Ауқымды жобаның ауылға берері көп

Ауқымды жобаның ауылға берері көп

«Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясы мен ҚР Ауылшаруашылығы  министрлігімен «ЕлАна» сайтымен бірлескен «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы Жамбыл облысында

Сарысуда жақсы істер жетерлік

Аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев     Сәуле Мешітбайқызын өткен 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, гүл шоқтарымен қарсы алды. Кездесу барысында аудан басшысы халықаралық газет ұжымының ауданның тыныс-тіршілігін, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын жұртшылыққа насихаттауда үлкен үлес қосып келе жатқанын және Сарысу жұртшылығының «Qazaqstan dauiri» газеті мен мектеп оқушыларына арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» журналына жазылу белсенділігі де жоғары екенін атап өтті. Өз кезегінде С.Мешітбайқызы аудан басшысына алғысын білдіріп, ел-жұрттың амандығын тіледі. 

Сарысулықтармен алғашқы кездесу ойда-жоқта ауылшаруашылығы қызметкерлерінің кәсіптік мерекесімен тұспа-тұс келіп қалды. Аудан басшысының қолқа салуымен С.Мешітбаева әкімдіктің үлкен залында жиналып отырған осы саланың өкілдерін айтулы күндерімен құттықтап, берекелі де табысты еңбек жолын тіледі.

Сондай-ақ ғұмырының жартысын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз С.Мешітбаева Жаңатас қаласындағы  М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясында болып, оқушылармен кездесу өткізді. Оған Сарысу ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Нұрәлиев те қатысып отырды. Жиын барысында ел анасы әр баланың тұлғалық дамуына барынша қолдау көрсету қажеттігін алға тартып, жергілікті білім бөлімі мамандарымен бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды. Осы ретте С.Мешітбайқызы өзі жетекшілік ететін «Мөлдір бұлақ» республикалық журналына балғындардың қанатқақты шығармаларын жариялауға мейлінше көмек беретіндігін де айтты.

– Мен сіздермен кездесуге газет-журналға жаздыру үшін емес, «Мөлдір бұлақ» журналына жас тілшілер тартсам деген үлкен мақсатпен келдім. Күні кеше ғана Шымкент қаласында болған сапарымда 4-сыныптың оқушысына «Жас тілші» деген бейджик тақтым. Ол оқушы қыз бізге мектебінде, тіпті класында болып жатқан жағдайлар мен кішігірім оқиғаларды, арасында өзі шығарған өлеңдерін жіберіп тұрады. Журналға өздеріңдей-ақ оқушылар, болашақта журналист болғысы келетін балалардың шағын мақалаларын, тырнақалды жыр туындыларын жариялап тұрамыз. Бірде Атырауда болған жүздесуде 6-класс оқушысы «Апа, менің анам ауырып жатыр еді. Соған байланысты шағын әңгіме жазып едім, журналға жариялаңызшы» деп өтініп сұрады. Анам ауырып жатыр еді дегенінен-ақ ішім бірнәрсені сезе қалды да, кейін көп ұзамай журналға сол әңгімесі басылып шықты. Әңгімеде оқушы қыз анасының үш айдан бері ауырып жатқанын, әкесі ауылда азаннан кешке дейін жұмыста екенін баяндапты. Сабағынан бөлек үйдегі анасына тиесілі шаруаның бәрі өзіне қарап тұрғанын, уақыт тауып бәріне үлгеріп жатқанын, одан қалса өзінен кейін ерген кішкентай үш інісінің тамағын әзірлеуге, киімдерін реттеуге, мектепке дайындауға, бәрі-бәріне үлгеріп жүргенін әсерлі әңгімелепті. Арада жылдар өтіп, біз сол талабы таудай оқушы қызды өзіміздің газетке сол өңірдегі тілші етіп жұмысқа алдық. Мұндағы айтайын дегенім, сендер де армандай білсеңдер, сол арманның жетегімен дұрыс мақсат қоя білсеңдер, қол жеткізбейтін жетістік, алынбайтын қамал жоқ, – деген С.Мешітбаева әрмен қарай оқушылардың сұрақтарына жауап берді.

