Индустриалды аймақтар – өңір дамуының негізгі драйвері

Индустриалды  аймақтар – өңір  дамуының  негізгі драйвері

Жаһандану заманы ғылымның, технологияның дамуымен тығыз байланысты болса, оны өндіріспен, яғни өнеркәсіптік өндіріспен байланыстыру индустриялық-инновациялық дамуға жол ашады. Бұл – ел экономикасын көтерудің даңғыл жолы. Қазақстанның осы даму бағытын таңдап, бәсекеге қабілетті ел болуға қадам басқанына біраз жыл болды. Соның бір нәтижесі ретінде барлық өңірлерде индустриалды аймақтардың құрылып, жүзеге асырылғанын айтуға болады. 

Бүгінде Түркістан облысының бірқатар аудан-қалаларында арнайы индустриялық аймақтар бар. Олардың әрқайсысы әртүрлі деңгейде жұмыс істеуде. Олардың жұмысын барынша жандандыру өте маңызды. Осы мақсатта, нақтырақ айтқанда,Түркістан облысындағы индустриалды аймақтардағы проблемалық мәселелерді шешу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылатынын мәлімдеген облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында өңірдегі индустриалды аймақтар бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды. Ондағы жұмыстардың бәсеңдеуін айтқан облыс басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жасамаған әкімдерді сынға алды. Көш соңында қалғандарға нақты тапсырмалар жүктеп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚТАРДЫ ДАМЫТУ  ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ | Uly-alash

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының м.а. Қанат Шонбасовтың баяндауынша, облыста жалпы көлемі 538 га құрайтын 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олар Түркістан қаласында, Кентау, Созақ, Қазығұрт, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында. Өкінішке қарай, аймақтағы бірқатар өндіріс алаңдары тоқтап тұр. Олардың арасында қажетті инфрақұрылым толық дайын емесі де бар. Атап айтқанда, жолдар толық бітпеген, сумен, кәріз және газбен жабдықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қоршаулар ұрланған не қирап қалған. Қайта жөндеуді қажет етеді. Байланыс желілері толық жүргізілмеген.

– Кей индустриалды аймақтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегендіктен, бірталай шығын келтірілген. Нысандардың инфрақұрылым жабдықтары ұрланып, жұмыстар тоқтап тұр. Осы кемшіліктердің барлығы қалпына келтірілуі тиіс. Жоспар құрып, жаңа жобалар ұсыныңыздар. Индустриалды аймақтардағы проблемаларды шешу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылсын. Бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынсын. Облыстық басқармалар аудан, қала әкімдерімен басқарушы компаниялар арасында  тиісті  деңгейде үйлестіру жұмыстары жүргізілуі тиіс! – деді облыс әкімі.

ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ АУМАҒЫ КЕҢЕЙІП, КӘСІПОРЫНДАР КӨБЕЙЕДІ

Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2019 жылы құрылған облыстың «Turkistan» индустриалды аймағында өткен жылдың қорытындысымен жалпы құны 34,1 млрд теңгеге 2,5 мыңдай жұмыс орны ашылып, 44 инвестициялық жоба іске қосылған. Инвестжобалар металлургия өнеркәсібінде, машина жасау саласында, тамақ өнеркәсібінде, жеңіл өнеркәсіпте, құрылыс индустриясында жобаға асуда. 

Сондай-ақ, биыл жалпы құны 5,8 млрд теңгеге 375 жұмыс орнын құрумен 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

– Инвестициялық климатты жақсарту мақсатында өңірімізде өндірістік ғимараттар салу бойынша жұмыстар атқарылуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен өндіріс саласын дамытуда жеңілдетілген 1 пайыздық қаржыландыру жоспарлануда. Облыс тарапынан 5,4 млрд теңгеге СПК арқылы өтінім жіберілді. Алайда қаржыландыру тәртібі әлі бекітілмеген. Осы жылдың мамыр айында қаржыландыру тәртібі бекітілуі күтілуде. Қаржыландырған жағдайда СПК тарапынан құрылыс жұмыстары басталады, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Түркістан индустриалды аймағының аумағынан жалпы алаңы 5,6 га құрайтын өнеркәсіптік ғимараттар салу жоспарлануда. Сонымен қатар Түркістан қаласы әуежайы тас жолының бойында жалпы аумағы 30 га болатын, әр өнеркәсіптік саябақтың аумағы 2 376 ш.м. құрайтын 40 өнеркәсіптік ғимараттар құру жоспарлануда.

