Атамыз алып бәйтерек еді...

Атамыз алып  бәйтерек еді...

(Марқұм әкеміз Керімжан Мәткерімұлы туралы)  

Адам өмірге келген соң Алланың берген жасын ғана жасап, күреске толы ғұмырында маңдайға жазғанын көріп кетеді. Біреу аз, біреу көп жасайды, жалғанға  қонақ болып, толқынның орнын толқын басып,  теңіз жағасында күткен келместің кемесімен кете баратын көрінеді. Біздің атамыз Маткерімұлы Керімжан да ақпанның екісі күні тоқсанға қараған торқалы жасында сол мәңгілік мекенін бетке алып, Аллаға қайтты...Одан бері де қырық күн өтіпті.   Бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар деп жұбатуда жанашырлар. Өмірге келу бар да кету бар, ең маңыздысы сол өмірді  қалай сүргенде, нендей ізгілік, қандай із  қалдырғаныңда  ғой. Атамыз ғасырға жуық өмір сүріп, жақсылығы мен қайшылығы шарпысқан екі дәуірді бастан кешіпті... Атамыздың балалық шағы  колхоздастыру тұсына, бозбала шағы Ұлы Отан соғысына, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын  қалпына келтіру жылдарына тап келіп, барлық қиындықтар мен қызықшылықтарды елмен бірге көріпті. Ол кездің қиындықтары өз алдына бір төбе әңгіме.

Бабамыз Мәткерім де Алатау бауырын жайлаған бірнеше  колхоздың техникасын жүргізуге жауапты механик болып күндіз-түні бел шешпей еңбек еткен екен.  Маңдай термен еткен еңбегі бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Бабамыздың үш ұлының үлкені –  біздің атамызды фельдшер мамандығына оқытып, қасында қалдырғанға ұқсайды, ортаншы ұлы марқұм ағамыз Сапарбекті   өзінің мамандығына жақын –  жүргізуші мамандығына баулыпты. Кіші  ұлы  Саттарбек ағаны Алматыда жоғары оқу орнында  оқытыпты, ағамыз  Алматыда орнығып,  көп жылдар басшылық қызметтер атқарып, қазір еңбегінің зейнетін көріп отырған Ел ағасы.   

 Атамыз, фельдшерлік мамандықтың дипломын алғаннан кейін жолдамамен Ленгір ауданының бір-екі ауылында қызмет істеп, Мейізгүл апам екеуі шаңырақ көтерген соң,  Диханкөл ауылына біржола тұрақтап, жергілікті үкімет үй, медициналық қызмет көрсететін пункт салып беріп, фельдшерлік қызмет атқарады. Табан аудармай қырық жылдан аса ауыл адамдарының денсаулығын күзетіп, талай адамның ажалына араша түседі. Медицинаның көптеген түрін меңгеріп алғаны сонша, алғашқы көмегінен бөлек  түрлі күрделілеу медшараларын да  атқара беріпті, ауырған ауыл адамдарын алыстағы  аудан орталығына жібермей-ақ, тісі ауырса да, іші ауырса да өзі емдей береді екен. Жарамсыз болса, тісті оп-оңай  суырып алып  тастайтын көрінеді. Ол кезде қазіргідей таспа жол сайрап жатқан жоқ, ауыл арасын атпен ат арбамен қатынайды. Бұл абзал ісі  аудан аумағындағы көршілес ауыл аймағына тарап кетеді, есімін ел біле бастайды. Ауыл-аймаққа беделі артып, жұрт есімін «Керекең» деп құрметпен атайды.  Тіпті өзінің емшілік қасиеті де болған дейді ол кісі туралы естелік айтқан ауыл адамдары. «Көршілес ауыл адамдары да Керекеңді іздеп келетін еді, өйткені оның шипалы  ем-домына сенетін. «Мынауың ауру емес, ертең-ақ шауып кетесің, мына дәріні іш, бар жүгір» деген адам расымен де ертеңіне сауығып, шауып кетеді екен. Осындай  сенімге ие болған ауыл дәрігері көпшіліктің құрметіне бөленбеуі де мүмкін емес еді.  Апамыз да атамызға осы жолда аянбай көмек жасап, дәрі беріп жүріп, «Дәрігер апай»  атанып кетіпті. 

«Батамен ер көгерер» демекші,  жұрттан алған алғыс, дариядай көңіл мен сенім,  бұл шаңырақты бақытқа бөлеп көсегесін көгертіп, Тәңір тілеуін беріп,  он бала өсіп-өніпті. Сол он баладан – жеті ұл, үш қыздан тараған немере, шөбересі, Қадыр ақынның тілімен айтсақ, «немересі үш-төрт арба», шөбересі де осынша болып  өсіп-өнуде. «Жақсы әке – мың жылдық азық» демекші, балаларын хал-қадерінше оқытып, бір-бір мамандықтың иесі, немерелері де мамандық игеріп, еліміздің халық шаруашылығының барлық саласында түрлі қызмет атқаруда. 