Әрине көп нәрсені білгісі келіп тұратын буын өкілдері болғандықтан оқушылар журналист апайларына арманға жету, сүйген мамандығы бойынша еңбек етудің қызығы мен шыжығы жайлы сұрақтарын жаудырды. 

Ал араларында журналист болуды мақсат тұтқан, сол жолда талаптанып жүрген оқушылармен Сәуле Мешітбайқызы етене жақын диалог құрды. Олардың бірі табиғат қызықтары мен құбылыстары жайлы ізденіп, мақала жазғысы келсе, енді бірі өзі жайлы әңгімемен бөліскісі келеді екен. Өз кезегінде басылым басшысы оқушылардың жазған дүниелерін «Мөлдір бұлақ» журналына жариялауға уәде берді. 

Кездесу барысында төменгі сынып оқушылары қонақтарға Астана күні мерекесіне орай өздері шығарған өлеңдерін оқып берді. 

Оқушылар үшін тәрбиелік, идеологиялық мәні зор басқосудың соңында сөз алған білім ұясының директоры Роза Қамбарбаева кездесуге келген меймандарға зор алғысын білдіріп, пандемия салдарынан мұндай жылы жүздесулер көптен бері болмай кеткенін, оқушылар бір қанаттанып, болашаққа талаптанып қалғанын жасырмады. Сөз арасында Сәуле Мешітбайқызы да мұғалімдермен, әсіресе оқушылармен кездесу ұйымдастырудағы басты мақсат тек қана газет-журналдың жарнамасын жасап, жазылу науқаныана атсалысуды арттыру ғана емес екенін, ең алдымен оқушылардың дұрыс білім алуына, ол үшін кітапқа, газет-журналдарға деген сөніп бара жатқан қызығушылығын қайта оятуды мұрат еткенін баса айтты. 

Дәл осындай кездесу аудан орталығы Жаңатас қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында жалғасын тапты.     

Жиынды ашып, жүргізіп отырған аудан әкімінің орынбасары Н.Нұралиев экспедицияның мақсаттарын айтып өтіп, оқушыларға білім берудегі мұндай кездесулердің, тәлім мен тағлымға толы дидарласудың берер пайдасы мол екенініне тоқталды.

– Мақсат – сіздердің ой-өрістеріңізді дамыту, білімнің атасы саналатын кітап пен әр парағы тарихқа айналатын газет-журналдарға деген қызығушылықтарыңызды ояту болып тұр. Сондай-ақ осы «Мөлдір бұлақ» журналының жас тілшісі атануларыңызға да мүмкіндік болсын деп, аттың басын бұрып, арнайы сіздерге келіп отырмыз, – деді Н.Нұралиев.

Кездесу барысында С.Мешітбайқызы биылғы экспедиция аясында Жамбыл өңіріне дейін еліміздің тоғыз облысын аралап келгенін айтып өтті.  

