Қазақ халқының даму жолындағы аса қатерлі, ел басына күн туған аумалы-төкпелі кезең – XVIII ғасырдағы шиеленіскен ішкі-сыртқы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-рухани ахуал. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған белгілі қаламгер Мәди Айымбетовтың кең тынысты «Бопай ханым» шығармасының арқауы дәл осы тарихи тақырыпқа арналған. Автор роман желісінің өзегін Әбілқайыр ханның жары Бопай ханымның бейнесі арқылы тарата сабақтап, тарихи шындықты көркем тілмен ғажайып кескіндеген. Зады, бұл дәуірді кеңестік тарих ғылымы «Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуына Кіші жүздің ханы Әбілқайыр мұрындық болды» деп өмірлік ақиқатты төңкере тұжырымдап, «бұлжымайтын аксиоманы» ұрпақ санасына шым-шымдап сіңірді. «Қазақ мемлекетінің дербестігі мен еркіндігін қолдан беруге кінәлі Кіші жүздің ханы Әбілқайыр» дейтін тезис тарихи танымымызда орнықты. Ол – ол ма, тәуелсіздіктің таңы арайлап атқанда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен Әбілқайыр емеспін!» («Егемен Қазақстан», 14 ақпан 1992 жыл) дегені бар. Оның астарындағы мағына «Мен Әбілқайыр сияқты қазақты енді Ресейге тәуелді қылмаймын...» дегенді меңзеу еді. Жә, ұлыттың тұтас дәуір тағдырын тәлкекке салып, буын-буын ұрпақтың тарихи жадын бұрмалап, ұзақ адастырған саяси технологияның қатып қалған канонын быт-шыт сындыру, өмірді ойып алғандай жанды да мәнді, шынайы суреттеу – «Бопай ханым» романының үлесіне тиген басты жаңалығы мен табысы. Қазақ Даласын «Шығысқа ашылатын қақпа» ретінде көрген жоғары мәртебелі I Петр ағзамды қатты қызықтырды. Бұл жоспарын жүзеге асыруға әрекеттенген Ресей дипломатиясы шығыстағы Цин империясымен бірлесе екі жаққа да мүдделі жасырын келіссөз жүргізіп, мәмілелесті. Мұның саяси астары екі алып отаршыл озбырдың ортасындағы кеңістікті жайлап, бейқам, бейбіт ғұмыр кешкен, көшпелі Жоңғар мен Қазақ хандығын дүрліктіріп, қалайда жауластыруды көздеді. «Екі тағы санаған көшпеліні» бір-бірімен өштестірудің ақыры аламан соғыс өртіне ұласты. Отарлауды көксеген патшалықтың құрған қақпаны табиғатынан жауынгер халықты әдіске салып, өз дегеніне көндіруге не түрлі қарсы амал-шарғы қолданып бақты. Жауынгер текті халықты оңайшылықпен бас игізіп, бағындыру мүмкін емес еді. Патша билігі қазақтың сағын сындырып, өрекпіген екпінін басуды көздеп жоңғар қонтайшыларына жасырын от қаруын беріп, қолтығына су бүрікті. Бұған желіккен бақталас жоңғардың қалың қолы лап беріп, Жетісуды таптап өтіп, қазақ жерін баса-көктеп, үштен екі бөлігіне ойран салды. Бұл оқиға «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен тарихта қалды. Алаштың арыс азаматы, көсем тұлға Халел Досмұхамедұлы: «Әрбір зор оқиғаның соңынан зор салдары болашақ. Ақтабан шұбырындының салдары бөтен жұртқа бағыну болды» деп 1922 жылы «Ақ жол» газетінің бетінде тарихи бағасын берді. Осындай қиын-қыстау, қысылтаяң шақта үш жүздің жақсысы мен жайсаңдары, би-сұлтандары мен батырлары Арал бойындағы Қарақұмда жалпы қазақ құрылтайында бас қосып, Әбілқайырға ел мен жердің тағдыр-талайын аманаттап, ресми Бас хан, Бас қолбасшы етіп сайлады. Үш жүздің қолын бастаған хан Бұланты бойындағы соғыста қақырата соққы беріп, әйгілі Аңырақай шайқасында атажауы жоңғарларды ойсырата тас-талқан ғып, түре қуа шешуші ұлы жеңіске жетті. Бұған дейінгі ғылыми әдебиеттерде Әбілқайырдың үш жүздің Бас ханы, Бас қолбасшысы