«Бұл дүниеде ең қымбат нәрсе не?» – деп балаларға сұрақ қойдым. Жауаптар сан қилы болды. Біреуі Отан, енді бірі тіл, тағы біреулері көңіл, денсаулық, білім десті. Бәлкім олардікі дұрыс та шығар. Айтары жоқ, бұл айтылғандардың бәрі қымбат та асыл нәрселер. Бірақ тәуелсіздігімізге, бостандығымызға, еркіндігімізге ештеңе жетпейді ғой. Құл болған жақсы ма, әлде еркін ұл болған жақсы ма? Кезінде ата-бабаларымыз тәуелсіздігіміздің қадірін білмеді десе де болады. Жарты әлемді билеген көк түріктер келе-келе жік-жікке бөлініп, өзара қырқысып әлсірей берді. Бұл алаңсыздықты тиімді пайдаланған көршілері бабаларымыз иемденген ұлан-ғайыр жерді бөлшектеп ала бастады. Одан кейін жермен бірге тәуелсіздігімізді тартып алды. Міне, содан бері біз ешкім емеспіз. Құлдық қамытты өз еркімізбен кидік.
Адам баласы бара-бара бәріне көнеді, үйренеді екен. Соның ең жаманы – бодандыққа мойынсұну. Мәңгүрт болу. Өз анасын өлтірген мәңгүрт кімді аясын! Қазақтың соңғы рет серпілуі, рухтануы – Алаш арыстарының Алашорда құруға талпынған кезі. Халқын ерте алмады ма, олар жеңіліске ұшырады. Содан кейін-ақ қазақтың басына зұлмат шақтар орнады. Мәңгүрттер шегір көздермен бірлесіп миллиондаған қазақты аштан қырды, қуғын-сүргінге ұшыратты. Қызыл империяның зұлым саясаты қазақты түп-тұқиянымен жойып, қалған жерін тартып алу еді.
Желтоқсан көтерілісі қазақтың әлі де болса рухының өлмегенін дәлелдеді. Бұл көтеріліс Алаш ұрпақтарын бүкіл әлемге танытты. Тәуелсіздігімізді берді бір Аллам. Бірақ тағы бір мәңгүрт ел билігіне келді де, момын елін ұйыққа батырды. Үш ғасырға жуық езгіде болған қазақ әлі де бодандық дертінен толық айыққан жоқ еді. Бір адамның билігіне мойынсұнды. 30 жыл жаңаша өмір сүріп рухты, намысты ұрпақ тәрбиелеп, тегеурінді мемлекет құруға зор мүмкіндік туған болатын. Әттең… пайдалана алмадық. Мәңгүрттер әлі де сол билікте отыр. Елімізді жемқорлық жайлап тұр. Жер асты байлықтарымызды кім көрінген тонап жатыр.
Жаңа Президентіміз «Әділетті Қазақстанды құрамыз!» деп ұрандап келді. Бірақ әзірге ол мақсат ұран күйінде қалып, жүзеге асар емес. Себебі біздің қазағымыз әлі де бодандықтан арыла алмай отыр…
Жақында Қытайдан келген бір бауырыммен кездестім. Оның көзінен, жүзінен қуанышты, рухты көрдім. «Менің әлеуметтік жағдайым Қытайда өмір сүргенде тәуір еді. Бірақ мен онда аузын буған құл болатынмын. Мен құлдықты емес, бостандығымды қаладым. Елге келдім. Бұдан өткен бақыт жоқ» деді ол. Иә, өз атамекенімізде біз еркінбіз. Ойымыздағыны айта аламыз. Бірақ оның да шегі бар. Сондықтан, бауырларым, бодандыққа мойынсұнба, тәуелсіздігіңнің қадірін біл! Осы тәуелсіздігімізді сақтай білейік, аялай білейік. Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!