Думан Аманұлы: Басты мақсат – атажұртқа қандастарымызды оралту

Думан Аманұлы:  Басты мақсат – атажұртқа қандастарымызды оралту

Астана қаласындағы «Мұрат жолы» мәдени-қоғамдық бірлестігінің төрағасы  Думан Аманұлымен сұхбаттасқан едік.

 

Қытайдағы  бауырларға қамқорлық немен өлшенеді?

 

– Думан Аманұлы, сізді белгілі қоғам белсендісі ретінде танимыз. Өзіңіз басқарма төрағасы болған Астана қаласындағы «Мұрат жолы» Мәдениет қоғамдық бірлестігінің табысты жұмыс істеп жатқанынан хабарымыз бар. Тілге тиек болсын, бірлестік қашан құрылды, оны құрудағы мақсатыңыз не?

– ҚР заңдарына сәйкес 2010 жылы қазан айында Астана қаласында тіркелді. Бастап- қыда республикалық деңгейде құрылған болатын. Алайда қатысты құзырлы мекемеден басқа қалаларда құрылған бірлестіктің бірнеше бөлімшесі болуы талап етілетіндіктен және де оны құру кезінде атақонысқа әсіресе Қытайдан біржола тұрақты көшіп келген қандастардың қарасы тым аз, әрі жалпы бірлестік деген ұйым туралы сол тұстағы түсініктің аздығы салдарынан кейін қайта тіркеліп, аты айтып тұрғандай, қалалық мәртебесі сақталып қалды. Хал-қадерімізше жұмыс жасап келеміз. Мақсатымыз, жарғыда ашық жазылғандай, Қытай қазақтарының мәдени-әдеби өмірінен, өнерінен, ғылыми-теориялық-практикалық еңбек жетістіктерінен үзіліссіз хабардар болып отыру; «Шынжаң қоғамдық ғылымы», «Шынжаң университеті ғылыми журналы», «Мұра», «Тіл және Аударма», «Шұғыла», «Шынжаң газеті», «Ұлттар ынтымағы» қатарлы мерзімді басылымдар мен басқа да басылымдарға жазылып, алдырып, оның қатарына алыс-жақын ел-жұрттан ескі-жаңа журнал («Шалғын», «Көкжиек»), кітаптар жинап, алдымен өзім арқалап келген кітап пен оқу құралдарын  қосып, оған жинап-терген, бергеннің бәрін қосып, әркімге ашық есік шағын кітапхана ашу. Сол арқылы Қытай қазақтарының мәдениетін, дәстүрлі салт-санасын, мол мәдени мұрасын, игілікті мол еңбек етіп, өмірден өткен ұлт перзенттерін  Қазақстанға таныстыру; Қытай қазақ жастарының ғылым-білім, өнер, спорт салалары бойынша  арман-тілек, жаңа жоспар-жобаларымен бөлісу, шоғырланған ой-тілектерін  қазақстандық БАҚ-та жария етуге ықпал жасау; Қазақ тілінің  дамуына үлес қосу. Тек қазақтілді ақпараттық-танымдық сайт жасап, оқырман үшін кәдеге жарату, журнал шығару, футбол командасын құру, әр елден көшіп келген өнерлі жастармен кездесулер ұйымдастыру; Екі миллиондай қандастарымыз ғұмыр кешіп жатқан Қытай мемлекеті мен Қазақстан халықтары арасындағы өзара ынтымақтастыққа, мәдениет пен өнерде  бірлесе дами түсуіне үкіметтік емес ұйым тұрғысынан өз мүмкіндіктерімізді жолға қою, әсіресе екі жақты мәдени байланыстардың жаңа серпін алуына септесу, заң аясында барыс-келіс, ауыс-күйіс жасау болды.

– Өткен жылдың қазан айында Алматыда өзіңіздің үйлестіруіңізбен қазақ-қытай бірлескен жобасы – мәдени сауда және авторлық құқық туралы халықаралық дөңгелек үстел (форум) өткен болатын. Осы форум туралы кеңірек айтып өтсеңіз. 

