«Ауыл аманаты – ел аманаты» атты дәстүрлі экспедициямыздың қорытынды дөңгелек үстелі Астанада өтті
ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ КӨТЕРІЛГЕН ӨҢІРЛЕРДЕГІ ӨЗЕКТІ ПРОБЛЕМАЛАР
Қызылорданың Шиелі, Жаңақорған, Жалағаш аудандарында болдық. Жаңақорғанда Қожакент деген ауыл бар. Ұйымшыл, өте әдемі ауыл. Осы ауылда №168 мектеп бар. Өте ескі мектеп. Апатты жағдайда. Пәлен жылдан бері жазып, айтып келеміз. Бірақ биыл тағы да барғанда әлі де сол мектепте балаларымыз оқып жатқанын көрдік. Масқара емес пе? Шиелі ауданында ауру-сырқау, обыр, туберкулезбен ауыратындар, мүгедек балалар көп. Неге? Себебі мұнда уран өндіріледі. Оның зиянын айтып, ең болмаса өтемақы төлеуді ескерген билік болмай тұр. Сұлутөбе ауылында атақты Мұстафа Шоқай бабамыз дүниеге келген. Әлемге танымал перзентіміздің ауылында болғанда қатты ұялдық. Жолы нашар, газы жоқ. Оның үстіне көшелері лас, күтімсіз ауылды көріп, көңіліміз қалды. Жалағаш ауданында Жаңадария, Аққыр деген іргесі сөгілмеген ауылдар бар. Қашықтағы ауылдар болған соң ба, су мәселесі қиын. Көшелері қурап тұр. Аққыр ауылында мәдениет үйінің жоқтығы қанша көтерілсе де, әлі күнге дейін салынбай жатыр екен. Ауылдардан жастар осындай себептермен қалаларға кетіп қалған.
Ақмола облысының ардагерлерімен кездескенде мынадай кемшіліктерді жеткізді. Зеренді ауданында 79 ауыл бар екен. Осы ауылдардың ортақ проблемасы – жем-шөп өте қымбат. Мәселен 1 түк шөп 18 мың теңге. Көмірдің тоннасы 22 мың теңге. Ол бағалар жыл сайын қымбаттап, өсіп жатыр. Оны қалай тоқтатуға болады? Ауылдардағы жолдар сын көтермейді. Қостемір, Қызылқайнар, Үлгілі, Қошқарбай, Кенөткел, Ұялы және тағы басқа ауылдарда осындай ауыр жағдай. Сандықтау ауданында тіптен интернет атымен жоқ.
Жетісу облысында «Ауыл аманаты» жобасы жақсы жүзеге асып жатыр екен. Себебі мұндағы берілер несие бар болғаны 2,5 пайыз. Бірақ жобаның кемшіліктері де бар екен. Кепілге қоятын нысан табу оңай емес. Ауылдағы үйлер, мал, дүние кепілге жарамайды. Тиісті орындар осыған көңіл аударса дейді. Алматы облысында Іле, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарының ортақ көкейтесті мәселесі – су мәселесі. Мәселен осы аудандар жерін басып өтетін БАК деген Қонаев салған канал бар. Қазір сол каналдың жағдайы өте мүшкіл. СПК барда аздап жөндеу жасайды екен. Қазір мүлдем жөнделмейді. Сынған, опырылған, қоқыс, шөгінді басқан. Жастары жоқ ауылдың болашағы жоқ қой. «Дипломмен ауылға» деген ескі бағдарлама бар. Осы бағдарламаға сын көп. Мысалға бөлінген қаржысы өте аз. Үй алуға да жетпейді.
- Ауылшаруашылығында шаруалар субсидия ала алмай қиналады.
- Сарқан ауданында шаруалар өткен жылы соя өткізіп, әлі күнге ақшаларын ала алмай жүр.
