Ауылды күйрететін заң әзірленіп жатыр ма?

Ауылды күйрететін заң әзірленіп жатыр ма?

Жақында ғаламтор беттерінде «Ауылшаруашылығы министрлігінде ауылдық жерлердегі мал санына шектеу қоятын заң жобасы әзірленіп жатыр», – деген хабар қызу талқыға түсті. Көптеген адамдар бұған бірден қарсы шықты. Ал мәселеге екі жағынан көзқарас білдірген бірлі-жарым мамандар «экологиялық, санитарлық талаптарды ескергенде мұндай заңның қолданысқа енгізілуіне қарсы емеспіз, алайда жайылымдық жерлер жеткілікті болса, мал санына шектеу қоюдың қажеті жоқ», – деген пікір айтты. 

Көпшілік бірден қарсы шықты

Ауыл десе, бар қазақтың құлағы елең ете қалары сөзсіз. Өкінішке қарай, тап қазіргі күнде ауылдардан әр кетті. Баяғы ырысы шалқып жатқан ауылдар жыл өткен сайын тозып барады. Ұлан-ғайыр даланың төсінен мал да кетті, адам да кетті. Дегенмен еліміздің 42 пайыз жан саны әлі де ауылдық жерде тұрады. Ендеше 7-8 миллион адамның өмір сүруін қамтамасыз ету үшін ауылды дамыту – мемлекеттің маңызды стратегиялық жоспарларының бірі демеске шара жоқ. Бізде әр жылы ауылдарға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Кейбіреуі халықтың көңілінен шықса, кейбіреуі сәтсіз аяқталумен келеді. Ал кезекті заң жобасына пікір білдірген азаматтар «Ауылдардағы мал басын шектеу» ауылды күйретуге соқтыруы мүмкін дегенді ашық айтып жатыр.

 

Бұл қандай заң?

Жұрттың қарсылығын тудырған заң туралы сенімді ақпарат ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің ресми сайтында жарық көрді. «ҚР «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» Заң жобасы: қазақстандықтардың сұрақтарына жауаптар» деп аталатын тақырыппен көпшіліктің көңілін күпті еткен біраз сауалдарға жауап берілген екен.  

«Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әзірленіп жатқан «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасы талқылануда. Ауылшаруашылығы министрлігі аталған заң жобасының қоғамдық маңыздылығына байланысты ең өзекті сұрақтардың жауаптарын жариялайды», – дей келіп «Ветеринарлық заңнама талаптарына сәйкес, әр ауладағы мал санының нормасы қанша болуы керек?» деген сұраққа мынадай жауап берілген. «Малды үй-жайларда, жайылымдарда ұстаудың ветеринариялық-санитариялық және зоотехникалық нормалары бар. Аталған нормалар жайылымдардың өнімділігіне қарай әзірленген. Бұл нормалардан асып кету ауылдық елді мекендер ішіндегі санитариялық гигиенаның нашарлауына, ауылдар маңындағы жайылымдардың тозуына әкеп соғады, бұл сайып келгенде жануарлар мен адамдар ауруларының пайда болу қаупін, экологиялық ахуалдың нашарлауын туғызады. Жоғарыда көрсетілген нормалар негізінде әрбір өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, әрбір аулада малдың шекті санын белгілеу құқығы заң жобасымен тікелей сол немесе өзге елді мекеннің тұрғындарына, дәлірек айтқанда нақты ауыл тұрғындарының жиындарына (жиналыстарына), жергілікті өкілді органдарға (мәслихаттарға) берілген».

 

Ауылда жер тапшылығы реттелген жоқ

Енді осында қарастырылған мәселелерге жан-жақтылы талдау жасап көрейік. Ең әуелі кең-байтақ даламызда шаруашылықпен айналысуға қолайлы жер жетіспейтіндігі анық нәрсе. Оның басты себебі – 49 жылға жалға берілген жерлердің санаулы адамдардың қолына шоғырланып, ауылдағы көптеген адамдардың жерсіз қалғандығы болып отыр. Соңғы жылдары осы проблеманы реттеу үшін мемлекет басшысы игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне алу туралы жарлықтар шығарып, аталған түйінді шешуге тырысып келеді. Алайда соңғы нүктесі әлі қойылған жоқ. Министрліктен берілген жауаптарыдың арасында тағы мынадай мәселелер қозғалған екен. «Азаматтарға жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін берілетін жер учаскелерінің мөлшері қандай?» – деген сұрауға «Жер кодексінде «жеке қосалқы шаруашылық»  ұғымы ауылдық жерде және қала маңы аймағында орналасқан жер учаскесінде өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қызмет түрі ретінде айқындалған. Қазақстан Республикасының азаматтарына ауылдық жерлерде жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін (үй маңындағы және егістік телімдерді қоса алғанда)  – суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар жер учаскелері өтеусіз беріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтар үшін жер учаскелерін беруге өтініш кезекке қойылмайды. Бұл ретте, жер учаскелері – құрылыс кезеңіне жалға, ал жеке меншікке құрылыс пайдалануға берілгеннен кейін беріледі», –  деп жауап берілген.