– Бұл іс-шара негізінде 2024 жылы 23 тамызда Астанада ашылған 19 кезекті Қазақстан-Қытай сауда өнімдері жәрмеңкесінің аясында ілгерінді-кейінді екі қалада, кейін қыркүйектің ортасында тек Алматыда жеке-дара өтетін болған. Оны кең көлемді форум деп атауға болушы еді. Алайда Қытай тарапынан туындаған сан түрлі себептерге байланысты еш жерде өтпей қалды. Сөйтіп, ақыры қазан айының 28-де Алматыда ұйымдастырылды. Өкінішке орай, Қытай тарабы тым асығыс болып, дайындық жұмыстары пысықталмағандықтан дөңгелек үстел шеңберінде өтті. Алайда оның маңыздылығы ерекше дер едім. Бұл екі ел арасындағы  цифрлық мәдени сауда мен авторлық құқық туралы ұйымдастырылған алғашқы басқосу. Қытаймен шекарамыз 1700 км ұзындықта созылып жатыр. Барлық салада баяғыдан барыс-келіс, ауыс-түйіс  бар. Ал заман жаңғырып өркениет кеңге қанат жайған бүгінгі кезеңде цифрлық авторлық құқық мәселесі ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Демек келешекте де ғылым-білім, жалпы өнер, ұлттық ойын-сауық, ою-өрнек, киім-кешек, сусын-тамақ т.т. түрлеріне қатысты сан қилы таным-көзқарастар туындауы да әбден мүмкін. Өзара жолшыбай иемдену, телу, көшіру, екінші нұсқасын жасату немесе кәдеге асыру, одан құн жаратып пайдалануы да ықтимал. Сол себепті дау-дамай, түсінбестік туындауы ақиқат. Әрине, бірізділік, бар шындық қашанда өзекті. Сондықтан да көрші елдер арасында қандайда бір келіспестік, келеңсіздік орын алған жағдайда мұндай іс-шаралардың өтуі, бірлескен ұйым немесе ортақ алаңның болуы кез келген мәселенің әділ шешім табуына өзіндік көмегін көрсетері анық. Мен мұнда белгілі бір қазақстандық дүниенің патенттік және зияткерлік меншік құқығын меңзеп отырмын. Әсіресе ән-күй өнер саласында дау-шарға итермелейтін жәйттердің бар екенін еміс-еміс естіп жүрміз. Біз тіке автор не авторлар мүддесін қорғау ұйымының уәкілі болмағасын, нақты қандай мәселелердің туындап жатқанын дөп басып айта алмаймыз. Егер Қазақстан тарапынан жасампаз ақыл-ой еңбек адамдары немесе қатысты мекеме-орындар сұрақтар көтеріп, Қытай жағымен ынтымақтаса отырып туындаған мәселелерді қарастырып, ортақ бір пәтуаға келсе, бір шешімі табылар, ал жоқ болса алдын ала сақтануға болар еді деп ойлаймыз. Әрине, бұл ой-ұсыныстар отандық сандық авторлық құқық, мәдени сауда жұмыстарына қатысты да айтылып отыр.

 

Ұлттық база –  кешенді қызмет көрсету алаңы

 

– Бүкіл Қытай бойынша мәдени сауда және авторлық құқық жөніндегі ұлттық база тек бірнеше провинция мен қалада ғана бар екен. Соның бірі Шынжаңда, яғни Іле қазақ облысы Қорғас кедені еркін сауда аймағында. Осы ұлттық база деген не, сол туралы айта кетсеңіз.