Алматы облысын айтқанда Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоғандағы шулы мәселелерді айтпауға тағы болмайды. Біздің тілшілеріміз осы ауылдың проблемасымен 9 ай үзбей айналысты. Кемертоғандағы №17 квартал мәселесі бүкіл Қазақстанда бар. Біз осыншама уақыт жүріп, Мәжіліс депутаттары бар, әйтеуір, бетін бері қараттық. Бірақ басқа ауылдардың, кварталдардың жағдайы не болмақ? Кеше сейсенбіде Кемертоғанның басқа тұрғындары үлкен көшені жапты, облыс әкімшілігіне барды. Проблема ортақ. Электр, ауызсу, жол, мектеп, жер мәселелері. Бүгін біз осы дөңгелек үстелге Кемертоғанның бірнеше тұрғынын Алматыдан арнайы шақыртып, қатыстырып отырмыз. Олар бұл мәселені сіздерге кеңінен айтып береді. Мен осы мәселеде де Кемертоғанға қайта-қайта келіп проблеманы шешуге атсалысқан Мәжіліс депутаттарына халқымыздың атынан алғыс айтқым келеді. Олар Анас Баққожаев, Данияр Қасқарауов, Базарбек Бақытжан. Меніңше, нағыз депутаттар осындай болуы тиіс.
Алматы облысынан көрген мына жайт менің жүрегімді ауыртты. Біздің республикамызда шешілмей жатқан зор проблема қойдың, түйенің жүн, тері мәселесі. 33 жылда осы асыл қазынамыз, биліктің тікелей кінәсінен қаншама жүніміз, теріміз рәсуа болды десеңші! Отырып алып жылағың келеді. Иә, талай жылаған шаруаларды көрдік те. Жақында Ұйғыр ауданында жүнді өңдейтін зауыт бар екенін естіп, соған ерінбей барып қайттық. Рас, бар екен. Бірақ ол өңделген жүн, баға жетпес қазынамыз Қытайға тонналап кетіп жатыр екен. Біз неге осындай зауыттар салмаймыз? Сол жүннен, теріден неге мата жасап, киім кимейміз? Біз қашанғы Қытайға жалтақтаймыз?
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ:
1. Ақтөбелік ауылшаруашылығы мамандарын шегіртке мәселесі алаңдатып отыр. Бүгінде аймақтың 9 ауданында бұл зиянкестің дернәсілі табылған. Шаруалар: «Егер алдағы уақытта өңірде күн қатты ысып кетсе, жәндіктер күрт көбеюі мүмкін, қазір шегірткелерге қарсы жұмысқа селқос қарайтын болса, өңірде құрғақшылық болуы мүмкін. Ол мал шаруашылығына да әсер етеді», – деп дабыл қағып отыр. Егер шегірткелер шабуылы жалғасса, өңірде егіннен егін, шөптен шөп қалмауы мүмкін. Зиянкестердің үйірлі түрінен келетін қауіп көп.
Ауыл шаруашылығы министрлігі ақтөбелік аграршыларға итальяндық шегірткенің басып кіру мүмкіндігі барын жеткізді. Әсіресе, Әйтеке би ауданындағы егістіктер зардап шегуі мүмкін. Аумаққа жәндіктер төндіретін қауіп пен шығындарды азайту үшін мамандар жіберілді.
«Ең үлкен қауіп – Ақтөбе облысында. Біздің барлық назарымыз осы аймақта. Онда штаб жиналысын өткіздік, техниканың дайындығын тексердік. Республика бойынша біз итальяндық шегірткеден 760 мың гектар алқапты өңдейміз. Ал бір ғана Әйтеке би ауданында 211 мың гектар жерде үлкен жұмыс күтіп тұр», – деді Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Алмабек Марс.
2. Ақтөбе облысында су тасқыны кезінде 3232 бас мал өлді. Бәрінің көзі жойылды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мамыр айындағы дерегі бойынша, 1202 бас малға 215,7 млн теңге төленді. Тасқын салдарын жою мақсатында құрылған арнайы комиссия әлі де жұмыстарды жалғастырады. Шығынды есептеумен қатар өтеу де қолға алынған.
Шаруалардың бір алаңы бар: су тасқыны кезінде қырылған мал өтемақысын төлеудің алгоритмі бар – ол үшін өлексесі, сырғасы болуы керек әрі ауылшаруашылығы базасында тіркелгені расталады.
