Бүлдіршін шаққа оралсам...

Бүлдіршін шаққа оралсам...

Егер мен бүлдіршін шағыма қайта оралар болсам, сөз жоқ, бала күнгі досым Ирамен бәз-баяғыдай алаңсыз ойынға басар едім.  Ирамен қайта кездесер болсақ, мені таныр ма еді? Мүмкін бәрі де сонда есіне түсер...

    Ол кезде мен әлі мектепке бармаған кішкентай болатынмын. Біздің үйдің дәл қарсысында Алексей деген атай мен әжей тұратын. Өздері жалғызілікті адамдар болғандықтан, үйлеріне соншама көп қонақтар да келе бермейтін. Бірде ол кісілердің үйіне алыстағы Новосибирск қаласынан немерелері қыдырып келіпті. Мен сол сары шашы желкілдеген өзім сияқты қызбен достасқым кеп жүрді. Ертеңгісін көшеде орындықта зерігіп отыр ем, көк қақпа ашылды да, кешегі қыз шықты. Мен шақырып едім, қасыма келді. Екеуміз бір-бірімізден аты-жөнімізді сұрастық. Есімі Ира екен.

– Кел, Ира, екеуміз дос болайық. Енді күнде бірге ойнайық, – деп едім:

– Жарайды. Бірақ сен мені тастап кетпе, иә, – деді ол бұртиып ерекше бір ерке қылықпен.

Сол күннен бастап екеуміз күнде үйреншікті орнымызға келіп, ойыншықтарымызды жайып, күн ұзақ ойнайтын болдық. Маған сурет салуды үйреткен де Ира еді. Кейде дәптер мен қарындаш ала келіп, ғажайып өрнектер салады. Сосын:

 – Мынау ненің суреті, Шура, білесің бе? – дейді.

 – Бұл ма? Қыз ғой...

– Жай қыз емес, биші қыз, – деп түзетеді ол. – Қарашы, көйлегі қандай әдемі! Дөңгеленіп тұр.

Ира түрлі ән салып, би билей де алатын. Ол біздің ауылда жаз бойы болды.

...Содан бері қанша жыл өтті. Ира атасы мен әжесіне мүлдем келмейтін болды. Бір күні алтыншы сынып оқып жүргенімде оның келгенін естіп қатты қуандым. Оны көрмек болып, асығып далаға шықсам, ылғи ұсақ балалармен ойнап жүр екен. Мені таныр деген үмітпен «Ира-а!» деп дауыстап шақырған едім, қайда-ан көз қиығын да салмады. Үйге көңілім жабырқап оралдым. «Қалайша мені ұмытты екен. Бірақ одан бері жеті жыл өтті ғой, мүмкін танымаған шығар» деген ой мені мазалай берді. Ертеңінде мен көше балаларының:

– Ираның құлағы мүкіс екен. Айтқаныңды естімейді. Атасының айтуынша, ауруға шалдыққандықтан мылқаулар мектебінде оқитын көрінеді, – деген сөздерін естідім. Тұла бойым түршігіп кетті. Тіпті сенгім келмеді! Амал не, кейін бәрі рас болып шықты ғой.

Содан кейін біз бұрынғы үйімізден жаңа қонысқа көшіп кеттік. Қазір қаншама жыл өтіп, есейіп кетсем де әлгі сары шашты орыс қызын ұмыта алмай жүрмін, сол үйде бүлдіршін шағымның барлық қызығы қалып қойған сияқты сезіледі де тұрады. Бәлкім, құрбымды сағынғаным, оралмас балбөбек шақты қимағаным да шығар...

 

Өкініш

Жақып – мектептегі сотқар балалардың бірі. Сыныптастары оның осы бір мінезін қойдыра алмай-ақ келеді. Ол тек сотқар ғана емес-ау, сабаққа да құлықсыз жалқау. Бір таңданатын нәрсе – Жақып осы кластың оқу озаты, үлгілі оқушыларының бірі боп саналатын Нұртаспен дос. Екеуі бір көшеде тұрады. Бір-бірінен сырларын жасырмайды, мектепке үнемі бірге барып-қайтады.

