Ауызсумен 100 пайыз қамтылады

 Ауызсумен 100 пайыз қамтылады

Иә, бұл болжам емес, нақты жоспар. Түркістан облысының, оның ішінде барлық елді мекендердің тұрғындары 2025 жылға дейін толығымен таза ауызсумен қамтылуы тиіс. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аппараттың кезекті бір апталық мәжілісінде шегелеп тұрып айтқан болатын. 

Жалпы, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, денсаулығын түзету тақырыбы сөз болғанда сапалы ауызсумен қамту мәселесі алғашқылардың бірі ретінде күн тәртібіне көтерілетіні сөзсіз. Өйткені сапалы ауызсу жайы бір өңірдің немесе мемлекеттің ғана емес, әлем алдындағы ортақ мәселе болып тұрғаны жасырын емес.  

Шүкір деп айтайық, елімізде, оның ішінде Түркістан облысында сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші жаман емес және жылдан-жылға жақсарып келеді. Сала мамандарының ұсынған ресми мәліметіне жүгінсек, 2023 жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Түркістан облысындағы 831 елді мекеннің 719-ы (7 қала, 712 ауылдық елді мекен) немесе 86,5 пайызы ауызсумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, биылғы жылы 57 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 13,3 млрд теңге бөлінді. Соның ішінде 43 нысанның құрылысы осы жылы аяқталса, қалған 14 нысан 2024 жылы ел игілігіне тапсырылмақ. Нәтижесінде су құбыры жоқ 17, атап айтқанда, Бәйдібекте – 1, Сарыағашта – 6, Келесте – 4, Қазығұртта – 1, Ордабасыда – 4, Отырарда 1 елді мекен ауызсумен қамтамасыз етіледі. Бұдан басқа 11 елді мекеннің (Бәйдібекте – 2, Қазығұртта – 1, Төлебиде – 4, Мақтааралда – 1, Ордабасыда – 1, Түлкібаста – 2) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. Осыған орай 16 нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. 2015-2021 жылдар аралығында жергілікті атқарушы органдар тарапынан облыс бойынша жалпы 267 елді мекеннің жер асты су қоры бекітілген. Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл 22 елді мекенде іздеу-барлау жұмыстарын аяқтауға, 88 елді мекенде іздеу-барлау жұмыстарын бастауға және 15 шекара бөлімшесінің іздеу-барлау жұмыстарына облыстық бюджет есебінен 1,2 млрд теңге бөлінген. 

Жоғарыда аталған жиында облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы ауызсуға қатысты жобаларды жеделдетуді тапсырып, былай деген болатын: «Ауызсу мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жер асты суын іздеу-барлау жұмыстарын жүргізіп, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, тиісті іс-шараларды жылдамдатқан жөн. Жол карталары мен жоспарлар тағы да нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауызсумен қамту жұмысын 2025 жылы толық аяқтау межеленуі қажет. Елді мекендерді ауызсумен қамту жоспары жан-жақты пысықталып, жүзеге асыру жолдары қарастырылсын. Осы салаға қажетті ұсыныстарды жүйелеп, қаржы бөлу мәселесін шешуді тапсырамын. Таза ауызсу – ұлт денсаулығын сақтаудың кепілі. Сондықтан осы саладағы мәселелер терең талданып, тиісті ұсыныстар айтылсын. Мемлекет тарапынан қаржыландырылып жатқан әрбір жоба қатаң бақыланып, қадағалау жүргізілуі керек». 

Нақты тапсырма, қатаң бақылаудың арқасында бұл саладағы жұмыстар нәтиже беруде. Сөзіміздің дәлелі ретінде Сауран ауданы Аша ауылына жуырда берілген таза ауызсу жайын айтуға болады. Бүгінгі таңда жоспарға сәйкес ауызсумен қамту жұмыстарының ІІ кезеңі іске қосылып, ауылдың барлық тұрғындары таза ауызсуға қосылды. Бұған дейін тұрғындар құдық суын пайдаланып келген. Тұрғындардың қуанышымен бөлісуге келген аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев алдағы уақытта тағы да бірқатар ауыл тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізетінін атап өтті.

– Өркениетті елдерде тұрмысқа қажетті игіліктер шалғай ауылдарда да қолжетімді болуы тиіс. Бұған Үкімет те айрықша көңіл бөлуде. Су – тіршіліктің нәрі. Бүгін сіздер үшін тіршілік қайта оянды. Себебі көптен күткен ауызсуды іске қосқалы жатырмыз. Қуаныштарыңызбен құттықтаймын! – деді аудан басшысы.

Аша ауылына қуаныш сыйлаған жобаның құны – 628,203 млн теңге. «Тереңдігі 720 метр 2 дана су ұңғымасы қазылып, сыйымдылығы 200 м3 2 дана су қоймасы салынды. Сондай-ақ, магистральді таратушы құбырдан – 22,27 шақырым, абоненттік құбырдан – 13,753 шақырым жүргізілді. Бас мердігер мекеме – «Саулет-Бетон» ЖШС. Ал авторлық қадағалаушы мекеме – «ПСИ Каз Нур» ЖШС. Техникалық қадағалаушы мекеме – «SK Best Spes Story KZ» ЖШС. Ауданға қарасты Ескі Иқан, Ибата, Қосмезгіл, Жүйнек, Қарашық, Шорнақ елді мекендерін таза ауызсуға қосу бойынша жобалық-сметалық құжаты жасалып жатыр. Көп ұзамай аталған ауыл тұрғындары да ауызсуға қол жеткізеді», – деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімінің тапсырмасынан кейін барлық аудан-қала басшылары бұл саладағы сапаны бақылауды күшейтті. Соның бірі – Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Құркелес ауылдық округі, Дастан елді мекеніндегі ауызсу қоймасының және ұңғымалардың жағдайын бақылап қайтты. Мұнда, яғни Дастан елді мекенінің тұрғындарына 2019 жылдан бастап ауызсу берілуде. 2022 жылдың қаңтар айында су айдау насостары істен шығып, мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда 6 дана мембрана толғандықтан, ауыстыру және мембраналардың жиі толуының алдын алу үшін қосымша су тазартқыш құрылғысын қою қажеттігі туындауда. Тиісті бөлім басшысына және мердігер мекеме өкіліне 6 дана мембрананы тездетіп ауыстырып, сондай-ақ қосымша су тазартқыш құрылғысын қойып, аталған елді мекен тұрғындарына барынша ертерек ауызсу беру қажет екені ескертілді.

Жасыратыны жоқ, бұрынырақ ауыл тұрғындары «ағын судың арамы жоқ» деп, өзен суын іше беретін. Қазір олай емес. Облыс орталығы, өзге де қалалардағы секілді елді мекендерде де суды құбыр арқылы ауласына дейін жеткізу ісі қарқын алған. Бұл ұлт саулығына себеп болары сөзсіз. 

 

Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ
28.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 84
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 604
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 721
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 633
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 643

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8781
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8180
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11409
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9163
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10394