Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІІ құрылтайы аясында Астана қаласында «Ұлы Дала сазы» этнофестивалі өтті. Заманауи этникалық музыка жанрындағы жоба 5 күнге жалғасты.
Фестивальдің мақсаты – қала тұрғындары мен туристерді, құрылтайға қатысушыларды қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетін таныстырып, оларды рухани азықтандыру болды. Онда дәстүрлі орындаушылық өнер өкілдері, этно-фольклорлық ұжымдар және басқа да танымал қазіргі заманғы этникалық музыкалық өнер иелері өнер көрсетті.
Этноауылда сегізқанатты киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылып, қолөнер шеберлерінің жұмыстарын көрсететін «Шеберлер ауылы», шағын сәулет нысандары және т.б. алаңдар ұйымдастырылды. Этноауыл бірнеше секторға бөлінді. Солардың бірі – «Дәстүрлі қолөнер түрлері» секторы. Шымкент қаласының тумасы Жұпар Амангелдіқызы 2008 жылдан бері аталмыш іс-шараға қатысып, ұлттық нақыштағы заманауи бұйымдарды қатысушыларға ұсынуда. «Жаңа технологияларды пайдаланып қой жүнінен балалардың аяқ киімдерінен бастап, мойынжастық, сөмке, ойыншақтар түрлі бұйымдар жасаймыз. Соңғы туындым – киізден жасалған қолшатыр. Қала тұрғындары «Қазақстанда да осындай дүние жасайды екен ғой» деп қуанып жатыр. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Адамның рухани жаңғыруына сәл де болса ықпал етіп, ризашылықтарын алудамыз», – деді «Қолөнер шеберлері одағының» мүшесі Жұпар Амангелдіқызы.
Сондай-ақ, этноауылда киіз үйлерге кіріп, көшпенді халықтың мәдениетімен, тұрмысымен танысуға болады. Қонақтар шеберлік сабақтарына қатысып, ұлттық ойын түрлері – алтыбақан, асық және т.б. ойындар ойнай алады.