Сондай тату-тәтті жүрген күндердің бірінде Нұртас Жақыпқа ренжіп қалды. Оған себеп мына бір  оқиға. Әкесі Нұртасқа Мойнақ атты қара ала күшік әкелген. Ол Мойнаққа әдемі қарғыбау тағып, ауласына байлап қойған еді. Бұл күнде үйге келіп жүрген Жақыптың көзіне бірден түсті. ...Көз байланған уақыт. Нұртастың үйінің терезе шамы самаладай жарқырап, сырттан қараған адамға ерекше әсем көрінеді. Көшеде ешкім жоқ. Тек бір бәкене бойлы бала ғана осы үйді төңіректеп жүр. Бір замат ол ескі шарбақ ішіне топ ете түсті. Еппен мысық жүріспен Нұртастың ауласына кірді де, терезеге көз салды. Еш дыбыс жоқ. Жалғыз Нұртас қана биік стол басында әлдене жазып отыр. Қалған бөлмелердің жарығы өшкен. «Иә, сәт!» деп күбірледі де, әлгі бала қараңғы бұрыштағы кішкене күшікке беттеді...

Ертесіне Нұртас оянғанда Мойнақ бос жүр еді. Қарғыбауды кім әкеткенін біле алмай дал болды. Екі-үш күннен соң бір шаруамен Жақыптың үйіне барды. Ауласына кірместен-ақ досы лып етіп үйден шыға келді.

– Ә, Нұртас! Жай жүрсің бе? – дей беріп, артынан еркелей жүгіріп келген күшігіне қарап, өңі құп-қу боп кетті. Нұртас Таймастың мойнына тағып қойған  әдемі қарғыбауды бірден таныды. Өткенде жоғалып кеткен қарғыбау! Бұған ренжіген Нұртас: 

– Бұның не? Дос деген осындай бола ма екен? – дегеннен басқа Жақыпқа ешнәрсе айта алмады. Ол болса өз қылмысын үнсіз мойындағандай төмен қарап, ләм-мим жақ ашпады.

Бірақ екі дос көп ұзамай қайта табысып алды. Дегенмен бір күні Нұртас және бір жайсыз оқиғаға куә болды. Соңғы сабақ басталар алдында Жақып екеуі мектеп асханасына барып, тамақ ішпек болды. Аспазшыға жақындай беріп еді: «Тамақ әлі даяр емес, балалар!» – деген дауыс естілді. Екеуінің де қарындары аш еді, амалсыз кері бұрылды. Кенет Жақып: «Тсс, мен қазір!» – деді де бұқпантайлап, асхананың есігіне кіріп кетті. Нұртас аң-таң. Екі қолына екі лимонад шишасын ұстап досы шығып келеді.

– Мұның не? – деген оған:

– Дымың ішіңде болсын, ұрлап әкелдім, – деді ақсия күліп. 

 Нұртас асхана ішінде шу шығаруды ретсіз көрді де іштей тынып, сыныпқа беттеді.

– Тоқта, мынаны ішіп алайық, – деген Жақыпқа да қарамады. 

 Сабақ үстінде ол тым көңілсіз отырды. Қоңырау соғылып, оқушылар кетуге жинала бастады. Мәссаған, сыныпқа халаты ағараңдап аспазшы апай кіріп келеді. Ішінен сезіп тұр, дәу де болса бағанағы жайға келді-ау, шамасы! Кірді де, көзімен балаларды шолып өтіп, Жақып пен Нұртасқа кідірді.

– Сендер емес пе едіңдер бағана асханаға кірген? – деді.

– Кіргенбіз, – деді оңай құтылмасын білген Нұртас.

– Кірсеңдер сол, жәшіктегі екі шиша лимонад жоқ, сендерден өзге ешкім алуы мүмкін емес.

Осы сәт Жақып:

– Апай, оны алған Нұртас Бисенов, – деп саңқ ете қалды. Бұның екі беті ду етті. Ұят-ай! Бүкіл оқушы Нұртасқа бұрылды. Әсіресе Ұлдана, сен де осындай ма едің дегендей бұған көз шарасын кең ашып қарап қапты. «Жоқ, менің өзімнің кінәсіз екенімді көрсетуім керек. Қазір мен оның қылмысын ашам!». Нұртас үн-түнсіз Жақыптың партасына келді де, сөмкесінен шишаны суырып алды. Біреуінің ауызы әлі ашылмапты. Ақыры Жақып ауыр сөгіс алып, лимонадтың құнын төледі. 

