жетілдірілуде, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеу үшін жағдай жасалып жатыр. Елордада ерекше білім беруді қажет ететін 16 527 бала бар, бұл жалпы балалар санының 3 % - құрайды (435 000). Инклюзивті білім алу үшін 64 балабақшада (65%) және 89 мектепте (94%) жағдай жасалған. 2025 жылға қарай барлық білім беру ұйымдарында жағдай жасалатын болады. 

Қазіргі таңда 25 ТжКБ ұйымында мүгедектігі бар 305 студент оқиды, оның ішінде 175 адам ерекше білім беру қажеттілігі бар. Биылдан бастап 5 колледжде 97 орынға арналған инклюзивті топтар ашылып (Құрылыс-техникалық колледжі, Қоғамдық тамақтану және сервис колледжі, Қазақстандық Швейцария-американдық колледжі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ колледжі, Астана қаласындағы Д.А. Қонаев атындағы колледж) 5 мамандық бойынша (интерьер дизайны, тігін ісі, нан пісіру өндірісі, бағдарламалық қамтамасыз ету, ғимараттар мен құрылыстар салу) ерекше қажеттіліктері бар балалар қабылданды. Қазірігі таңда каламыздың колледждерінде 175 ерекше білім беру қажеттілігі бар бала білім алуда.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру және тексеру қызметін 6 ұйым (ПМПК) көрсетеді, бірақ баланың көптігіне байланысты барлық баланы қамту мүмкін болмай отыр. Сондықтан 2023 жылы тағы екі ПМПК ашу жоспарлануда. 2025 жылға дейін 6 ПМПК ашылатын болады.  

Жыл сайын аутизммен ауыратын балалар саны да артып келеді. Егер 2022 жылы олардың саны 2256 баланы құраса, 2023 жылдың 1 сәуірде есепте осы диагнозы бар 2 899 бала тұр. Бұл мәселені шешу үшін түзету кабинеттерінің филиалдары ашылып, қоғамдық қорларымен бірлесіп мектептерде инклюзияны қолдаудың 25 кабинеті жасақталды. Жыл сайын екі кабинеттен ашылатын болады. Білім алудың маңызды шарттарының бірі – кедергісіз білім алуға қол жетімділікті ұйымдастыру. Қала мектептерінде және арнайы білім беру ұйымдарында 117 арнайы педагог (дефектологтар, логопедтер) жұмыс істейді, 1 544 педагог инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Алайда, бүгінгі таңда логопед, дефектолог, сурдопедагог кадрлар тапшылығы бар, кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстары жеткіліксіз. Осы міндеттерді шеше отырып, біз әрбір балаға, оның қажеттіліктеріне және басқа да жағдайларына қарамастан, өз әлеуетін толық іске асыруға, қоғамға пайда әкелуге және оның толыққанды мүшесі болуына мүмкіндік бере аламыз.

– Оқу-тәрбие мәселесінде «Оқуға құштар мектеп» жобасының маңыздылығын айта кету керек сияқты. Бұрын балалар кітап оқуға құмар еді, қазір ешкім кітап оқымайды деген пікір жиі айтылады. Балаларды кітап оқуға тәрбиелеу мақсатында нақты атқарылған жұмыстарды атап айтып беріңізші...

– «Оқуға құштар мектеп» жобасы елордамызың барлық мектептерінде жүзеге асып жатыр. Астана қаласының мектептерінде оқырмандарға арналған 58 (49,8 %) коворкинг (coworking) аймақтары бар, оқушыларды қарым-қатынас жасау, шығармашылық өзара әрекеттесу және оқылған кітаптарды талқылау үшін біріктіретін бірегей дизайны, функционалдық кеңістігі мен мобильді жиһазы бар барлық жағдайларды оқушыларға жайлы етіп  безендіріп жасаған. Қазіргі таңда, мектептерде балаларды оқуға, оқу сауаттылығын арттыруға бағытталған 40-тан астам жоба мен мектептердің авторлық жобалары іске асырылуда (ASYL SÓZ, Біз оқыған кітап, «Кітап пирамидасы», BOOKWOORM танымдық бағдарламасы, «Интернеттің орнына кітаптар», «Wokstart», «READx», «Буккроссинг», «Сәнді кітаптар оқу» марафондары, «76 кітап – 76 мектеп», Launch of the book және т. б.).

Елордалық мектептер арасында «Жас оқу күні» челленджі белсенді жұмыс істейді. Челленджге 600 оқушыны қамтитын 10-нан астам елордалық мектеп қатысты. Мектеп оқушылары кітап оқиды, онда Кітап оқу аяқталғаннан кейін авторға барлық қызықты сұрақтар қоя отырып, кітап авторларымен кездеседі. Мұндай кездесулер мектептер базасында және Ұлттық кітапханада ұйымдастырылды. «Оқу мектебі» жобасы сынып сағаты кезінде 5 минуттық, 20 минуттық оқудан кейін де жүзеге асырылады. Сондай-ақ, балалар жылы аясында оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мақсатында Еуразиялық университетінің  алдындағы Мұғалімдер аллеясында  жазғы каникул бойы оқушылар мен олардың мұғалімдері үшін READx форматында кітап іс-шаралары ұйымдастырылды. Биыл жазда да ұйымдастыру жоспарда бар. 75 мыңнан астам адамды қамти отырып, қаланың барлық мектептерінің қатысуымен балалардың мәдени және оқу құзыреттілігін дамыту, республикалық және қалалық деңгейлерде отбасылық оқуды насихаттау бойынша 1 800 іс-шара өткізілді. Ақпараттық-насихаттау жұмыстары, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жариялау жүргізілуде. «PEDAGOGIKALYQ TÁJIRBIE ALAŃY» жобасы аясында Қазақ радиосында, ютубканалда мектеп кітапханалары саласындағы өзекті мәселелер бойынша тікелей эфирлер жүргізілуде.

– Оқушылардың білім сапасын аттыру үшін тағы қандай бағытта жұмыс істеу керек деп ойлайсыз?

– Оқушылардың білім сапасын аттыру үшін Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығында бірнеше зерттеулер жоспарланып өткізілді. Мысалы, нәтижелілігі төмен мектептерде білім беру сапасын басқару тиімділігін зерттеу, Инновациялық жобалардың нәтижелілігін, жаңартылған білім беру мазмұны аясында педагогтердің технологияларды, тәсілдерді, технологиялар элементтерін пайдалануын мониторингілеу. Осы зерттеулердің корытындысы бойынша жоспар құрылды. Жоспарда әр мектеппен, әр педагогпен жұмыс өткізіледі.

– Рақмет! Тынымсыз еңбектің жемісін көріңіз!

 

Сұқбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
24.07.2023

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 108
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 104
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 98
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 87
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 984
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1023
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 999

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5988
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5431
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8615
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6422
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7630