Қазіргі таңда облысымыздың спорт саласында бірқатар жетістіктермен қатар мәселелер де жетерлік. Әрине, жұмыс болған жерде артықшылықтарымен бірге кемшіліктердің де қатар жүретіні белгілі. Біздің облыстағы спорт саласындағы мәселенің бірі – «Тараз» футбол клубының жағдайы.
Негізі Әулиеата футбол мектебінің елімізде абыройы жоғары, еңсесі биік. Жамбыл өңірі талай тарлан ойыншыларды Ұлттық құрамаға баптап шығарған. Олардың барлығы да үмітті ақтады. Олимпиада чемпионы Евгений Яровенко, Ұлттық құрамада көзге түскен Нүркен Мәзбаев, Азамат Ниязымбетов секілді саңлақтар мәртебемізді талай шыңға көтергені рас. Тіпті, осы «Тараз» командасы 27 жыл бұрын ел чемпионы болып, қуантқаны бар. Жаңылмасақ, ел кубогына да ие болған. Бірақ, қазақ футболында абыройы жоғары «Тараздың» кейінгі 15 жылдағы ойыны жамбылдық жанкүйерлерге еш ұнамай-ақ қойды.
Соңғы 15 жылдың ішінде команда үш мәрте премьер-лигадан бірінші лигаға түсіп қалды. Бұл, әрине, тарихы қатпарлы Тараз футболының бастан кешетін жағдайы емес еді. Алғаш 2008 жылы бірінші лигада доп тепті. Ол кезде Владимир Фомичев деген бас бапкер бар еді. Команданы бірінші лигаға түсіріп алған да өзі, арада жыл өткенде премьер-лигаға өткізген де өзі болды.
Ол кезде команда капитаны – Азамат Ниязымбетов, белді ойыншыларының бірі – Ұлан Қонысбаев болатын. Бірі – аға буын, бірі – жас буын. Сол уақытта Азаматтың жасы 34 те, Ұланның жасы 19-да. Сол жасына қарамастан Азамат Ниязымбетов жартылай қорғаушы әрі команда капитаны ретінде алаңның орталық шебінде керемет өнер көрсететін. Ал, жас футболшы Ұланның жылдамдығы көз сүйсінтуші еді.
Кейіннен Қонысбаев Ұлттық құрамада да, еліміздің ең азулы клубтарында да ойнап, талай табысқа жеткенін жанкүйерлер жақсы біледі. Сол кезде бірінші лиганың командалары да оңайлықпен ұпай бермейтін. Кейде өз алаңында өтіп жатқан ойынның бірінші таймы 0:0 есебімен тең аяқталатын. 15 минуттық үзілісте бас бапкер Фомичевтың не айтатынын, қалай жігер беретінін қайдам, жерлестеріміз екінші таймда ширап шыға келетін. Сол кездесулер 3:0 немесе 2:0 есебімен тараздықтардың жеңісімен аяқталып жататын. 2018 жылы да «Тараз» төменгі лигаға түсіп қалып, келесі жылында премьер-лигаға қайта көтерілді.
Ал, былтыр тағы да бірінші лигада доп теуіп, турнир кестесінің ортаңғы белінен әрең көріндік. Бұл туралы клуб директоры Жандос Ахметов маусым басында түсіндіріп өткені рас. Ол: «Клубтың қарызы өте көбейіп кеткен. Сол қарыздарды реттеу үшін бірінші лигаға түсіп отырмыз. Екі жылдай қарыздарымызды реттеп алып, бұйырса жақсы ойыншылармен премьер-лигаға шығуға күш саламыз», – деген.
Былтыр «Тараз» командасы сол мақсатпен тер төкті. Бірақ, команданың соңғы сәттердегі жиі жеңілістері жанкүйерлерге ұнаған жоқ. Біз Диас Орынбасар, Арсен Әшірбек, Еркебұлан Тойбек, Ұлықбек Хайтмұратов, Абзал Маханбетжанов, Бауыржан Рахмет бастаған жамбылдық жігіттер бір сөзбен айтқанда, жерлестерінің сенімін толық ақтамады. Себебі неде екенін түсіне алмадық. Осы сәтсіз ойындардан соң, бас бапкер ауысты. Бірақ, былтырғы маусым басталғанда «Тараз» дәл осы құраммен де «Түркістан» командасын 5:0, «Бәйтерек» командасын 7:1 ірі есебімен ұтып қуантып еді. «Тараз» футбол клубының 50 жылдан бері қалыптасқан жанкүйерлері бар. Тараздық қарт Барат Мыңбаев ақсақал жамбылдық команданың әр ойынымен тыныстайды. «Жерлес команда «Тараз» ұтқан күні төбем көкке жетеді», дейді ол.
