Ғасыр адамы

Ғасыр адамы

Қазақтың қасиетті топырағы ХХ ғасырда көптеген  ғалымдарды өмірге әкелді,  олардың арасында Қаныш Имантайұлының тұлғасы құзар шыңға ұқсайды. Ол  Баянауылдан  бастау алып,  қазақтың даласын қақ жарып өтіп, Алатаудан асып, әлемдік ғылым  шыңына көтерілген үлы тұлға. Жер қойнауының сиқырлы жиһазын тамаша көрегендікпен аша білген академик Қаныш Сәтбаев – қазақ халқы мен Қазақстан тарихындағы зор құбылыс.

 

Ұлыбритания Корольдігінің таңданысы

 

Республиканың бүкіл  жұртшылығы  қазақтың шексіз де шетсіз ұлы даласының ұлы перзенті, ХХ ғасырдың көрнекті  ғалымы, КСРО ҒА академигі, Қазақ ғылым академиясының тұңғыш президенті, қазақ ғылымының атасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың  туған күнін  жыл сайын атап өтеді. Академик Сәтбаев айналасындағылармен қарым-қатынас жасауда, оларға әсер етуде және  болашақты болжаудағы керемет қабілеттерді иеленген,   шынымен ғарыштық тұлға болған.  Оның туған даласынан, жастық шағы өткен және көп жылғы геологиялық ізденіс жұмыстарын жүргізген өлкесінен 1961 жылдың 12 сәуірінде ғарышқа тұңғыш космонавт Юрий Гагариннің   ұшуы кездейсоқ емес. Сондықтан символикалық түрде Сәтбаевтың туған күні Қазақстанда 12 сәуір – Ғылым қызметкерлерінің  күні деп бекітілген.

Қ.И.Сәтбаев аса көрнекті ғалым-геолог қана емес, өз заманының шоқ жұлдызы, ойшыл ғұламасы, мемлекет және қоғам қайраткері ретінде өте шебер ұйымдастыру қабілетінің арқасында Қазақстанда  ғылым мен индустриялық дамудың  көшбасшысы болып, кемеңгер ғалым атанған ұлы тұлға. 

 Ол туралы 1957 жылы Ұлыбритания Корольдігінің премьер-министрі Антони Иден: «Көптеген ұлттардың қауымдастығы болып отырған біздің  Ұлыбританияда бірде-бір көрнекті ғалым шыққан жоқ, ал  Кеңес Одағында Қаныш Сәтбаев сынды әлемдік тұлғаның туғандығы ғажап құбылыс...»  – деп таңғалған. 

Ал, Сәтбаев қорының Президенті  Кәкімбек Салықов:

«Ақыл-ойдан жүк тиеп, теңіздейін телегей,

Желді күні желкенсіз жеке жүзген   кемедей.

Менменсіген Мәскеу мен Лондонды да   тәкаппар

Таңғалдырған кім еді, Қаныш аға,  сен емей?!» – 

деп жырға қосқан.

Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстанда ешқандай жоғарғы оқу орны (ЖОО) болмаса да,  қазақ жастары орыс тілін нашар білсе де аш, жалаңаш жүріп-ақ оқып білім алуға ұмтылған. Солардың бірі Томскі технология институтында оқып, тау-кен инженері-геолог мамандығын игерген Қаныш Имантайұлы Сәтбаев болатын. 

Бүгінде Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Қазақстанның инженерлік кадрларын даярлайтын жетекші,  Қазақстандағы бірінші зерттеу университеті мәртебесін иеленіп, білім мен ғылымның ірі орталығына, ғылымның инновациялық дамуының көшбасшысына айналып отыр. Университетте  өте көп  ғылыми жобалар жүзеге асырылуда және оған профессорлық-оқытушылық құраммен бірге студенттер, магистранттар, докторанттар және жас ғалымдар қатысуда. Оның айғағы мына 12 сәуір – Ғылым күнінде жыл сайын өткізілетін  «Сәтбаев оқуларындағы»  жастардың көптігі және олардың  ғылыми баяндамалары.

«Сәтбаев оқулары – 2024»   басты мақсаты – біріншіден, аты аңызға айналған, жер қойнауының сиқырлы сырларын тамаша көрегендікпен аша білген, энциклопедист ғалым, 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталып өткен, академик Қ.И.Сәтбаевтың  мұраларын зерттеп, насихаттай отырып, жастарды ғылымға баулу,  ғылым мен  өндірістің,  білім мен тәрбиенің үйлесімдігін паш ету. 