міндетін атқарғандығын ашық жарнамалау әдейі тасада қалып келді. «Бопай ханым» романында автор осы тарихи ақиқатты сипаттау арқылы сын сағатта Отан қорғаудың бар жауапкершілігін мойнына алып, абырой үдесінен шыққан Бас хан, Бас қолбасшының образын сәтті сомдаған. Советология ілімі қалыптастырған «ұлт араздығын туғызбау» деген желеумен бұрынғы үстем идеология «бөліп ал да, билей бер!» дейтін саяси құйтырқы арандату әрекетін жасырып қалуды ұстанғаны аян. 1735-36 жылдары башқұрттың Кильмек Хафиз батыры бастаған 40000 қолы отаршылдарға қарсы көтерілді. Қазақтардың осы көтеріліске қосылып кету қаупінен секемденіп Джон Кэстльді Ырғыз бойындағы Мәнтөбедегі Әбілқайыр хан ордасына қауіпті сапарға орыс императорының мемлекеттік кеңесшісі Иван Кирилловтің құпия тапсырмасымен жіберілді (Кэстль Джон. 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы. – А.: Атамұра, 1996. – 14-б.). Ағылшын Джон Кэстльдің тыңшылық миссиямен хан ордасында болуының көп себебінің бірі қазақ-башқұрт арасындағы байланысты анықтау еді. Өйткені өз ұлтының еркі үшін күрескен қазақ-башқұрттың бірігіп кетуінен империя өлердей қорықты. Ресей патшалығының отарлау саясаты алмағайып қарбаласты пайдаланып, қол астындағы естек-башқұрт пен Қап тауындағы қалмақтарды, орыс-казактарын айтақтап, қансыраған қазақ еліне қарсы жемтікке үймелеген қарға-құзғын, жыртқыштарша тұстұстан анталап, жан-жақтан тартқылап, боршалауға тырысты. Оның үстіне «үйреніскен жау атыспаққа жақсы» демекші, қонысқа таласқан адай-түрікмен, ауық-ауық көз алартқан Хиуа, Қоқан хандығының тап-тап берген шапқыншылығы Кіші жүздің тұтас бірлігіне сызат түсіріп, алаңдаған көңілдің берекесін қашырды. «Бүлінген елден бүлдіргі алма» дейтін қазақ Әбілқайыр хан бастаған игі жақсылардың арқасында сыртқы күштердің опасыздығын үнемі ақылмен жеңіп, батыл жүрекпен тойтарыс берді. Міне, осы ел мен жерді аман сақтап қалудағы өте өзекті, ауқымды мәселе күн мен түндей қат-қабат тіршілік тынысымен астасып, пролог, эпилогымен IX тарау, 11 баспа табақтан тұратын «Бопай ханым» романының орталық кейіпкері Бопай ханым бейнесінің айналасында өрбіп, әсерлі айшықталған. Қазіргі көзі қарақты оқырманның сұранысы заманның ыңғайы, қысқа да нұсқа жазылған көркем шығарманы талап етіп отырғаны еш жасырын емес. Орыс әдебиетінің классигі А.П.Чеховша «қысқа жазу – таланттың белгісі». Демек, бір дәуірдің тарихи кескіндемесін тарының қауызына сыйғызғандай кең құлашты, жеңіл оқылатын, эстетикалық ләззат алатын, ұлттың этно-мәдени бояуы қанық руханиятын барынша мол қамтыған, шыңғырған шындыққа құрылған парасатты шығарма тудыру – роман авторының интеллектуалдық өре деңгейі мен эрудициялық қарымын, қаламгерлік шеберлігінің толысқандығының жемісі. Бұл, әрине, жалаң мақтау емес екендігін мазмұндамай-ақ, көктей шолып, романнан үзіп-үзіп мысалдар келтіріп, талдап, безбенделік. «Міне, тәу етіп кетуге ниет қылған мекеннің қасиетті табанына келіп жеттік! – деді Әбілқайыр Жайықтың салқар ағысты кең арнасының арғы тұсына бір сәт көз салып тұрып. – Замана көшіндегі екі ғасырдан астам уақыт бұрынғы Алтын Ордадан қалған көне шаһарға, ноғайлы мен қазақтың тұрағы болған мекенге, Ер Едіге мен Қасым ханның, одан әріні қозғасақ, Әз Жәнібектің ту көтерген ордасына ат басын тіредік, мінеки!..» (107-б.). «... Кенет Бопайдың құлағына қобыздың мұңлы сарыны еміс-еміс келгендей болды. Сарайшықтың бас