– Ұлттық база дегенде оның қытай тіліндегі толық атауының төте аудармасы мен анықтамасы: Ұлттық сыртқы мәдениет сауда базасы (Іле облысы) (қытайшасы:国家对外文化贸易基地) немесе Шетелмен мәдени сауда ұлттық базасы болып табылады. Иә, бұл Қытай Мәдениет және туризм министрлігі мен Сауда министрлігі бекіткен, әрі ұлттық деңгейдегі мәртебе берілген мәдениет және туристік саудаға арналған кешенді қызмет көрсету алаңы. 2023 жылы маусым айында жасақталған бұл база қаласы мен халқы көп тұтасқытай елдегі 12 ұлттық сыртқы мәдениет сауда базасының бірі және солтүстік-батыс аймақтағы бірден-бір жалғыз база. Орналасқан орны Қытайдың Қорғас шекарасы Қазақстан-Қытай еркін сауда аймағында. Ұлттық база аталған аймақты гүлдендіріп дамыту, құрылыс жоба-жоспарының маңызды құрамдас бөлігі ретінде базаның іскерлік мақсаты – мәдениет пен туризм саудасының жоғары сапалы өркендеуіне күш беру. База платформасы 2024 жылдың шілде айының ортасында онлайн режимінде іске қосылған. Базаның басшылығында қазір Еуразия музыкалық орталығы құрылған, ол Қытайдағы бірден-бір мемлекеттік қақпаның түбінде орналасқан ұлттық деңгейдегі, халықаралық сипаттағы музыка индустриялдық халықаралық ұйымы ретінде жұмыс жасайды екен. Ал базаның құрамында жеке отау болып бой тіктеген сандық авторлық құқық сауда платформасы – Ұлттық сыртқы мәдениет сауда базасына негізделген және Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдеріне бағытталып, авторлық құқықты қамтитын кәсіби цифрлық қызмет көрсету ұжымдық ұйымы ретінде өзге елде де, өз өңірінде микро бейне-роликтер, қысқа метражды көп сериалдар, кинолар, мультфильмдер түсіруге, халықаралық концерттер, форумдар, сурет туындыларының жәрмеңкесі, шығармашылық курстар ұйымдастыруды, сандық музыкалар, ойындар жасауды, көрсетуді, таратуды мықтап қолға алып, цифрлық мәдениет саудасы саласына қызмет көрсетуді нысана тұтқан. Сондай-ақ көрсететін қызметтерінің бір бөлшегі ретінде қатысты елдердің сандық мәдени сауда өнімдерінің Қытай сауда алаңдары арқылы қиыр шығыс елдері мен басқа да мемлекеттерге шығуына құқықтық тұрғыдан жол ашу да көзделген. Аталған шара сөз болып отырған базаның көрсететін қызметі аясында, базаның қолдауымен ұйымдастырылған.

Байқауымызша, Қазақстан-Қытай екі ел арасындағы түрлі тіректі салалардың екі жақты байланыстарының артуына орай сандық авторлық құқық пен мәдени сауда платформалары туралы да екі жақты өзара тәжірибелер мен озық идеялар алмасу тақырыбы да өте өзекті. Бұл тұрғыда мамандармен, авторлармен екі жақты сандық авторлық құқық тақырыбын талқыға салып, пайдалы ой-ұсыныстар көтеріп, сондай-ақ көкейде  жұрген сан түрлі сұрақтарға жауап табуға дөңгелек үстел қажет. Бұл сұрапыл күш – тик-токты да қамтитын мәселе. Сондықтан да болып өткен басқосу келешекте екі жақты ынтымақтастық орнатып, бірге игілігі ортақ қызметтер жасауға мүмкіндіктер ашады деп үміттенеміз. 

 

Екі мәрте кейінге қалдырылған форум

 

– Аталмыш форумға біздің мемлекеттік органдардың, Қазақстан авторлар қоғамының, Қазақстан композиторлар одағының, Қазақстан суретшілер одағының өкілдері қатысады деп едіңіз. Өкінішке қарай, олар  төбе көрсетпеді. Неге деп ойлайсыз, әлде ұйымдастыру жағынан олқылық бар ма?.. 

– Тамыз немесе қыркүйек айында Астана мен Алматыда ұйымдастырылатын кезде 15 күн  бұрын сіз атаған мекемелерге ресми хат жолдап хабардар еткенбіз. Олар да зор қызығушылық танытып, бір қауым болып келетінін, ортаға салар тақырыптың маңыздылығын, келелі кеңес болатынын телефонмен тілдескенде жеткізді. Қытай жағымен меморандумға қол қойысып, ары қарай жұмыс жасайтындықтарын да айтқан болатын. Алайда біз екі ретінде де оларға форум уақытының өзгергенін апта бұрын ескертіп, алғысымызды жаудырдық. Екі ретінде де біз үшін өте ыңғайсыз жағдай болды, іштей қатты қиналдық.  Ал үшінші рет оқталғанда еліміздің аса маңызды мерекесі – Тәуелсіздік күні мейрамына  тұспа-тұс келіп, мейрам ары қарай демалыс күндеріне жалғасып кетті. Мемлекеттік мекемелерде, Қоғамдық ұйымдар мен Одақтарда ешкім жоқ, телефонды ешкім көтермейді, екі рет шақырылған кісілер өз отбасылық не ұжымдық жоспарларымен кеткен. Әрине, Қытай жағы күтіп тектен-тек жатпайды ғой. Алайда келетін кісілер келді, олардың қатарында суретшілер, сазгерлер, әншілер, қоғамдық ұйымның мүшелері және де авторлық құқық мәселесімен айналысып жүрген азаматтар болды. Кейбір жеке тұлғалар Қытайдан келген ұлттық база өкілдерімен өзекті мәселе төңірегінде шағын сұхбат-кездесулер өткізді. Сондай-ақ ерікті тілшілер, блогерлер, телеарна журналистері келді. Жиналыс шағын көлемде болғанымен, берері мол басқосу  деп бағалауға тұрады. 