Екіншіден, 90 жылдық тарихы бар ҚазҰТЗУ-дың жеткен жетістіктерін жұртшылыққа таныту,  келешегіне көз тастап, заманауи  қазақстандық қоғамның рухани-адамгершілік және интеллектуалды мәдениетін байыта түсу, сөйтіп  «Сәтбаев оқуларын»  өткізудің жаңа үлгісін заман талабына сай жетілдіре отыра, университетімізді жаңа деңгейге көтеру. Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан энциклопедист ғалым Қ.И.Сәтбаев есімін заңды именденіп, қасиет тұтып, осы ұлы есімнің арқасында марқайып отырғанымызды ұмытпау.

 

Жер тамырын тап басатын кемеңгер

 

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде Семей облысы (Павлодар уезі), Ақкелін болысының № 4 ауылында (қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы) өз уақытында қазақтың игі жақсыларына белгілі болған ауқатты әулетте дүниеге келген.

Болашақ ғалымның әкесі Имантай Сәтбаев ауыз әдебиеті мен өз жерінің тарихын жақсы білетін,  шығыс елдерінің әдебиетімен таныс, аса сауатты адам болған. Имантай Сәтбаев қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановқа зор құрметпен қараған, оның әкесі Шыңғыспен жақсы сыйластық құрған. Орыстың белгілі ғалым-этнографы, Шоқан Уәлихановтың бірге оқыған досы Г.Н.Потанин Ресейдің географиялық қоғамының ауыз әдебиетін жинастыру кызметіне Имантай Сәтбаевтың көмегін пайдаланған. Болашақ ғалым өз әкесінен, ауылдық молдадан, оған қоса жергілікті екіжылдық Ақкелін мектебінен алғашқы білім алған.   Бала Қаныш сол күндерден-ақ ерекше ұғымталдық қабілет танытты. Бұл жайында көп жылдардан кейін «Өмірдің төрт мезгілі» атты кітабында академик Ш.Ш.Шөкин былай деп жазады. «Мені бір көргенмен жадында сақтап қалғыш мінезі талай таңдантты. Арада он жыл өтсе де бір ұшырасқан адамды кеше ғана кездескендей ұмытпайтын».

Ауыл мектебінен кейін оқуын Павлодардағы екіжылдық орыс-қазақ училищесінде жалғастырған жас талант оны үздік аяқтады. Сол жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түсіп, 1918 жылы бітіріп шықты. 1918-1919 жылдары Семейдегі педагогикалық курстарда жаратылыстану пәнінің мұғалімі, 1919-1920 жылдары Ақкелін болысындағы №4 ауылда мұғалім, 1920-1921 жылдары Баянауылда халық судьясы қызметтерін атқарды. Жас Қаныштың қалыптасуына ата-анасы, оқыған ортасы және сол заманның озық азаматтары – туған ағасы Ғабдулғазиз Имантайұлы Сәтбаев, немере ағалары Әбікей Зейінұлы Сәтбаев пен Әбдікәрім Жәмінұлы Сәтбаев үлкен әсер етті. Үшеуі де 37 жылдың жазықсыз құрбаны болғандар. Ағаларының қазасы Қаныш Имантайұлының қабырғасын қайыстырды, өзінің болашағын терең ойлауға мәжбүр қылды. Сәтбаев өмірбаянының осы жағы  тек Шәмшиябану Қанышқызы Сәтбаеваның «Сәулелі әулет» атты кітабында жан-жақты жазылды. Ағаларының саяси репрессияға ұшырауы, Мекке сапарында дүние салған атасы Сәтбайдың қажылығы академиктің ішінара қарсыластары үшін тоталитарлық жүйенің идеологиялық қырсығын тигізуге қару болды. Қаныш Имантайұлының азамат болып қалыптасуына Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Сұлтанмахмұт Торайғыровтардың үлгілі өмірі мен еңбектері әсерін тигізді. Ол Абайдың поэзиясын жақсы игеріп, оның көптеген шығармаларын жатқа айтып машықтанды, лирикалық әндерін үздік орындап жүрді. Студенттік жылдарында Ш.Уәлихановтың шығармаларын терең талдап, мұқият оқыды. Шоқанның Қостанай төңірегіндегі ақын-жыраулардың аузынан жазып алған, әйгілі Едіге батыр жайындағы «Ер Едіге» эпосын қазақ тіліне аударады. Осы еңбегі 1927 жылы Мәскеуде басылып шықты. «Бұл аңызды қазақшаға қайта аударуымның негізгі себебі – бұрынғы Мелиоранскийдің аударған нұсқасында аты қазақша, заты кітапшілдеу ноғайша болып кетуіне байланысты» деп Қаныш Имантайұлы анық жазды. Бұл еңбегін ана тіліне деген үлкен қамқорлығы һәм тіл ұстартуға қосқан тамаша үлесі деп білеміз.

