Елге сапалы шетелдік инвестиция тарту саясаты

Елге сапалы шетелдік инвестиция тарту саясаты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауының төртінші бағытында: «Ұлттық бизнеске халықаралық нарықтарда қолдау көрсету» тұрғысында өз өнімін экспортқа шығаратын компанияларға мемлекеттік көмек көрсетудің тиімділігін барынша арттыру керек», – деген болатын. Осы орайда, үкіметке мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімділігі жоғары орта бизнеске қолдау көрсетудің кешенді шараларын әзірлеуді тапсырып, соның ішінде шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыру қажет екендігіне нақты тоқталған еді.

Әрине, 2020 жылы денсаулық сақтау саласындағы келеңсіз оқиғаларға байланысты орын алған дүниежүзілік дағдарыс кезінде инвестиция тарту мәселесі де оң динамика көрсете алмағаны түсінікті. Сондықтан да бұл мәселені қайта жандандыру мақсатында 2021 жылдың 10 маусымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші пленарлық отырысы онлайн форматта өтті. Шикізаттық емес тауарлардың экспортын дамытуға арналған жиынға ірі трансұлттық компаниялардың басшылары, мемлекеттік органдардың жетекшілері және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Отырысты ашқан Қазақстан Президенті шикізаттың ұзаққа созылған суперциклы аяқталып келе жатқанын айтты. «Қазақстан экономикалық жүйе ретінде тек ішкі инвестицияға, ішкі сұраныс пен шикізат экспортына ғана сүйене алмайды. Еліміз сапалы шетелдік инвестиция тарту үшін мейлінше қолайлы жағдай жасау саясатын жалғастыра береді. Біз өңірдегі және ТМД-дағы көшбасшылық орнымызды сақтауға мүдделіміз», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстанның экономикалық моделі экспортты экономикалық дамудың маңызды факторы ретінде қарастырады. Еліміздің өңдеу өнеркәсібінің қосымша экспорттық әлеуеті 10 миллиард АҚШ долларға, сондай-ақ, қызмет көрсету саласындағы экспорттық әлеуеті де 10 миллиард АҚШ долларға бағаланады. Шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемін 2025 жылға қарай 41 миллиард АҚШ долларына дейін арттыру орта мерзімдегі мақсат саналады. «Экспортты қолдау үшін 1,2 миллиард долларға жуық қаржы бөлінді. Осы ретте экспортты дамыту жөніндегі жоспарымыз институционалды тұрғыдан да, қаржылық жағынан да қолдауға ие болды. Сонымен қатар, тауар экспорттаушыларды қолдау жүйесін жақсартуға байланысты ұсыныстарыңызды естігім келеді. Азия даму банкінің экспортты қолдау архитектурасын реформалау жөніндегі ұсынысы ерекше назар аударуға лайықты. Цифрлық трансформация, ең алдымен, шағын және орта бизнес үшін сауда шығындарын қысқартады деген оймен келісемін. Осыған байланысты Сауда және цифрлық даму министрлігіне Азия даму банкімен бірлесіп, экспортты қолдау жүйесін цифрландыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы әрі экологиялық таза мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты басым бағыттардың бірі болуға тиіс деп санайды. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы 2020 жылы транзиттік теміржол тасымалы 17 пайызға артқанын жеткізді. Контейнерлік тасымалдар өсімнің негізгі факторы болды. «Былтыр шамамен 900 мың контейнер тасымалданған. Оның 91 пайызға жуығы Қытай – Еуропа – Қытай бағытына тиесілі. Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтағы тасымалда негізгі рөл атқаратынын сеніммен айтуға болады. Қазақстан – Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жаһандық жобасын іске асыруда маңызды әрі сенімді серіктесі. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз», – деді ол.

