Ауғанстандағы қазақтарға қамқорлық қажет

Ауғанстандағы қазақтарға қамқорлық қажет

2022 жылы 1 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында елдің қоғам қайраткерлері мен шетелдегі жеті елдің қандастары қатысқан онлайн-офлайн аралас форматта халықаралық конференция өткен болатын. Бас қалада өткен шарада Ауғанстан, Пәкстан, Сауд Арабиясы мен Иран қазақтарының қазіргі жағдайы және оларды қолдау мәселесі талқыланды.

Мұнда кемі 200-300 мыңнан астам қазақ тұрады

Бұл туралы Ауғанстанда туған, бүгінде Данияда тұратын қазақ, экономист Акбар Аюби онлайн баяндама жасап, Ауған қазақтарының жалпы жағдайымен таныстырды. Ауғанстанда кемі 200-300 мыңнан астам, тіптен миллионға жуық қазақ тұратыны жайлы болжам шындыққа жанасатын секілді. Себебі соңғы кезде қазақ екенін айтып, көмек сұрайтын Ауғанстан азаматтары көбейіп бара жатқаны жиі айтыла бастады.

Ауғанстаннан атажұртқа...«Ауғанстандағы Қазақстан елшілігіне бұл кісілер барған екен. Сонда анықтап қаза берсең, мұнда бір миллион қазақ бармыз дегенді айтыпты. Елшіліктегілер аяқ асты мұнша қазақ қайдан табылды деп шошып кеткен бе, «келесі жолы келіңіздер» деп шығарып салыпты, бірақ сол күйі есігін ашпай қойыпты. Қазақтың дипломаттары сол барған елінде қазақ бар ма деп іздеудің орнына, есіктерін жауып алған. Мен елшілікке материалдар жіберіп, күрделі жағдайды түсіндірдім. Енді келесі айда Ауғанстандағы қазақ мәдени орталығының өкілдері елшілікте кездесу өткізетін болды», – дейді Акбар Аюби.

 

Қазақтар тез сіңісіп кетеді

Акбар Аюби Швециядан 1935 жылы Ауғанстандағы түркі халықтарын зерттеуге барған Ярин деген ғалымның кітабын тауып алғанын айтады. Онда  Ауғанстанда қазақ бар екенін, тіптен, қай өңірінде қанша қазақ бар екенін жазған көрінеді. Сонымен бірге кітабында басқа еңбектерге де сілтеме беріп отырған. Бұдан басқа, Орта Азияны зерттеген ағылшын саяхатшысы да 1819 жылғы кітабында Ауғанстандағы қазақтар туралы жазған.

«Бұл кісілер қазақ тілін ұмытқан. Ал сөйлегенде өзбек тілінде жоқ қазақ әріптерін қолданады. Біз, қазақтар, әдетіміз барған жердің тілін меңгереміз, әдетіне үйренеміз. Өз еліміз секілді тұра береміз, қорықпаймыз, білімін аламыз, сіңіп кетеміз. Себебі көшпенді болғаннан кейін тез бейімделеміз. Бір жаман жері – ассимиляцияға ұшырап кетеміз. Біз тұрған Герат қаласына 30-жылдары 50 шақты қазақ отбасы барған. Әр көшеде 10-15 үйден болды. Арада 50 жыл өткен уақытта солардың 70 пайызы үй ішінде бала-шағасымен ауған тілінде, яғни дари тілінде сөйлейтін болды. Ойлаңыз, 50 жыл ішінде ассимиляцияға ұшырап кеткенбіз... Демек қазірге шейін онда тұрып жатқандарға кінә қоюға болмайды», – дейді Акбар Аюби.

 

Тәліп билігінен зардап шегіп жатқандар көп

Ауғанстандағы қазақтар ел билігін тәлібтер қолға алғаннан бері әртүрлі қысым көре бастады. Жұмыстан, жері мен мал-мүлкінен айырылу, отбасын қорғау және тағы да белгісіз себептерге байланысты халықтың біраз бөлігі Иран мен Сауд Арабиясына  қашып кеткен. Олар не Ауғанстанға қайта алмайды, не Қазақстанға виза ала алмайды. Себебі оларда ешқандай құжат жоқ.