Түркістандағы «асар»: әкімдіктіктер миллиардтарды қандай ғимараттар салу  үшін жұмсады?

 Облыс басшысы Дархан Сатыбалды индустриалды аймақтардың жағдайын жиында айтып қана қоймастан, қалыптасқан жағдайды өз көзімен көру үшін аудандарға да шығуда. Жуырда болған Ордабасы ауданы тұрғындарымен кездесуінде аймақта жұмыс орындарын көбейту, кәсіпорындар ашу, индустриалды аймақты дамыту жұмыстарына басымдық берілетінін айтты. Сонымен бірге инфрақұрылымды жақсарту да күн тәртібінен түспейтінін атап өтті.

– Ордабасы ауданының өндірістік мүмкіндігі жоғары. Индустриалды аймақтың инфрақұрылымын жақсартып, жұмысын күшейтеміз. Тұрғындар тарапынан көтерілген ауызсу мәселесін тікелей бақылауыма аламын. Біз бірінші кезекте елді сапалы ауызсумен қамтуымыз керек. Газдандыру мәселесі де бақылауда тұр. Осы бойынша арнайы мәжіліс өткізіп, жұмысты жоспарладық. Табиғи газ жүйесімен қамту үшін 25 елді мекенде 30 газ нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оған бюджеттен қаржы қаралған. Қазіргі уақытта министрліктермен қажетті жұмыстарды атқарудамыз. Жалпы кездесулер мен қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселелер, тұрғындардың өтініштері жұмыс жоспарына енгізіледі. Ол өтініштердің орындалуы, мәселелердің шешілуі бойынша аудан әкімдері мен сала басшыларымен тұрақты кездесіп, талқылаймыз. Жұмыстарды соңына дейін жеткіземіз, – деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімінің айтуынша, аудан тұрғындарымен былтырғы кездесулер нәтижесінде көптеген мәселе шешімін тапқан.

 2022 жылы Шұбарсу елді мекеніне арнайы қаржы қаралып, 7581 абонент сапалы электр энергиясымен қамтылды. Биыл бұл жұмыстар жалғасып, қосымша 6 мыңға жуық абонентке сапалы электр энергиясы ұсынылады деп күтіліп отыр. Ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында 10 нысанның жұмысы қолға алынған. 

Былтыр Аққойлы және Қарабастау елді мекендеріндегі құрылыс аяқталса, 5 елді мекендегі  8  ауызсу  нысанының жұмыстары  осы  жылы ел  игілігіне ұсынылмақ. Сонымен қатар, ауыл-аймақтардың инфрақұрылымын дамыту бағытында былтыр Дербес, Ақпан, Жұлдыз, Қарақұм, Елшібек батыр, Шұбарсу, Төрткүл және Жеңіс елді мекендерінде 3 млрд 151 млн теңгеге жалпы ұзындығы 96,3 шақырымды құрайтын 51 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген. 

Облыс басшысымен кездесу барысында жергілікті тұрғындар ауызсу, газ, жол, жер дауы, мектеп, спорт кешенін салу және өзге де мәселелерді қозғады. Басқарма басшылары мен құқық қорғау органдары жетекшілерінің бірыңғай қабылдауында да тұрғындар басшылармен тікелей жүздесіп, өтініштерін айтты. Облыс әкімі әрбір өтініш бойынша тиісті жұмыс жүргізілетінін жеткізді.

Еске сала кетер болсақ, Ордабасы ауданында 2022 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында тиісті қаржы бөлініп, Шұбарсу, Қажымұқан елді мекендерінде 2 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. 2023-2025 жылдары аралығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 5 мектеп салу жоспарланып отыр. Ауданда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 33,9 млрд теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 10,7 млрд теңгеге артты. Алдағы екі жылда Ордабасыда жалпы құны 103,5 млрд теңгеге 6 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар толық іске асырылған жағдайда 900-ден астам жұмыс орны ашылады.