– 8-сынып оқушылары екенсіңдер. Сендер ендігі кішкентай бала емессіңдер. Мен де сендер сияқты бала болғанмын. Біз де әр нәрсені армандап өстік. Қазіргідей смартфон, компьютер деген атымен жоқ еді. Тіпті теледидар дегенді де көрмей өстік. Жалғыз радионың өзі біз үшін үлкен жаңалық болды. Бүкіл әлемнің қызығы соның ішінде сияқты көрінетін. Радиодан Ерден атайдың ертегілерін тыңдап отырып «Шіркін-ай, осы ертегідегі ғажайып дүниелерді көзімізбен көрсек қой, ең болмағанда теледидардан суретін көрсек қой» деп қиялға ерік беріп өстік. Қазір сендер бақыттысыңдар. Алдарыңда бәрі бар. Біз ұшатын кілемді ертегіден ғана оқып, оның қандай болатынын қиялымызда ғана суреттеп алатынбыз. Ал бүгінде сол кілем ұшаққа айналды. Ертегідегі айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын құдіретті тылсым дүние қазір телефон, смартфонға айналып шыға келді. Бірақ өкініштісі, өзекті өртейтіні – осы смартфонның пайдасынан да зияны басым болып келе жатыр. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін телефонға телміріп бара жатыр. Бұл бірінші кезекте көз жанарының ерте сөнуіне әсерін тигізіп жатса, балалардың ойлау жүйесін тежеп, есте сақтау қабілетін құрып барады. Мұны әлем ғалымдарының көзі жетіп, дәлелдеп, тұжырым шығарып қойған. Сондықтан біздің осында келудегі басты мақсатымыз – өздерің сияқты баршы еліміздің балаларының кітапқа деген қызығушылығын оятсақ дейміз. Әрине жеделдік үшін бүгінгі интернеттің жетістігі саналатын сайттар мен әлеуметтік желінің пайдасын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ ондағы контенттің, жазылған дүниенің бәрі бірдей сапалы, бәрі бірдей шынай өмірдегідей емес. Ал газет-журналдағы тілшілер бәрін, саралап, сараптап, жеті рет өлшеп, бір рет кесіп барып жарыққа шығарады. Өйткені басылымға артылар жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Бір басылып кеткен соң оны өшіру, тіпті тарих бетінен жойып жіберу әсте мүмкін емес. Ал жауыннан кейінгі саңырауқұлақша қаптаған сайттар мен әлеуметтік желі қолданушылары ойына не келсе, қолына не ақпарат тисе соны жариялай салуға өте әуес болып кетті. Бұл ұрпақ санасын, ұрпақтың интеллектісін құртып жатқан құбылыс болып барады. Сол үшін мен сіздерді бір уақ телефоннан бас көтеріп, уақыт тауып кітап оқуға, газет пен журналдарға да зер салуға шақырамын, – деді С.Мешітбайқызы. 

Жиын барысында оқушылар өздеріне қызықты сұрақтарына жауап ала алды. Мұнда негізінен «Арманға жету үшін не керек?», «Сіз журналист болғым келді дедіңіз, бірақ не үшін ұстаздыққа бет бұрдыңыз?», «Сіз бақыттысыз ба?» деген сұрақтар қойылды. 

Ал ұлағатты ұстаз ретінде Сәуле Мешітбайқызы өзінің бақытты ана екенін, шәкірттерімен бақытты екенін жасырмады. Журналистиканың оқуына түсе алмауын әңгімелеп, мұғалімдікті оқуға тәуекел еткенін, бірақ арман жетегімен 63 жасында бала күнгі журналист болсам деген арманына жеткенін мақтанышпен айтып берді. 

Одан кейін ортаға шыққан оқушы қыз кітап оқуға деген қызығушылығын арттырғысы келетінін, оның жолдары қандай екенін білгісі келді. Ол Абайдың қара сөздерін оқып жүргенін айтып өтті. С.Мешітбайқызы ең бастысы ниет болу керек екенін айтып, оқушыны өзімен дос болуға шақырып, алдағы уақытта екеуі онлайн эксперимент жасап көруге уәде етті. Яғни С.Мешітбайқызы еліміздің қай қиырында жүрсе де телефон арқылы тапсырма беріп отырып, кітапқа деген қызығушылықты Абайдың өзін танудан бастайық деп келісті.

Мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін жас маманы Әсел Ишанбекова бұрынғы ұстаздарды үлкен тұлға көріп өскенін, ал бүгінгі кей замандас мұғалімдерге көңілі толмайтынын жасырмады. Сөзінің соңында Сәуле апайына бұрынғы мен қазіргі ұстаздың айырмашылығы, артықшылықтары мен кемшіліктері жайлы ой білдіруін өтінді. С.Мешітбаева бұрынғының ұстаздары білімдірек болғанын, тәртіпті талап етенін тілге тиек етсе, қазіргі ұстаздарға бір жағынан жаны ашыса, бір жағынан қарны да ашатынын ашып айтты. Себебі, жанының ашитыны – оқушы мен ата-ананың мұғалімге деген құрметінің, ізетінің төмендеп кетуі, қарнының ашатыны – білім беруге керекті бүкіл мүмкіндік бола тұра, өздерінде ізденіс аз, енжарлық басым.