«Ал егер өлген мал министрліктің бірізділендіру ақпараттық дерек қорында жоқ болса, яғни ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына тіркелмеген болса, сырғасы болмаса, құжаты болмаса, қолына малы болғанын айғақтайтын дәлелі оның өтеуін кім төлейді?» дейді шаруалар.
3. Кадр мәселесі. Ауылшаруашылығы саласы мамандарының айтуынша, бүгінде аталған салаға жас кадрлар келгісі келмейді. Облыстағы аграрлық сектор үшін мамандар даярлайтын жалғыз оқу орны – Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінде он екі мамандық бойынша оқытады. Бірақ оқу орнын бітірген мамандар ауылға барып, жермен, малмен жұмыс істеуге құлықсыз.
4. Биылғы су тасқыны кезінде еліміздегі үш облыстағы тұқым қоймаларын су басты. Соның бірі – Ақтөбе облысы. Құзырлы ведомство мәліметіне қарағанда,
Ақтөбе облысына 80 тонна тұқым су астында қалған. Мұндай мәселеге тап болған диқандар тұқым тапшылығына тап боламыз ба деп қобалжығаны рас.
Бүгінде Ақтөбе облысында жоспарланған егіс алқабының 80%-на тұқым себілген, көктемгі егістік науқаны аяқталуға жақын.
Шаруалар тұқымның сапасына алаңдайды. Олар бидай 1,2 класты болуы керектігін айтады.
5. Ақтөбе ауыл шаруашылығы стансасының базасында жылқы шаруашылығы институты құрылады. Мамыр айында Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде вице-премьер Серік Жұманғарин осылай деді. «Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарының бірі, біз қазір оған үлкен маңыз беріп отырмыз. Жылқы шаруашылығы институты құрылғаннан кейін Ақтөбе облысы Қостанай, Адай жылқысы сияқты асылтұқымды, спорттық жылқыларды, сондай-ақ ет бағытындағы жылқыларды зерттейтін әрі дамытатын орталыққа айналады», – деп атап өтті Серік Жұманғарин. Әрине, бұл жақсы жаңалық. Бірақ оның екінші жағы тағы бар.
«Әзірге Ақтөбеде жылқы еті мен қымыз қабылдайтын өндіріс орындары жоқ. Сондықтан жылқы етін қабылдайтын ет комбинатын және қымыз қабылдайтын дүкендердің санын мейлінше көбейткен абзал. Өйткені қазір облыста жылқы өнімдерін сыртқа шығаруға мүмкіндік бар. Облысқа жылқы өнімдерін шетелге шығарумен айналысатын мамандандырылған мекеме керек. Өйткені өнім әлемдік стандартқа сай келетіндей болуы керек. Бұл мәселелер дұрыс шешілген жағдайда ғана, жылқы өнімі бәсекеге қабілетті бола алады. Жылқы шаруашылығын дамытуға қатысты проблема көп. Ең бастысы, асылтұқымды жылқы шаруашылығын дамытуда селекциялық жұмыстар үшін Үкімет тарапынан субсидия берілгені дұрыс. Бүгінгі күні шаруашылықтар үшін қажетті мамандар мен жылқышының жетіспеуі де өзекті мәселеге айналып отыр. Сондай-ақ, мал ұрлығы да жанға қатты батады», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Серікбай Рзабаев.
ҰЛЫТАУ ОБЛЫСЫ:
Қазір өңірде қой құрып барады. Бұлай кете берсе, «Қызыл кітапқа» кіретін түрі бар.
Қой басын азайтуға жайылымдық жерлердің жоқтығы, қойдың жүнін, терісін өткізетін арнайы орындардың болмауы, малшының жоқтығы, шабындықтың жоқтығы, жемшөптің тапшылығы себеп болуда. Бұл мәселелер мемлекет тарапынан еш шешімін таппай отыр.
Қазір қолы ұзындар қалада отырып жерлерді бөліп-бөліп алған. Малмен айналысқысы келетіндерге жер жоқ.