Қ.И.Сәтбаев өмір сүрген дәуір Кеңес үкіметінің  өсіп-өркендеу уақытына тұспа-тұс келген. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Қазақстанда ешқандай жоғарғы оқу орны (ЖОО) болмаса да,  қазақ жастары орыс тілін нашар білсе де аш, жалаңаш жүріп-ақ оқып білім алуға ұмтылған. Солардың бірі Томскі технология институтында оқып, тау-кен инженері-геолог мамандығын иегерген Қаныш Имантайұлы Сәтбаев. Ресейдің Томск университетінде 1921-1926 жылдары осы университетте Қазақстанның тұңғыш Ғылым академиясының академигі, Лениндік, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты   Қ.И.Сәтбаев оқыған деп жазылған ескерткіш тақта орнатылған. 

Институтты бітіргеннен кейін Қазақстан Халық шаруашылығы орталық кеңесінің ұйғаруымен «Атбасцветмет» тресінің геология бөлімін басқаруға жіберілді. Бұл треске Жезқазған мыс кен орындарын зерттеу және ағылшындар бастап, аяқтамаған Қарсақбай мыс зауытының құрылысын жалғастыру міндеттелді. Бұған қоса Орталық Қазақстандық басқа да кен орындарының жұмысын қадағалау тапсырылды. Қаныш «Атбасцветмет» тресінің беделді қызметкері болды. Ол кезде бұл мекеменің кеңсесі Мәскеуде еді. Жас маман жазда өнеркәсіп орындарында болса, қыста Мәскеуде зертханалық талдау жасаумен айналысты. Қарсақбайға Қаныш Имантайұлы 1926 жылы келді. Оның алдында Жезқазған – Ұлытау ауданындағы кен байлықтарын іздеу мен геологиялық барлау жұмыстарын жаңа техникамен кеңінен жүргізу тәрізді аса маңызды міндет тұрды. Қаныш бұл жұмыстарды асқан іскерлікпен атқарып, Жезқазған кен орнында мыс қорының орасан мол екендігін анықтады. Осындай ауыр күндерде асқан табандылық көрсеткен К.И.Сәтбаев өзінің зерттеулеріне деген берік сенімінің арқасында 1934 жылы Одақтық ауыр өнеркәсіп Халық комиссары Г.К.Орджоникидзенің қабылдауында болып, оны айқын дәлелдермен Жезқазған кен орнының зор мүмкіндігіне сендіре білді. Барлау жұмыстарын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік туды. 1937 жылы мыс қорының жаңа есебі оның мөлшерін бұрынғыдан көбейте түсті. Жезқазғанда түсті металлургия өнеркәсібінің алып комбинатын құру ешкімнің күмәнін тудырмады. Сол жылы Жезқазған мәселесі Түсті металлургия өнеркәсібі саласының жұмыс жоспарына енгізіліп, 1938 жылы 13 ақпанда Жезқазған кен-металлургия комбинатын жоспарлау және құрылысын бастау жөнінде Ауыр өнеркәсіп комитетінің жарлығы шықты. Бұл хабар Қазақстанды, әсіресе Жезқазған – Ұлытау өңірін ерекше сүйсінтті. Барлаушы, кенші құрылысшылар жігерлене түсті, ғалымның  С.Ш.Сейфуллин, В.И.Штифанов секілді көмекшілеріне тың күш бітті. Сөйтіп, Қазақстанда  ұлы дүбір басталды.

Қ.И.Сәтбаев КСРО-дағы металлогения ғылымын жасаушылардың бірі  болды. Бұл ғылым Сәтбаев зерттеулерінің арқасында пайдалы қазындылардың қай жерде шоғырлануы мүмкін екенін болжауға және геологтардың іздестіру жүмыстарын жеңілдететін болжамдық  карталарды құрастыруға мүмкіндік берді.   Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жататынын дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі.

