Мемлекетті дамыту жолында қабылданған әрбір шешімдер мен реформалардың барлығы халық игілігі мен ел дамуының маңызды кепілі екені белгілі. Тәуелсіз Қазақстан өзінің даму жолында, айқын бағдар, анық мақсатқа құрылған біраз жобаларды жүзеге асырды. Қазіргі таңда мұның маңыздылығы мен мемлекеттің дамуындағы алар үлесі туралы ел іші-сыртындағы экономистер мен әлеуметтанушылар жан-жақтылы талдау жасап, оң бағасын беріп жатыр. Әрине, жақсы көрсеткіштер мен нәтижелердің барлығы айналып келгенде халық тұрмысын жақсарту мен мемлекет қуатының артуына ықпал ететін негізгі фактор екенін ескерсек, мұның барлығы кеңінен насихаттауға, халықтың санасына сіңіруге татитын игі бастамалар болмақ.
Осы шаруалардың қатарында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазанда қабылдаған «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны бекіту туралы» № 728 қаулысының маңызы айрықша зор. Ұлттық жобаны іске асыруға жауапты орталық, жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар және өзге ұйымдар болып табылады. Аталмыш қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігіне жүктелген. Бұл негізінен соңғы жылдары Үкіметтің мықтап қолға алып жатқан маңызды стратегиялық жобаларының бірі болды. Оындай игі бастамаларды жүзеге асыруды қаржылай қолдау, түрлі демеушіліктер жасау жағы негізінен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ға жүктелгені белгілі. Инвестиция, айналым қаражатын толықтыру, қайта қаржыландыру жағын мақсат еткен қор түрлі жобаларды қаржыландыруда 5 жыл мерзімге максималды сомада 1 млрд теңгеге дейін қаржы бөле алатын әлеуеті бар. Бұл 2021-2025 жылдарға арналған жобаның көлемі екенін ескерте кеткен жөн.
Қазіргі таңда «Жанам деген жігітке от беретін» осы жобаның арқасында көптеген адамдар өз кәсіптерін ашып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Осы тұста кәсіпкерлікке баулу, мамандыққа тәрбиелеу орталықтарының жүйелі жұмыс істеп жатқандығын айрықша айта кеткен жөн. Қазір кәсіп бастаймын деген ниеті бар адамға мемлекеттің қолдауы айрықша дер едік. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бұл бастамалар Республиканың түкпір-түкпіріне қанат жайып, ауылдық жерлердегі азаматтардың да кәсіптенуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына көптеген қолайлылықтар туды.
Бұл бағдарламалардың тағы бір айта кететін тұсы – әр өңірде өнімді жұмыс істеп жатқан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту орталығының бөлімшелері аймақтағы кәсіпкерлік пен орта шағын кәсіпорындардың үлес салмағына да назар аударатындығында. Яғни мемлекеттік гранттарға өтініш білдірген адамның жобасын қараған кезде неғұрлым ақтаңдақ тұрған кәсіп түрлері мен сол жерге аса қажет болып тұрған салаларды алдымен ойластырып, қаржыландыратындығы да көңілге қонымды болып шықты. Ал «Бастау бизнес» орталығы түрлі мамандыққа баулу, өз бизнесін жүргізу, бухгалтерлік, қаржылық сауаттылық секілді аса қажетті білімдерді тегін үйретіп, көптеген курсанттарды тәрбиелеп шығарды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы да жемісті жұмыс істеді.