– Қытайдың Қорғас экономикалық ашық аймағында мәдени сауда және авторлық құқыққа қатысты екі жақты кездесу өтеді деп жатыр, осы жайында не айтасыз?

– Бұл келешектің шаруасы. Әрине, Қытай жағы Қорғас қаласы мәдениетті дамыту халықаралық компаниясының кездесудің ресми қашан болатын уақытын алдын ала хабарлауын күтеміз. Алайда біз де өз тарапымыздан қатысты мемлекеттік мекемелерге, авторлық құқық қоғамдарына, басқа да одақтармен, жеке тұлғалармен байланысып, жиі хабарласып отырамыз. Ондай жаңа шараларды ресми түрде Қазақстан жағында ұйымдастырып, Қытаймен бірлесіп атқарсақ құба-құп, әрі біздің де бір тындырған кәделі ісіміз болар еді. 

Бұл сұхбатта қоғамдық бірлестіктің күні бүгінге дейін жасаған жұмыстарын жіпке тізіп шығуға мүмкіндік болмай жатыр. Ал сыналап көрсек, осы шара болудан бұрын бірінші қазанда  Шынжаң Іле қазақ облысынан өнерлі өрендерді шақырып, Алматы қаласында Алматы Эстрада және Цирк колледжі, Алматы Оқушылар сарайымен екі жақты мәдени кездесу өткіздік. Аталған іс-шара жайлы  «Көршіден келген көгершіндер» атты мақаламыздан толық мағлұмат ала аласыздар. Бұл аты шулы пандемиядан кейін 2017 жылы төрт аталым бойынша Астанада ұйымдастырған Қазақстан-Қытай 100 бала ауқымды мәдени шарамыздың заңды жалғасы еді. Ал 17 қазанда Үрімші қаласында өткен «Тұңғыш реткі Шыңжаң онлайн аудиовизуалды конференциясына» Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің телеарна басшы-өкілдерін ұйымдастырып бастап апарған едік. Оның алдында Қытай Лянь Юньган қалалық телерадио компаниясында болып қайтқанбыз. Сонда қыркүйектің 25-і мен  28 қазан аралығында 4 іс-шара жасадық. Осындай мазмұнда ұзын саны отыздан артық іс-шара атқардық. Тарыдай шашылған бар қазақ үшін жомарт жандардың қолдауымен «Отанға бастайтын жол» атты ақпараттық-танымдық кітап шығардық, Тәуелсіздің сарайында «Елге ел қосылса, құт болар» атты қандастардың өнер көрмесін аштық, «Жусан.кз» сайытымыз, «Оғлан» атты футбол командамыз, аударма орталығымыз болған. Енді Шыңжаңның бірнеше  қалаларында қазақтілді отандық кино апталығы мен  Қазақстанның көрнекті  суретшілерінің шығармашылық көркем туындыларының үлкен көрмесін  ұйымдастыру 2025 жылғы ойға алған мақсат-мұратымыз. 

Сұхбаттасқан – Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ

 

13.02.2025

Ұқсас жаңалықтар

Негізгі миссия - Заң және тәртіп
Бас прокуратураның баспасөз қызметі - 24.02.2025 1262
МАҚТААРАЛДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МАРАФОН ЖАҢАЖОЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 19.02.2025 46
ЖЕТІСАЙДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 19.02.2025 40
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 19.02.2025 60
ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 19.02.2025 73

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 15411
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 14175
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 17475
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 16343
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 21400