Экологияны жөндеу үшін шұғыл шаралар қажет

Экологияны жөндеу үшін шұғыл шаралар қажет

Маңғыстау облысы Шетпе өңіріндегі тас өндіру карьерлерінің атмосфералық ауа сапасына техногендік әсерін бағалау және экологиялық жүктемені төмендету жолдары

Маңғыстау облысының Шетпе аумағындағы тас өндіру карьерлерінің атмосфералық ауа сапасына әсері және оның халық денсаулығына тигізетін экологиялық салдары қарастырылды. Карьерлерде жүргізілетін бұрғылау, жару, ұсақтау және тасымалдау жұмыстары барысында атмосфераға шаң-тозаң мен зиянды газдардың бөлінуі зерттелді. Әсіресе PM10 және PM2.5 қатты бөлшектерінің таралуы мен олардың адам ағзасына әсері талданды. Сонымен қатар өңірдегі экологиялық жүктемені төмендету мақсатында шаң басу жүйелерін енгізу, сүзгілеу технологияларын пайдалану, экологиялық мониторингті күшейту және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу жолдары ұсынылды.

Қазақстандағы әктас қорының негізгі бөлігі Маңғыстау облысында шоғырланған. Аймақтағы әктас кен орындары өзінің геологиялық құрылымы, қоры және өндіруге қолайлылығы жағынан ерекше сипатқа ие. Әктас-ұлутас құрылыс индустриясында кеңінен қолданылатын маңызды шикізаттардың бірі болып табылады және оған ішкі нарықпен қатар халықаралық деңгейде де сұраныс жоғары.

Маңғыстау облысының Шетпе аумағындағы тас өндіру карьерлері өңірдің құрылыс индустриясын шикізатпен қамтамасыз ететін негізгі өндірістік нысандардың қатарына жатады. Алайда карьерлік жұмыстардың қарқынды жүргізілуі қоршаған ортаға, әсіресе атмосфералық ауа сапасына елеулі экологиялық жүктеме түсіреді.

Карьерлерде жүргізілетін бұрғылау, жару, ұсақтау және тиеу-түсіру жұмыстары кезінде атмосфераға көп мөлшерде шаң-тозаң бөлінеді. Әсіресе PM10 және PM2.5 секілді ұсақ дисперсті қатты бөлшектер жел арқылы елді мекендерге таралып, атмосфералық ауаның ластану деңгейін арттырады. Бұл бөлшектер адамның тыныс алу жүйесіне терең еніп, түрлі аурулардың пайда болуына себеп болуы мүмкін.

Сонымен қатар карьер аумағында пайдаланылатын ауыр жүк көліктері, экскаваторлар және басқа да дизельді техникалар атмосфераға көмірқышқыл газы (CO₂), көміртек оксиді (CO), азот оксидтері (NOₓ) және күкірт диоксиді (SO₂) секілді зиянды заттарды бөледі. Жару жұмыстары кезінде бөлінетін жарылыс өнімдері де техногендік ластану деңгейін күшейтеді.

Қазіргі уақытта Шетпе аумағында 19 карьер жұмыс істейді. Тұрғындар тарапынан ауа сапасының төмендеуі, шаңданудың жиілеуі және оның адам денсаулығына әсері жөнінде шағымдар көбейген. Карьерлерден көтерілген шаң елді мекендерді тұман тәрізді қабатпен жауып, өсімдіктер мен мал азығына арналған шөптердің бетіне қонады.

 

Шетпе карьерлерінен туындайтын ауру көрсеткіштері

Ауру түрлері 2022ж. 2023ж. 2024ж. Өсу дина-ми-касы

1 Созылмалы бронхит 18% 21% 24%

2 Бронхиалды астма 11% 13% 15%

3 Аллергия-лық ринит 22% 26% 31% ↑↑

4 Өкпенің созылмалы обструк-тивті ауруы (ӨСОА) 7% 9% 11%

5 Пневмония және тыныс жолы ин-фекциялары 14% 17% 20%

6 Жүрек-қан тамырлары аурулары 19% 21% 23%

7 Көз және тері тітіркенуі 28% 33% 39% ↑↑

8 Балалар-дағы тыныс алу аурулары 25% 29% 35% ↑↑

 

 

Кестедегі мәліметтер карьерлерге жақын орналасқан аймақтардағы ауа сапасының нашарлауына байланысты жасалған талдамалық көрсеткіштер болып табылады. PM2.5 және PM10 бөлшектерінің көбеюі тыныс алу жүйесі ауруларының артуына тікелей әсер етеді.

Экологиялық мәселелерді төмендету жолдары. Шетпе өңіріндегі карьерлерден туындайтын экологиялық мәселелерді азайту үшін кешенді инженерлік және экологиялық шараларды енгізу қажет.

Біріншіден, карьер аумағында шаң басу жүйелерін енгізу маңызды. Ұсақтау, тиеу-түсіру және тасымалдау аймақтарында автоматтандырылған су бүрку қондырғыларын пайдалану атмосфераға таралатын шаң көлемін төмендетеді.

Екіншіден, ұсақтау және сұрыптау қондырғыларында заманауи сүзгілеу технологияларын қолдану қажет. Жабық типтегі ұсатқыш кешендер мен өндірістік шаң сүзгілері қатты бөлшектердің таралуын азайтады.

Үшіншіден, карьерлерде қолданылатын дизельді техникаларды кезең-кезеңімен экологиялық таза техникамен алмастыру ұсынылады. Электрлі немесе гибридті техникаларды пайдалану зиянды газдардың бөлінуін төмендетуге мүмкіндік береді.

Төртіншіден, карьер мен елді мекен аралығында жасыл қорғаныш белдеулерін қалыптастыру маңызды. Ағаштар мен бұталар атмосфералық ауаның табиғи сүзгісі қызметін атқарып, шаңның таралуын тежейді.

Бесіншіден, экологиялық мониторинг жүйесін күшейту қажет. PM2.5, PM10, CO₂, NOₓ және SO₂ көрсеткіштерін автоматты бақылау станциялары арқылы үздіксіз бақылау экологиялық жағдайды нақты бағалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу технологияларын дамыту маңызды. Әктас-ұлутас қалдықтарын цемент, бетон, тротуар плиткалары және жол құрылысы материалдарын өндіруде пайдалану қалдық көлемін азайтып, экологиялық жүктемені төмендетуге ықпал етеді.

Жүргізілген талдау нәтижелері Шетпе өңіріндегі тас өндіру карьерлерінің атмосфералық ауа сапасына айтарлықтай әсер ететінін көрсетті. Карьерлік жұмыстар барысында бөлінетін шаң-тозаң мен зиянды газдар халық денсаулығына және қоршаған ортаға экологиялық қауіп төндіреді. Әсіресе тыныс алу жүйесі ауруларының, аллергиялық реакциялардың және жүрек-қан тамырлары ауруларының өсуі байқалады.

Экологиялық тәуекелдерді төмендету мақсатында шаң басу жүйелерін енгізу, сүзгілеу технологияларын пайдалану, жасыл қорғаныш белдеулерін қалыптастыру және тұрақты экологиялық мониторинг жүргізу маңызды. Заманауи экологиялық технологияларды енгізу арқылы Шетпе өңіріндегі атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға және халық денсаулығына келетін зиянды азайтуға болады.

 

Фарида НҰРБАЕВА,

 Yessenov University, Инжиниринг факультеті, «Экология және 

тіршілік қауіпсіздігі» кафедрасының т.ғ.к., қауымдастырылған профессоры 

 

21.05.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25298
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 24796
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42228
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38082
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42569