ЕҢБЕК ДАУЫНЫҢ АЛДЫН АЛҒАН ТИІМДІ
Еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек шартының және ұжымдық шарттың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы келіспеушіліктер еңбек дауын туындатады.
Шарттарда айтылған өз құқықтарыңызға жету дегеніміз айқайлау, митинг өткізу немесе шексіз шыдау емес.
Мұндайда тек заң шеңберінде ойланып және жүйелі түрде сауатты іс-әрекет жасау құпталады.
Бүгін Талас ауданы білім бөлімі мен Білім қызметкерлерінің кәсіподағының "Талас аудандық комитеті" ұйымдастыруымен "Келісу комиссиясын құру мен жұмыс тәртібі" туралы аудандық семинар өтті.
Балалар өнер мектебінің мәжіліс залында өткен семинарда қызметкер мен жұмыс берушінің арасындағы еңбек заңнамасы туралы кеңінен мәліметтер қамтылды.
Осы семинарда Талас аудандық сотының төрағасы Ләйла Дүкенбаева "Еңбек дауларының алдын алу және еңбек дауын сотқа дейін шешу жолдары" туралы толыққанды түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ, Талас аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Әділ Смағұлов "Келісу комиссиясын құру мен жұмыс тәртібі" жайлы жеткізді.
Ақиқатында елімізде еңбек дауының әділ шешілуінің жолдары жан-жақты қарастырылған.
Еңбек дауы – қызметкер мен жұмыс берушінің арасында еңбек заңнамасын қолдану бойынша келіспеушілік, еңбек шартының талаптарын орындау бойынша қызметкер мен жұмыс беруші арасында реттелмеген даулар.
Сондықтан, еңбек кодексінде еңбек дауын міндетті түрде келісім комиссиясында қарау көзделген. Еңбек заңнамасы кәсіподақтар өкілдерінің қатысуымен келісу комиссиясының жеке дауды қарауы мен шешуін қарастырады.
Сонымен қатар, еңбек дауын соттан тыс және сотқа дейін реттеу тәртібімен келіспеушіліктерді еңбек ұжымдарының бітімгершілік комиссиясында қарау міндетті кезеңге айналған.
Келісім комиссиясы ұйымдарда жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасында туындайтын жеке еңбек дауларын шешу үшін міндетті сотқа дейінгі орган.
Жалпы, келiсiм комиссиясы ұйымда, оның филиалдары мен өкiлдiктерiнде тепе-тең негiзде жұмыс берушi мен қызметкерлердің өкiлдерiнен құрылып, тұрақты жұмыс iстеуі керек.
Кәсіподақ ұйымы келісім комиссиясының мүшелерін жыл сайын еңбек негіздеріне оқытудан өткізіп тұрады.
Мекемелерде келісім комиссиясын құрудағы басты мақсат еңбек дауын сотқа дейінгі және соттан тыс реттеу мәселелері және сот тәжірибесі туралы заңнаманың жекелеген ережелерін сақтауды көздеу екендігіне тоқталдым.
Басқосуда өндірістік қызмет процесінде пайда болатын еңбек дауларының алдын алу, еңбек дауларының шығу себептері талқыға түсті.
Сондай-ақ тұрақты жұмыс орындарын сақтап қалу, жұмысшылардың әлеуметтік қамтамасыз етілуі, өндірістік қызмет процесінде пайда болған даулы мәселелер және олардың заң шеңберінде екі жақтың жауапкершілігі, міндеттері мен құқықтары түсіндірілді.
Ұжымдық еңбек дауларын қарауда кәсіподақтардың ролі зор.
Оған қоса еңбек дауын қарау жүйесі, оны шешудегі медиаторлардың орны айқындалып келеді.
Семинар соңында қатысушылар күн тәртібіндегі баяндамалар аясында пікір алмасып, тиісті мамандар сұрақтарға жауап берді.