Ауылдарда су, жол мәселесі қиын.
Жылқыны дала малы деп шамадан тыс өсіріп, жер жетпей қиянға кетіп жатқандар, салдарынан малы шығын болып жатқандар аз емес. Оған биылғы қыс дәлел.
Бірнеше үйір жылқыға шөп тауып бере алмай, әр өңірде жүздеген жылқы қырылып қалды.
Оны өздерінше жұт деп жүр. Ол жұт емес, жауапкершіліктің жоқтығы.
Малына шөп дайындап, оны дер уақытында бермеді. Салғырттықпен қарады.
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ:
Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданындағы бұрынғы Қаратау совхозы бір кезде дүрілдеп тұрған шаруашылық еді. Қазір «Нығмет Нұрмақов атындағы ауылдық округ» деп аталады. Орталығы Өсібай ауылы бұрын Қазыбек би ауданының орталығы болған. Округ орталығы Өсібай ауылында 45 түтін, екі жүзге жуық адам бар. Ауылдың өзіне шақ медпункті, мәдениет үйі, бастауыш мектебі мен кітапханасы бар. Өсібайда жарықтандыру мәселесі де мәз емес көрінеді. Жалпы, жарық мәселесі бұл өңірде жол проблемасымен қатар айтылып келеді. Кеңес дәуірінде тартылып, ондаған жылдар бойына жаңартылмаған желілер жел тұрса, үзіліп жататын жағдай жиі болып тұрады. Ең бір қиыны – Нұрмақовта ұялы байланыс жоқ. Егіндібұлақта бар, арғы жағындағы ауылдарда да бар, тек осы ауылға бұйырмай тұр. Сандықтау ауданында да ұялы байланыс, интернет атымен жоқ.
Бұл мәселе де қаражатқа тіреліп тұрған көрінеді.
Абыз ауылында байланыс бар, бірақ интернет жоқ. Бірақ ауыл аудан орталығынан небәрі 100 шақырым жерде орналасқан. Бізде ауылда 300-ден астам тұрғын, «Қазақмыс» корпорациясының 500-ден астам қызметкері тұрады. Интернет бізге өте қажет, – дейді ауылдың тұрғыны Ермек Нұржанұлы.
Сонымен қатар ауыл тұрғындары жайылым тапшылығына шағымданады.
Жиынға келген аудан, ауыл тұрғындарының басым бөлігінің басты мәселесі – жер тапшылығынан ауылды жерде қолда бар азын-аулақ малын жайылымға шығару мұң екенін айтып шағымданады. Себебі, ауыл айналасындағы бос жердің иесі бар. Не өзі кәдеге жаратпайды, не басқаға пайдалануға рұқсат жоқ. Жер мәселесі өзекті. Мал басы болса жыл сайын өсіп отыр.
Ауылдар жас мамандарға зәру. Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқановтың айтуынша, өткен жылы «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауданға 26 жас маман, оның ішінде 7 дәрігер келген екен. Медицина қызметкерлерінің тапшылығы әлі де бар, әсіресе бейінді мамандар жетіспейді.
Осакаров ауданында 43 проблема көтерілді, олардың жартысынан көбі шешілген. Олардың қатарында білім беру, мәдениет нысандарын жөндеу, Молодежныйдағы Абай атындағы мектеп жанындағы аумақты абаттандыру, Осакаровкадағы спорт алаңдары мен бағдаршамы жоқ.
Мал ұрлығынан басқа мал ауруларының да алдын алуда салғырттық кездеседі. Қарағанды облысындағы сегіз ауылда санитария шектеулері енгізілді. Ауылдан сиыр бруцеллезі анықталған. Инфекциялық ауру Абай, Шет, Нұра және Қарқаралы аудандарында анықталған. Дәрігерлер аталған кесел белгілері адамдардан білінген жоқ дейді. Бруцеллез адамға ауру малдың еті мен сүтінен немесе мал сою кезінде адам денесіндегі ашық жаралар арқылы жұғады.
