-1-
Кенесары тұлпарының тұяғының астында
шыр айналды қара жер.
Арыс ұлдың тамды тері жас құмға
сүрініп кетті Қарагер.
Қарагердің сүрінгені – шаршағанның белгісі,
құрғамапты терлігі.
Кенесары бодандыққа келмеп еді көнгісі,
халі мынау ендігі.
Қалың жасақ жүре берді ақырын,
Келеді жау тақымдап,
Қанталаған қыран көзі батырдың
шоқтай жанды лапылдап.
Көк түріктің ұрпағы еді, жаралы,
лайланды тұнығы.
Сары далаға қимай ұзақ қарады,
жатқан үнсіз бұйығы.
Қыспаққа алған бекіністер жымысқы,
түн ұйқысын төрт бөлді.
Азат күнді аңсап еді ырысты,
жалын жүрек, өрт кеуде.
Әттең, әттең шығып кетті уыстан,
сайын дала, сабырлы.
Сырт айналды сеніп жүрген туысқан
сатқындарда табылды.
Абылайдай атасының ақ туын,
құлатпауға бекінген,
жұртқа тастап жастығының отауын,
амалсыздан шегінген.
Шеңгеліне құзғындардың іліккен,
қайран Көкше даласы,
қыран – ұлға пана болмай дүрліккен,
Ертіс, Есіл жағасы.
Торғайдан да таба алмады тыныштық,
ақ патшаның қолы ұзын.
Алауыздық, жығып берді ақыры
Ата-баба қонысын.
Азат болмай, кімге керек тоқтығы,
осы еді ғой бар мұңы.
Өкініштің уын ішіп өтті күн,
ат жалында қалғыды.
Сағым құсап жеткізбеді арманы,
шерлі кеуде – шеменде.
«Шыбын жаным, таусылғанда талқаның,
Кетесің-ау менен де.
Жоқ, сұраусыз кете қоймас құнымыз,
лағынет атсын бір демде,
бұл даланың топырағын бір уыс,
қас дұшпанға бергенге».
Алатаудың шықты қарлы шыңына,
өрт – ашуын басуға,
қимастықпен қарап қырат, қырына,
бекінді Қырғыз асуға...
Бала – көңіл, қия алмады өр елін
алқымдады нала – мұң,
Алатаудың аппақ қары Кененің,
қарып түсті табанын...
АЛАШТЫҢ СОҢҒЫ ХАНЫ КЕНЕСАРЫНЫ ЖОҚТАУ
-2-
Ей, қазақтың соңғы ханы ақберен,
орта жолға жығып кетті-ау бақ – дөнен.
Алтын басың Мәскеу асып бір түнде,
жер бесікке бөленді тек ақ денең.
Азаттықтың еркін жұтқан ауасын,
сенің басың, жоқ ешкімнің таласы.
Жылпостарды көрген кезде бұл дала,
әлі күнге іздейді өжет баласын.
Сенің басың бар қазақтың – намысы,
басың кетті ел жұртыңның қамы үшін.
Өз ойы жоқ, шүлдірлеген қазақтар,
құр денелер, бассыз қалған арысым.
Сенің басың біреулерге қауіпті,
болған шығар жойды соңғы хандықты.
«Ұлы көсем», іріп-шіріп ол жатыр,
сенің басың әлі күнге даңқты.
Басын кесу көнбегенді ырыққа,
сес көрсету, ұрпақтарын құрықтау.
Бір түрлі екен бөліп алып денеден,
ғаріп басты өлгеннен соң «ұлықтау».
Ей, арысым, түкті жүрек ақ алмас,
жорттың түзде біріксе деп бар алаш.
Кей шенеунік алтын тағын аялап,
Ұйқылы-ояу, шалқаяды шала мас.
Мен соларды көрген кезде қорынам,
Ұлы хан ең, алашты ерткен соңынан.
Мәңгі жасау кімнің келер қолынан,
жетті ажалың сатқындардың қолынан.
Сенің басың бағаланған алтынға,
көз жұмыпсың, сол наркескен қалпыңда.
Мәскеу жаққа әлі күнге жалтақтап,
қара ормандай қазағың тұр артыңда.
Ей, алаштың соңғы ханы ақберен,
орта жолға жығып кетті-ау, бақ – дөнен.
Алданышым – ұлттық рух мәңгілік,
алдамшы екен, бақ пен асыл тақ деген.















