Бізде бұдан басқа жол жоқ!

Бізде бұдан басқа жол жоқ!

Яки Назарбаевтің ең үлкен саяси қателігі неде?

Ата-бабаларының рухани байлығы мен халқының жер бетінен жоғалып кетпеуін ойлаған әр қазақ бір нәрсені ұғынуы қажет. Ол қазіргі жаһандану дәуірінде рухани азғындыққа ұшырамай, ұлттық ерекшелік негізінде мемлекет құруды мақсат тұтқан халықтың, әлемдегі өз ықпалын жүргізіп отырған өркениеттің ерекшелігімен санаспауы мүмкін емес екенін ұғуы керек. Сондықтан, біз ұлтымыздың келешегі үшін жасайтын әрекетіміз сезімге (эмоцияға) емес, терең ғылыми білімге сүйенген парасаттылыққа негізделген қадамдар болуы тиіс. Өкініштісі, ұлт жанашырымыз деп жанын салып жүрген азаматтардың өздері көбінесе сезімге беріліп, мезеттен туған кейбір ұлттық намысқа тиетін мәселелердің төңірегінде айғай көтеруден аса алмай жүр. Негізінде, осы жайлардың шығу төркініне үңіліп, себептерінің қайталанбауына бағытталған парасатты істерге күш жұмсау дұрыс болуы қажет. Бірақ, елімізде ұлт жанашырларының «қуыршаққа» айналып, қазақ мәселесі ешқашанда бағыт ұстанымы болмаған кейбір саяси топтардың, оларды өздеріне бедел жинау жолында пайдаланумен қарапайым халықты адастырып жүргенін ұқпаулары орын алған. Ұлт мәселесі бар қазаққа ортақ және ең қасиетті өте нәзік ұғым. Ұлт мүддесін қорғау – бай болсын, кедей болсын, билікте, не болмаса оппозицияда жүрсін, ол намысы бар әр қазақтың борышы. Сондықтан кейбір ұлт мәселесімен айналысып жүргендердің «ұлтшылдар – біз, басқалар не істеді» деп тәкаппарлықпен кеуде қағуы таяздық, сауатсыздық. Әр азамат өз деңгейі мен мүмкіншілігін пайдаланып, жүрген ортасында ұлтының намысын қорғау, арына сын екенін ұғуы қажет. Ұлт мәселесін биліктің, оппозицияның партиялары саяси ойыншыққа айналдырып бедел жинауға құқы жоқтығын ұғулары қажет. Бірде-бір партия, топ – барша халықтың атынан сөйлей алмайды. Өйткені, олар аз ғана топтың (билік партиясы – биліктің, оппозицияның және топтардың өз бағыты бар) мүддесін қорғайды. Олар халықтың бөлшегі болған соң, ұлттық мәселеге өз көзқарастарына сай жүргізетін саяси құжаттары мен іс-шаралары арқылы ұлттық руханиятты дамытуды азаматтық борышымыз деп түсінуі керек. Халық арасында, ұлттық партия құрылып, өз бағдарламасын бекіте алса ғана саяси партия ретінде ұлттық мүддені қорғауға құқылы деген ұғым қалыптасып келеді. Оған еліміздегі заңдар ұлттық партия құруға жол бермейді. Бұл дұрыс талап, оны қолдау керек. Бірақ, биліктің тәуелсіздік алғаннан бері, қазақ халқының мүддесін қорғау мәселесіне байланысты өзінің ұстанымын нақтыламағандықтан, осыған байланысты қоғамды алаңдататын көптеген жағдайларға әкеліп отырғаны да белгілі. Мысалы: Кезінде, қоғамда айғай тудырған «доктрина» мәселесі және соған байланысты мемлекет деңгейінде құрылған комиссия арқылы ұлт мәселесі туралы келіссөз жүргізуді демократиялық қоғамға тән үрдіс деп тану үлкен қателік. Демократиялық қоғамда әлеуметтік және саяси мәселелер бойынша кейбір топ өкілдерінің келіссөз жүргізуі заңдылық. Өйткені, бұл топтардың өздерінің бағытына сәйкес мүдделері бар. Ал Ұлттық мемлекет құрамыз деп Тәуелсіздік декларациясын жариялаған елде азаматтарының билікпен ұлт мүддесін қорғау үшін келіссөз жүргізуі – бейшаралық. Бұл бұрын-соңды адамзат тарихында болмаған жағдай. Сонда қазақ халқы өз еліне, жеріне өгей болғаны ма? Әлде, қазақ елінің билігінде басқа елдің азаматы отыр ма? Не болмаса біздің елдің билігі жеке біреудің меншігінде болып, Ата Заңда жазылған мемлекеттің иесі халық деген сөз көзбояушылық па? Осындай жағдайдың туындауының басты себебі, биліктің ұлттық мемлекет (әлемдік тәжірибеге сай) құрудағы негізгі ұстанымын әлі күнге дейін бекіте алмай, тек «демократия» деген желеумен батыс саясатына бейімделуі мен еліктеуінде байланысты болып отыр. Ол Назарбаевтің ең үлкен саяси қатесі еді. Оның себебі, ұлт мәселесін көтеріп көзге көрініп жүрген азаматтардың ұсақтанып, қазақ халқының этностық шеңберінен асып, саяси ұлт деңгейіне көтерілуіне жол көрсететін биіктен табыла алмағандықтарынан болған еді. Билік, халықтың пікірімен санаспай, еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін саяси, не экономикалық теңдікті сақтамайтын кедендік одаққа кірді. Бұл қадамының алаңдатушылық туғызатыны – адамзат тарихында отарлықтан құтылған ел, аяғынан тік тұрмай жатып және отаршылықтың зардабын жоятын заң қабылдамай отырып, қайтадан метрополиямен өз егемендігін шектейтін одақ құрмаған. Оның себебі белгілі. Бұл, мәселеге тереңірек үңілсек, басты себеп мемлекет құрудың негізі – биліктің тәуелсіздікті қорғайтын, ғылыми негіздегі ұлттық саясат ұстанымының жоқтығы болып отыр. Осының аяғы елімізді саяси кіріптарлыққа қамайтын, экономикалық тәуелсіздікке кіргізетін жол ашуына әкеліп отыр.  