Пәкстанда тұратын қазақ Хамит мырзаның айтуынша, бұл мәселені Қазақстанның Пәкстандағы елшілігі өкілдерімен бірлесе отырып талқылаған екен. Алайда «Қазақ екенін дәлелдейтін және басқа да куәліктерінің жоқтығына байланысты» мәселе тығырыққа тірелген. Бұлармен салыстырғанда Ирандағы қазақтардың жағдайы көш ілгері. Көпшілігінде құжат бар.

 

Кеңес Одағынан қудаланғандарға көмектескен жөн

«Тірі атанды өлген бураның басымен қорқыту» деген сөз осыдан шыққан болса керек. Ауған халқы ондаған жылдар бойы соғыстан көз ашпай отыр. Интернет пен түрлі заманауи байланыс әлсіз немесе жоқ. Ақпарат толық жете бермегендіктен, халықтың саяси, ғаламдық көзқарасы өзгеше. Бұрынғы Кеңес одағынан бөлініп шыққан елдерге де күмәнмен, қорқынышпен қарайтыны жасырын емес. Десе де, соңғы кезде Қазақстанға қатысты көзқарастары өзгере бастағаны байқалады.

Серік Ерғали: "Мәңгілік елде" далбаса наурыз болмауы керек«Ауғанстандағы   қандас  бауырларымыз – сол өткен ғасырдың 20-30-жылдары қуғындалып, шетелге аууға   мәжбүр    болған    ағайындарымыздың ұрпақтары. Шын мәнінде, Тәуелсіз Қазақстан оларға кешегі қуғын көрген адамдардың ұрпағы деп қарап, қамқорлық жасауға міндетті. Сонымен бірге Кеңес одағының бүгінгі мұрагері болып отырған кейбір ел, соның ішінде Ресей мемлекеті бұған өтемақы төлеуге міндетті», – деді конференцияда сөз бастаған қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Серік Ерғали.

 

Арнайы зерттеушілер жіберу керек

Қазақстанда да Ауғанстаннан кө-шіп келген азаматтардың саны артып келеді. Тіптен, мыңдап саналады. Басым бөлігі  оңтүстік  өңірлерге  қоныс-

танған. Олардың айтуларына қарағанда, Ауғанстандағы туыстары немесе таныстары көмек сұрап жиі мазалайды екен.

«Бүгінгі жиыннан кейін көптеген сұрақ туындады. Мысалы, ұлтын танитын халықаралық деңгейде құжат бар ма? Қазақстан Республикасы оны ратификациядан өткізді ме? Бізде ол орындала ма? Менің ойымша, бірінші қадам – қолында құжаты бар ауғанстандықтарды қайтарып алу керек. Бұл – белгілі заңға сәйкес нәрсе. Неліктен оған комиссия құрып жатқанын түсінбеймін... Мұндай мәселемен айналысатын мемлекеттік орындар бар. Бірақ олардың неге қимылсыз отырғанын немесе мүлде құлықсыз екендігі белгісіз. Халықтың өзі мәселені көтеруге мәжбүр болып отыр. Бұл бастама ғана деп ойлаймын», – деді саясаткер Дос Көшім.

Конференцияны ұйымдастырушылар «Ауғанстанға арнайы зерттеушілер жіберу керек» деп отыр. Сол арқылы мәселені нақты тексеріп, Үкіметті шынайы ақпараттармен қамтамасыз етуді мақсат етпек. Алайда Үкімет арқылы екі мемлекет арасындағы байланысты күшейту керек дейді сарапшылар. 

Жиналыста мына бес мәселеге ерекше назар аударуы керек екені айтылды:

1. Ауғанстандағы қазақтарды зерттеу үшін арнайы экспедиция ұйымдастыру керек. Сол негізде, олардың нақты саны мен жағдайын білу маңызды. Сонымен бірге, Пәкстан, Иран, Сауд Арабиясы елдеріндегі қазақтарға да арнайы зерттеу жүргізу керек.

