АЗАМАТТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАУҒА ҚАТЫСУҒА МҮМКІНДІКТЕРІ ЗОР

АЗАМАТТАРДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАУҒА ҚАТЫСУҒА МҮМКІНДІКТЕРІ ЗОР

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 11 қаңтарда жасаған мәлімдемесінің тарихи маңызы да, мемлекеттілігіміз үшін мәні де ерекше зор болды. Себебі азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндіктеріне жол ашылды. Мемлекетті басқарудың жаңа тетіктері іске қосылды. Кез келген қазіргі заманғы мемлекет қоғамның ішіндегі бар проблемаларды шешуге тиімді ықпал ете алатын сенімді серіктестерге мұқтаж. Олардың болмауы қоғамның кез келген прогрессивті дамуын жоққа шығаратыны белгілі. Азаматтық қоғам, кез келген институт секілді, ең алдымен оның қызметін қамтамасыз ету үшін заңнамалық реттеуді қажет етеді. Бүгінгі таңда азаматтық қоғам саласында ҚР қабылданған негізгі заңдары – ҚР «қоғамдық бірлестіктер туралы», «Саяси партиялар туралы», «Кәсіптік одақтар туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы», ҚР үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мен сыйлықақылар туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы», «Бейбіт жиналыстар туралы» Заңдары. 

Елімізде азаматтық қоғамның қалыптасуы Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрініс тапты. Ол азаматтық қоғам институттарын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған заңнамалық және өзге де құқықтық актілерді жетілдіру, одан әрі әзірлеу және қабылдауға негіз болды. Жоғарыда аталған құжаттар ең жақсы тәжірибелерді жүзеге асыруға және бүгінгі күні әрекет етіп тұрған дәстүрлерді енгізуге мүмкіндік берді. Азаматтық қоғам ұйымдарының қызметі үшін құқықтық негіздер құрылып, жетілдірілуде. Азаматтық қоғам мен ҮЕҰ-ға қатысты заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізу туралы бастама көтерілді. Әңгіме мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, іске асыру, мониторингтеу тәртібіне енгізілген өзгерістер туралы; мемлекеттік гранттардың пайда болуы туралы; жаңа институт – қоғамдық кеңестердің пайда болуы туралы; мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс стандартын енгізу туралы болып отыр. Президент Жарлығымен ұзақ мерзімді перспективада азаматтық секторды дамытудың негізгі бағыттарын айқындайтын жаңа стратегиялық құжат – Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Президентіміз атап көрсеткендей, ендігі басты мақсат – келешекте мұндай қайғы-қасіретке жол бермеу, жалпыұлттық трагедияға алып келген алғышарттар мен себептерді жою, қоғамда қордаланған саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани салалардағы мәселелерді шешу. Бұлардың барлығы, түптеп келгенде, адамның өмірі мен денсаулығы, қауіпсіздігі, құқықтары мен бостандықтары, өмір сүру сапасы мен деңгейі сияқты конституциялық тұрғыда бекітілген ең жоғарғы құндылықтар мен қағидаттарды қамтиды. Қаңтардағы халық толқуы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауынан, инфляция мен жаппай қымбатшылық, әлеуметтік әділетсіздік сияқты қарапайым халықтың өміріне тікелей қатысты себептерден бастау алғандықтан, Мемлекет басшысы ұлттық экономиканы қайта құруға бағытталған міндеттер қойып, жаңа Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, атап айтар болсақ, мынадай өзекті мәселелер барша халықтың көкейінде жүрген болатын: - шынайы нарықтық қатынастарға өту, олигархиялық монополияларды ауыздықтап, олигополияны жою; - еркін бәсекелестікке жол ашу, арамза делдалдықпен айналысатын алыпсатарларды, кәсіпкерлікке тұсау болып отырған қағазбастылық пен жемқорлықты жою, отандық бизнеске қолдау көрсету; - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, Қазақстан даму банкінің, ұлттық компаниялар мен олардың еншілес кәсіпорындарына арнайы тексеріс жүргізу, тиімсіз қызметтерді қысқарту; - мемлекеттік сатып алу саласын