Отандық білім беру жүйесі жаңғырып, түлеп, кезең-кезеңімен жаңаша оқытуға көшуді тамамдағалы да біраз болды. Қол жеткізген табыстарымыз да, «әттең-айлы» шақтарымыз да баршылық. Жаңаша оқытудың тың әдістемесін сырттан іздеп сарсылдық. Ең үлкен «әттең-айымыз» осы болды. Ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің атасы, қазақ әдебиеттану ғылымының іргетасын қалаушы, ұлт руханиятының көшін әлденеше ғасырға алға жылжытқан Ахмет Байтұрсынұлының ілімін жаңғыртып, насихатын арттырсақ, бұл көшірінді әдістемеден арылып, оқытудың дара даңғыл жолына түсер ме едік, қайтер едік? Ахмет Байтұрсынұлының ілімін жаңғырту үшін оны неше қайтара зерттеу керек, зерттеу үшін жаңашыл көзқарас қажет. Содан кейін ұлттық әдістеменің насихатын жүйелі түрде жасаса, отандық білім беру ісі байымаса, кемімесі анық. Осы жай-күйлер жүзеге асқанда барып, қайсыбір тұстарда жаңаша оқытудың әдістемесін шеттен іздеп, өзгенің енді ашқан жаңалығын өзімізде ешқашан болмағандай таңсық көріп, қолпаштай қабылдаудан тыйылар едік. Қазіргі жаңартылған білім беру мазмұнының көптеген қырлары мен сырлары, басымдылыққа ие кейбір тетіктері ұлттық әдістеменің іргесін қалаушы ұлы Ахаңның ілімінде кездесетіні шәк келтірмес ақиқат. Бүгінгі қазақ әдістеме ғылымы өз бастауын шетелдік әдіскерлердің кандидаттық жұмыстарынан, докторлық диссертацияларынан емес, өзіміздің өлмес тұлғамыз, бүтін бір ұлтты тәрбиелеген, әрі әлі де тәрбиелеуге қауқарлы Ахмет Байтұрсынұлы ілімінен алса жарар еді. Өйткені Ахаңның әдістемелік ілімінің отандық білім беру жүйесін һәм оның әлеуетті әдістемесін әлденеше асуға, тіпті қаншама ғасырға гүлдендіріп жіберердей құдіреті бар. Төменде өзім дәріс беретін ағылшын тілі сабағында жүйелі қолданатын Ахмет әдістемесінің негіздерін тарқатып талдап айтатын боламын. Келтірген дәйектерім тілтанушы-ғалымның «Тіл-құрал» еңбегінен алынып отыр.
Иә, Ахмет бабамыз ағылшын тілін оқытудың әдістемесін құрмағаны белгілі. Әйткенмен, иі қанған терідей әбден зерделенген бұл әдістеменің қазақ баласына өзге тілді меңгертуге келгенде де сиқырлы ғажабы бар. Оған өзімнің он жылдан астам уақыт бойы қолданысымда көз жеткізген тәжірибем дәлел бола алады.
Ағылшын тілі қазақ баласы үшін өзге тіл болып табылатындықтан, онда төрт бірдей дағдыны – тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым егіздестіре дамыту – менің ұстаздық міндетім. Дәл осы орайда мен әр сабағымда Ахмет ғалымның мына бір мәйекті пікірін қатаң қағидама айналдырғанмын: «Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек. Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында қалай өзгертіліп, қалайша біріне-бірі қиындасып, жалғасатын дағдысын білу керек». Бұл ғылыми тұжырым менің оқушыларға меңгертер оқылым, жазылым дағдыларының негізі болып саналады. Ағылшын тілінде сөйлемдегі сөздердің орын тәртібін қазақ тіліндегі сөздердің орын тәртібі заңдылығын еске түсіріп барып, жаңа тақырыпқа көшемін. Себебі ана тілінің бұлжымас заңдылығын білетін шәкірт өзге тілдің негіздерін үйренуге мүмкіндігі мол болады. Ағылшын тілі пәнін бастауыш мектептің алғашқы сыныптарынан емес, бала есейіп, өз ана тілінің дыбыс, емле, сөз жүйесі, сөйлем заңдылықтарын үйренгенде барып, оған өзге тілді оқытуды бастаған өте орынды деп есептеймін. Бұл ретте де Ахаңның мәңгі жасайтын мына сөзін ту етіп аламын: «Сондай кемшілік болмас үшін һәр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазу-сызу үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс». «Тіліміздің бұзылмай сақталуын тілесек», ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының осы атаған қарекетін орындауымыз керек-ақ. Туған тілін сүйіспеншілікпен меңгеріп келе жатқан бала басқа тілде төселіп кетуде басымдылыққа ие болары анық.