Басшымыз Сәуле Мешітбайқызымен бірге «Ауыл аманаты – Ел аманаты» экспедициясы бойынша Ұлытау, Маңғыс-тау, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Абай, Шығыс Қазақстан облыстарын аралағандағы байқағандарымыз:
1) «Жер аманаты» бойынша Ұлытау өңірінде мәселе көп екен. Кезінде жүз гектарлап, мың гектардан жер иеленіп алған кейбіреулер не жердің салығын дұрыс төлемеген, не жерді игеріп шаруашылықпен, әлде егістікпен айналыспаған. Сол жерлерді кері қайтару өте қиындықпен жүріп жатыр екен.
2) Батыс өңірде, Жезқазған секілді қалаларда «Балағын қысқартқандар мен сақалын ұзартқандар» көбейіп, қоғамға мазасыздық тудыруда екен.
3) Мектеп оқушылары арасында орамал салғандар көбейіп, оқушылар жіктеліп бара жатқанын айтты. Бұл үрдіс бастауыш сыныптары арасында қауырт асқынып, мұғалімдердің өзі әрі-сәрі күй кешіп, не істейтіндерін білмей жүр екен. Оқушыны шектесе, ата-ана араға түседі. Нақтылы ереже болмаған соң, қоғам мен мектептің арасында кикілжіңдер туылыпты.
4) Балалардың білім деңгейін, оқу сапасын жоғарылатудан бұрын орамал байлау мен жалаңбас жүру арасында айқын жіктелу көрінеді.
5) Оқушылардың жаппай телефонға кіруі, әлеуметтік желіге шұқшиюы асқынып, балалар басылымын жаздырып алып оқу мүлде азайып кеткен. «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру көп жерде ұранға айналып, формасы барда, дәні жоқ. Ордасы барда, мәні жоқ.
6) Жер-жердегі мектептерде ұлттық құндылық пен біртұтас тәрбие беру әлсіз. Көбінде білім беру, қосымша сабақ алу, ҰБТ-дан жоғары балл алу басты нысанаға айналып, адам етіп тәрбиелеу, ұлт патриоттарын жетілдіру екінші орынға түскенін байқадық.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ:
1. Облыстың Теректі ауданына қарасты Подстепное селолық округінің тұрғындары ауа райының қолайсыз кездерінде көшедегі шалшық су мен езілген балшықтың зардабын тартып келеді.
2. Осы Подстепное елді мекенінің бірқатар көшелерінің атауы қазақшалана бастағанымен, әлі күнге ауылдың атауы сол күйі өзгеріссіз қалып келеді. Бір кездері ауылдың атауын «Төркінжол» деп қазақыландыру туралы ұсыныс болған екен. Өкінішке орай, жергілікті халықтың басым даусымен өзгеріссіз қалған. Мұны ауылдық округ әкімі Мейірбек Сұлтанов та жоққа шығармай, ауылдың атауын өзгертуге тұрғындардың басым бөлігі, әсіресе жастар қарсы екенін айтты.
3. «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жобаларды қолға алатын мердігерлер мен техникалық қадағалаушылардың (технадзор) жергілікті жерден болмауы өзекті күйінде қалып отыр. Себебі көп жағдайда миллиардтап бөлінген ақша толық игерілмейді. Оған қоса мердігер мекемелер су құбырларын жүргізу мақсатында қазған шұңқырларын, үйілген топырақтарын сол күйінде қалдырып кетеді. Оның зардабын қарапайым халық тартады.
4. Ауылдық жерлерге дәрігерлерді тұрақтандыру үшін оларды баспанамен қамтамасыз еткен дұрыс. Сонымен қатар жастарды жұмысқа тарту үшін олардың жалақыларын көтеру керек.
5. «АMANAT» партиясы Теректі аудандық филиалының төрағасы Мирхат Мақсотұлы да халықтың көкейіндегі мәселелерден құлағдар етті.