...Сыныпта  екеуінен басқа ешкім жоқ. Нұртас ең соңғы сөзін айтпақ болып тамағын кенеді.

– Жақып, мен сенен осымен екі рет жат қылық кездестірдім. Осы уақытқа дейін ұрлық жасайтыныңды білмеппін. Ал бүгін мені сыныптастарымның алдында ұятқа қалдырмақ болдың. Бірақ оның жүзеге аспады. Енді ертеңнен бастап сыныпта «досы жоқ бала» атанасың. Ешкім сенімен дос болмайды.  Дос тапқан күнде де дәл мендей кешірімді, адал дос таппайсың. Сау бол! – деді де сыныптан шығып жүре берді. Жақып булығып партаға отыра кетті. Тамағына өксік кептеліп, көзінен бір тамшы жас ыршып түсті. Бұл өкініш жасы еді.

 

Мақпал түн

Аспандағы сансыз жұлдыздар ерекше жарқырап тұр. Алыстан жүрек пернесін дір еткізер мұңды ән талып естіледі. 

«Есен-аман жүрмісің, Асыл ана?

Уақыт өрнек салған ба шашыңа да-а?...»

Сірә, серуенге шыққан ауыл жастары болар. Мен үйдің шатырына шығатын ағаш баспалдақта отырмын. Түн құшағында отырып, аспан көрінісіне қанша қарасам да көз тояр емес. Мына самсап жымыңдаған жұлдыздар, табақтай алтын ай, туған жерімнің тұнық саф ауасы, ара-тұра тыныштықты бұзып маңқ-маңқ үрген ауыл иттерінің үні, алыстан шырқалған ән... Бәрін де бүгін көріп, бүгін естіп отырған секілдімін. Мүмкін жомарт табиғат бүгін бар адамға өзінің жанға жайлы жұмсақ, мақпал түнін сыйлағысы келген болар. Бірақ баяғыдай тылсым түннің көркін одан әрі әрлендіріп жіберетін түнгі құстар мен шырылдауық шегірткенің даусы естілмейді. Сонда да ғажап мына түн!

– Ой, әне бір жұлдызды қара! Менікі ғой, қайдан жүр адасып?

Ойым аяқталмай селк ете қалдым. Түу, мен де қызықпын! Қасымдағы адамды ұмытып өз ойыммен болып кетіппін ғой. Сая отыр екен-ау, айтпақшы. Ол – үйге келген қонақ қыз. Менен жасы кіші.

– Сен «Менің жұлдызым» дегенге таңданып қалдың ба? Өзім солай атап алғам, – деп  түсіндірді Сая. – Біздің қалада да дәл осындай жұлдыз бар. Түнде балконға шығып қарасаң, бәрі алақанға салғандай боп айқын көрінеді. Қызық, иә, тәте, неге олай?

Ол көрсеткен жаққа қарасам, көп жұлдыздың шетінде топ сұлуды бастаған ханшадай боп, ерекше сәулеленіп үлкен көгілдір жұлдыз тұр екен. «Мені көрдіңдер ме, қандай көркеммін!» деп мақтанғандай жымыңдап қояды. Мен сәбилік аңқау сұраққа күліп жібердім.

– Жер жүзінде бір-ақ аспан бар. Ғаламшар балаларына шуағын төгіп тұрған күн де, ай да, жұлдыздар да ортақ. Ал сенің әне бір жұлдызың өзіңдікі болғандықтан артыңнан іздеп келіп тұрған ғой, шамасы, – деп, Саяның кішкене қолдарын қысып қойдым. 

– Оһо, қандай ақылдысың, сен жұлдыз! Алақай, мені іздеп кепті, қарашы, кел деп қолын бұлғаған сияқты! – деп Сая менің сөзіме мәз болды. 

 

Қараша туған кез 

Мезгіл сары ала күз болатын. Жаз шашуын шашып өткелі қашан. Сол бір ұзын бойлы, қоңырқай  баламен кездейсоқ тілдескенім. Кешқұрым. Мен бөлмемде кітап оқып отырғам. Кенет сырттан біреудің ысқырығы естілді. Кеше ғана қалада оқитын менен үлкен ағам демалысқа келген-ді. Дәу де болса соның достары шығар деп ойлап қойдым.

– Жарас үйде ме? – деді шарбаққа сүйеніп тұрған бір  бала мені көрісімен.

– Жоқ, досына кеткен.