Жалпы қос білім ошағында өткен кездесуде оқушылар мен мұғалімдер алғашында ашыла алмай, тақырыпқа қосыла алмай тосырқап отырғанымен кейін келе бұл кездесудің көп жиналыстың бірі емес екенін ұғынып, арты емен-жарқын әңгімеге ұласты. Тіпті жиын соңындағы жалпы фотоға түсуден кейін апайларымен жеке-жеке естелікке суретке түсіп жатты. 

Экспедицияның тағы бір бағыты – ауылдардың ажарын аша түскен, көпшіліктің қуанышы еселеген «Ауыл – Ел бесігі» жобасының ауданда атқарылу барысына келсек. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Жаңатас қаласының 4-шағынауданындағы жалпы ауданы 2798,3 шаршы метрді құрайтын 56 пәтерлік №15А көпқабатты тұрғынүйі пайдалануға беріліпті. Қазіргі уақытта 2021 жылы Жаңатас қаласында 2 көпқабатты тұрғын үйді қайта қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл пәтерлер желтоқсан айындағы мерекелік іс-шараларда кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады.

 

Таласта бес жобаның бағы жанбақ

Талас ауданында 2021 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар көңілге қонарлық-ақ екен. 

2021 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасына ауданнан Ақкөл ауылдық округі кіріп отыр. Мұндағы халық саны – 2316 адам.

2021 жылдың бюджетін нақтылау кезінде республикалық және аудандық бюджеттен 5 жобаға қаражат қарастырылыпты. Атап айтқанда, Ақкөл ауылына спорт кешенінің құрылысын салуға 163957 мың теңге бөлінген. Жоба қаржысының бүгінгі күнге игерілуі – 159,6 миллион теңге болса, жұмыстар 50 пайызға атқарылып отыр және ауыл ішіндегі 19 көшені орташа жөндеу жұмыстарына (19 көше 4 жобаға біріктірілген) 273142 мың теңге (республикалық бюджеттен 245827 мың, аудандық бюджеттен 27315 мың теңге) бөлініп, бүгінгі күнге 266322 мың теңге игеріліп, жұмыстар толығымен аяқталған.

Сонымен қатар 2021 жылы Үшарал ауылындағы ауысымына 45 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория салуға 123 955 мың теңге бөлінген.

«Nur Otan» партиясының Талас ауданы бойынша  2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасымен белгіленген міндеттері бойынша 2021 жылдың 10 айының орындалу барысы көз жүгіртсек.

«Nur Otan» партиясының Талас ауданы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасы іске асыру үшін 7 негізгі басымдықтар бойынша 94 іс-шаралар жоспары қарастырылған. 2021 жылы 75 тармақты іске асыру жоспарланған. Есепті кезеңде 75 тармақтың 46 тармағы орындалды, 14 тармағы орындалу барысында, 14 тармағы орындалмайды, 1 орындалмады.

Енді осы атқарылған, алдағы уақытта аяқталуы тиіс жобалар мен басымдықтардың біршамасына тоқталып өтсек. 

«Экономикалық тұрақты аудан» бағыты бойынша 23 тармақ жоспарланған, оның 16 тармағы орындалған, 3 орындалу барысында, 4 тармақ орындалмайды.

2025 жылға дейін 5 инвестициялық жобаны іске асыру және жұмыс орындарын ашу жоспарланған.