Кеңестің көптеген мүшелері, атап айтқанда «General Electric», «Марубени», PWC компаниялары, Дүниежүзілік банк көлік-логистикалық қызметтердің, оның ішінде, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы қызметінің тиімділігі мен сапасын арттыру мәселесіне назар аударды. Мемлекет басшысы кеңес мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде Kaspi.kz компаниясының жетістігіне назар аударды. Ол Лондон қаржы биржасында IPO өткізіп, Қазақстандағы ең қымбат жария компания болды. Президент отандық қаржы техникалық қызмет көрсету секторының зор әлеуеті туралы айта келіп, озық технологиясы бар халықаралық компанияларда жұмыс істеген, тәжірибелі қазақстандықтарды тарту бағдарламасын іске қосу жөніндегі «KPMG» компаниясының бастамасын қолдауға шақырды. Бұдан бөлек, Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне және Астана халықаралық қаржы орталығына «Дойче Банктің» ұсынысын зерттеп, Қазақстанда «жасыл инвестициялар» нарығын кеңейту бойынша нақты ұсыныс енгізу жүктелді. Медициналық қызмет көрсету экспорты саласында Үкімет жеке медицинаны және медициналық туризмді енгізу ісін дамыту жөніндегі «General Electric» компаниясының ұсынысын қарастырады.

Шетелдік инвесторлар өз сөздерінде таңдалған тақырыптың маңызы мен өзектілігін атап өтіп, Қазақстанда шикізаттық емес экспортты дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыру жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

2022 жылдың 24 шілдесінде Президент Сауд Арабиясының іскер топтар өкілдерімен өткен инвестициялық дөңгелек үстелге қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудпен өткізген бір күн бұрынғы кездесуінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілгенін айтты.

Президент Сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның экономикалық жетістіктері туралы мәлімет берді. «Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 17 есе өсті. Бүгінде Қазақстан экономикасы Орталық Азиядағы барлық өзге елдер экономикасының жиынтық көлемінен асып түседі. Орталық Азиядағы тауар айналымының 60 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің халықаралық резерві – 90 миллиард доллар және ТМД бойынша жан басына шаққанда ең жоғарғысы саналады. Шетелдік инвесторлар еліміздің экономикасына 380 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Бұл Орталық Азия аймағына салынған жалпы инвестицияның 70 пайызын құрайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанда Сауд Арабиясының қатысуымен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және инфрақұрылым салаларында құны 120 миллион доллардан асатын бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылғанын жеткізді. Қазақстан Президентінің пікірінше, бұл сома мемлекеттеріміздің әлеуетіне сай келмейді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ынтымақтастықты кеңейтудің мейлінше перспективті салаларын белгілеп берді. Ең алдымен, бұл екіжақты сауда-саттыққа қатысты. «Біз жүргізген талдауға сәйкес, Қазақстан машина жасау, шойын және болат өндірісі, сондай-ақ, тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салалар бойынша құны шамамен жылына 400 миллион доллар болатын шикізат тауарларының 100-ден астам түрін ұсына алады», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасын жалғастыратын көлік-транзит және логистикалық мүмкіндіктерді, соның ішінде Транскаспий бағдарын әртараптандыруды және кеңейтуді екінші маңызды бағыт ретінде атап өтті. Оның пікірінше, ынтымақтастықтың мол әлеуетін экономиканың нақты секторында да пайдалануға болады. «Қазақстан әлемде вольфрам қоры бойынша бірінші орын, уран мен хром бойынша екінші орын алады, ал марганец, күміс, мырыш, қорғасын байлығы бойынша алғашқы бестікке кіреді. Бұл қорларды барлап, зерттеу керек. Қарқынды дамып келе жатқан Қытай мен Оңтүстік Азия нарығына жақындығымызды ескере отырып, инвестиция салуға, шын мәнінде, бұл жақсы мүмкіндік. Бүгін біз барлау және әзірлеме жұмыстары үшін бағалы және түсті металдың 60-тан астам кен орнын ұсына аламыз», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан мен Сауд Арабиясының мұнай химиясы, атом энергетикасы, жасыл сутегі өндірісі салаларын дамыту, ғарышты зерттеу жөнінде және басқа да бағыттар бойынша жоспары бар.

