Біз қашан оянамыз?

Біз қашан оянамыз?

Қазіргі ғаламтор пайдалану арқылы ақпарат алмасудың пайдасы да, зияны да бары көп айтылып жүр. Бұл көзқарастардың екеуі де дұрыс сияқты. Бірінші, әр адамның өз таңдауы бойынша керек уағында іздегенін тауып, өзінің білім деңгейін көтеруге мүмкіндік беретін пайдалы жол болса. Екінші, ғаламтор ақпаратын екшеп, саралап, тек қана ұстанымы қалыптасқан сана таңдауымен өзінің рухани өсуіне, білімін жетілдіруге қажет ететін мөлшерде қабылдамаса, зиян әкелуі мүмкін. Талғамсыз ақпарат қабылдау адамның түйсігін улап, қабылдаған ақпараттарының мәнін терең оймен ұғуға мүмкіндік бермейді. Ол адамды ойсыз мәңгүртке айналдырып, гипнозбен арбағандай ғаламторға тәуелді етеді. Яғни, жүйесіз, көп мөлшерде алған ақпарат ми мен жүйкеге салмақ түсіріп, адамның табиғи қабілетін төмендетеді.

Кейде адамды психологиялық ауытқуларға ұшыратуы мүмкін. Өйткені осы ғаламторды санаулы алпауыт мемлекеттердің әлемдегі саяси ахуалды бақылауда ұстап, дүниежүзіне ықпал ету арқылы өздеріне тиімді пайдаланып отырғаны аян. Олардың негізгі мақсаты – адамдардың психикасына әсер ету арқылы олардың көзқарастары мен түйсіктеріне ықпал ету. Басқа елдердегі өз тарихи ұлттық рухани құндылықтар негізінде қалыптасқан қоғамдық саналарды өзгерту үшін небір қитұрқы әдістерді пайдаланады. Сол себептен, біз көзге көрінбейтін, бірақ санамызды жаулап жатқан ақпараттық шабуылдан өзімізді және ұрпағымызды қорғауды бір сәт те болса естен шығармауымыз керек.

Кейінгі кезде біздің қоғамда құлағы қылтия бастаған, ұлтымыздың болмысына жат айтылып жүрген пікірлер көбейіп кетті. Мысалы, солардың бірі – «тарихи шолу», «не шындықты айту үшін» деген айдармен таралып жүр. «Оның аяғы ұлтымыздың ішінде іріткі тудырып, оның келешегі үшін ұйысуына кедергі әкелмей ме?» деген сұрақ тудыратыны белгілі. Бұл тірі кезінде құрметке ие болып, қоғамға танымал, ықпал жүргізген адамдарды өлген соң қылықтарын сараптан өткізіп, кемшіліктерін жіпке тізіп, оларды нәжіске былғау – еуроцентризм идеологиясына тән қоғамдық санада тәрбие алғандардың қылығы екені де аян. Бұл – ақиқат. Ойлансақ, бұл үрдістің негізі тереңде жатыр.

Қазақ болмысындағы бір шындық – ол біздің халқымыздың көзқарасы мен санасы Кеңес дәуірінде қалыптасқан орыс мемлекетшілдігі психологиясы негізіндегі идеология ықпалымен қалыптасқаны. Өкінішке орай, тәуелсіздік алғаннан кейін де халқымыздың ұлттық санасы мен көзқарасының уланып қалған сол бұрынғы идеологиялық құрсаудан шыға алмай жүргені де ақиқат. Осының салдарынан қазақ азаматтарының кейінгі кездері халқымыздың тарихи өткен жолында белсенділік көрсетіп өмір сүрген азаматтар туралы сын айтулары көбейіп кетті. Әсіресе саяси сахнада болғандар туралы. Бұл үрдіс ұрпақ тәрбиелеудің негізгі құралы – ұлттың бірлігін нығайтатын қоғамдық сана қалыптастыруға орасан зиян әкеледі. Халқымыздың менталитетіне байланысты ішкі ынтымағымызды бекітетін қасиеттерінен айыратын осы іріткі пиғылдар жол алу салдарынан ұлтымыздың келешегіне қауіп төндіретіні белгілі.

Біздің халқымыздың басқа халықтарда кездеспейтін бір құндылығы – аруақтарды сыйлау. Халқымыз тарихында бабаларымыз ешқашан о дүниелік болған адамдардың атына сөз айтып, кемшіліктерін теріп, олардың аруағын қорламаған. Бұндай қылықты надандық пен көргенсіздікке балаған. Қазақтың мінезіндегі ерекшелігі – адамның кемшілігін тірісінде кім болса да көзіне тура айтып, ал ол адам өлген соң аруағын сыйлап, бар кемшілігін ұмытуды үйренген. Бұны қазақ даналарының шешендік өнеріндегі ел арасы бірлігі мен әділдікті сақтауға байланысты қалдырған сөздері мен өсиеттерінен ұғып білуге болады. Бабалар даналығын ұғу үшін әр адам өз халқының рухани құндылығын меңгеруі қажет.