Біздің қоғамда қалыптасқан кемшіліктерден құтылып, халықтың мүддесіне адал, елдің келешегін ойлауды бірінші орынға қоятындай өзгеріс әкелетін жол бар ма? Бар!

Біз адамзаттың тарихи өткен жолының тәжірибесіне терең үңіліп, әлемдік қоғамтану ғылымының заңдылығына талдаулар негізде сүйеніп іздесек, сұрақтың жауабын табамыз. Тәуелсіз мемлекет құру үшін, билік еліміздің мәңгі тәуелсіздігін сақтайтын ғылым мен халқымыздың ата-бабадан келе жатқан рухына сүйенген ұстанымы – Ұлттық идеяны бекітуі қажет болатын. Сол идея негізінде жаңа қоғамдық сана қалыптастыру қажет.

Ұлттық идея – қандайда бір халықтың өзіне тән ерекше құндылықтарын сақтай отырып, барша адамзаттың қол жеткізген, прогресс әкелетін құндылықтарын ғылыми талдау арқылы пайдаланып, ұлттық мемлекет құруға жол ашып, ұлттық идеологияның рухани ұстанымы негізінде қоғамдық сана қалыптастыратын ұғым.

Ұлттық идеяны, субъектизмнен туындайтын өзімшілдік пен тәкаппарлықтан туатын ғылыми негізі жоқ, қоғамда халықтың бірлігіне зиян әкелетін жабайы ұлтшылдықтан айыра білу қажет. Өйткені, біздің қоғам ұлттық идея мен мемлекетшілдік ұғымның мақсатының бір екенін ұқпай көптеген кемшіліктер жіберіп отыр. Соның бірі – ұлттың, елдің намысын ойлап, қорғағанды қудалау орын алғаны. Осы қателіктердің орын алуының себебі, социалистік қоғамдағы авторитарлық билік жүйесі мен қапиталистік қоғамының демократиялық басқару жүйесі табиғи қарама-қайшы қоғамдық сана қалыптасуы негізінде өмір сүріп дамитынын ұқпау. Бізде социалистік авторитарлық билік жүйесі басқаруымен капитализм қоғамының экономикалық даму тәжірибесін өзгеріссіз, халықтың менталитетін ескермей еліктеумен енгізіп, ғылыми негізде жаңа қоғамдық сана қалыптастыру мәселесі шешілмеген. Яғни, жаңа мемлекет құру үшін – жаңа қоғамдық сана қалыптастыру қажет. Қоғамдық сананы саясат қалыптастырмайды. Осыны ұғу керек.