Ауылдың жағдайын білетін адамдарға бұл жерлердің көлемі өте анық болмақ. «Суарылмайтын жерде 0,25 гектар» дегеніңіз ат арқандайтын жер деген сөз. Шынын айтқанда сізге мемлекеттен кезексіз бөлінген осы меншігіңізге атыңызды бір түн ғана арқандай аласыз. Себебі екінші күні жейтін шөп қалмайды... Ал «суармалы жерде 0,15 гектар жер учаскелері өтеусіз беріледі» дегені бір отбасының бақшасына жетіп қалатындығын байқап отырмыз.

 

Егер заң жүзеге асар болса...

Бұл заң жобалары жүзеге асып, ауылдық жерлерде әрбір отбасында бағылатын мал санына шектеу қойылар болса, міндетті түрде кері нәтиже беруі мүмкін. Ең әуелі министрліктің берген жауабында «әрбір аулада малдың шекті санын белгілеу құқығы заң жобасымен тікелей сол немесе өзге елді мекеннің тұрғындарына, дәлірек айтқанда нақты ауыл тұрғындарының жиындарына (жиналыстарына), жергілікті өкілді органдарға (мәслихаттарға) берілген» – деп көрсетіліпті. Яғни ауылдағылар өздерің ақылдасып шешіңдер дегенді меңзейді. Егер шынымен де билікті ауылдық жиналыстар арқылы шешуге біржолата беретін болса, онда көп проблема туындамауы да мүмкін. Өйткені әр ауылдың жағдайы әр түрлі. Дегенмен бұған мемлекет тарапынан «экология мен санитарлық талаптарды қатты ескеріп» әлдеқандай жасырын нұсқаулар берілмейді дегенге сену қиын. Қазіргі күнде ірі фермерлер мемлекет қазынасын майлы жілікке балап, субсидияны сүлікше соруды әдетке айналдырып алғаны жасырын емес. Реті келгенде бұл монополистер өз мүдделері үшін қабылданатын заңдарға, берілетін нұсқауларға да жасырын ықпал етуі әбден мүмкін.

Ауылдың нақты жағда-йын ескерер болсақ, қарапайым халыққа тиімділіктен гөрі әуресі көп заңдар жұмыс істеп жатыр. Мұнда да жемқорлықтың алуан түрі кездеседі. Жең ұшынан жалғасқан залымдар, мал дәрігерлерінің қолымен от көсеп, қарапайым халықтың қолындағы малдарынан түрлі жұқпалы аурударды «оңай тауып алатыны» бар. 

Осы «ауру малдар» шұжық өндіретін кәсіпорындардың таптырмас шикізаты болып есептеледі. Сондықтан ауылдық кеңестер әділ түрде ауылдың жағдайын ескере отырып, мал санын белгілей алса құба-құп. Керісінше бір отбасыға 5 тауық, 1 сиыр, 10 қой деген секілді өте аз өлшем қоятын болса, онда ауылдың адамдары байласаң да тұрмайтын болады.

Сосын келесі бір мәселе мал бордақылаумен айналысатын адамдарға, жайлымдық жерлердің жетіспеушілігі деген себеп негіз бола алмайды. Егер әлдебір қызылкөз, қорасында 50 бас сиыр бордақылап отырған көршісіне іштарлық қылғысы келсе, ең алдымен қолына жоғарыдағы бекітілген заңды ұстап алып сотқа қарай жанұшыра жүгіруі де мүмкін ғой. Бұл қарапайым мысалдар болғанымен ауылға таңсық емес... 