Президент отандық агросектордың әлеуетіне де тоқталды. «Қазақстан егістік көлемі бойынша жан басына шаққанда әлемде екінші, жайылымдық жерлер жөнінен бесінші орын (180 миллион гектар) алады. Еліміз бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Біз Корольдікке жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізуші елдердің бірі болуға дайынбыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында 13 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде еліміздің Энергетика министрлігі мен ACWA Power арасында, «KAZAKH INVEST» ҰК» акционерлік қоғамы және Al Rajhi International for Investment (RAII) арасында, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы және Ajlan & Bros Holding Group Ability арасында, сондай-ақ «ҚазБиоСорго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Ajlan &Bros Holding Group арасындағы меморандумдар бар.

Инвестиция тарту мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына Жолдауында жаңа сапада қарастырылып, мұнда ең алдымен, жер қойнауын игеру ісіне инвестиция тарту үшін заңнаманы және рәсімдерді барынша жеңілдету керектігі, геологиялық ақпарат туралы бірыңғай мәліметтер банкін құру жұмысын аяқтау қажеттігі айтылады. Президент үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсыра отырып, «Былтыр менің тапсырмам бойынша барлық арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі бағаланды. Соның нәтижесінде түйткілді тұстарды анықтап, тың тәсілдерді ойластырдық. Қазіргі таңда шетел компаниялары Қазақстанға көше бастады. Оларға қатысты «неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың» деген ұстаным басты қағида болуы қажет. Барлық инвестициялық міндеттемесін адал орындайтын кәсіпорындар да бар. Оларға арнайы экономикалық аймақтан жер телімін жекеменшікке беру мәселесін шешу қажет», – деді.

Президент пәрмені бұлжытпай орындалатыны анық. Осы тұрғысында 2023 жылғы 2 ақпандағы «Astana Invest» арнайы экономикалық аймақтарды дамыту департаментінің директоры Дияр Асқаровтың онлайн брифингте АЭА-ның жүргізіліп жатқан инвестициялық саясаты мен дамуы туралы айтқан ақпараттарына мән берсек, онда: «Бүгінгі таңда Астанада инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 2,3 триллион теңгені құрайтын 262 жоба, 26 мыңға жуық жаңа жұмыс орны, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында – жалпы сомасы 249,9 миллиард теңгеге 82 жоба, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. «Астана – жаңа қала» АЭА аумағында 5 871 тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 166 миллиард теңгеге 50 жоба жұмыс істейді. Жалпы, енгізілген 50 жобаның 11-і экспортқа бағдарланған. 2022 жылдың тоғыз айында қала кәсіпорындары 15 миллиард теңгеге өнім экспорттады. Негізгі тауарлардың қатарына электровоздар, арнайы киімдер, локомотивтер, тағы да басқа өнімдер Ресейге, Өзбекстанға, Әзірбайжанға, Түркияға жеткізіледі», – делінген.

Өткен жылы еліміздің ауыл шаруашылығы саласында 227 инвестициялық жоба іске асыпты. Олардың жалпы құны 214 миллиард теңгеден көп. Аграрлық сектордағы үлкен жобаның бірі облысымызға тиесілі. Біздің аймақта азық-түлік сақтайтын заманауи кешен салынып жатыр. Жоба құны – 10 миллиард теңге. Сыйымдылығы 50 мың тонна болатын қойманың құрылысы аяқталғанда 1000-ға тарта қала тұрғыны жұмысқа тартылмақ. Жалпы, 2025 жылға дейінгі Жамбыл облысын дамытудың жол картасы бойынша 73 миллиардқа жуық қаржыға 716 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Олар негізінен – сүт фермалары, көкөніс сақтау қоймалары, бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 29 наурызында VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде: «Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Қазақстан – Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі. Сондықтан да сыртқы саудамызды еркін түрде дамытуымыз керек. Бірақ кемінде өз әлеуетіміз жететін нәрселермен өзімізді қамтамасыз етуіміз қажет. Мысалы, шикізат та, мамандар да, кейбір технология да өз елімізде бар. Елдің ішкі сұранысын өтеуге қатысты бір негізгі ұстаным болуға тиіс. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін дамытуымыз қажет. Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады», – деген болатын. Осыған байланысты ой қорытсақ, еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүше болып қабылдануы отандық кәсіпкерлерді жаңаша сапада жұмыс істеуге міндеттегені белгілі. Әйтсе де, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруіміз жалпы халық үшін тиімді болып отыр деп те айта алмаймыз. Мәселен, еліміздің тұрғындары ДСҰ-ға мүшелікке бізден бұрын өткен Қырғыз елімен көрші орналасқандықтан, олардың және олардан да бұрын ДСҰ-ға өткен Қытайдың арзан азық-түлігі мен киім-кешектерін тұтынуда. Осы орайда көрші ағайындарымыздың ДСҰ-ға мүше бола отырып, тек Қытай тауарларына телмірмегеніне де мән беруге болады. Айтар болсақ, қырғыз экономикасының қомақты бөлігін құрап отырған жеңіл өнеркәсіп саласында 200 мыңнан аса тігін шеберханасы тауар өндірушілер қатарында екендігін білдік.