Адам баласының өз тегінің құндылығын ұғуы мен ойлау қасиеті сол адамның генетикалық жадына тікелей байланысты. Тіл – генетикалық жадының кілті. Адам өзінің генетикалық жадын пайдалану үшін тек ана тілінде сөйлеп, өз тегінің құндылығын бағалайтын ортада өсіп-жетілуі қажет. Яғни, өзіндік ұлттық сана қалыптастыру үшін соған ықпал ететін орта қажет. Қазіргі кезеңде біздің рухани құндылығымызды сақтайтын, оны ұрпаққа сіңдіретін де, таза қазақша сөйлеп, балаларын аталар салт-ғұрыптарының асыл жұрнағымен тәрбиелейтін орта – қазақ ауылы. Қазіргі өркениет ерекшелігіне байланысты ұлттық сана-сезімді қалыптастыру жолында халқымыздың құндылық жауһарын ұрпағымыздың санасына сіңдіру үшін қаланы рухани құндылықты қастерлейтін орта деңгейіне жеткізуіміз қажет. Өзін қазақпын дейтін, халқын қадірлейтін бір адам бұған қарсы сөз айтпайтыны белгілі. Біз сөз жүзінде осы ұғымды қолдап, іс жүзінде жігерсіздіктен маңайымыздағы болып жатқан кемшіліктерге көзімізді жұмып, барды көрмей жүре берсек, сол қылығымыз да жағымпаздықтың бір түрі екені де ақиқат.

Жағымпаздар тек тұлғалардың маңайында көз алдымызда жүргендер ғана емес. Халқының келешегі мен ұрпағының тағдырына немқұрайды қарап жүрген енжар, тек ас үйде отырып билікті, не оған сын айтатын оппозицияны немесе ұлтшылдарды сырттай сынап, жеме-жемге келгенде үндемей қалатын ынжықтар да жағымпаздарға жататыны аян. Ондай отбасында тәрбие алған балалар қайдан белсенді, ұлт намысын қорғайтын азамат бола алады? Әлде балалар мектептегі тәрбиеден мемлекетшіл, ұлтын сүйетін, отанын қорғайтын деңгейге жетеді деп ойлай ма? Әй, қайдан олай болсын. Сол мектепте балаларға тәлім беріп жүргендердің көбінің де сана-сезімі мен болмысы сол еуроцентризм ықпалынан тазара алмай, қоғамдағы қалыптасқан идеология шеңберінен шыға алмағандар болса, қайтерсің. Оларға ренжуге де болмайды. Өйткені оларды сондай халге душар етіп отырған, өз халқының келешегін тек еуроцентризм ұғымына байлап қана шешуден басқа жолды іздемейтін, көрмейтін, сауатсыз ұсынылған, ұрпақ тәрбиелейтін бағдарламадан аса алмай жүргені ғой. 

Өкінішке орай, «өркениетті» елдерден қалмаймыз деп, ұрпақ тәрбиесі мәселесін еліктеумен, космополиттік ұғымдардың шеңберінен шығармауға күш салып жүргендер де бар. Осыны билік басындағылар қашан ойлап, түзетуге күш салады? Бірақ қазіргі қалыптасып қалған жағдайды түзетудің ауылы әзірше алыс. Егер бұл мәселе шешілмесе, сол қателері бумеранг болып өздеріне тиетінін сол азаматтардың ойламайтыны ұғымға сыймайды.

 Өмір заңы бір орнында тұрмайды, өзгереді. Кейін уақыт өткен соң осы қателіктері үшін өздері тәрбиелеген келесі ұрпақ олардың өзін көң-қоқысқа лақтырып, нәжіске аунатулары мүмкін екенін неге ұқпайды? Бір таласпайтын шындық: қандай да бір «тұлға» болмасын, заманы өткесін тарих оған халқының тірісінде айталмаған бағасын беріп, оның атын мәңгі не жадында сақтайды, не қарғыс айтып, халықтың жадынан мәңгі қара бояумен өшіреді. Бұл ақиқат, оған ешкімнің әмірі жүрмейді.

Тарихты қастерлеу деген – өткенге қазіргі заманның көзқарасымен қалыптасқан ұғыммен баға беру емес. Тарихты қастерлеу – сол заманның қайшылықтарын   санамен   ұғып, өз пікіріңді тықпалап, өткендердің кемшіліктерін қазбаламау.

  Болат ДҮЙСЕМБІ

27.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Ымырт ерте үйірілетін өлке
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 28.11.2025 572
«Ұлттық баспасөзге  деген сенім мен құрмет үзілмесін!» деген ел Президентінің пәрменін аяққа таптаған кім?
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері - 28.11.2025 571

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 20898
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 20684
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 35820
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 34335
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 38218