қақпасы айқара ашылып, қала қорғанына кірген Едіге сарбаздарының жорықтан келгенін керней үні жария еткені естілгендей... Сән-салтанатты қала ғасырлар қабатынан сол замандағы қалпында бой көтеріп, бір сәт көз алдына елестеп кетті. Арғымақ жарау айғырының тізгінін бұлардың қарсы алдына келіп тартқан Ер Едіге: «Ей, Әбілқайыр, Бопай! Сонау бір қиырдан, мен жүріп өткен киелі өңірден ат ізін салып, сендер бүгін менің рухыма ғана емес, бүкіл Ноғайлы жұртының қасиетті астанасына тәу етіп келіп тұрсыңдар! Сарайшықты қиратып, жер бетінен жойған ата жауымнан ата кегін алуды өздеріңе, ұрпақтарыңа аманаттаймын! Бабаларыңның табан ізі мен ерлік мұрасы қалған бұл жерді әрдайым қасиеттеп, ұмытпағайсыңдар! Тарих жадынан өшпейтін мәңгілік рухы келешек ғасырлар бойында да сақтала беретін Сарайшығымның киесі сендерді қорғап, желеп жүргей, иншаллаһ!..» (109-б.). Бұл Әбілқайыр мен Бопайдың шаңырақ көтергеннен кейін бірер жылды араға салып қайын жұрты Сүйіндік әулетіне барған сапарының ақырғы күндері әдейілеп Сарайшыққа бет бұрып, киелі қорымдағы ұлы тұлғалардың аруағына тәу ету ниеті еді. Заманында даңқы жалпақ дүниеге жайылған, талай жиһанкездерді сұлулығы мен көркі тәнті етіп, тамсандырған Сарайшықтың бүгінгі кейпі Әбілқайырды да, Бопайды да терең ойға қалдырды. Өте әсершіл, тоқығаны көп Бопайдың аруақпен айтысқандай астралды дүниедегі таным түйсігі елес болып, көзіне көрінген сағынышты тәтті сезімі – бір жағы таңғалдырса, екіншіден, екі дүниедегі нәзік байланыстың тіні үзілмейтін тылсым күшін шын ұғынғандай ерекше күй кешті. Осы сапар Сарайшықтың орнындағы ескі үйінді мен Әбілқайырдың жүрегіндегі ешкімге айта бермейтін терең сырды ұққандай бойына қанат бітіп, рух ұялады. Рәміздік мәні бар бұл сапар Әбілқайырдың жігерін жанып, терістіктегі жаудың қатыгездігіне қаны қайнап, көп зардап шеккен ұлтының асыл мұратына жетудің жолын айқындап алғандай үнсіз іштей серттесіп, өзіне ант берді. Иә, осы қаптаған қалың орман ой жымдасып романның әр бетін парақтаған сайын сағат тіліндей тынымсыз жылжыған өмірдің ыстық-суығын бірге кешкендей халде боларыңыз анық. «...Межелі тұста, Жайықтың жоғары, Елек бойынан олардың алдынан Мырзатай тобы шығып қарсы алды. – Бұл сұмдық Орынбор билігінің қолымен істеліп отырған қастандық деген ойдамыз, Әбеке! Өрт салушылар, көзімен көрген жұрттың айтуынша, Еділ мен Жайықтың орыс-казактары көрінеді. Қалың елді жерден, тіршілік тірегінен айырудың амалы. Өрт шалған жерден ел-жұртты аластатып, қашырудың әрекеті демеске лаж жоқ. Қарумен соғысып ала алмаған соң, олардың осындай жауыздыққа баруға дәттері жетіп отырған сияқты...» (149-150-б.). Ілкі әзірде жоңғар-қалмақтың ылаңынан қазақ даласын жайлаған жылы орны мен қазына-малынан айырылып дүрліккен бейбастақ, босқан ел мен бүліншіліктің салдары Ресей отаршылдығының мысықтабандап енуіне қарсы тұруға еш мұрша бермеді. Осы жағдайды қалт жібермей патша әкімшілігі қазақ шекарасын айналдыра сақиналап бекініс-қала салуға жанталаса кірісті. Әлбетте, бекініс-қаланы қорғайтын әскерді төкті. Таяу жылдың ішінде орыстың иісі де жоқ байырғы тұрғындар қару-жарақпен жасақталған аузы түкті кәпірлердің қоршауында қалды. Үйіне құлып салмайтын қазақ жұртын айналдыра құрсаулап, тырп еткізбей бақылауда ұстайтын абақтыға айналдырды. Енді отарлық жүйе жоғарыдан қазақтың ішкі ісіне араласып, өз тарапының мүддесін таңуға ресми ықпал етті. Әбілқайыр