Жалғыз  Жезқазған ғана емес, республикамыздағы көптеген кен ошақтарының ашылуы және пайдаға асырылуы  Қаныш Сәтбаев есімімен байланысты. Шетте жүріп білім алып, елге оралып, қазақ жастары үшін техникумдар мен жұмысшы факультеттерін, содан кейін институттарды ұйымдастырған кезеңді басынан өткерген. Адам танудың кемеңгері Қ.И.Сәтбаев өндіріс күштері жан-жақты дамып келе жатқан Қазақстанда техникалық ЖОО – Тау-кен металлургия институтын ашуға, нығайтуға барынша күш салған және Ө.А.Байқоңыров институт директоры болып отырған жылдар бойы осы университетте Мемлекеттік емтихан комиссиясын басқарған жан. 

 

Есімін әлем білетін ұлы ғалым жүздеген шәкірт тәрбиеледі

 

Мен өз басым Қ.И.Сәтбаевты 1956 жылдан бастап білемін, Сәтбаевтың алдында 1960 жылы  диплом  қорғадым. Сол жылы Қазақ тау-кен металлургия институтында маркшейдерия мамандығы бойынша орын болмағанына қарамастан, ҚазССР Ғылым академиясынан бір орын беріп, Ақжан Машановтың жетекшілігімен аспирантураға алып қалған да Қаныш Имантайұлы  болды. Қазіргімен салыстырғанда 60-жылдары академияның  кітапханасында білімге құштар жастардың көптігінен орын болмайтын. Сондықтан болар, сол кезеңде көп ғалымдар шықты. Жас ғалымдар буынының қалыптасуына  Қаныш Сәтбаевтың  қолдауы тікелей ықпал етті. Осылайша ұлы тұлға өз халқын ғылым мен білімге, өнер мен өркениетке шақырып, қолынан келген көмегін аямады. Қ.Сәтбаевтың қамқорлығы арқасында ғылым докторы   дәрежесіне ие болдым.

 Ол кісі халқының шын жанашыры  болды. Англияға  барған сапарында У. Черчилльдің: «Сіздің елде қазақтардың бәрі сіздей биік пе?» деген сауалына: «Ол не дегеніңіз, халқым менен де биік»  деп жауап бергенінің өзі халқын бірінші орынға қойғаны деп білеміз. 

 Тәуелсіз  Қазақстанның  негізгі байлығы – Жер қойнауындағы кен байлығымыз.  Ал, осы байлығымыз жайлы Қ.И.Сәтбаев сонау 1940 жылы көрегендікпен: «Шығыста – Алтай алқабы, оңтүстікте – Қаратау, Орталық Қазақстанның кенді жотасы, батыста – Маңғыстау түбегі, міне, осының бәрі кен байлықтың сарқылмас көздері», – деп, зор шабытпен айтқан сөзінің өзінен қасиетті қазақ даласы кен байлығының исі аңқып тұрғандығын сезінеміз  және оған бүгінде көзіміз жетіп отыр.

Ауыр индустрияда үш сала бар: геология, тау-кен өндірісі, металлургия. Геологтар іздеп, кен орындарын  тапса, оны игеру тау-кен мамандарының ісі. Әрі қарай қазылып алынған кеннің құрамындағы  қаншама элементтерді бөліп алу металлургиялық зауыттарда жүргізіледі. Бүгінгі  Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың  іргетасы – тірегі осы үш мамандық бойынша кадрлар даярлап отырған Геология-мұнай және Тау-кен металлургия институттары деп білеміз.