Жаңа тәуелсіз ұлттық мемлекет құру үшін ең қажет, басты мәселе – жаңа қоғамдық сананы қалыптастырудың негізгі заңдылығын қатаң сақтау. Қоғамдық сана мемлекетшілдіктің берік бас фундаменті болғандықтан, ең бірінші мемлекет құрушы халықтың рухани құндылығынан басталады. Мемлекеттің келешегі, дамуы халықтың рухына байланысты.

Біздің еліміздің келешегі үшін: Ұлттық саясат ұстанымы (идеясы) – мемлекет құрушы қазақ халқының құндылықтарын сақтайтын ұстаным негізінде болуы шарт. Қазақстанның әлемдегі ұлттық мемлекеттер қатарына қосылып, қазақ халқының саяси ұлт деңгейіне көтерілуі – еліміздің қауіпсіздігінің, экономикасының, ішкі және сыртқы саясатының, ғылымының, заң жүйесін құруының, экологиялық қауіпсіздігінің, ғылым, білім беру мен ұрпақ тәрбиелеу жүйесінің, мәдениетінің, ақпарат тарату, қоғамдық сана қалыптастыру мен рухани даму идеологияларының – осы саяси ұстаным негізінде қалыптасуына тікелей байланысты. Өкініштісі, кейбір ұлт мүддесін қорғап жүрген азаматтардың ұлттық құндылықтар мен ұлттық идеяның айырмашылығын ұға алмау салдарынан бірлігіміз болмай жүргені алаңдатады. Қазіргі жаһандану заманында тек бір халыққа тән құндылықтармен мемлекет құру мүмкін емес. Өйткені, қандайда болмасын бір халықтың құндылықтар шеңберінде қалуы, әлемдегі ғылыми жетістіктерді өз халқының келешегі үшін пайдалануға шектеу қою болады. Сондықтан да, қазақ ұлтының мәселесін терең ойласақ, мезеттік сезім (эмоция) жетегіне ілеспей, бос айғайға салмай, халқымыздың құндылықтарын парасаттылықпен екшеп, жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренуіміз, келешек үшін өте қажет. Өйткені, ұлттық мүддені түсіну бірлігі болмай, қазақ халқының бірлігі де, келешегі де болмайды. Бірлігі жоқ елдің байлығы да, бас билігі де азулының аузында, қанаттының тұмсығында кететіні белгілі. Оның себебі, біз халқымыздың бабалардан қалған рухани байлығын жадымызға сіңірмей, тек сөйлеген тілімізде ғана сақтауымызда болып отыр. Өзін қазақпын деп кеуде соғып жүрген азаматтардың – аталы сөзге тоқтап, көреалмаушылық, тәкаппарлық пен дүниеқорлықты шектеп, атақ, жершілдік пен шенқұмарлықта қанағатқа жол беріп, ащы да болса шындыққа бас иіп, ар, намыс, ұят сақтаудағы өз кемшіліктерін мойындағысы келмейтіні ұрпақ тәрбиесіне үлкен нұқсан келтіріп жүргенін ұғуымыз қажет. Кейбіреулердің өздерін маңайындағылардан жоғары ұстап, әр қадамына жұрттан, биліктен мадақ күтулері ақылға сыймайды. Осының салдарынан қазақ серкелерінің бірінің пікірімен бірі санаспай, ел мүддесі жолында өздерінің «намысын» тежей тұруға өзімшілдігі бой бермей, өз еңбегін өзі бағалаудан аспай жүргендері бас біріктіруге зиян келтіріп отыр. Тағы бір кемшілік, осы серкелердің командамен жұмыс істей алмай, кемшілігін айтқандарды жауға балап, қасына ергендердің намысын өз намысым деп ұқпаудың салдарынан маңайындағы сенімді серіктерінен айырылып, тек өзін мадақтап тыңдайтын, өзінен ой-өрісі төмен, дарынсыздардың қоршауында қалып жүргендері аян.

