Бала Әйтекенің төрелігі

Бала Әйтекенің төрелігі

Ертеде Төле бидің ағаштан түйін түйетін Қалмамбет деген ұста көршісі болыпты. Бір күні ол Төленің үйінің сыртында өсіп тұрған қисық қайың ағашын кесіп, ер жасап алыпты. Жасалынған ерге қызыққан төре: «Иә, Қалмамбет, бұл ер менікі болады. Себебі бұл қайың ағашы менің үйімнің жанында өскен, көп болса жасаған жұмысыңа ақыңды аларсың», – дейді. Сонда Қалмамбет: «Дүниеде қисық өскен қайың жалғыз осы ма? Ұнатқан ағашты кес те, өзің ер жасап ал, бұл ерді бермеймін!» – дейді. Ерді өзінше ала алмайтынына көзі жеткен Төле: «Онда мына қоңсылас отырған Кіші жүз еліне барып, төрелесейік», – деп, екеуі аттарына мініп, жолға шығады. Былай шыққан соң Төле  «Ойпырым-ай, бір ер үшін сонша жерге төрелікке барғаным жөн болмас, жол-жөнекей кездескен адамның төрелігімен-ақ бітісейік» деген оймен: «Уа, Қалмамбет, ана алдымызда жайылып жатқан Кіші жүздің малдары болса керек. Сол малдың бақташысына барып, төрелессек, сен тұрасың ба?» – дейді. «Сіз тұрсаңыз, мен тұрдым» деген жауап алады. Сөйтіп олар жайылып жатқан үйір-үйір жылқының ішіне келсе, бақташы жайдақ тайға мінген, жігіт болып қалған бала екен. Бала жігіт тайынан түсіп, жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Сәлемнен кейін олар өздерін таныстырып: «Мына ерге таласып келеміз. «Осылай да осылай» деп барлық мән-жайды айтады. Сонда бақташы жігіт: «Екеуіңіз де әкемдей үлкен кісісіздер. Төрелік біреуіңіздің пайдаңызға шешілсе, екіншіңіздің көңіліңіз қалады. Мені қойып, мына тұрған ауылға барып, өздеріңіз қатарлы адамға төрелесіңіздер!» – деп ол келіспейді. Баланың ақылды сөзі Төлені таң қалдырып:  «Қарағым, қой асығы демеңіз, қолға жақса – сақадай, жасы кіші демеңіз, ақылы  жетсе – атадай» деген, өзіңе тұрдық, айт төрелігіңді!» – деп тұрып алады. 

– Олай болса, екеуіңіз де тымақтарыңыз бен қамшыларыңызды беріңіздер. Ойыма түскенімді айтайын, – дейді бала. Екеуін қарама-қарсы отырғызып, қамшыларын жерге шаншып, қамшыға тымақтарын кигізіп, орталарына ерді қояды. Сонан соң: 

«Қапталың – қайың, қасың – тал, 

Қалмамбет, соққан бір ерсің. 

Үйсіннен шыққан Төлесің, 

Адамсып жүрген немесің. 

Қасыңдағы көршіңмен 

Қу ағашқа таласып, 

Не бетіңмен келесің? 

Нәпсіңе беріп ерікті 

Өтірікке жол берсең, 

Зәу-затыңмен күйесің», – деп, ерді өзінің қамшысымен бір ұрып, бала тайына мініп, малын қайыруға тартып отырады. Төреліктен жеңілген Төле ұялып, ақылымен, төрелігімен таң қалдырған баланың аты-жөнін білуге артынан барып сұрағанда, ол: «Атым – Әйтеке, руым – Әлім, Алшын атаның баласы боламын», – деп жауап береді. Міне сол күннен бастап Кіші жүз Алшыннан шыққан Әйтеке Ұлы жүздің Төле биінің, Орта жүзде қаз дауысты Қазбек бидің қатарларына ілесіп, кейіннен Кіші жүздің атақты биі болған екен. 

АЙБОЛ БИТУҒАНОВ, зейнеткер ұстаз
02.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

Тәуекел картасы –  әділдіктің айнасы
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 31.10.2024 174
Ұлт ұясы – Ұлытау, жаңарған Жаңаарқа
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ - 31.10.2024 166
Орман  шаруашылығын оңалтуда оң нәтиже бар
Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы - 27.10.2024 440
Тігінмен  тірлігін түзеген
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы - 27.10.2024 490
ЕСІРТКІ ТҮБІ – ТҮРМЕ
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 27.10.2024 451

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 7381
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 6812
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 10028
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 7795
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 9012