4 сәуір Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің шаңырағында «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» тақырыбымен Ұлы жеңістің 80 жылдығына орай іс-шара өтті. Кеш қонақтары қатарында қазақ халқына еңбегі сіңген азаматтар бой көрсетті. Желтоқсан көтерілісінің қайраткерлері өз басынан өткен оқиғалармен бөлісіп, егемендікті бағалауға шақырды. Ұлы Отан соғысы болсын, Желтоқсан көтерілісі болсын, тарихта ерекше орын алатынын жастарға дәріптеу, бейбіт өмірдің оңай келмегенін түсіндіру мақсатында іс-шара өткізілді. Биыл Ұлы Отан соғысына 80 жыл, ал Желтоқсан көтерілісіне 39 жыл толып отыр.
1941-1945 жылдары орын алған Ұлы Отан соғысының жеңісіне биыл 80 жыл толып отыр. Бұл ерекше күн – халықтың жүрегінде мәңгілік ұмытылмайтын ерлік пен қаһармандықтың, Отанға деген шексіз махаббаттың көрінісі болып табылады. Сұрапыл соғыстың отына түсіп, қаншама қайғы мен қасіретке тап болған халқымыз ауыр жылдарды бастан өткеріп, әрбір отбасында ауыр тағдырлар мен орны толмас қайғы қалдырды. Алайда, соғыстың қара күндерінде майданда жауға қарсы қару ұстап, жанын беруге дайын болған ер-азаматтарымыздың ерліктері мен елде жұмыс істеген аналарымыз бен балалардың жанкешті еңбегінің арқасында біз бұл сұрапылдан жеңіспен шықтық. Жеңіс жолында қаншама боздақтарымыз өз өмірлерін пида етіп, болашақ ұрпақтың амандығы үшін күресті. Бүгінгі күнде біз сол ұлы ерліктің, күш-жігер мен қайсарлықтың арқасында бейбіт өмір сүрудеміз.
Іс-шарада Ұлы Отан соғысында жауға қарсы тұрған қайраткерлеріміздің өмірі баяндалып, бастан кешкен қиындақтары жастарға жеткізілді. Сұрапыл соғыс қазақ халқының тарихында қызыл сиямен жазылып, талай шаңырақты ортасына түсірді. Ұлы Отан соғысы тек жауынгерлер мен ержүрек батырлар ғана емес, сол кездегі барлық халықтың ерлігі мен бірлігін айқындайтын кезең болды. Майданда ерлік көрсетіп, өз алтындай бағалы өмірлерін қиып, ерен ерлік көрсеткен ата-апаларымыз құрметке ие. Қаншама жастардың өмір гүлін ерте солдырған соғыстың нәтижесін бүгін еркін өмір сүріп жатқан ұрпақ көруде. Еркін ел мен тәуелсіздіктің жалауын желбірету жолында қаншама қан төгілді. Бүгінде біз тәуелсіз Қазақстанда еркін өмір сүріп жатырмыз. Осы тәуелсіздіктің баға жетпес құндылығын бағалау және оны болашақ ұрпаққа дәріптеу біздің қолымызда.
Исмаил Қажымұратов, Жамбыл облыстық Қарашай-Балкар этномәдени орталығының өкілі, Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Жамбыл облысы Желтоқсан-86 қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары:
– Ұлы Отан соғысында қаншама жастар қыршын кетті. Сол кезде де біздің қазақ ұлтының өкілдері өз елін жерге қаратқан жоқ. Өзінің батырлығын көрсетті. Сіздер болашақ мамансыздар, болашақ профессор, болашақ қызметкерсіздер, сіздерге тарихты зерделеу керек. Себебі, ата-бабаларымыздың ерліктері мынау жас ұрпақ – сіздерге аманат. Сол уақыттарда біздің қазақ азаматтарының ерліктері көп бағаланбады, елін, сүйген, жерін сүйген азаматтарды ұлтшыл деп қудалады. Дербес мемлекет боламыз деген Алаштың тұлғаларын өлтірді. Мінеки, соның бәріне қарамастан, қазақ ұлтының перзенттері Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, Мәскеуді қорғауға атсалысты. Бауыржан Момышұлының Панфилов дивизиясы тарихта мойындалған. Сол ерлік жалғасып жатыр. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысқанмын. Таяқ жедім, жастарды қинап, жас қазақ қыздарын көз алдымызда ұрды, қудалады, ата-аналарын жұмыстан шығарды, бізді ұры деді.
Тәуелсіздігімізді нығайту үшін жастарды еліміздің тарихымен таныстыру, олардың бойында патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру маңызды. Тәуелсіздікке қол жеткізу жолында кеткен қан мен тердің, ауыр еңбек пен шыдамдылықтың қадірін түсіну – бұл біздің ұрпақтан-ұрпаққа қалдыратын аманатымыз. Аманатты қиянат жасамау мақсатында іс-шарада жастардың жүрегіне жететіндей сөз айтылып, өткенді еске алды.
Ертай Айғалиұлы:
– Соғыстағы ата-апаларымыздың ерлігін жоққа шығаруға болмайды. Қазақтың кім екенін, қазақ халқының қандай батыр ел екенін дәлелдеп кетті. 18-22-дегі қылшылдаған жастар батырлық үлгісін, өнегесін көрсетті. Қазіргі таңда ардагерлер жоқ десе де болады. 80 жылдыққа орай мемлекет ардагерлерге ақшалай сыйақы берейін деп жатыр. Олардың уақыттары ақшамен есептелмейді. Сонымен қатар, Желтоқсан көтерілісінің ардагерлері де арамызда отыр. Желтоқсан батырларының алдында мен де, сіз де, бәріміз де қарыздармыз. Желтоқсан ардагерлері зор құрметке лайық. Отан отбасыдан басталады. Әрбір қазақ «Отан» деген сөздің мән-мағынасын түсіне білу керек. Оның ішінде салт-дәстүріміз де бар, намысымыз, тіліміз, рухымыз да бар. Отанның мағынасын ұққан адам Отанын қорғауға ұмтылады. Тілін құрметтеуге тырысады. Әлемнің қай бұрышында жүрсең де қазақтың мәртебесін көтеріп жүру керек.
Сонымен қатар іс-шара барысында жазушы, Д.Қонаев атындағы халықаралық Еуразия академиясының профессоры, белгілі Қонаевтанушы ғалым әрі журналист Ораз Қауғабай, Желтоқсан 86 қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тоғысбаева Айнұр Қыпшақбайқызы, Қазақстан ардагерлері «Айрықша тәуекелді ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің саяси бөлім бастығы Қуантаев Сейтхан Мұратұлы сөз сөйлеп, жастарға өз ерлік-өнегені насихаттады.
Тәуелсіздігімізді нығайту үшін жастарды еліміздің тарихымен таныстыру, олардың бойында патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру маңызды. Тәуелсіздікке қол жеткізу жолында кеткен қан мен тердің, ауыр еңбек пен шыдамдылықтың қадірін түсіну – біздің ұрпақтан-ұрпаққа қалдыратын аманатымыз. Іс-шара Отан мен өз ұлтымызға деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталып, елімізге ерен еңбегі сіңген азаматтардың ерлігі әспеттелді.
Қарлығаш ШАҢҒАРАҚШЫ