Біз батыстық (еуроцентризм) бағытында білім, тәрбие алғандықтан ұлтымыздың дана құндылықтарын игеруде кемшілігіміз көп. Сондықтан, ел бірлігін ойласақ, алдымен өз кемшілігімізді өзіміз тежеп, өзімшілдіктен кеудемізді тазартуға ұмтылайық. Пікір айтып, құр кемшілікті термей, сол кемшіліктерді қалай түзеуге жол көрсетуі керек. Оған шамасы жетпегеннің жайына жүруі – ақылдылық. Қазақтың мәртебесін көтеру үшін, үнемі қазақты мадақтау емес, тек бабалар даналығын берік ұстап, парасаттылықпен, білімімізбен, бірімізді-біріміз сыйлаумен, жігерімізбен, аз сөйлеп, ісімізбен басқа халықтарды қазақты сыйлайтындай жағдайға әкелуіміз керек. Біз үшін ғасырлар бойы қалыптасқан жатжұрттық мінез-құлықтан арылып, келешек ұрпаққа ұлағатты өнеге тастайтындай деңгейге жету ең қажетті іс. Келешек жастардікі.

Ұлттық мүддені қорғау жолындағы келесі кемшілігіміз – қазақтың шешімін таппай жатқан мәселесі мен кейде ұлтаралық қарым-қатынаста туындайтын қолайсыз жағдайларға байланысты пікір білдіргенде басқа халық өкілдерін атап кінәлау үрдіс алған. Бұл үлкен қателік, ол қазақтың беделіне көлеңке түсіреді және халықтардың арасына сына қағылады. Осы надандық қылықтан арылуымыз қажет. Бізді бодандыққа Ресей патшалығының империялық саясаты мен кеңестік тоталитарлық жүйенің бір орталықтан басқару – шовинистік бағыты қамаған, орыс халқы өздерін басқарған саясаткерлері үшін кінәлі емес. Өз халқымыздың намысын қалай ойласақ, басқа жұрт өкілдерінің намысын солай ойлап үйренсек, қазақ ұтады. Және осы ұғымды басқа жұрт өкілдеріне түсіндіре білуіміз қажет.

Мысалы, біз өз мемлекетімізде тұрып жатырмыз, ал елімізде басқа жұрт өкілдеріне қандай да бір қысымшылық жасалса, оған кінәлі қазақ халқы емес, тек биліктегілер кінәлі деп айтпас па едік. Осыны жадымызда ұстайық. Біздің мемлекетшілдікті қолдау ұстанымымыз – қазақтың келешекте өзімшіл болмай, ата-бабалардай кеңпейіл, тәкаппарлыққа жол бермейтін, даналықтан нәр алған, өзге жұртқа сыйлы болуын мәңгі сақтайтын халық болуы, тәуелсіздіктің мәңгі кепілі болатыны аян.

Ел келешегін ойласақ, жадымызда сақтайтын қағида: жаһандану кезеңінде аз ғана қазақ халқы келешегін өзі қорғай алмайды, сондықтан барша әлемдегі және еліміздегі тегіміз бір бауырлас түрік халықтарының ынтымағын арттырып, туысқандық рухани бірлігімізбен бірімізді-біріміз қорғау бәріміздің қасиетті борышымыз. Тек сонда ғана мәңгілік, тәуелсіз ел бола аламыз. Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет құрып, ұлан-байтақ қазақ жеріндегі барша жұрттың бірлікпен ұйысып, ұрпақтарының келешегі үшін, алдымен социализм мен капитализмнің идеологиясы ықпалындағы отыз бес жыл өмір сүрген ескі «қойыртпақ» қоғамдық санадан құтылу қажет. Қоғамдық сана өзгермей, қоғам өзгермейді. Сондықтан, нақтылы ұстанымы берік мемлекет құру үшін, ғылымға, мемлекетқұрушы халықтың менталитетіне сүйенген жаңа қоғамдық сана қалыптастыру қажет. Ойланайық!

Бұдан басқа жол жоқ.

23.01.2026

Ұқсас жаңалықтар

Бауырлас елдерді барласақ
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 15.01.2026 429

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 22601
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22357
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38192
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 35935
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 39993