– Қашан келер екен?

– Білмеймін, – дедім де терезені жауып алдым. Біраздан соң ыдыстарды жуып, далаға су төгуге шығып ем, жарқ етіп бетіме қолшам түсті. Кім екен деп қарасам, бағанағы бала әлі тұр.

– Саған ағайым үйде жоқ дедім ғой, әлде естімедің бе? – деп зекігендей болып едім ол:

– Сен мені түсінбей тұрсың, бүгін мен қалаға жүрем. Сондықтан қалайда Жараспен тілдесіп кетуім керек еді, – деді әлденеге қиналғандай. Іле:

– Айтпақшы, өзің қарындасы боларсың, атың кім? – деп сұрады. 

 – Шайзат.

– Ал мен Мұратпын. 

– Шайзат, мүмкін сен менің қарындасымды танитын шығарсың? Есімі – Ләззат. 

Есіме кішкене кезімде балабақшада тел қозыдай бірге өскен құрбым орала кетті. Қазір бір мектепте оқимыз. Онымен әлі де доспын. Иә, иә, Ләззат сол болуы тиіс!

– Әнебір қос бұрымды қыз ба? – деп едім, Мұрат басын изеді. Ол күрсініп алды да өз жағдайын қысылмай баяндап кетті.

– Біз бір үйде бес жанбыз. Екі кішкене інім, Ләззат, мен және анам. Әкем өмірмен ерте қоштасыпты. Биыл онжылдықты бітірісімен Талдықорған қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеге барып түстім. Бір жақсысы тұратын жатақханасы,  ай сайын беретін шәкіртақысы, үш мезгіл ыстық тамағы бар. Үй ішімді қинамайын деп осылармен күнелтіп тұрып жатырмын. Әйтеуір өзіме жетеді. Келешекте дәнекерлеуші болып жұмыс істеп, отбасыма көмектескім келеді. Менен басқа бас көтерер кім бар дейсің, бауырларым кішкентай. Анам жалғыз өзі тігінші болып істейді. Келер күзде әскерге жүрем, сонда менің орныма анама қолғанат боп Ләззат қалады. Әй, бірақ, қайдам, ол бір өзі шолжыңдау қыз. 

Бір сәт Мұрат мұңды кейіптен серпіліп күліп қойды.

– Иә, Ләззат бала кезінен тентек болатын. Талай рет менің қуыршағымды тартып ап жылатқан, – деп мен де күліп жібердім. Біраздан соң ол бұйырғандай:

– Жарайды, сен тоңған боларсың, бар үйге! Мен осылай тұра берем. Жарасты күтем, – деді маған. Ғажап, дәл қарындасы секілдімін!

– Онда Мұрат, сау боп тұр! Ләззатқа сәлем де, – деп үйге жүгіре жөнелдім. 

Ал биыл күтпеген жерден тағы соны көрдім. Бірде дүкеннен келе жатыр едім, әлдекім ту сыртымнан:

– Сәлемет пе, ерке қыз! – деп саңқ ете қалды. Таңданып жалт қарадым. Баяғы жаны мейірім шуағына толы сыршыл бала.

– Мұрат, сен қайдан пайда болдың? – деп ем:

– Дүкенге келіп ем. Жақында Жараспен бірге мен де аттанам әскери борышымды өтеуге. Е-еһ, азамат болды деген осы! – деді ол жымиып. 

Осы мезетте алдымыздан Жарас ағам да шыға келді жайраңдап. Жүрген жері думан өзінің.

– Оһо, мыналарды қара! Сен қыз, қайдан танисың, а, менің досымды? – дейді аң-таң болып. Мұрат мені былтырдан бері танитынын айтты.

Кейде Мұраттың өз жайын баяндап тұрған мұңды жүзі көз алдыма сурет болып келсе, оған деген аяныш сезімім оянғандай болады. Бірақ несіне мұңаяды ол, ер жігіт емес пе! Қиындықты жеңе біл, ешнәрседен мойыма! Сонда ғана жүзіңнен мұң арылып, кішкене бауырларың мен анашыңды шексіз қуанышқа бөлейсің дегім келеді Мұратқа. Бұл тағы да қараша туған кез еді.              

Шаргүл Қасымханқызы
02.03.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 53
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 580
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 694
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 609
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 617

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8753
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8153
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11382
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9136
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10367