реттеу, бюджеттік қаржы-қаражатты талан-таражға салуды тоқтату; - ауылшаруашылығын қайта құру, еңбек өнімділігін арттыру; - кедендік қызметтің тазалығы мен ашықтығына, тиімді жұмыс істеуіне қол жеткізу, оның ішінде қазақ-қытай шекарасында орын алып отырған экономикалық-контрабандалық қылмыстарды жою; - негізсіз салынатын салықтар мен қайда кетіп жатқаны түсініксіз төлемдерді жою (әсіресе Үкіметке кәдеге жарату алымын тоқтатуды және оны «ӨКМ Операторы» жүзеге асыруын тоқтату бойынша шаралар қабылдауды тапсырды); - халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, ішкі стихиялық көші-қонды реттеу т.б. «жанып тұрған» мәселелерді көтерді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатына елеулі ревизия жасау жөніндегі алға қойған міндеттері халықтың ұмтылысын көрсетеді. Ел Президентінің саяси еркі оған Парламентпен және Премьер-министрмен ашық сөйлесуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік саясаттың осындай бағытынан кейін кез келген бояма мен жалтаруға жол берілмейтіні анық. Мысалы, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев утилизациялық алымның мөлшерлемесін қайта қарау және оны жинау бойынша мемлекеттік операторды айқындау туралы тапсырма берді. Бұл туралы жеке автокөлік, ауылшаруашылық техникасы мен жүк көлігі иелері ұзақ уақыт бойы айтып келді. Осы тапсырманы іске асыру азаматтардан негізсіз қаржылық жүктемені алып тастайды. Сонымен қатар елімізде әлеуметтік әділеттілікті орнатуға игі ықпал ететін «Қазақстан халқына» атты қор құру туралы ұсыныс жасап, Президентіміз ол қорға ұлттық компаниялардың, олигархтар мен қаржы-өндірістік топтардың жыл сайын арнайы жарна төлеуін міндеттеуді тапсырды. Бұл қордың қаржы-қаражаты көмекке зәру қарапайым қазақстандық азаматтардың мұқтаждықтарын өтеуге жұмсалатын болады. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың бүкіл елге жасаған мәлімдемесі, мемлекеттік билікке берген тапсырмаларының іс жүзінде шынайы орындалуы еліміздің жандануына, орын алған олқылықтарды еңсеруге, жаңаша дамуға жол ашары сөзсіз.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЙЛАУ НАУҚАНДАРЫ ӘЛЕМДІК НОРМАЛАРҒА САЙ ӨТЕДІ

Қазақстандағы сайлаулар мен сайлау науқандары – қоғамның басты назарында тұратын саяси оқиға. Еліміздің әр тұрғыны өз қалауын жасайды. Әділетті қоғам орнатудың алғы шарттары сайлау науқандарында нақты байқалады. Себебі халықтың сайлау науқандарына деген құлшынысы жыл сайын күшейе түсуде. Содан да болар, ел азаматтары сайлаудың парқы мен нарқын түсінуде. Жыл өткен сайын сайлау науқандары әділетті өтуде. Халық өзі қалаған адамына дауыс беру арқылы жауапкершіліктің салмағында сайланушы тұлғаға сенім арқылы білдіруде. Жалпы сайлау жүйесінің тарихына көз жүгіртсек, ежелгі Грекияда елдің негізгі мәселелерін «халық жиналысында» дауыс беру арқылы шешу тәжірибесі болған. Оған қатысатындар күн бұрын ақ жамылғы киіп жүрген. Ақ түс дауыс беруге қатысатын адамның ниетінің түзулігін білдірген екен. Сонымен қатар Еуропа елдеріне де сайлау жүйесі ықылым замандарда енгенге ұқсайды. Англияда 1265 жылы, Францияда 1302 жылы халық жиындарында сайлаудың алғашқы нышандары байқалған. Біздің халқымызда да сайлау жүйесі көне замандарда халық жиындары түрінде қолданылған. Мәселен, Тәуке ханның тұсында «Жеті жарғы» қағидалары сондай жиындарда халықтың талқылауынан өтіп барып қабылданған екен. Сондай-ақ билердің, жүздердің, ру-тайпалардың өкілдерінің қатысуымен болған сайлаулар бізде өкілдік демократияның дамығанын көрсетеді. Тарихи деректерге жүгінсек, қазақ даласындағы хан сайлауы – тарихи маңызға ие сайлау жүйесінің алғышарттары. Қазақ ақ киізге хан көтерген адамын сайлау мақсатында әр рудың игі жақсыларының басын қосып, солардың дауысын жинау үшін бірнеше күн пікірталасқа құрылған халық жиындарын ұйымдастырған. Сайлау – сайланбалы мемлекеттік лауазымдарға адам таңдау