Бағындырған белес көп

Бағындырған белес көп

Ұлттық спорт – мақтанышымыз. Біздің өңірде де ұлттық спорттың көрсеткіші жоғары. Жетістіктер де көпшіліктің назарында. Әуелі қазақ күресіне тоқталсақ. Қазақ күресінің биігінде тұрған жерлесіміздің бірі – Бейбіт Ыстыбаев. Бейбіттің қазақ күресінен Әлем және Азия чемпионы екені белгілі. Сонымен қатар, «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін чемпионы. «Қазақстан барысы» турнирі басталғалы бері әлі Бейбіттің жетістігін ешкім қайталай алған жоқ. Тіпті, аталған турнирде екі дүркін чемпион болған балуан жоқ.

Қазақ күресі–қазақтың намысы

Тараздық Айбол Айтбек пен Жамбыл ауданының майталманы Дәулет Пахрединов Әлем чемпиондары. Руслан Мұхамедқалиевтің отыз жастан асқан шағында Азия чемпионы болғаны да жоғары жетістік. Қазақ күресінде Досан Тамбиев, Сәлкен Жартыбаев, Алмас Мұсабеков сынды жерлестеріміз де қазақ күресінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып үлгерді. Қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жахиттің біздің жерлесіміз екені де үлкен мақтаныш. Қазақ күресінің бір топ алыптар шоғыры шыққан аудан – Талас ауданы. Талас топырағынан Бейбіт Ыстыбаевтың шыққанын көпшілік жақсы біледі. Одан бөлек, Айдос Теңгебаев пен Досан Қалаубеков те талай додаларда өңір намысын сәтті қорғап, жеңіс туын желбіреткен жампоздар.

Бұл күрес жайында облыстық қазақ күресінің Құрметті президенті, құрылыс саласының озаты Жетпісбай Медеуов ақсақал: «Қазақ күресі – қазақтың намысы, бойында тулаған қаны. Сол ғажайып күрес түрінен біраз жылдан бері «Әлем барысы», «Еуразия барысы» турнирлері, Әлем чемпионаттары өтіп жатыр. Осы додаларда жарқырап көрінуі тиіс балуандардың ішінде жамбылдықтар еңселі болып, жеңіс тұғырынан көрініп жүруі қажет. Әлем және Азия чемпионаттарында жеткен жетістіктеріміз жаман емес. Мұнда «Әлем барысы» турнирінде жамбылдықтар жүлдеге жете алмай жүр.

Бейбіт Ыстыбаевтың бір жолы төртінші орын алған сәтін қоспағанда, аталған турнирге жолдама алған сәтіміз жоқ. Облыста қазақ күресінен топ жарар ұлдар әр кез шығып тұруы қажет. Балуан Шолақтың ізін басқан ізбасарлардың болмауы мүмкін емес. Ол үшін облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық қазақ күрес федерациясы жұмысты жандандыра түсулері қажет. Біздің Әулиеата топырағы қасиетті. Дән де құнарлы топыраққа өнеді», дейді. Ақсақал аталған күрес түрін жақсы бағалап, орынды ұсыныс айтып отыр. Сөздерімен келісуге болады.

«Әулиеата» алмаған асу жоқ

«Батырлар шықты тебініп, жалтылдап аттың жанары. Баурайды жұртты тек үміт, жүректері де жанады», деп ақын Фариза Оңғарсынова жырлағандай, көкпар ойыны әр қазақ үшін қастерлі. ХХІІ рет жалауын көтеріп, Әулиеата жерінде көкпардан және аударыспақтан өтіп жатқан Қазақстан Республикасының чемпионатында көзіміз тағы да жетті. Сол кезде байқағанымыз, осынау дүбірлі жарысты көру үшін Бектөбедегі «Атшабарға» ағылып жатқан жанкүйерлердің қарасы өте қалың. Бұл қазақтың атқа құмарлығын, көкпар десе ішкен асын жерге қоятынын көрсетеді.

Қазіргі таңда көкпар спортына бірқатар жаңалықтар мен өзгерістер енгізілген. Жоғарғы және бірінші лига бар. Жоғарғы лигада Астана, Түркістан, Атырау, Қызылорда, Қарағанды және Жамбыл өңірлерінің командалары бар.

