– Атыраулық мектеп оқушысы Дария Болат асау үйретіп, ат үстінен садақ атады. «Жаужүрек мың бала» киносын көргеннен кейін әке-шешесінің қолдауымен тай сатып алған. Өзі қолға үйреткен тайды бәйгеге қосқан. Қазір бәйге, қыз қуу, жамбы ату секілді ұлттық спорт түрлеріне қатысып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау қаласына таяу орналасқан Тасқала деген ауыл бар. Дария Болат сол елді мекендегі Т.Амандосов атындағы мектептің 11-сыныбында оқиды.
«Кішкентай кезімде ауылдағы ата-әжемнің тәрбиесін көрдім. Олар төрт түлік ұстайтын. Әжеме мал саууға көмектесіп жүріп, әсіресе, жылқыға қызығушылығым оянды. Өйткені жылқының адамды тартып тұратын қасиеті бар ғой. Кейін әке-шешемнің қолдауымен, өзім жинаған ақшаға тай сатып алдым. Сол тайды өзім қолға үйретіп, жем-шөбін, суын бердім. Алғаш рет тайға мінген сәтім ұмытылмайды. Бірнеше рет құлағанымды жасырмаймын. Сондай кезде гипспен жүруге де тура келді», -дейді Дария Болатқызы.
Сол кезде әке-шешесі атқа мінуіне қарсылық білдірген екен. Бірақ кейін рұқсатын берген.
«Әр ата-ана баласының амандығына алаңдап жүреді. Аттан құлағанымды көрген әке-шешемнің қобалжуы, алаңдауы орынды ғой. Бірақ, атқа міну – өзімнің қалауым. Мені бұл іске ешкім мәжбүр еткен жоқ. Кейін олар менің талабыма қолдау білдірді», -дейді шабандоз қыз.
Ол – отбасындағы төрт перзенттің екіншісі. Әкесі Болат Берекеновтің мамандығы – механик. Ал, анасы Айсұлу Жұмағалиева мектепте еңбек пәнінен дәріс береді.
«Бұрынғы бабаларымыз атқа мініп, байтақ жерімізді қорғап қалғанын тарихтан білеміз. Атқа міну адамның көңілін көтеріп, рухын асқақтатады. «Жаужүрек мың бала» киносын көргеннен соң атқа деген қызығушылығым арта түсті. Мен де сондай киноға түсуді армандап жүрмін», -дейді асау үйреткен оқушы қыз.
Қазір ол ат спортына қатысып жүр. Бәйге, қыз қуу, жамбы ату секілді ұлттық спорт түрлерін меңгерген. Былтыр Махамбет ауданында Конституция күніне орай ұлттық ойындар бәйгесіне алғаш рет қатысты.
«Халқымыздың ұлттық ойынының бірі – қыз қуу. Бұл ойынға Нұршат Әлихан, Фатима Орынғали, Қымбат Асылхан, Сәуле Асанкелді секілді құрбыларыммен бірге алғаш рет қатысқан едім. Маған қыз қуудың шарты ұнады. Ережеге сәйкес, жігіт қызды қуып жетіп, белбеуінен шарфты жұлып алуы керек. Сол ойында біздің жолымыз болды. Біз мінген тұлпарларға жігіттердің жүйрігі жете алған жоқ», -деп ағынан жарылады әңгімеледі Дария Болатқызы.
Ат спортына ден қоюмен шектелмей, өзі баптаған тұлпарын бәйгеге қосып жүр. Оның тұлпары бәйгеден 2-орын алған.
«Қазақтың ұлттық ат спорт түрлеріне қатысқаныма екі жол болды. Ұл болсам, аударыспақ пен теңге ілуді, көкпарды да меңгеріп алар едім. Спорттың қиын түрі жоқ. Ең бастысы, ынта қажет. Қазір менімен бірге атқа мінуді, ат үстінен садақ атуды үйреніп жүрген қыздар бар. Өзімнің сіңлім де атқа мініп жүреді», -дейді Дария Болат.
Атқа құмар оқушы қыз күніне 4-5 сағатын тұлпарын баптауға арнайды. Жем-шөбін, суын жаңартып, серуенге алып шығады.
«Біздің ауылда атқа мінуді серік еткен 10-ға жуық ер бала бар. Солармен бірге мен де атқа мінемін. Болашақта ұлттық ат спортының өркендеуіне үлес қосқым келеді. Осы мақсатымды іске асыру үшін Қазақ қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсуге дайындалып жүрмін», -деп мақсатымен бөлісті ол.
Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық келіншектің бала кезінен етік жөндеуге қызығатынын жазған едік.