науқаны. Азаматтың саясат пен мемлекеттік басқаруға атсалысуының ең көлемді әрі нақты нысаны. Демократиялық қоғамда сайлау мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттырады, саяси элита мен жетекшілерді іріктейді, Үкімет пен басқарушы саяси партияның саясатын бағалайды. Сондай-ақ, мемлекеттің қызметіне қоғамның бақылау жасауына мүмкіндік береді, саяси жанжалдың алдын алады. Қазақстанда жаңа сайлау жүйесінің енгізілуі қоғамның саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға едәуір ықпалын тигізді. Парламент сайлауы мен оны қалыптастыруда саяси партиялардың белсенділігі арта түсті. Партиялық тізіммен дауыс беруге рұқсат етілген 2000 жылғы соңғы сайлау кезінде бұл анық байқалды. Бұл жағдай өз кезегінде елдің саяси өмірін одан сайын жандандыра түсті. Мұны мынадан көруге болады: 1998 жылдың соңы мен 2000 жылдың басында Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде «Қазақстан азаматтық партиясы», «Қазақстан халықтық республикалық партиясы», «Отан» республикалық саяси партиясы, «Қазақстан аграрлық партиясы» жөне басқа да партиялар тіркеуден өтіп, өмірге жолдама алды. 2021 жылы 10 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Оқушылар сарайы ғимаратында орналасқан №58 сайлау учаскесіне келіп, Парламент Мәжілісінің сайлауында дауыс берді. «Әр сайлау – азаматтар үшін батылдық танытатын маңызды емтихан. Парламентке әртүрлі партиялар келеді деп үміттенемін. Парламентте ел болашағының мәселелері жөнінде пікірталастар өтіп, сапалы заңдар қабылдануы керек», – деді Президент БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Президент айтса айтқандай, төменгі Палатаға 6 партия өтіп отыр. Кейінгі жылдары Парламентке мұншалықты көп партия енген емес. Оның үстіне, өзін-өзі ұсынған 6 үміткер де мандат иеленді. «Бүгін біз 2023 жылғы 19 наурызда өткен аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде Парламент Мәжілісінің депутаттарын кезектен тыс сайлаудың түпкілікті қорытындыларын шығарамыз. Осылайша, сайлаушылардың нақтыланған тізімдеріне сәйкес Қазақстан азаматтарының жалпы саны 12 млн 35 мың 578 адамды құрады. Парламент Мәжілісінің пропорционалды өкілдік жүйесі, яғни партиялық тізімдер бойынша сайланатын VIII сайланымының 69 депутатын сайлауда саяси партиялар үшін және «бәріне қарсы» 6 млн 366 мың 441 дауыс берілді», – деді Орталық сайлау комиссиясының сол кездегі төрағасы Нұрлан Әбдіров. Оның келтірген мәліметтеріне сүйенсек, «Amanat» партиясы 53,9 пайыз дауыс жинаған. Яғни 3 431 510 адам қолдады. Екінші орынды «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы иеленді. Оларға 10,9 пайыз бұйырды (693 938 адам). «Respublica» партиясы 8,59 пайыз (547 154 адам) дауыспен үшінші орынға тұрақтаса, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы 8,41 пайыз (535 139 адам) қолдауға ие болды. Қазақстан Халық партиясын таңдағандар электораттардың 6,8 пайызын құрады. Яғни 432 920 адам оларға дауыс берді. Мәжіліске алтыншы болып өткен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына сайлау бюллетеньдерінің 5,2 пайызы (331 058 адам) бұйырыпты. «Байтақ» жасылдар партиясы 2,3 пайыз (146 431 адам) дауыс жинады. Алайда Парламентке өту шегі 5 пайызды құрағандықтан, Мәжіліс құрамына енген жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, «Бәріне қарсымын» бағанын электораттардың 3,9 пайызы таңдаған. Осылайша, 248 291 адам өз қарсылығын білдірді. Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, Мәжілістегі мандаттар саны межелі дауысты жинаған партияларға бөлініп беріледі. Соған сәйкес «Amanat» партиясы 40 мандат иеленді, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясына 8 мандат бұйырды. «Respublica» партиясынан 6 депутат Мәжіліске барады. Қазақстан Халық партиясы 5 орынды қанжығасына байлады. «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы 6 мандаттың иегері атанса, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына 4 мандат бұйырды. Ал тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің сайлау жүйесінің нормативтік базасы елдің демократиялық ұстанымдары, ұлттың тарихи құндылықтары және әлемдік тәжірибелерді негізге алады. Әлемде сайлау жүйесі бір-бірінен айнымай ұқсайтын екі елді кезіктіре алмайсыз. Себебі сайлау жүйесі – сол елдің жергілікті ұлтының менталитетіне негізделіп жасалатын саяси-қоғамдық, тарихи-мәдени астары нәзік мәселе. Қазақстандағы сайлау жүйесін қалыптастыруға ықпал етуші екі құжат бар. Біріншісі – 1975 жылы Хельсинки қаласында қабылданған Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қорытынды актісі, ал екіншісі – Еуропа елдеріне арналып қабылданған Париж хартиясы. Сайлаулар демократияның маңызды институттарының бірі болып табылатындықтан, Қазақстанда оған үлкен мән беріліп отыр. Егер біз тарихқа назар аударар болсақ, біздің қоғамның еркін және демократиялық сайлаулар өткізуге енді төселіп келе жатқанын байқар едік. Еліміздің азаматтары осыған дейін әртүрлі сипаттағы көптеген дауыс берулерге қатысуға тура келсе де, олардың сайлаудың шынайы мәнін енді ғана сезіне бастағанын айта кетуіміз керек. 

ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМДА БОЛАШАҚ АЛАҢСЫЗ ӨМІР СҮРЕДІ

Қауіпсіз қоғам – тәуір қоғам. Өйткені адамдарда билікке, қоршаған ортаға деген үлкен сенім болады. Сенім – алға сүйреуші күш! Қоғам қаншалықты қауіпсіз болған сайын, адамдардың өмір сүруге деген талпынысы күшейіп, мемлекеттің қалыптасуына, демократияның жандануына, мейірім мен парасаттылықтың күшеюіне жол ашылмақ. Қауіпсіз қоғам болашақ ұрпаққа да жақсы әсер етпек. Әр баланың ұйқысының тыныш болуы да, келешекке деген іңкәрлігінің оянуына да қауіпсіз қоғам әсер етпек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы жиынында: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. Біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет», – деп атап көрсетті. Жалпы, ел Президенті Мәжілісте заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмейтінін, заңға деген құрмет әрбір азаматқа ортақ міндет ретінде дәріптелуі қажет екенін шегелеп тапсырды. Соған орай бұл мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет деп санайтынын жеткізді. Сондай-ақ қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтауда заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты екенін айтып, құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән беруді міндеттеді. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударып, полицияға білім беру басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруды міндеттеді. Сонымен қатар Президент есірткінің таралуына батыл түрде тосқауыл қоюды, киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді. Осы ретте, біз Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін сапалы орындауда, елімізде заң үстемдігі мен әділдікті сақтауда нақты нәтижелерге қол жеткізуге барлық шара қабылдауымыз қажет. Президент саясатына орай елімізде бірнеше рет «Қауіпсіз қоғам» акциясы өтті. «AMANAT» партиясының еріктілері аймақтардағы Жергілікті полиция департаментімен бірлесіп «Қауіпсіз қоғам» акциясы аясында профилактикалық рейдтер жүргізді. Бұл іс-шаралар қоғам арасында «тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік» қағидасын нығайту, көшелер мен басқа қоғамдық орындарда тиісті қоғамдық тәртіпті қолдау мақсатында өткізіліп жатқанын айту міндет. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, акция жедел жағдайды жақсартып, полицияның құзыреті шеңберінде халыққа көмек көрсетуге бағытталған дейді. «Жастар Рухымен» бірлескен акцияның барысында Петропавл қаласында 556 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Мобильді топтарға тиісті нұсқаулықтар беріп, бірігіп жұмыс істеудеміз. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде біраз құқық бұзушылықтардың алдын алып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз», – дейді полиция полковнигі. Осы ретте акция аясында 4 бағыттан тұратын «Есірткіге жол жоқ!» жобасының рейдтері ұйымдастырылуда. Жыл басынан бері жүргізілген арнайы рейдтер барысында барлық 20 өңірде 1000-нан астам еріктілердің қатысуымен 5 000-нан астам граффити анықталып, жойылған болатын. Дәл осындай рейдті Өскемен қаласының тәртіп сақшылары мен еріктілер өткізді. Сондай-ақ мобильді топ пробация қызметінің есебіндегі адамдарды қабылдап, есепте тұрған қала тұрғындарына жұмысқа орналасу бойынша әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетті. Ал Қостанайда үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, «Жастар Рухы» мүшелері, психологтар мен адвокаттардың қатысуымен «Әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық, алимент, айыппұлдар және оларға салынатын жазалар талқыға түсті. Сондай-ақ аймақтарда балалардың қауіпсіздігі де тыс қалмауда. Сондай-ақ Астана қаласы Алматы ауданы аумағында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азаматтардың түнгі уақытта тұрғылықты мекенжайында болу-болмауын тексеруден өткізді. Есептегі тұлға тұрғылықты мекенжайында болмаған жағдайда ескерту парағы толтырылып, түсініктеме алынды. Сонымен қатар арнайы жасақталған мобильді топ мүшелері есепте тұрғандарға бақылау жасау, базарлар мен жалға алынған пәтерлерді аралау, заңнаманы бұзған фактілерді анықтау кезінде қолайсыз отбасыларға бару жүзеге асырылуда. Сондай-ақ компьютерлік клубтар, көңіл көтеру орындары мен мейрамханаларда кәмелетке толмаған жастардың жүруіне жол бермеуін полицейлер мен Жастар қанатының өкілдері жіті бақылауда. Президентіміз бір сөзінде «Тағы бір назар аударатын мәселе – жас ұрпақтың қауіпсіздігі. Балаларға қатысты жантүршігерлік қылмыстар жиілеп кетті. Мұндай оқиғалар мектепте, көшеде, тіпті, үйде болып жатыр. Сорақы жағдайлар оқушылардың өзіне қол жұмсауына себепкер болып отыр. Тіпті ата-аналардың өздері баласына қорлық көрсетіп, оның арты қайғылы жағдайға ұласып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу саясатын қайта қарауымыз керек. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын заңмен күшейту керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне ерекше көңіл бөлген жөн. Тағы да ескертемін, біз қоғамдағы, көшедегі, тіпті әр үйдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етпесек, дамыған елдердің қатарына қосылуымыз қиын болады. Азаматтарымыз еркін жүріп-тұратын қауіпсіз қоғам құруымыз қажет», – деді. Осы орайда елімізде игі істер жүзеге асуда. 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
14.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

Тараздың төл мерекесі тұңғыш рет қалай тойланды?
Москау НОҚРАБЕКОВ, қоғам қайраткері, z-taraz.kz - 11.10.2024 108
ЖЕДЕЛ КЕРІ БАЙЛАНЫС ТЕТІГІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті - 11.10.2024 105
АҚТӨБЕДЕ ТРАВМАТОЛОГИЯЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ҮШІН ТАҒЫ БІР МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН АШЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі - 11.10.2024 98
СӘБИДІҢ ОБАЛЫ КІМГЕ?
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 11.10.2024 87
Алаш жұрты  Ғарифолласынан айырылды
«Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұжымы - 25.09.2024 984
13 жасар оқушы  бес түрлі қамшы өреді
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 1023
Ұстаздар 8 перзент  тәрбиелеп отыр
Бағдәулет Нұрмат, Түркістан облысы - 25.09.2024 999

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 5988
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5431
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8615
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6422
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7630