Ал, бірінші лиганы Алматы мен Шымкент қалалары және Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген құрамалар құрайды. Өңір шабандоздарының шеберліктеріне қарай бұл өте әділетті таңдау.

Біздің облыс намысын қорғаған «Әулиеата» көкпар клубының бәсі барлық облыстардан жоғары тұрды. Олар осы кезге дейін 11 мәрте ел чемпионы атанғаны белгілі. Міне, биыл Қарағанды, Түркістан, Атырау құрамаларын айқын ұтып, өздерінің нағыз майталман команда екенін көрсетті. Ал, шешуші ойындардың бірінде қызылордалықтармен ойнауы қажет болатын. Сыр бойынан келген көкпаршы жігіттер соңғы сәтте «Әулиеата» көкпаршыларымен ойнаудан бас тартты.

Осылайша, жамбылдық «Әулиеата» құрамасы уақытынан бұрын Қазақстан Республикасының 12 мәрте чемпионы атанды. Бұл, әрине, бөркімізді аспанға атып мақтанатын, шаттанатын жаңалық! Бұл чемпиондық тұғырда тұруымызға әйгілі көкпаршы Нұрдәулет Момынов басқаратын «Әулиеата» көкпаршылар клубы құрамындағы Есжан Құрманбай, Елдос Асыл, Манарбек Дүйсенбиев, Ернат Мәлімбай, Айнабек Бердіқұл, Құлажан Тоғайбеков секілді шабандоздардың еңбегі ерен. Жеңісті жақындатқандар санатына Құрманбек Тұрғанбек, Ернар Жарылқасын, Ислам Рәт, Дулат Батырбеков, Бағлан Шырынбаев, Ерғалым Жақсылық секілді көкпаршы жігіттерді де қосуға болады. Команданың жаттықтырушысы Жұлдызхан Тайырбековтің де маңдай тері ерен деп айта аламыз.

«Әулиеатаның» бұл кезекті рет чемпион атануы осынау іс-шараны тамашалауға келген талай жасөспірімді ат спортына, оның ішінде көкпар ойынына қызықтыра түскені анық. Ал жамбылдық жанкүйерлердің мерейін өсіргені шындық.

Әулиеата клубының көкпардағы әлеуетін айтып отырмыз. Көкпардан 12 дүркін ел чемпионы болу – тарихи жетістік. Оны осы кезге дейін ешқандай облыс қайталай алған жоқ. Тіпті, маңайлап та жатқан жоқ. Көкпардан чемпион болмақ түгілі ұзақ жылдар бойы жүлдеге іліге алмаған облыстар аз емес. Бұл жамбылдық жігіттердің сөз жоқ үлкен жеңісі. Дегенмен, кейде бұл жеңістің бастауы қайда деп ойланып қою да керек сияқты.

Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында Сияқұл Сейітов деген ақсақал ғұмыр кешкен. Сол ақсақал ат спортына өте құмар, тұлпар баптайтын бапкер болған. Өзі де жас күнінде көкпар тартса, кейіннен төрт ұлының төртеуі де тақымынан көк серкені ешкім жұлып ала алмайтын шабандоз көкпаршы болды. Балаларына жақсы атты Сияқұл ақсақал дайындап, баптап берген. Қай жерде жақсы ат бар деп естісе, Сияқұл ақсақал сол атты сатып алатын болған.

Көкпарға, бәйгеге шабатын жүйрік аттан ештеңесін аямаған. Сол Сияқұлдың жиені көкпаршы Нәби Момынов. Ал, Нәбидің көкпаршы ұлы – бірнеше дүркін Азия, Қазақстанның чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрдәулет Момынов.