– Мемлекеттік тапсырыс, тендер деген дүниелер бар. Негізінен қай жұмыста да мердігердің өз облысымыздан болғаны дұрыс. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының да жүйесі қазір өзгеріп кетті. Бұрын қай ауылға қандай маман қажет екенін комиссия шешетін еді. Ал соңғы жылдары ХҚКО-ға кімдер бірінші құжатын тапсырса, бағдарламаға бөлінген қаржыға сол адамдар ие болады. Оның үстіне бұл жүйеге «Отбасы банк» те енгізілді, – дейді филиал төрағасы.
6. 55 жылдық тарихы бар Теректі колледжінің ұжымы да өздерінің жанайқайларын жеткізді. «Жеті мамандық бойынша мамандар, соның ішінде ветеринарлар мен аспаздарды, жұмысшы мамандықтарын дайындаймыз. Алыс аудандардың жасөспірімдері келіп оқиды. Алайда ғимаратымыз ескі, тар, күрделі жөндеуді қажет етеді», – дейді оқытушылар.
ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ:
Жангелдин ауданында
Ахмет ауылы мен Қызбел ауылының жолы, Торғай ауылындағы, ауызсу, газ мәселесі өзекті болып тұр. Қазір күнделікті тұтынатын газ жоқ. Себебін сұрасақ баллонға құйып дайындайтындар жұмысын тоқтатқан. Себебі жұмыстары «заңсыз» көрінеді... Ел осының салдарынан пеш жағуға мәжбүр болып отыр.
Ақкөл мен Байтұрсынұлы ауылының электр жарығы су тасқыны салдарынан өшкен. 2 айдан асты. Ауыл тұрғындары жарықсыз отыр. Осы мәселе де әлі күнге шешімін тапқан жоқ.
1. Арқалық қаласының 200-дей судан зардап шеккен тұрғындары үйлеріне жөндеуге төлемақы ала алмай қалды. Қала бойынша 700 үйді су басып, бір реттік 368 мың теңге төлем алды, соның 200-дей отбасы жөндеу жұмыстарына 27 сәуірге дейін арыз жазбадыңдар деп шағымдарын қабылдамай, сот табалдырығын тоздыруда.
2. Арқалық қаласына қарасты Қызылжұлдыз суға кетіп, 189 адам көшіріліп, 38 үй құлады. Қала билігі алдап-арбап, бәріне қаладан үй алып берді, мақсат елді мекенді қайтып салуға құлықсыз болды. Ауылда тоғыз жылдық мектепте 40 шақты ауыл тұрғындары жұмыс жасап, қалғаны малмен күн көретін. Жұмыс жоқ Арқалыққа Қызылжұлдыздың 38, Екі діңнен 26, Аманкелдіден 17, Торғайдан 13 отбасы көшіп келетін болды, бұл азаматтар қалада қалай күн көреді, бірде-бір өндіріс орындары жоқ қалада не істемек? Пәтер сатып алуда да әділетсіздіктер орын алды, біріне 12, біріне 18 миллионға пәтер берілді. Қаламызда пәтер бағасы еш негізсіз өсіп кетті, қаламызда сатылымда 500-дей жарнама болған екен. Бір бөлмелі пәтер 4-5 миллион болса, қазір 10-12 миллионға көтерілді. Егер қаладан пәтер алатындарға 12 миллионнан ақшасын бергенде пәтер көтеріліп кетпес еді, әркім өзіне керегін ғана алар еді ғой.
3. Аманкелді ауданында 130 үй суға кетті, орнына 19 ғана үй салынуда, суға кеткен мал тым көп, өлексесі табылған малдарға өтемақы берілді, ал ағып кеткен малдар үлкен мәселе болып тұр. Қазір халық өлексеге таласуды бастады. Аманкелді ауданының өзінен суға кеткен малдың саны бес мыңнан асады.
4. Оның сыртында алты шаруа қожалықтардың судан құлаған үйлері мен қораларына өтемақы төлеуден бас тартты, себеп үй, қора салған жерлеріңіз ауылшаруашылығын жүргізу үшін ғана берілген деген сылтау болып тұр. Үйлердің де, қоралардың да толық құжаттары бар, тех паспорттар, актілері түгел. Шаруалардың басты мақсаты – аман қалған малды сақтау.
ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ:
1. Шаруалар қол астында жұмыс істейтін жұмысшыларды ресми тіркей алмайды. Себебі мансап орталықтары олардан диплом талап етеді. Дипломы бар адамның малшы болуы екіталай.
2. Мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтарға шопан жетіспейді. Шопандық Кеңес Одағындағыдай беделді мамандық емес. Оның үстіне шопандар кейде тіпті қожалықтан мал ұрлайтын да жағдайлар кездеседі. Алайда жақсы, тұрақты жұмыс істеуге ниетті шопандарға шаруалар жақсы айлық төлейді.
3. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша мал мен техникаға берілетін несие тоқтатылды. Кәсіп ашуға екпін беріп жатыр. Алайда ауылды жерлерде кәсіп ашу соншалықты тиімді емес. Адам саны аз. Тұтынушылық қажеттілік төмен.
4. Шаруалар аграрлық несиелік корпорациядан 22 пайызбен несие алады. 22 пайыздың 16 пайызын мемлекет төлейді. Алты пайызы шаруалардың өзіне қалады. Жергілікті бюджетте қаражат болмаған жағдайда 16 пайызды алты пайызға қосып, шаруаның өзі төлеуге міндетті. Алайда, жергілікті бюджетке қаражат келгеннен кейін 16 пайыз шаруаның өзіне мемлекет тарапынан қайтарылады. Шаруалардың сұранысы мынадай. «Неге «Қазагроқаржы» корпорациясына аталған 16 пайыз соманы тікелей аударып, шаруалардың құзырына алты пайызды төлеуді қалдырмасқа?» Шаруалардың арасында аталған 16 пайыз мемлекет тарапынан 1-1,5 жылға дейін төленбеген жағдайлар кездесті. Бұл олар үшін үлкен салмақ. Шаруалар бұл қаражаттың өздеріне кейін міндетті түрде қайтарылатынын жақсы біледі. Бірақ, бір мезетте соншама соманы төлеу қалтаға әжептәуір салмақ салады.
5. Өкінішке қарай, қазір жыл сайын жауатын қардың да көлемі азайып кетті. Осыған байланысты егінмен айналысатын шаруалар тамшылатып суару және жаңбырлатып суару жүйелерін жетік меңгеру үстінде. Қазір мемлекет тарапынан құдық, яғни ұңғыма қазуға 80 пайызға дейін субсидия беріліп жатыр. Бұл – Су ресурстары және ирригация министрлігінің тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау. Субсидияның 50 пайызы республикалық бюджеттен, 30 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінген. Шаруалар тамшылатып және жаңбырлатып суаруға да құдық қазуға берілген секілді 80 пайыз субсидия берілсе дейді.
6. Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Н.М.Нұржігітов бізге Төле би ауылындағы газ торабын мемлекетке сатып алып, халыққа көгілдір отынды қолжетімді бағамен кіргізбекші болады деп қуанған едік, бірақ Н.Нұржігітов басқа жұмысқа жоғарылап кетіп, арманымыз орындалмай қалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзінің де қолдап отырғанына қарасақ, Төлеби ауылындағы тұрғындардың көпшілігі – 2000-дай отбасы көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. Бұл – халықтың басым көпшілігі.
Облыстық мәслихаттың облыстық бюджеттен газ тасымалына деп, 2016 жылы №7-3 шешімінің қосымшасы бойынша 2 млрд 475 млн теңге қаржы бөлгізіп, тұрғындарды 120000 теңгемен газдандырудың орнына 210000 теңгеге қалталарын қағып, газдандыру бағасын 330000 теңгеге бір-ақ көтереді.
7. Талас ауданы Есейхан ауылын жол, ауызсу, интернет, газ мәселесі толғандырады.
8. Несіпкүл Кезеңбаева Меркі ауданының қарт кәсіпкері. Өмірі несие алмаған. Лизингпен алынған тракторын қиянат жасап біреулер тартып алды. Өткен қыста Астанада бір ай жатып, ақыры Ауыл шаруашылығы министрлігіне кірген. Тракторын алып беруге уәде берген. Осы күнге дейін әлі хабар жоқ.