«Екі жұлдыз» ән фестивалі композитор Теміржан Базарбаевтың 90 жылдығына арналмақ

«Екі жұлдыз» ән фестивалі композитор Теміржан Базарбаевтың 90 жылдығына арналмақ

«Кіндігімнің жас қаны Тамған жерім ауылым. Шабытымның асқары, Самғаушы еді ауылым...» Әр қазақтың жүрегін жаулаған осы бір әннің авторын білесіз бе? Сонымен қатар «Қаздар қайтқанда», «Тамаша», «Атың кім, қалқа?», «Студенттік кештер» секілді тамаша әндердің авторы Теміржан Базарбаев екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Себебі Теміржан атамыз туралы естелік өте аз. Өйткені ол кісі өмірде томаға тұйық, қоңырқай күй кешкен. «Мен композитор Базарбаев едім» деп атақ-даңқ қумаған, қызмет те сұрамаған. Бар саналы ғұмырын Семей қаласында, сондағы музыкалық училищеге жетекшілік етумен өткізген. 

Теміржан Базарбаев 1935 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Алакөл ауданына қарасты Жалғызағаш ауылында дәрігер отбасында дүниеге келген. «Шынымен де тағдыры ауыр болған. Екі жасында әкесі соғысқа кетіп, Буденныйдың атты әскерінде болып, шейіт кеткен. Шешесі екі жасар ұлын әкесінің ағасына тастап, басқа адамға тұрмысқа шыққан. Асырауы қиын болды ма екен, әкесінің ағасы Теміржанды Алакөл ауданындағы Қарабұлақ ауылында орналасқан балалар үйіне өткізіп жіберген. Қарабұлақтағы балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген кезінде ат-арбамен келіп, Нұрғиса Тілендиев пен Бекен Жылысбаев дарынды балаларды іздейді. Біріне өлең, екіншісіне ән айтқызып көреді. Содан үш баланы таңдап алып, арбамен жолға шығады. Жолда балалар «Көк иірімнің» тұсына келгенде «қашайық» деп өзара ақылдасады. Екі бала арбадан секіріп, қашып үлгереді, ал Теміржанды Нұрғиса аяғынан ұстап қалады. Осылайша болашақ композитор Алматыға келіп музыка мектебінде оқиды. Ұстаздары жоғары сыныпта оқып жүргенде оның ән жазатын қабілетін байқап, өнерге баули бастайды. Мектеп бітірген соң, Теміржан консерваториядағы Құддыс Қожамияровтың сыныбына оқуға түседі. Кейін жолдамамен Семейге барады. Сол кезде облыс әкімі «қызмет, үй беремін» деп шақырған екен. Бірге оқыған сұлуын өзіне жар етіп, Семейге барса, әкімі ауысып кетеді. Содан музыкалық училище жатақханасының бір бөлмесінде тұрып, еңбек етеді. Алғашқы некеден екі ұлды болғанмен, бірі кісі қолынан қайтыс болса, екіншісі өзге ұлттың қызына үйленіп, елден көшіп кеткен. Кәсіби композитор Теміржан Базарбаев 1982 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алған. Ол симфониялық оркестрге арнап «Тор жорға», «Ботагөз», «Жетісу» симфониялық поэмаларын, труба мен оркестрге арнап «Отан», «Қалың елім, қазағым» әндерін жазған. Камералық-аспаптық, эстрадалық «Мерекелік увертюрасы», «Жыл мезгілі» атты тақырыпта жазылған циклы, «Ботагөз» атты симфониясы да – дарын иесінің қаламынан туған сәтті туындылар. Ол қазақтың белгілі ақындары: Қадыр Мырзалиев, Жабайыл Бейсенов, Жұбан Молдағалиев, Қасым Аманжолов, Бәкір Тәжібаев, Тұманбай Молдағалиев, Серік Тұрғынбеков және Тұрсынай Оразбаеваның өлеңдеріне ән шығарып, шығармашылық байланыста болған. Т.Базарбаевтың әндерінің 80-90 пайызы вальс ырғағында айтылады. Бірақ қолдау болмағандықтан, әндері шықпай қалған. Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов пен Теміржан Базарбаевтың әндері үндес. Бір өкініштісі, тек Шәмші ғана вальстің королі ретінде танылып, басқалары көлеңкеде қалып қойғандай. Тек былтырдан бастап оның шәкірттері мен белсенді азаматтар бастама көтеріп, дарынды композитор есімін ұлықтауды қолға алды. Алдымыздағы 2025 жылы Теміржан Базарбаевтың туғанына 90 жыл толмақ. Осы торқалы тойға орай биыл қазан айының 23-24 жұлдыздарында «Алатау» дәстүрлі өнер театры алғаш рет Халықаралық «Екі жұлдыз» ән фестивалін өткізуді жоспарлап отыр. Айтулы шараны ұйымдастырушылар – «Алатау» дәстүрлі өнер театрына қарасты көру және есту мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени демалысын ұйымдастыру бөлімі мен «Өнер бұлағы» Қоғамдық қоры. Ақпараттық демеушілер: «Алатау» телеарнасы, «Алматы ақшамы», «Qazaqstan dauiri», «Үш қоңыр» газеттері мен «Игілік» журналы. Ал фестиваль демеушілері: «ADD» қонақүйі, «Тарбағатай» мейрамханасы. Ән фестиваліне еліміздің бүкіл облыстарынан, сондай-ақ көрші Өзбекстан, Қырғызстан т.б. елдерден зағип әншілер қатысады. Ел жүрегінде қалған әдемі әндер дуэт болып шырқалады. Жеңімпаз жұптар ақшалай, заттай сыйлықтармен марапатталады. 

Гүлжанат ШОНАБАЙ
03.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 60
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 585
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 700
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 614
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 623

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8760
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8159
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11388
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9142
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10372