ханға Петербордағы орыс патшайымның нұсқауын Орынбор билігі орындатуға алуан түрлі «әкімшілік-құқықтық» қысым ойлап тауып отырды. Сес көрсету, қоқан-лоқы, арандату, зұлымдық әрекеттердің бәріне тегіс дер кезінде есесін жібермей, сабырлы, ақылмен жауап берген Әбілқайыр ханды иліктіре алмады. Ал тіршіліктің тірегі Жер-ананы өртеу – шектен шыққан қаскүнем, жауыздықтың нышаны-дүр. Бұл әрекеттер патшайымның елдің ішкі істеріне араласпауға кепілдік берген келісімін аяқ асты ету емей, немене!? Ыза мен кек кернеген Әбілқайырдың ішкі жан дүниесін өрт шалғандай түр-келбеті түнеріп, түтеп кетті. Өйткені тырнақ астынан кір іздеген пасықтық пен дөрекілік «орыспен дос болсаң, айбалтаң қойныңда болсын» дейтін мәтелді еске салды. «Қонақасыдан соң Бопай төрінде отырған ел қадірменділеріне Барақ сұлтанға кескен өзінің үкімін айтып, мүмкіндігінше соны бұлжытпай орындауын өтінді. – Қоңырат, найманды билеп жүрген сұлтанды Қарнақтағы қамалынан тапсаңдар, қатын-баласының алдында, ал түзде, елінің ішінен жолықтырсаңдар, халқының алдында табанға салып алдымен басындағы тәжін алыңыздар, бұл сенің басыңды алғанымыз деген ишара болар! Содан соң беліңді сындырғанымыз дегендей, беліндегі кісесін ағытып алыңыздар! Асасы мен бес қаруын сыпырып, саусағындағы мөрін алыңыздар, бұл сенің төрелік, сұлтандық мәртебеңнен айырдық, енді ешкімге керегің жоқ дегенмен бірдей болар, сірә! Осының бәрінен соң қос құлағының азандығын тіліп, «сырғалық» жасайсыздар, бұл жаза бұдан былай сенің қатыннан айырмаң жоқ болады дегенді көзіне шұқып көрсеткенмен бірдей болады! Иегіндегі сақалын күзеп, ұстарамен тақырлап, төбесін қанжардың ұшымен шаңбақтап-шаңбақтап кетіңіздер, бұл ақымақ басыңның енді жұртта қалған жыртық қауғадай да құны жоқ дегендеріңіз болар! Бұл аз болса, қатынының бұрымын кесіп, астындағы атының құйрық-жалын күзеп, тай сияқты шұнтитып тастаңыздар! Әйтпесе намысы қайрақтай, өр кеудесіндегі жүрегі ешқандай өлімнен қаймықпайтын Барақтай ата жауды қылышпен шауып, найзамен түйреп құрдан-құр өлтіре салу Әбілқайырдай ардақтымыздың кегін алудың жеңіл жолы болатынын ұмытпаңыздар, ардақтыларым! Барақ сұмның шырқыраған шыбын жанын кеудесінде қалдырып, мен айтқандай істеп, намысын біржола жер қылып кетіңіздер!..» (168-169-б.). Сөзге тоқтаған қазақ қоғамында абақты, түрме деген атымен болмаған. Қылмыс жасаудың соған сәйкес тиісті жазасы болатынын әрбір пенде саналы түрде ұғатын. Біреудің қанын төгіп, жанын алуға ешкімнің қақы жоқ. Отанға опасыздық пен сатқындық, бейкүнә елге апат әкелгендер аяусыз жазасын алды. Әбіш Кекілбайұлының, Шыңғыс Айтматовтың «мәңгүрт» жазалау әдісі көшпелілердің өмірлік материалынан алынды. Мәңгүрт ету – жұмыр басты пенденің адамгершілік асыл қасиеті санасынан мәңгі ажырату. Санасынан айырылған пенде ішіп-жеуден басқаны білмейтін хайуан қалпына түседі. Қазақтың дала демократиясы «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп ойындағысын хан болсын, қара болсын дүйім жұрттың алдында жайып салды. Өйткені «өлімнен ұят күшті» деп санайтын қоғамдық сана орнықты. Әдет-ғұрып, ырым-тыйым, салт-дәстүр елдің сән-салтанаты мен білік-парасатын, ілім-білімі мен тәлім-тәрбиесін, болмыс-бітімі мен этномәдениетін, тәртібі мен тыныштығын сақтап тұрды. Бұл орайда ханды тағынан тайдыру үшін әккі, сұм Орынбор генерал-губернаторы И.И.