Ғылым кадрларын даярлау мен тәрбиелеуде Қ.И.Сәтбаевтың рөлі өте зор. Ол 40-жылдардың басынан бастап, ғұмырының аяғына дейін Қазақ  Ғылым академиясы мен тау-кен маман-кадрларын даярлауда тікелей өзі араласып, көптеген шәкірт тәрбиелей білген ұлы тұлға. Ол Қазақстанның ҰҒА-сының шаңырағын көтеруде, академияның зерттеу институттарын тап осы  ҚазТКМИ түлектерімен толықтырып отырған. Сондықтан, ту бастан біздің институтымыздың дамуына мұрындық болған ұлттық мақтанышымыз Қ.И.Сәтбаевтың есіміне ие болу  ҚазҰТЗУ үшін зор мәртебе деп білеміз.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың бір сырлы, мың қырлы азамат-ғалым болғанын осы аталған және әлеуметтік, саяси, экономикалық, ғылыми салалардағы басқа да еңбектері айқындап беріп отыр. Кейбір мамандар Қ.И.Сәтбаевтың артына қалдырған үш мұрасы ретінде Жезқазғанды, Ғылым академиясын, Геологиялық институтты атайды, кейбірі бұл санды тоғызға жеткізеді. Негізінде академиктің ауқымы кең, жарқын қырларына сан жетпейді. Алайда ғалымның өмір жолының шырқау шыңы формациялық металлогениялық талдаулар мен қазба кен орындарының болжамын жасаудың жан-жақты тәсілін табу, әдісін көрсету болып табылады. Орталық Қазақстанның металлогениялық болжам картасы әлемдегі теңдессіз ғылыми еңбек ретінде тарихқа енді. Осы еңбектері арқылы ғалымның кемеңгерлік қырлары жарқырай көрініп, есімі жер жүзіне мәшһүр болды. Қ.И.Сәтбаев аталған еңбектерінің нәтижесінде металлогениялық ғылымды дамытушылардың алдыңғы қатарынан орын алып, Қазақстандағы металлогения ғылымының атасы атанды. Металлогениялық болжам картасын жасаудың Қ.И.Сәтбаев көрсетіп берген принциптері мен әдістері бұрынғы Одақтық геология өкілдері тарапынан қолдау тапты. Ол жасаған металлогениялық талдау әдістемесі, сондай-ақ кеннің пайда болуы және кен орындарын болжау теориясы жөніндегі қағидалары геология ғылымы мен тәжірибесіне, әсіресе, металлогения ғылымын өркендетуге ерекше септігін тигізді. 1958 жылы академик Қ.И.Сәтбаев бастаған бір топ қазақстандық ғалым-геологтарға Орталық Қазақстанның металлогениялық картасын жасаудағы, оның методологиялық негізін анықтаудағы дүниежүзілік геологиялық тәжірибеде бұрын-соңды болып көрмеген үздік еңбектері үшін Лениндік сыйлық берілді. Бұл марапат Қ.И.Сәтбаевтың қазақстандық геология саласында өз мектебі барын, сол мектептің бастаушысы екендігін бүкіл әлемге танытты. 1957 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Қаныш Иман-тайұлы КСРО геологтары ұлттық комитеті бюросы төрағасының орынбасары, әлемдік металлогениялық карта бойынша кеңестік комиссияның мүшесі болды. Минералдық ресурстарды тиімді пайдалану, кеннен металды ысырапсыз бөліп алуды кеңейту салалары бойынша кешенді зерттеулерді ұйымдастыру мәселелері де Қ.И.Сәтбаевтың есімімен тығыз байланысты.

Оның  бір сырлы, мың қырлы азамат болғандығына атқарған істері мен артында қалған еңбектері дәлел. Жалпы, Қ.И.Сәтбаев 600-ден астам  ғылыми еңбектер, оның ішінде 10 томдық таңдамалы шығармалар  жинағы, ғылыми-көпшілік кітаптар жазып, артына өшпес мұра қалдырған ғалым.      

Соғыс кезіндегі ауыр жылдарда ғалым өзінің бар күш-жігерін Отанды фашизмнен қорғау ісіне арнады. Басқа да көптеген қауырт жұмыстардың ішінде өзі ашқан Жездідегі марганец қазба байлығын Отан қорғау игілігіне тез арада аттандыру тамаша ерлікпен пара-пар еді. Қаныш Имантайұлы соғыс кезінде орталықтан жер аударылған ғалымдар мен өнер қызметкерлеріне үлкен қамқорлық жасап, майданға көмек көрсету, әртүрлі күрделі ғылыми мәселелерді шешуде оларды ортақ іске жұмылдырды. Орал, Батыс Сібір және Қазақстанның кен байлығын Отан қорғау жолына жұмсауға арналған Мемлекеттік комиссияның мүшесі болды. Соғыс жеңіспен аяқталған соң, Қазақстан ғалымдары халық шаруашылығын одан әрі өркендету жолында көп жұмыс атқарды. 1943 жылы күзде Қ.И.Сәтбаев ғылымды дамытуға қосқан үлесі мен үлкен ғылыми жетістіктерінің нәтижесінде КСРО ҒА-ның корреспондент-мүшесі болып сайланды. Бұл жылдары ол Қазақстан Магниткасының құрылысына, Балқаш, Қаратау, Соколов-Сарыбай, Лисаков және Атасу темір кен орындарына аса көп көңіл бөлді.