Ал, біздің елімізде 1,6 миллион кіші және орта бизнесте 3 миллион 268 мың қазақстандық жұмыс істейді екен. Президент осыншама зор еңбек ресурсын ары қарай дамытуды нақтылап отыр. Яғни, отбасылық және орта бизнестің дамуына әртүрлі бюрократиялық кедергілердің алынып тасталынуы, кредиттеу мәселесі делдалдарсыз шешілуі және тағы басқа жақтары. Әрине, кіші және орта бизнесті қазіргі 30 пайыздан 60 пайызға дейін жеткізу алдағы болашақтың еншісінде екендігі белгілі. Дегенмен, айтылған жағдайлар жасалынып жатса, бұл тұстағы да асудың алынары анық.

Мемлекет басшысының инновация мен жоғары технологиялар тұрғысындағы тұжырымдарын тарқатар болсақ, онда мәселен, Жапониядағы жұмысшылардың жаңа технологияларды меңгеруі мен жаңа жағдайларға төселуіне қатысты бірер сөз айту қажет сияқты. Күншығыс елінің атақты «Мацусите Денки» компаниясының менеджері бұл тұрғыда: «Қазіргі технологиялардың барынша дамыған заманында адамның мүмкіндіктерін, білімін, ықылас-пейілін барынша пайдалану маңызды. Күрзіні соғуға жұмысшыны күштеп көндіруге болады. Бірақ, оны күштеу арқылы ойлауға, ойлағанда да өндіріске және кәсіпорынға пайда келетіндей ойлануға көндіре алмайсың. Тиісінше мекемедегі қызметкерлерді роботтардың компьютерлерге арналған бағдарламаларды түзуіне жағдай жасауына күштеу жүрмейтіндігі белгілі. Олай болса, еңбек өнімділігіне жұмысшының біліктілігін барынша арттыра отырып, олардың жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасаған кезде ғана жететіндігіміз анық», – дейді. Осы орайда, бүгінгі жапон қоғамы бәсекелестікке қабілеттілікті ХІХ ғасырда өмір сүрген жазушы және қоғам қайраткері Сёдзан Сакумадан үйренгендерін жасырмайды. Себебі, Сакуманың: «Әлемдегі ең үздік жетістіктерді танып, қабылдап және оны бұрынғы қалпынан көрнектірек етіп қайта жасағанда ғана бәсі жоғары жарыста жеңіске жетуге болады», – деген сөзі қазіргі замандағы жапон кәсіпкерлерінің ұранына айналғандай.

Мемлекет басшысының айтып келе жатқан инновациялық даму үрдісінің түп негізі де осы қағидатқа негізделеді. Сондықтан да дамыған елдер қатарынан орын алғымыз келсе, Президент алдымызға қойған кешенді міндеттерді кешіктірмей жүзеге асыруға баршамыздың байыппен атсалысқанымыз абзал.

Сейдахан БАҚТОРАЗОВ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін зерттеу орталығының директоры.
15.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 56
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 45
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 101
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 41
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 102
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 33
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 56
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 210
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 215
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 429
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 393

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9085
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8483
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11711
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9477
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10692