2. Қазақстан Үкіметі Ауғанстан еліне гуманитарлық көмек беру аясында ондағы қазақтардың саяси, мәдени мәселесін көтеруді Ауғанстан Үкіметімен бірлесіп атқаруы тиіс. Осы орайда Қырғызстан Үкіметінің Ауғанстандағы қырғыздарға жыл сайын ұйымдастыратын гуманитарлық көмек шарасын үлгі етуге болады. Онда қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына жол ашып, өзара әлеуметтік, гуманитарлық, мәдени-тілдік байланысты күшейтуге мүмкіндік жасауы тиіс.

3. Құжаты толық бола тұра Қазақстанға келуге виза ала алмай жүрген қандастар мен құжатсыз немесе қазақ екендігі күмәнді тұлғалардың «Қазақ екенін тану» үшін арнайы тетіктер жасау қажет. Сол арқылы қандастардың Қазақстанға келіп кетуін оңайлату керек.

4. КСРО кезінде босқынға айналған қандастардың ұрпақтары туралы тарихи әділдікті орнататын арнайы мәртебе мәселесін қарастыру, олардың елге еркін оралуына көмек қолын созатын тетіктерді тездетіп жасау қажет. Бұл қандастарды  қолдау  туралы заң-ережемен бекітілуі тиіс.

5. Іскер қандастардың елге оралып, жұмыс жасауына және көшіп келгісі келетін қандастарды орналастыру үшін қажетті шараларды қабылдау керек деп санаймыз.

 

Сонымен бірге, журналистер мен қоғам белсенділері қатысқан Конференция соңында Президенттің атына үндеу жолданды:

 

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың назарына!

Ауғанстан, Пәкстан, Сауд Арабиясы мен Иран қазақтарын қолдау шаралары туралы халықаралық Конференция қатысушыларының атынан үндеу

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! 

2022 жылы 1 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында елдің қоғам қайраткерлері мен қатысушылары жеті елден қатысқан онлайн-офлайн аралас форматта өткен халықаралық конференцияда Ауғанстан, Пәкстан, Сауд Арабиясы мен Ирандағы қазақтардың тұрмыс ахуалы мен талап-тілектері қарастырылды. Конференциядағы баяндалған мәліметтерге қарағанда, Пәкстан, Сауд Арабиясы мен ішінара Ирандағы қазақтар Ауғанстан Ислам Әмірлігінен ауып барған қандастарымыз екеніне және де бұған дейін ресми жария болған Ауғанстанда небәрі 200 қазақ тұрады деген ақпараттың шындыққа мүлдем сәйкеспейтініне көз жеткізілді.

Ауғанстанда туып-өскен қазақтардың біршамасы елдегі орнаған жаңа режим мен билік алмасу салдарынан басқа елдерді сағалап кетуге мәжбүр болып отырғаны мәлім болды. Сонымен бірге дүрбелеңнен аман қалу мақсатында ауғандық қазақтар сол елдегі өзбек, тәжік  тағы басқа халықтардың құрамында өзінің этникалық тегін жасырып, амалсыз ғұмыр кешуге мәжбүр болып келгені аян болды.

Шын мәнінде, Ауғанстанға ауған қазақтардың тарихы дүркін-дүркін болған: сонау Қазақ хандығы құрылар тұстан бастап, соңғы сыртқа көшу өткен ғасырдың ашаршылығы мен қуғын-сүргіні аралас дүрбелеңі бар 30-жылдармен аяқталады. Бүгінгі ауған қазақтарының дені осы дүрбелеңге ұшырағандықтан, бұларды Қазақстан тарапынан ең алдымен саяси әрі моральдық арашалау, реабилитациялау мен өтем төлеу міндеті күтіп тұр.

Конференцияда бүгінгі таңда Ауғанстанда шамамен жүз мыңнан үш жүз мыңға дейін қазақтар бар екендігі айтылды. Бұлардың әлеуметтік ахуалы өте ауыр, білім мен сауат, мамандық жоқ, тұрмыстары төмен. Оның үстіне 13-ке толған қыз балаларды басқа ұлт өкілдері тарапынан әйелдікке тартып алу қатері мен жас жігіттерді армияға әкету қаупі төніп отырғандықтан, олар түрлі жолдармен тентіреуге, бас сауғалауға көшкен.