Қ.И.Сәтбаев – ұлы ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам  қайраткері, ғылым докторы, профессор, Қазақ ССР Ғылым академиясының тұңғыш Президенті және оның академигі, КСРО Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты, төрт мәрте Ленин орденімен, Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған.

Өз халқы үшін орасан зор қызмет жасап, артында өшпестей бай мұра қалдырған ұлы тұлға Қаныш Имантайұлы Сәтбаев   ХХ ғасырдың аяғында  «Ғасыр адамы» деп аталды. Қазақстанның қала, ауылдарында Сәтбаев есімімен аталатын жүздеген көше, 40-тан астам мектеп және көптеген ескерткіштері бар. Соның бірі Сәтбаев көшесіндегі,  өздеріңіз күнде көріп жүрген  ғалымның тамаша ескерткіші. 

Оның есімі Қазақстан Ғылым академиясының Геология ғылымдары институтына, «Ертіс – Қарағанды» каналына,  қалаға берілген. Сәтбаевтың құрметіне Жоңғар Алатауы жотасындағы мұздық пен шың, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы, «Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлі аталған.  

 

Жарық жұлдыз

 

Академик Қ.И.Сәтбаевтың есімін мәңгі есте сақтау шараларының бірі, Марс пен Юпитер аралығында Күнді айнала қозғалатын планетаға, АҚШ-тың Кембридж қаласындағы Халықаралық  планета орталығының шешімі бойынша, ғалымның туғанының  80 жыл толуына орай (1979 ж.),  Сәтбаев аты  берілді. Сөйтіп, оны планеталардың халықаралық каталогіне енгізді.

Біздер «Ғарыштық геодезия»  пәнінен дәріс оқығанда  жастарға Күн жүйесіндегі  Сәтбаев  кіші планетасы бар екендігін, оның  сөнбейтін жарық жұлдыз екендігін айтуды өзімізге парыз санаймыз.

Жоғарыда айтып кеткендей,  өз қолымен іргетасын қалап тұрғызған, жан-жақты дамытқан, әлемге танытқан Қазақстанның ғылымдар Академиясы мен өзі қалыптастырған және өркендеткен Қазақстанның инженерлер даярлайтын қара шаңырақты Сәтбаев рухы әлі күнге дейін ұстап тұр, оның дәліздерінде Сәтбаев ізі сайрап жатыр.

Бүгінде ҚазҰТЗУ-дың  құрамында 1000-ға жуық оқытушы бар. Оның тек бір пайызы ғана Сәтбаевтың көзін көрген және   өмір жолын Қаныш Имантайұлымен бірге бастаған А.Ж.Машанов, Ш.Е.Есенов, Ө.А.Байқоңыров, Г.Ц.Медоев, Е.А.Букетов және тағы басқалардан дәріс алғандар. Ол бір пайыз оқытушылардың  жастары жер ортасынан асып, шаштарына ақ қырау түссе де жоғарыда Қ.Сәтбаевтан бастап айтылған ғұламаларды шәкіртіміз деп есептейтіндер. Осы тұста есімізге «Есейіп  кетсем де, мен Cізге  шәкіртпін» деген сөз ойға оралады. Иә, Қ.И.Сәтбаевтың көзін көрдік, сөзін естідік.

    

Металлогениялық болжам картасының құдіреті

 

Жоғарыда айтылған «Орталық Қазақстанның болжамдық металлогениялық картасын» жасау  Сәтбаевтың өмір жолының шырқау шыңы – Орталық Қазақстанның металлогениялық болжам картасы әлемдегі теңдессіз ғылыми еңбек ретінде тарихқа енгені белгілі.  Сол картаны жасаған жылдары  Қаныш Сәтбаев барлау жүргізілген аймақтан төрт-бес кен орындарын геологиялық картаға кіргізбеген. Сол кезде әріптестеріне «Ондағы руда қоры өте тереңде. Қаржыны да, техниканы да көп қажет етеді. Толық пісіп-жетілмеген кен орындарын картаға енгізуге әлі ерте», – деп жауап берген. Ал, өзімен сырлас достары Мұхтар Әуезов пен Әлкей Марғұланға: «Әдейі жасырып алып қалдым. Кейінгі ұрпаққа да керек емес пе», – деген екен. Ғұлама ғалымның сол еңбегінің жемісін бүгінгі ұрпақ көріп отыр.