Тарқатып айтсақ, ауданда құны 1867,6 миллион теңгені құрайтын, қуаттылығы 4,5 мВт болатын жел электр энергиясын өндіру мақсатындағы «Wind Power city» ЖШС-не Қызыләуіт ауылдық округінен 21 гектар жер учаскесі бөлініп берілді. Жоба іске асқанда 12 жұмыс орны ашылады. Жоба ҚР Энергетика министрлігінің тізіліміне енгізілген. «Wind Power city» ЖШС тарапынан ауданға 1829 миллион. теңге инвестиция тартылды. 2020 жылы құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылды. 11 адам жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ жалпы құны 1867,6 миллион теңгені құрайтын, қуаттылығы 4,5 мВт болатын жел электр энергиясын өндіру мақсатындағы «Wind Electricity» ЖШС-не аудандағы Қызыләуіт ауылдық округінен 22 гектар жер учаскесі бөлініп берілді. Жоба Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің тізіліміне енгізілген. «Wind Electricity» ЖШС тарапынан ауданға инвестиция тарту мақсатында 1829 миллион теңге инвестиция тартылды. 2020 жылы құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылды. 10 адам жұмыспен қамтылды.

Бұдан бөлек 2025 жылға дейін цианид натрийдің экспортын 6 мың тоннаға дейін ұлғайту ойда бар екен (2021 жылы 5 мың тоннаға дейін).

2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында «Талас Инвестмент Компании» ЖШС 10230 тонна натрий цианидін және 3195 тонна аммоний сульфатын өндіріп, ақшалай 11 миллиард 034 миллион теңгені құрады. 4000 тонна өнімді Ресей мен Тәжікстанға экспортқа жіберді. Қаражаты 4 миллиард 200 миллион теңге. Бұл бағыттағы іс-шаралар орындалуда.

Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, төрт жақты келісім шартқа сәйкес жыл сайын 30-дан кем емес жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді кәсіби оқытудан өткізу көзделген.

«Қаратау технология, бизнес колледжі» арқылы «Бағдарламашы» мамандығына – 15, «Автомобиль жөндеу шебері» мамандығына – 15, барлығы 30 адамды оқытуға жолдама беріліп, биылғы 26 сәуірден бастап онлайн түрде оқытылып, оқуларын аяқтады. Облыстық бюджеттен жоспарланған 6,7 миллион теңге қаржы толық төленді.

Ал жыл сайынғы жәрмеңкелерді ұйымдастыру, азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру бойынша апта сайынғы мониторинг жүргізу тармағы бойынша, бүгінгі күнге дейін Талас ауданы ауылшаруашылығы тауар өндірушілері наурыз айынан бастап Тараз қаласындағы 8 ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысты. Сонымен қатар Қаратау қаласында наурыз айынан мамыр айына дейін ұйымдастырлған жәрмеңкелерге жүйелі түрде қатысып отырды. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 18-19 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласында өткен Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер жәрмеңкесіне де Талас ауданы кәсіпкерлері өз өнімдерін ұсынды. 

Тізбелей берсек, экспедициямен болған аудандарда тілге тиек болар тындырымды тірлік көп-ақ. Оның бәрін бір мақалаға сыйғыза салу да оңай шаруа емес. 

Ең бастысы «Ауыл – Ел бесігі» жобасына ризашылығын білдіріп жатқан жұртшылықтың қуанышын байқадық. Ал еліміздің бас партиясының да қатаң бақылауы, сайлауалды бағдарламасы негізінде түзілген Жол картасы аталған жобалардың сапалы жүзеге асуына үлкен септігін тигізіп-ақ тұр.

 

 

Жасұлан СЕЙІЛХАН, Жамбыл облысы
02.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 199
Жамбыл облысында 500-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды
Р.Ш.Шарипов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 09.12.2024 35
ЖОЛДАР ТАЗАЛАНЫП, ИНЕРТТІ ЗАТТАР СЕБІЛІП ЖАТЫР
Сарысу ауданы әкімдігі - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 214
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 214
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 232
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 214
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 203
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 197
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 222
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 210
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 218

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10495
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9476
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12711
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11681
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16693