Сондықтан мал санына шектеу қоюды заңмен бекіту – даму жолындағы мемлекетіміз үшін қазірше ерте дер едік. Себебі ауылдағы ағайын есін жиып, әлденіп, қорланып алғанша оларды барынша қолдап, мал басын көбейтуге, асыл тұқымдар жетілдіруге, сапаландыруға ынталандыратын заңдарды көбейтуіміз керек.

 

Әлемдік тәжірибе не дейді?

Шындығын айтсақ, әлемдік тәжірибеде мал санының көбеюін құптай қоймайды. Себебі экономикалық құн жарату тұрғысынан мал шаруашылығынан түсетін табысты зауыт-фабрикалармен салыстыруға келмейді. Екіншіден, мал бағуға қажетті жайлымдарды егістікке айналдырудың артықшылығын дәріптейтін адамдар да көп (әрине, егіске қолайлы болса).  Сосын планетамыздың басты проблемасы  – ғаламдық жылыну процесіне жануарлар кәдімгідей «есе қосып жатыр» екен. Экологтардың пікірінше Жер шарын ластап отырған парник газдарының 18 пайызын малдар бөліп шығаратын көрінеді. Сонымен қатар жыл өткен сайын су тапшылығы сезіліп отырған қиын заманда малдың басын көбейтудің өзі апатқа бастайтын жол депті мамандар. Бұған су қайнарларының ластануы, судың шамадан тыс пайдаланылуы секілді себептерді алға тартқан. Сондай-ақ экологтар мал санының шамадан тыс көбеюі, жер бетіндегі орман алқаптарының азаюына, жабайы хайуанаттар мен өзге де тіршілік иелерінің құрып-жоғалуына әкеліп соқтыратындығын да дәлелдеген. Сондықтан мал санына шектеу қою керек деп есептейтін табиғат жанашырлары көбейген.

 

Мұндай кемелді заңға біз дайын емеспіз...

Біздің құзырлы мекемелерде дайындалатын, қабылданатын заңдарымыздың көбі дамыған елдерден көшіріліп алынатыны жасырын емес. Өкінішке қарай нақты жағдаймен санасатын заңдар аз. Сондықтан да қазіргі Қазақстан қоғамы дау-дамайдың қайнаған қазанына айналған. Тақырыптан ауытқымас үшін қаузаған мәселемізге қайтып оралайық. «Малды үй-жайларда, жайылымдарда ұстаудың ветеринариялық-санитариялық және зоотехникалық нормалары бар. Аталған нормалар жайылымдардың өнімділігіне қарай әзірленген. Бұл нормалардан асып кету ауылдық елді мекендер ішіндегі санитариялық гигиенаның нашарлауына, ауылдар маңындағы жайылымдардың тозуына әкеп соғады» делінген екен министрліктің уәжінде. Былай қарасаң келісетін де тұстары бар. Ауылдың айналасы, мал көбейген сайын тұяқ кесті болып тақырланып кететіні жасырын емес. Ал санитарлық гигиенаның нашарлауын тудыратын жануарлардың санатына төрт түлікті жатқызуға қимайды екенсің... Жасыратыны жоқ. Ауылда да небір салақ, жалқау адамдар болады. Қорасының іші көң мен қиға, шөп-шалаңның қалдығына толып жататын мұндай отбасыларды ауылдың ішінде жөнге салуға не кедергі? 

Ал жайлымдардың тұяқкесті болып тозуы, су қайнарларының ластануы секілді ауқымды проблемаларды да қатысты орындар ойластырып отыр. Бұл жерде ірі қожалықтардың малдарын дәстүрлі тәсілдерді жаңғырта отырып алыстағы жайлымдарға отарлатып апарып бағуы сынды атадан жалғасып келе жатқан дәстүрлі мал бағу әдісін неге жаңғыртпаймыз? Сонда берекесі үзілмеген ауылдағы әлді ағайындар қыруар малын аяқ жетер алыстарға апарса, ауылға жақын жайлымдар азын-аулақ малы бар көршілеріне молынан жетер еді ғой.

Біздің айтпағымыз, мұндай заңды талқыға салу, оның билігін ауылдағы ағайынға бердік деуге әлі ертерек сияқты. Себебі бізде пайдаланылмай жатқан жерлер көп. Олардың барлығы малға толатын болса, еліміз үшін өте тиімді болар еді. Оның себептері де түсінікті... Сондықтан мұндай заң жобасын талқыға салу біз үшін әлі де ертерек дер едік. 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
09.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 77
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 82
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 183
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 183
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 322
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 325
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 547
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 493

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9198
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8595
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11822
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9591
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10805