Атаның  өзім байқаған  ерекшелігі, мінезінің жер қозғалса қозғалмайтын сабырлылығы,  жан- жағына жайлылығы, дархан көңілі, кішіге  ізеті, үлкенге  құрметі, сыпайылығы, рухани жан дүниесінің байлығының айқын сипатындай еді. Зиялылығы  жүрген жүрісінен,  киген киімінен, сөйлеген сөзінен байқалып тұратын. Ол кісі рухани қоректі бірінші орынға қоятын, күнделікті баспасөз басылымдарынан, ақпарат құралдарын жібермей қарап, рухани дүниесін  байытып отыратын.  Кітапты, көркем әдебиетті көп оқитын, көкірек көзі ашық, іші сара, сауатты кісі еді, қазақтың тарихын, мәдениет, әдебиет, саясат саңлақтарын жақсы біліп, сараптайтын. Сондықтан болса керек, балаларының, немерелерінің есімін қазақтың мықты тұлғаларының  атымен атауы  –  Мұқан, Сатымбек,  Сәбит, Әбдісалам, Айдар, Асхат, Асқар,  Бағлан, Қасымхан, Есімхан,  Сұлтан болып кете береді. Қыздардың есімдері де ерекше – Мәдина, Гүлнәр, Жанна.  

Бірде ата бізге сәлем айтып,  Алматыдан Қ.Жұмаділовтің «Соңғы көш» кітабын тауып жеткізіп беруімізді сұрапты. Біз осы кітапқа қоса мықты жазушының  «Дарабоз», «Қылкөпір» кітаптарын  жеткізіп бердік. Сонау  таудың, Алатау бауырының бір бөктерінде, Диханкөл деген ауылда жатып, қазіргі заманның  мықты шығармасын қалай  біліп, суланып отырған көзін қалай аямайды екен дейміз. Атаның арқасында Сәбит екеуіміз атақты жазушы Қабдеш  ағамызбен танысып, көзі тірісінде сұхбаттасып, батасын алып қалып едік. 

Біреудің ала жібін аттамаған. «Жаным – арымның садағасы»  деген баба қағидасын мұрат тұтып, асыл ғаділет жолын бұзбай өткен, жаны да, ары да таза, Абай абыз айтқандай,  «дүние боқ» қуып,  қолын да, жолын да былғамаған, маңдай тер, табанақымен балаларын бағып, өсіріп-жеткізіп, ел қатарына қосып, үлкен тәрбие беріп кеткен, өмірде абыройлы болып өткен Атамыздың өмірі  ғибратқа толы.   Өмірі –  өнеге,  жүріп өткен жолы – үлгі. Еңбексүйгіштігі, зиялылығы, ішкі мәдениеті, рухани дүниеге асық, ақ адал жолын  сақтау  – ұрпаққа аманат.

Тамырын тереңге жіберген, бұтағын кеңге  жайған, алтын жапырағын молынан жайған алып Бәйтерек еді атамыз.  

Бәйтеректер құламайды дейді. Бәйтерегіміз құлаған жоқ, тамырлары көктеп шығып, жапырағын жая бермек, аймаққа сая бола бермек...

Ата, Сіз, арқамызда  асқар таудай болып, өмірдің желінен, қарлы  боранын онша сезбедік. Сіздің арқаңызда біз бала болдық.... Сіз бізге сүйікті әке, анамызға асыл өмірлік адал серік болдыңыз. Алпыс жыл  бір шаңырақтың астында  тату-тәтті өмір сүру ғажап!. Соңыңыздан ізгілік нұрын шашқан  ізіңіз сайрап жатыр... Елге жасаған жақсылығыңыз тау жаңғырығындай жаңғыруда. Жүздеген адамның ағылып келіп жатуы соның айғағы.  Сіз салған сара жолды аманатыңызға адал ұрпағыңыз жалғай береді... Сіз баптаған бау-бақша жайнап, мәуесін беріп жатыр. Сіздің жарық бейнеңіз балаларыңыздың,  ұрпақтарыңыздың жүрегінде сақтала береді, бірге бола бересіз.  Сізге,  балаларыңыз, ұрпағыңыз, қалың қауым  риза, Сіз де бізге риза болыңыз... Хош  деуге қимаймыз..., жатқан жеріңіз жайлы, иман нұрыңыз пейіште шалқысын дейміз. 

 

Ұрпағының атынан – Баян Бекетова, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі
09.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 178
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 173
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 683
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 803
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 717

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8873
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8268
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11496
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9252
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10479