Облыс басшысы аудандарды аралау жұмыстарын жалғастыруда. Өткен аптада Кентау қаласында болып, қала тынысымен танысып, тұрғындармен кездесті. «Қаланың дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, қаланың инвестициялық климатын жақсарту қажет. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге басты назар аударуды тапсырамын». Осылай деген облыс басшысы қала әкіміне шаһарға инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, индустриалды аймақты дамыту, ауылшаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, ішкі абоненттерді газға қосу жұмысын жеделдету, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Кемшіліктерді жойып, жұмысты жаңа қарқынмен бастауды тапсырды. Тапсырмалардың орындалуына бір ай мерзім белгіледі. 

Иә, талап бар жерде – тәртіп, тәртіп бар жерде нәтиже болады. 

Түркістанда тұрғын үй құрылысы қарқынды

Үйі жоқтың күйі жоқ. Дөп айтылған. Үй-күйсіз адамнан сапалы жұмыс, таңғажайып жаңалық күту қиын. Жалпы, баспана мәселесі халқының өсім көрсеткіші жоғары Түркістан облысында қашан да күн тәртібінен түсіп көрген емес. Сала мамандарының есебінше, биыл 3 557 пәтер пайдалануға берілмек. Жаңа баспаналар мемлекеттік бағдарламалар аясында әлеуметтік несиемен және үй кезегінде тұрған азаматтарға арендалық негізде беріледі.

Түркістанда тұрғын үй құрылысына 10,8 млрд теңге бөлінбек | 7kun.kz

Статистиканы сөйлетсек, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс аумағында 128 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген. 2022 жылдың қорытындысымен пайдалануға 57 тұрғын үй берілді. Құрылысы аяқталған үйлердегі 3473 пәтердің 753-і жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларына арналған арендалық пәтерлер ретінде тапсырылды. 2720 пәтерді түркістандықтар әлеуметтік кредиттік жүйемен алған. 

Иә, Түркістан облысында тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары. Ендігі жерде оның сапасына да жіті бақылау қажет. Осыны ескерген облыс басшысы Дархан Сатыбалды кезекті рет облыс орталығындағы құрылыс алаңдарын аралап, жауапты мердігерлермен кездесті. Құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталуын және көпқабатты тұрғын үйлердің сейсмоқауіпсіздігінің сақталуын қатаң қадағалауды міндеттеді. Талапқа бағынбағандарға шара қолданылады.Жаңа тұрғын үйлерді өз көзімен көріп, пысықтаған облыс басшысы құрылыс компанияларының басшыларына құрылысты тиісті мерзімінде аяқтауды ескертіп, инфрақұрылымдық жүйенің тұтынуға сақадай сай болуы тиіс екенін айтып, жұмысшылар санын арттыруды тапсырды. Бастысы – құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс. Олай болмаған жағдайда жауапты компанияларға шара қолданылады. Сонымен қатар, жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлердің сәулеттік келбеті біркелкі болуы керектігін ескертті. 

– Облыс орталығында салынып жатқан барлық тұрғын үйлер көркем келбетімен ерекшеленген, ең бастысы өте сапалы болуы тиіс. Құрылысқа жауаптылар өз жұмыстарына жанашырлықпен қарау керек. Тапсыру мерзімі белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Талапты орындамағандарға шара қолданылады. Өңірдегі құрылыс қарқыны бәсеңдемейді, – деді Дархан Амангелдіұлы. 

Дархан Сатыбалды: Түркістандағы құрылыс қарқыны бәсеңдемейді - Басты  жаңалықтар

Облыс орталығы – Түркістан қаласында 7 қабатты 32 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Ауқымды іске жергілікті және өзге өңірлерден келген 13 мердігер мекеме жұмылдырылған. 11 гектардан астам жерде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асады. Жалпы құны – 25,7 млрд теңге. Құрылыс алаңдарында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Еліміздің рухани астанасы облыс орталығы мәртебесін алғалы құрылыс жоғарғы қарқынмен жүргізіліп келеді. Әсіресе, әлеуметтік, туристік нысандар мен қаз-қатар тізілген көпқабатты тұрғын үйлер көздің жауын алады. Бой көтеріп жатқан бұл тұрғын үйлер Түркістан қаласының тұрғындар санын арттыруға мүмкіндік береді. Түркістанды түлетуге келген мамандар да баспанасыз қалмайды. 

Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Түркістан облысы
13.04.2023

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1060
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7102
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10955
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7170
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7313