– Сол Сияқұл аталарымызды біз көріп қалдық. Көкпар спортына келгенде ешкімді аямайтын қатал еді. Сол қаталдығы Айша бибі ауылында көкпарға барып жүрген барлық азаматтарды шынықтырды. Сол қаталдықтан Жамбыл ауданында жақсы көкпар командасы қалыптасты. Сол команда кейде Қырғыз жеріндегі көкпарлар олжа тауып, салымнан жеңімпаз болып жүрді. Кейіннен облыс намысын қорғаған «Әулиеата» көкпар клубының біраз ойыншылары Айша бибі ауылынан шыққаны жасырын емес. Оның негізі Сияқұл ата секілді көкпардың шын берілген патриоттарында жатыр. Көкпар тарту оңай емес. Жігіттің де, аттың да мықтылығы керек. Додаға түскенде жігіттер жараланып, қолы шығып, аяғы сынып жатады. Аттың да жараланатын сәттері кездеседі. Бірақ, сонда да қазақ көкпардан бас тартпайды. Себебі, көкпар – қазақтың болмысы, – дейді Нұрдәулет Момынов.

Асық ату, ләңгі тебу ойыны неге дамымай келеді?

Ұлттық ойынның тағы бір түрі – асық ату. Бірақ, біздің өңірде ұлттық спорттың осы түрі дамымай отыр. Осыған дейін де асық ойынының жағдайына біраз тоқталып өткен едік. Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылында асық спортын дамытушы Бауыржан Бейсенбиев деген ұйымдастырушы кісі болғанын айтқан болатынбыз. Ол кісі қолға алған жылдары облыста асық ойыны ілгері басты. Республика чемпиондары шықты. Ал, қазір сол жетістігімізге жете алмай қалдық.

Асық спортын ойлап жүрген ешкім жоқ секілді. Әйтпесе, әр ауылда, әр көшеде ойын балалары әлі де көшенің шаңын бұрқыратып асық ойнайды. Асық ату – мергендікке баулу. Асық ату – ұлттық ойынға құрмет. Ойнайтын бала бар, қолдайтын аға қайда? Жақында ұлттық спорт түрінен қала жастарының арасында өткен байқауда асық ату тізімге кірмей де қалды. Неге олай? Неге бір аталым ретінде асық атудан да жарыс өтпейді?

Сондай-ақ, ұмытыла бастаған спорт түрінің бірі – ләңгі тебу. Біздің бала күнімізде ауыл жастары тегіс ләңгі ойнайтын. Мектепке жаңа барған баладан үлкен азаматтарға дейін ләңгіні теуіп тұрмаса, бір заты жоғалғандай күй кешетін. Ал, қазір ләңгі тебетін жастар қала түгілі ауылда да азайып бара жатқан тәрізді. Жақында ұлттық ойыннан өткен аумақтық жарыста ләңгіні мандыртып ешкім тебе алған жоқ. Төрт-бес рет қана тебуден аспады. Бұл ләңгі ойынының кенжелеп бара жатқанын көрсетеді. Осы ретте әлгі ойынға қатысушы азамат, Жуалы ауданы, Жылыбұлақ ауылының түлегі Асхат Жанқожа: «Ләңгі спорты біздің Жылыбұлақта жақсы дамыған еді. Бөрте деген бір әпкеміз ләңгі тебуден алдына жан салған жоқ. Ол кісіге осы өңірде ешқандай жігіт, ешқандай бойжеткен жете алған жоқ. 120-150 рет еркін тебе беретін. Ал «Люра» деп аталатын арты аяқты қайыстыра тебетін ләңгінің қиын түрін елу рет еркін ойнап беретін. Ол әпкеміз аяғына мәсі киіп алатын. Ауылдың кәсіпкер жігіттері ұлттық спорттан ақша, жүлде аямайтын. Әр екі жарыс сайын Бөртенің бір мәсісі тесіліп, жарамай қалатын. Есесіне жүлдеге тігілген қомақты қаражатты үнемі ұтып алып тұрды», деді.

Асхаттың әңгімесі бізді шынымен қызықтырды. Жылыбұлақтағы өзіміз көрмеген чемпион қызға, оны қолдаған жүрегі қазақ ұлттық спорты деп соққан ауылдағы азаматтарға риза болдық.

Ал қазір сол ләңгі спорты, асық спорты кенжелеп тұр. Оны дамытуға намысты, патриот азаматтар керек. Сонда ғана ұлттық ойынның бұл түрлері өрге басады.

 

Есет ДОСАЛЫ, Ақ жол газеті
25.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 83
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 49
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 117
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 46
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 117
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 38
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 83
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 227
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 232
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 444
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 407

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9104
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8502
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11730
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9495
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10711