Ауған қазақтарының көпшілігінде жеке басты куәландыратын құжаттары жоқ және оларды қазақ ретінде тануға ресми билік тарапынан әрекет жоқ және мүмкін еместігі баян етілді. Осының кесірінен қандастарымыздың адамға тән өмір сүру мүмкіндігі барынша тарылған.

Ауғанстаннан осы жағдайға байланысты Пәкстанға өткен 300-ге тарта отбасының да жағдайы мүшкіл, олар ауғандық босқын ретінде күй кешуде. Бұл қандастарымыздың көпшілігі сол елдердегі Қазақстан елшілігіне өз жағдайлары бойынша жолыққанымен, оларды қазақ ретінде тану мен мойындау мәселесі туындап отыр. Тіпті, өздерінің қазақ екендігін дәлелдеу үшін пәкстандық бір топ қазақтар ДНК сараптамасын да тапсырып, айлап күтіп отырған жайы бар.

Аталмыш елдердегі этникалық қазақтар жағдайын баяндай отырып, Қазақстан тарапынан бұл мәселеге барынша байыпты кірісу қажеттігін баса айтамыз. Тәуелсіз Қазақстанның шетелдердегі қандастардың тағдырына атүсті қарауы ешбір қисынға жатпайды.

Бұл мәселеде астын сызып айтатын кемшілік – шетелдегі этникалық қазақтардың тегін тану мен мойындаудың ресми түрде жасақталған жүйесі мен тәртібінің әлі күнге болмай отырғандығы. Өзінің ата-тегі мен тарихын, жағдайын, тілін азды-көпті біле тұра, қазақ екендігін дәлелдеу ауғандық қандастар үшін қасіретке айналып отыр. Тіпті нәтижесі неғайбіл ДНК сараптамасына жүгінудің өзі әбестік екенін атап өтеміз. Бұл жағдайдың әлемдік деңгейдегі Германия мен Израил үлгісі бола тұрып, мұншалықты шырғалаң мәселеге айналуы мүлдем түсініксіз.

Конференция аталған мемлекеттердегі қандастармен үш бағыт бойынша жүйелі жұмысты қолға алу керек деп санайды:

- мәдени ағарту – тіл үйрету, сауат ашу;

- гуманитарлық жәрдем;

- тарихи арашалау, саяси реабилитация мен өтем төлеу және қандастарды Қазақстанға қайтару бойынша жұмыстар.

 

Құрметті  Президент!

Егемен еліміздің алдында тұрған Жаңа Қазақстан құрудың бірден-бір сипаты шетелдерде тұрып жатқан 5 миллионнан астам қазақ ұлтының өкілдерін қамқорлыққа алу екенін ескере отырып, Сізден аталған міндетті атқаруға қажетті шаралар қабылдауды өтінеміз. Сондай-ақ, елімізде құрылғанына ондаған жылдар болған Дүниежүзілік Қазақтар қауымдастығы мен «Отандастар қорының» өз міндеттерін тыңғылықты атқаруын қамшылайтын нақты шаралар қабылдауды сұраймыз.

Құрметпен:   Ауғанстан, Пәкстан, Сауд Арабиясы мен Иран қазақтарын қолдау шаралары туралы еларалық  Конференция қатысушылары: 

Акбар Аюби (Дания), Абдулла, Амидулла Тадаш (Ауғанстан, Кабул университетінің профессоры), Хамид (Пәкстан, Карачи),  Ахмад Қожабаев (Сауд Арабия, Мекке), Мохаммад Табын (Ауғанстан), Мейрам Кенесары (Иран, Горган), Сейфолла (Иран, Горган), Жора Табын (Иран), Серік Ерғали (Нұр-Сұлтан), Дос Көшім (Алматы), Қыдырәлі Ораз (Ұлыбритания, Лондон), Бейсен Ахметұлы (Нұр-Сұлтан), Бурахан Дақанов (Солтүстік Қазақстан облысы), Аятжан Ахметжан (Нұр-Сұлтан), Құрмет Талапқазы (Шымкент)  тағы басқалар.

Бейсен Ахметұлы
15.07.2022

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 102
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 52
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 136
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 48
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 137
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 40
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 102
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 245
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 250
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 461
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 423

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9122
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8519
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11747
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9515
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10728