Тәжірибем көрсеткендей, ағылшын тілі сабағында оқушыларды шектен тыс көп ақпаратпен бетпе-бет әкелмеймін. Бөгде тілді үйрету барысында Ахмет бабамыздың мына қағидасын жалау етемін: «Балаларға көп үйретем деп асығып, шала-шарпы үйретуден, аз да болса анықтап, нық үйрету абзал». Дәл осы ұстаныммен оқытуды Ахметтен кейін атаған шетелдік әдіскерлердің есімдерін бұл ретте қоспай-ақ қояйын. Себебі Ахаңның дара ілімін өзгелермен салыстыру шарт емес, өзімізде барды ұқсату артық болып тұр.
Ағылшын тілі сабағында берілер ақпараттың анықтығын да, балаға ең керегін де, жаңа сөздердің санының көптігін емес, мағынасының нық жетуін де осы қағида негізінде іске асырамын. Жылдар бойы үздіксіз қолданып келе жатқан Ахмет ілімінің тағы бір көрінісі мынада: «Тіл білімі ереже жаттату түрінде үйретілмей, сөздің тұлға, мағына, қисын жағын тану түрінде үйретілу керек. Сөздің тұлға, мағына жағына керегі жоқ нәрселер тіл білімінің сабағына кірмеске тиіс». Барлық пәндерге бірдей қатысты бұл ұлы ұстаным жылдар бойғы қолданысымда жемісін берумен келеді. Оқушыларым жалаң ереже жаттамайды, сөздің тұлғасын, мағыналық қисынын түсінуге күш салады. Менің ұстаздық қажырым да оқушының сөз мағынасын түсініп, тұлғасының қисынын келтіріп қолдану қабілетін арттыруға жұмсалады. Шәкірттерім ережеде айтылған ақпаратты түсіне отырып, оны тәжірибе жүзінде қолдана білуге ұмтылады. Бұл ұмтылыс ағылшын тілін оқуда оң нәтижеге жетудің кілті десе де болады. Оқушы ережені жаттамастан-ақ біледі, түсінеді және тәжірибеде қолданады. Осылайша мен Ахаңның ілімінің негізі арқылы ұстаз ретінде көздеген мақсатты белесімді бағындыра аламын. Сондай-ақ, әрбір сабағымда Ахмет ғалым атаған «сөздің мағына, тұлға жағын тануға керегі жоқ нәрселердің» оқу барысына кірістірілмеуін жіті назарыма аламын. Оқытудың бірізділік және жүйелілік принциптеріне сүйене отырып, әр сабағымды ұлы Ахаң ілімімен байыта жоспарлаймын. Сонда жетер жетістігім де мол боларына еш күмәнім қалмайды.
Жоғарыда ағылшын тілі пәнінің ұстазы ретінде өз сабағымда қолданып келе жатқан Ахмет Байтұрсынұлы ілімінің басты тетіктерін талдап баян қылдым. Иә, өз ұлтымызды ұлықтайық, әрі оның халқына деп төгіп тұрған рухани шуағына шомылуды ұмытпайық. Өзге елдердің бала оқыту тәжірибесін білген, үйренген де абзал, алайда біржолата көшіріп алмақ бекер іс болары айқын. Сондықтан да қазақ руханиятының көгінен мәңгілікке нұр шашқан Ахмет Байтұрсынұлы ілімін қолдануда түрлене тыңнан түрен салайық. Пікіріме Ахмет бабамыздың мына бір тағылымды сөзін дәлел ете аламын: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек». Бала оқыту ісін түзету өзімізде қалыптасқан төл әдістемені өзек етуі тиіс. Сонда егемен еліміздің төрт құбыласы сай болып, қанжығасы сапалы біліммен бай болып, берекесі тасырына шүбә қалмайды.