Кәсіпкерлікті дамытудағы қазақстандық үлгі ретінде қарастыруға болатын тағы бір тың бастама қайтарымсыз гранттар мен жеңілдетілген несие түрлері еді. Оның ішінде жастарға арналған несие түрі, аналарға арналған несие түрі секілді айрықша санатта қарастырылатын мемлекеттік қамқорлықтың нәтижесінде, елімізде орта шағын бизнестің үлесі айтарлықтай өсті. Мысалы 2015-2021 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың нәтижесіне көз салар болсақ, жақсы көрсеткіштерге жеткендігін байқар едік. Осы жылдар аралығында жалпы ішкі өндірістегі ШОБ-тың үлесі 7,9%-ға артып, 34,7%-ға жеткен. ШОБ өнімдерін шығару 2 есеге жуық артып, номиналды мәнде 29,7 трлн теңгеге артқан. Жұмыс істеп тұрған ШОБ-тың жалпы саны 15,2%-ға көбейіп, 1,4 млн субъектіге жетіпті. ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,6%-ға артып, 3,5 млн адамды құраған екен. Әрине, кез келген жұмыстың істелу барысы жайдан-жай жүзеге аса бермейтіні белгілі. Осындай қыруар шаруаның атқарылу барысында кездескен қиындықтар мен кедергілерді қаперге алған құзырлы мекемелер мол тәжірибе жинақтап үлгерген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл салаға айрықша көңіл бөліп, жаңа реттеу саясатын жолға қоя бастады. Бұл әр жылдары басымдық берілетін салаларды іріктеп алу жағынан көрініс тапты. Мысалы, 2022 жылдың алғашқы алты айында сауда қызметі, көлік, ауылшаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру және қонақүй қызметтері секілді салаларда реттеушілік талаптар қайта қаралды. Ал 2022 жылдың екінші жартыжылдығында және 2023 жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және т. б. (ШОБ қамту – 40%) секілді қалған салаларда бизнеске қойылатын талаптарды (40 мыңнан астам) қайта қаралды.
«Жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске түсетін жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономика жағдайында іскерлік белсенділікті дамытуға серпін беруге жол ашады», – дейді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов.
Біз шағын мақаламызда қазақстандық тәжірибе ретінде айрықша тілге тиек еткен бұл жобалар қазір өз жемісін бере бастады. Осы жұмыстардың қатарына Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Жеке кәсіпкерлерді 3 жылға салықтан босату туралы шешімінің де кәсіпкерлік саласының дамуына айрықша серпін бергендігін айта кету керек. Жақында таралған бір ақпаратта «2023 жылғы 2 наурызда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ топ-менеджментімен және құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен кеңес өткізді.
Кездесуде өткен жылғы негізгі жетістіктер жайлы айтылып, 2023 жылға арналған жоспарлар мен бастамалар қаралды», – деп жазды «baiterek.gov.kz» сайты. Осы жиналыста қазірге дейін атқарылған шаруалар мен болашақ жоспарлар туралы айтылған екен. «Даму» қорының Басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаеваның баяндамасына сенсек, «Даму» қоры 2022 жылы бүкіл Қазақстан бойынша кәсіпкерлердің 50,5 мыңнан астам жобасына қолдау көрсетіпті. Кредиттің жалпы сомасы 1,5 трлн теңгеден асқан. Оның 70%-ы Қазақстандағы жаңа жобаларды дамытуға және жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға бағытталыпты. Бұл қуанарлық жағдай дер едік. Жалпы кәсіпкерлікті дамыту, ШОБ-ті дамыту саласындағы қазақстандық тәжірибе қазірдің өзінде жемісін бере бастады. Оған дәлел жоғарыда келтірілген мәліметтер болмақ.
PS: Шағын мақалада шеңберінде соңғы жылдары қарқын алған кәсіпкерлікті дамыту жөнінде атқарылған шаруалардың барлығын тізбектеп, бағасын беріп шығу мүмкін емес еді. Дегенмен қысқаша қорытынды жасауға болатын сияқты. Мұнда ең әуелі мемлекеттің тікелей қолдауы нәтижесінде қазір қазақстандықтардың санасында кәсіпкерлік саласына ден қоятын жаңа рух пайда болды. Екіншіден, азаматтардың санасында «жаңадан кәсіп ашатын болсам, мемлекет түрлі жақтардан қолдау көрсете алады» деген сенім орнады. Үшіншіден, цифрландырудың қарқын алуы нәтижесінде өтінімдер мен оқу-оқыту жұмыстарының онлайн форматқа өтуі, жемқорлықтың жолын кесіп, мемлекет қазынасының тиімді пайдаланылуына ықпал етті. Төртіншіден, жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуы, аймақтардың дамуына серпін бере бастады. Бесіншіден, кәсіпкерлік саласына бағытталған жеңілдетілген әртүрлі несиелер қыруар адамның өз кәсібін ашуына көмек көрсетті. Ендеше, Кәсіпкерлікті дамытудағы қазақстандық тәжірибе осылай жинақталып жатыр деп мақтанышпен айтатын күн де алыс емес деп ойлаймыз.