Жанкүйердің көңіл-күйі деген осы. Ал, облыстың Құрметті азаматы, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов өткен жыл соңында зиялы қауыммен өткен кездесуде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевке «Тараз» футбол командасының жағдайы туралы айтқан болатын. «Премьер-лигадан қашан көреміз? Тіпті, жаңа ашылған Абай облысының да футбол командасы премьер-лигада ойнайды» деп сұрақ қойды. Облыс әкімі бұл сауалға мән беріп, «Тараз» клубының жағдайын зерделеп жатқанын айтып, барынша нәтиже шығаруға күш салатынын жеткізген еді.
Өңір басшысының бұл жауабына қуанып қалдық. Біз жақында аталған клубтың атқарушы директоры Ғабит Қазыбековке жолыққан едік. Ол: «Клубтың қарыздары көбейіп кеткендіктен, былтыр бірінші лигаға түсіп, өнер көрсетуге мәжбүр болдық. Сондықтан, 20-23 жасар жамбылдық жігіттер ғана команда құрамында доп тепті. Жеңсе де, жеңілсе де сол жергілікті жігіттер тер төкті. Биыл қаржылық мүмкіндікке қараймыз. Жақын күнде командаға бас бапкер тағайындап, жоспар жасаймыз. Премьер-лигаға шығуды жоспарласақ, мықты ойыншыларды шақыруымызға тура келеді. Олардың құны – көлемді қаражат. Дегенмен, мәселенің оң
шешілеріне сенімдімін», – деді.
***
Бізде спорт саңлақтары туралы тағы да қозғайтын мәселелер аз емес. Мәселен, сонау сексенінші жылы Мәскеу Олимпиадасындағы Жақсылық Үшкемпіровтің алтын медалінен кейін елімізде күрес түрлерінен Олимпиада чемпионы шыққан емес. Жамбыл облысынан алтыннан алқа тағынған саңлақтың шығуын күтіп жүргенімізге талай жыл болды. Рас, Елдос Сметов екі дүркін Олимпиада жүлдегері атанды. Оның алдында Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров Олимпиада медаліне қол жеткізді. Бірақ, алтынның аты – алтын. Рас, «Қазақстан барысы» турнирін үш рет ұтып алған Бейбіт Ыстыбаевпен мақтанамыз. Ал, үш рет Олимпиада чемпионы болған жерлестермен мақтанып отырар күн қашан туар екен? Бокстан Бақтияр Артаев 2004 жылы Грекияның Афина қаласында өткен Олимпиадада алтыннан алқа тағынып, ең үздік боксшыға берілетін «Баркер» кубогын қоса иеленіп қайтты. Бұл Бақтиярдың және жеке бапкері Нұрлан Ақүрпековтің ғаламат еңбегі. Содан бергі жиырма жыл ішінде Олимпиада алтынын алған боксшыны кездестіре алмадық. Рас, Асланбек Шымбергенов Азия, Әлем чемпионы атанды. Олжас Сәттібаев әскерилер арасында Әлем чемпионы, ересектер арасында Азия чемпионы болды. Ғани Жайлауов Әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді.
Әбілхан Аманқұл мен Дулат Бекбауов Әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері атанды. Бір айта кетерлігі, соңғы үшеуі тағы да сол – Нұрлан Ақүрпековтің төл шәкірттері. Сонда Олимпиада төрінде жарқыратып алтын алып берген Бақтияр Артаевқа, оның жеке бапкері, Бақтиярдан кейін де бірнеше төл шәкіртін төрге оздырған Нұрлан Ақүрпековке құрметіміз ерекше болса жараспай ма? Биыл Афина Олимпиадасында Артаевтың чемпион атанғанына 20 жыл. Бұл – облыстың үлкен абыройы. Осы атаулы күнге арналып іс шаралар өте ме? Біз осы жағын білмек болып облыстық бокс федерациясының президенті Ерәділ Убаниязовқа хабарласқан едік. Өкінішке қарай мүлдем байланыса алмадық. Ал, «Жамбыл» кәсіпқой бокс клубының басшысы Бақтияр Тілегенов: «Бұл сұрақ тікелей маған қойылып тұрған жоқ. Дегенмен, Нұрлан Ақүрпеков ағаның еңбегін бағалап, құрметтеуге дайынбыз. Спорт саласының, федерацияның басшылары да мұндай еңбегі сіңген азаматтарға оң көзқараспен қарайтыны анық. Бұйырса, шәкірті Бақтияр Артаев екеуі алтыннан алқа тағынған жеңістің 20 жылдығы да лайықты аталып өтеді деп ойлаймын. Осы жеңістің құрметіне жасөспірімдер арасында бокстан халықаралық турнир өткізсе де артық емес», – деді.
Ал, біз облыстың абыройы үшін тер төгіп, чемпион шәкірттер дайындап жүрген барлық жеке бапкерлерге деген құрмет, қолдау жоғары болса дейміз. Сонда, спорттың бағы жана береді.