Бүгінде мыс кенінің барланған қорлары біртіндеп қолға алынып, болашақта қиындықтарды болдырмау үшін, Ұлытау  өңірін игеруді тағы 40-50 жылға ұзартатын  алып Сарыоба мыс кен орны іске қосылды. Орталық Қазақстанның минералдық-шикізат базасы кеңейіп, «Жезқазған мысы – ел ырысы» деген ұранға айналып отырғаны Қ.И.Сәтбаевтың қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білеміз.  Және де  кезінде Қ.И.Сәтбаев ашып кеткен  Жыланды тобы (Сарыоба, Қыпшақпай, Қарашошақ, Итауыз) кен орындары орналасқан өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Орталық Қазақстанның рудалық кен орындарын ауқымды игеру кезіндегі жер беті деформациялық процестерін кешенді мониторингтеу» атты мемлекеттік гранттық жобаның Сәтбаев университетіне жүктелуі – университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстары деңгейінің жоғарылығының бір дәлелі деп білеміз.

Еліміздегі білім беру жүйесі қазіргі заман талабына сай өзгерістерге ұшырап, түбегейлі жаңарып жатқаны белгілі. Осы орайда Еуразия білім кеңістігінде өзінің айрықша тұрпатымен қалыптасқан ҚазҰТЗУ-дың құрылғанына биыл  90 жыл толады.

«Елу жылда – ел жаңа»  дейді халқымыз. 90 жыл дегеніміз – тарих үшін үлкен кезең,  небір асқаралы асу, тұғырлы тарих деген сөз. Бұл тек біздер үшін ғана емес, ҚазҰТЗУ-дың есігін ашып, табалдырығын аттайтын әрбір талапкер, студент үшін тағылымы мол тарих. 

Әрі жоғарыда аты аталған әрбір азаматтың (аталмағаны қаншама)  еңбек  және ғылым жолындағы ғұмырбаяндары үлгі аларлықтай,  өнеге тұтарлықтай.    ҚазҰТЗУ  сонысымен де киелі, қасиетті шаңырақ. 

Халқымыздың дана нақылдарының бірі: «Ұстаз – ұстаз емес, өз шәкірті үшін күймесе, шәкірт – шәкірт емес, өз ұстазын сүймесе», – дегендей, нағыз ұстазымыз болып кеткен Қаныш Имантайұлы жайлы естеліктер көп жазылса да, олардың ешбірі артық емес. Қазақ елінің  маңдайына біткен жарық жұлдыздарының бірі Қаныш Сәтбаев деп айтуға толық хақымыз бар деп санаймыз.  Абзал жанның өнегелі өмірін көз көрген замандастары, әріптестері, шәкірттері жыр ғып, сыр ғып айтып, жазуда.  Қалай болғанда да, ғылымда өшпес із қалдырған ұлағатты ұстаздарды шәкірттері естен шығармақ емес. Уақыт өткен сайын ғалымның өмір жолы мен ғибраттылығы, ғылыми еңбектерінің қажеттілігі, ұрпақтар үшін бұрынғыдан да ұлғая, биіктей түскен тәрізді және болашақта да ғалым еңбектері туралы зерттеулер жалғаса бермек.

Биыл Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл, қайтыс болғанына 60 жыл толып отыр. Көкейде бір өтінішіміз де бар. Біз жақсы білеміз, Алматыдағы Ғылым Академиясының ғимаратын салдыруда Сәтбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Қазір оған «Ғылым ордасы» кәсіпорны ие. Осы «Ғылым ордасына» неге Сәтбаев есімін бермеске? Мұның өзі туған елі үшін жан-тәнімен еңбек еткен ұлт перзентіне көрсеткен елеулі құрметіміз, Қазақ деген халықтың   мөр басып тіркелген паспорты, мәңгі мақтанышы болып отырған Сәтбаев сынды ұлы ұстазды мәңгі еске сақтау болар еді, тағзым ету және оның  қадір-қасиетінің алдында парызымызды атқарғанымыз болар еді!

 

МАРЖАН НҰРПЕЙІСОВА, 

Сәтбаев сыйлығының иегері, 

техника ғылымдарының  докторы, 

академик, Сәтбаев атындағы 

ҚазҰТЗУ-дың профессоры, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

11.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 60
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 585
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 700
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 614
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 623

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8760
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8159
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11388
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9142
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10372