Неплюевтің саяси тапсырыс беруімен мансапқа сатылған, атаққа құмар Барақ сұлтанның Әбілқайырға қастандық ұйымдастыруы – ұлтқа, мемлекетке жасалған сұмдық опасыздық қылмыс. Мұның жазасы, әлбетте, ауыр болары сөзсіз. Алайда қылмыстың үкімін ел ағалары, аузы дуалы билер, беделді батырлар емес, Бопай ханымның шығаруының өзінде зор мән бар. Өйткені Бопай Әбілқайырдың өмірлік жары ғана емес, үзеңгілес серігі, биліктегі адал ақылшысы, кеңесшісі бола білді. Кесілген жазаға келсек, о замандағы қаймағы бұзылмаған қазақ менталитеті – «малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» дейтін, намыс жолында ештеңеден тайынбайтын шетінен көкжал бөрі, ержүрек еді. Барақ сұлтанға шығарылған үкімнің орындалуы оның қара басының ар-намысын таптап, тірі өлікке айналдырып қана қойған жоқ, өзінен туған ұрпағының сүйегіне басылған өмір бойы өшпейтін таңба болды. Күллі қазаққа әлгі қылмыстық жаза тәрбиелік мәні бар тарихи сабақ болып ел есінде мәңгі қалды. Міне, бұл шешім отбасылық тірліктен ұлт тағдыры, мемлекеттік өрелі істерге шапағын тигізіп отыратын Бопай ханымның қайғы жұтып, қара жамылған шақта да дұшпаны алдында мұқалмай, сынбай, мерейі үстемдігін көрсете білгендігінің бір қыры. Тарихи баянда заманында аты мәшһүр, даңқы жер жарған тама Есет Көкіұлы тархан, табын Бөкенбай батыр, адай Атағозы батыр, Шотан батыр, Мырзатай батыр, Бекет, Айбас, Қонай батырлар, Балта палуан, арғын Жәнібек тархан, шекті Сәңкібай би әрі батыр, әлім Әжібай би, Бектөре, Жиен жырау, әке көрген оқ жонар, өзі баулыған бауыр еті Нұралы хан, Тегісбай батыр, ақкете Алтай батыр, қарақалпақ Қарақ батыр, арғын Барқы би, арғын Өтей батыр, Құдайменді, шөмекей Арғынбай батыр образдары шынайылығымен, алысып-жұлысқан ерлік істерімен, даналық ғибратымен, деректік сипаттарымен көңіл аудартады. Сондай-ақ, патшайым Анна Иоанновна, Елизавета патшайым, жандарал И.И. Неплюев, кеңесші И.К. Кириллов, А.И. Тевкелев [Құтмұхамбет Тәуекел], Орынбор комиссиясының бастығы Василий Татишев, генерал Осип Игельстром, жандарал Хохлов пен Аристов Риддер, граф Бестужев, адъютант, штабс-капитан Махорин, тілмаш Иакып Гуләйіп, атаман Алексей Соколов, ағылшын Джон Кэстль, башқұрт батыры Алдар Исекеев, елші Қойбағар Көбекұлы, татар тілмаш Қалбен, немісше тілмаш Дитрих, тілмаш башқұрт жігіті Арслан Бекмет, қалмақ әскерінің бас қолбасшысы Галдан-Норбо, Аюке немересі Дундук-Омбо, Цеван-Рабданның ұлы, атақты қолбасшы Шоно-Лаузан, жәуміт-түрікменнің Бөрі, Қаһар, Қылыш, Бердіоғлан, Сейітқұтлық батырлары, шабарман Сейітмұрат, аманаттағы Қожақмет, ханымды күтуші Мәнді келіншек, ержүрек Ақбілек қыз, ержүрек Әжібай келіні Ботакөз, Рыс бәйбіше, Тойқара, ноғай қызы Нәфиса, тағысын тағы кейіпкерлердің тұтас галереясы дара-дара түзіліп, шығармадағы өмір шындығын лирикалық шегініс, диалог, монолог, ішкі толғаныс, қақтығыстар арқылы замана сыры құр баяндау ғана емес, суреткерлік шеберлікпен шабытты кестеленген. Тобықтай сөздің түйіні, қаламгер саяси бұрмаланған тарихи фактіні тезге салып, ұрпақ кәдесіне әдемілеп қайта ұсынған. Арын жалау еткен Әбілқайыр ханның мұраты Бопай ханымның елшілдік, мемлекетшілдік, күрескерлік жансебіл қарекеті арқылы дәуір көшінен шұғыла шашып, менмұндалап тұрғандай әсер қалдырады. Бірнеше томдық шығармаға татырлық жүкті именбей көтерген «Бопай ханым» романының идеялық ауқымы мен аясы, көркемдік-эстетикалық таным тағылымы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық.