Азаматтық қоғамды қалай дамытамыз?

Азаматтық  қоғамды  қалай  дамытамыз?

Бүгінгі кезеңде азаматтық қоғаммен  барлығы санасатын болды.  Қоғамымыз  баяғыдай емес енжар, немқұрайды көзқарастан біртіндеп арылып келеді. Енді оңай емес қой, 70 жыл Кеңес Одағының қол астында болып, еліміз  бойына масылдық, құлдық психологияны  сіңіріп алғанын мойындауымыз керек. Мемлекет жұмысқа орналастыру, тұрғын үй мәселесін шешу, партияға кіру секілді маңызды нәрселерді  шешіп беруіне халық әбден үйренген еді. Тіпті  тәуелсіздіктің алғашқы уақытында ешкім үндемей, ешқандай қозғалыс болмай,  халық пікір білдіруге талаптанбады. Азаматтарда  бірте-бірте сенімділік артып, азат ел, нарықтық қоғамның арқасында ғана бастамаларға пікір білдіру мәдениеті қалыптаса бастады. 

Азаматтық қоғамның мемлекеттің дамуына қосар үлесі өлшеусіз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  Жолдауында: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деп, осы  институттың дамып-өркендеуіне үлкен қолдау білдірді. Қазақстанда өмір сүріп отырған кез келген адам белгілі бір құрылымдармен, бірлестіктерге бірігіп, қоғамның дамуына атсалысуы қажет. Міне,  сол арқылы ол өзінің, отбасының игілігіне қызмет етіп, жәрдемдескен болып саналады. Сонымен бірге, мемлекеттің өсіп-өркендеуіне кішкене болса да үлес қосқанына ештеме сұрамай есептеспеу де азаматтық қоғамның дамығанының басты нышаны болып табылады. Себебі Отанға деген, мемлекетті  дамытуға деген ынта-жігер ешбір ақымен,  ақшамен өлшенбеуі тиіс деп есептейміз.

Мемлекет те азаматтық қоғамның дамуына, соның ішінде үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың нығаюына моральдық, қаржылық жақтан көп қолдау көрсетіп отыр. Азаматтарды үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялар жұмысына, саяси процестерге көбірек араластыру қарапайым халықтың белсенділігін арттырады. Олар өз үнінің билікке жететініне, дауысының тиісті адамдарға естілетініне сенімді болуы керек. Мәселен бүгінде e-Gov порталында ашық құқықтық-нормативтік актілер, ашық бюджет, ашық диалог деген бөлімдер қарастырылған. Осы жерге азаматтар өз ұсыныстарын, пікірін бүкпесіз жолдай алады. Бұл да азаматтық қоғамның белгісі. 

Осындай жағдайлардың қалыптасуына әлеуметтік желілердің тигізер ықпалы аз емес.  Азаматтардың өз жаңалығымен бөлісетін, өз пікірін ортаға тастайтын мінбер мәртебесінен әлдеқайда биіктеген. Олар қазір кез келген тақырыпты тұздық ете отырып халықты жинайтын, талас тудыратын ашық диалог алаңына айналып үлгерді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда қазіргі азаматтық қоғамның белсенділігі жоғары. Құзырлы орындарға басшылар тағайындалған кезде, жаңа заңнамалар қабылданған тұста осындай белсенділікті анық байқауға болады. Азаматтық қоғамның басты белгісі неде? Оның басты өлшемі халықтың санасына байланысты болмақ. «Мемлекет бізге не береді?» деп өмір сүрмей, керісінше «біз мемлекеттің дамуы үшін не істей аламыз?» деген ой-санамен  азаматтар алға ұмтылса, мемлекетімізде жағдай түзелер еді.     Азаматтық қоғамның пәрмені бір күнде өсіп кетпейді. Ол үшін уақыт керек, көп еңбекті талап етеді. Еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны соңғы жылдары көбейіп келеді. Ұйымдардың қамтитын бағыттары, жұмыс істейтін кеңістігі біршама кеңейді. Бұл, әрине, азаматтық қоғамды дамытудың бірден-бір жолы. 

 

Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ
12.07.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 15291
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 15191
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 30331
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 28952
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 32516